АРДАГЕРЛЕР – ҚОҒАМНЫҢ АЛТЫН ҚОРЫ
Тараз қалалық ардагерлер ұйымы – бүгінде қоғамда өзіндік орны, ортақ істе оңды ықпалы бар іргелі құрылым. Ардагерлер қозғалысы қоғамның үлкен күшіне айналды деп батыл айта аламыз. Біздің мақсатымыз- ұзақ жыл еңбектің бейнетін көрген, жасы егде тартқан жандардың қартайған шағында қоғамдық ортадан тыс қалмай, қамқорлыққа бөленуіне, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, көрсетілетін барлық қызмет түрлерінің сапалы болуына ықпал ету, ардагерлердің жастарды ата-бабаларымыздың ұлттық құндылықтар үрдісі негізінде тәрбиеленуіне қолдау жасау.
Міне, бүгінгі күнде осы бағытта көптеген ізгілікті істерді жоғары белсенділікпен, жүзеге асырып келе жатқан Тараз қалалық ардагерлер ұйымының қоғамдық ықпалды қызметі туралы атап айтуға болады.
Міне, бүгінгі күнде осы бағытта көптеген ізгілікті істерді жоғары белсенділікпен, жүзеге асырып келе жатқан Тараз қалалық ардагерлер ұйымының қоғамдық ықпалды қызметі туралы атап айтуға болады.
Қазіргі таңда қалада 47 мың 500 зейнеткер есепте тұр. Олар 319 бастауыш ұйымға топтастырылған. 9 Ұлы Отан соғысына қатысушы мен 803 тыл еңбеккеріне құрметіміз зор.
Белгіленген жоспар бойынша биылғы жылы 1 рет пленум, 3 рет төралқа отырысы өтті. Тараз қаласының әкімі болып келген Бақытжан Орынбеков ең алдымен ардагерлермен кездесу өткізіп, кең көлемде сұхбаттаса отырып, қариялардың ұсыныс - пікірлеріне ден қойды.
Ардагерлерді Жеңіс күні, Қарттар күні, басқа да мемлекеттік және кәсіби мерекелерде облыс, қала әкімдері, олардың орынбасарлары, еңбек ұжымдары басшылары тарапынан құттықтау үрдісі қалыптасқан. Қалалық ардагерлер кеңесінің ұйтқы болуымен 100 жасқа толған 5 соғыс ардагерінің мерейтойлары аталып өтті. Сонымен қатар, мекемелер, кәсіпорындардың, түрлі қайырымдылық қорларының, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 5 мыңға жуық қарияға азық-түлік себеттері, бағалы сыйлықтар табысталды. 2016 жылдан бері тойланып келе жатқан Алғыс айту күні - барша қазақстандықтарға арналған қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді, еліміздің бірлігі мен тыныштығын айшықтайтын жалпыұлттық мереке. Осы орайда қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен бір топ белсенді ардагерлердің отбасына барып, оларды айтулы күнмен құттықтап, сый-сияпат жасалынды.
Үлкенін сыйлап, қарттарын қастерлеп, оларды ардақтау- халқымызға тән тағылымды қасиет. Осы өнегелі де иманды іс Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні аясында көрініс беріп №2 арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну орталығында ақ дастархан жайылып , байсалды басқосу өткізілді. «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» тақырыбымен қалалық ардагерлер кеңесінде «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылды. Онда кеңес мүшелері, белсенді ардагерлер мен блогер жастар өз ой-пікірлерін ортаға салды. Қалалық ардагерлер кеңесі мен қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресустары орталығы» тарапынан бірлескен іс-шараларға сәйкес қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінде «Біз жастарға сенеміз!» атты білімгерлермен кездесу жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Ардагерлерді қолдауда қалалық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелері де нақты жұмыстар жүргізіп келеді. Биылғы жылы ақпан айында №5 қалалық емхананың білікті дәрігерлері медициналық құралдарымен облыстық және Тараз қалалық ардагерлер кеңестері орналасқан «Ардагерлер орталығына» келіп, ардагерлердің денсаулығын арнайы құрылғылармен жан-жақты зерттеу арқылы ауруларын анықтап, ұсыныстарын берді. Сонымен қатар, қалалық кеңесте айына бір рет кесте бойынша дәрігер, психолог, жеке заңгердің тегін кеңес беруі ұйымдастырылған.
Қасиетті Рамазан айында Ұлы Жеңістің 78 жылдығына және республика ардагерлер ұйымының құрылғанына 36 жыл толуына арналған Тараз қаласының ардагерлері арасында спартакиада ұйымшылдықпен өткізілді. Спорттың 9 түрінен бәсекелі сайысқа түскен ардагерлер арасындағы жеңімпаздар облыстық спартакиадаға жолдама алды. Ал, облыстық спартакиадада тараздық спортшы ардагерлердің мерейі үстем болып, жалпы командалық есепте жеңімпаз атанды.
Қандай елде болмасын қарт кісілердің ақыл кеңесімен түзелмейтін кемшілік жоқ. Осы орайда құрамында 7 ардагері бар билер алқасы (төрағасы С.Досымбеков) пәрменді жұмыс атқарып отыр деп айта аламыз. Биылғы жылдың 8 айында 856 отбасын татуластыру жөнінде іс қаралып, жанұяларды сақтап қалуға ықпал жасалды.
Бүгінгі таңда отбасылық құңдылықтарға үлкен көңіл бөлінуде. Қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан «Әкелер кеңесі», «Аналар алқасы» құрылып, тиянақты жұмыс атқарылуда. Бұл тұрғыда құрамы 11 адаманан тұратын аналар алқасына басшылық жасайтын педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Сарыбекованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Қазақ халқы үшін абзал әже – отбасындағы ынтымақты үйлестіретін аяулы да ерекше ғазиз жан. Бағалай білген жанға - әже төзімді, сырға берік, қамқоршы. Осы орайда бала тәрбиесінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру мақсатында құрылған «Әжелер ертегісі» жобасы аясында алқа мүшелері «Ақжүрек» балабақшасына барып, бүлдіршіндерге «Тапқыр қоян», «Жер-Ана» ертегісін айтып берді.
Қашанда құнды байлыққа балаған халқымыз қыз бала тәрбиесіне де ешқашан жүрдім-бардым қарамаған. Осы бағытта аналар алқасының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Қыз әдептілігімен әдемі, инабаттылығымен сәнді» тақырыбында «дөңгелек үстел» басында оқу орнының оқытушылары мен студенттері, ардагер аналар бас қосты.
Соңғы жылдары Тараз қаласы түрленіп, ажары айшықтала түсуде. Бұл игілікті жұмысты әры қарай жалғастыру бағытында қала әкімінің «Тараз қаласының аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау жөніндегі екі айлық акция өткізу туралы» қаулысын ардагерлер де зор ықыласпен қолдап, аталған дәстүрлі бастаманы қолдау мақсатында қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері жыл сайын шаһар тұрғындарына Үндеу жариялап келеді. Оған қоса ардагерлер бастаманы құр сөз жүзінде қалдырмай, нақты іс-қимылдар арқылы да насихаттауда. Зиялы қауым өкілдері «Ардагерлер орталығы» ғимаратының айналасына , Қ.Рысқұлбеков атындағы саябаққа қарағай және бозарша (туя) тал көшеттерін отырғызып, сонымен қатар тазалық жұмыстарына да белсене қатысып келеді.
Облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық ардагерлер және билер кеңестерінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған «Батаменен ел көгерер» атты облыстық байқауда Тараз қаласының ардагерлері арасында болған батагөйлер сайысының жеңімпазы Исан Тілегенов жүлделі екінші орынды иеленді.
Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев қазақтың рухани астанасы Түркістанда өткізілген Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде өскелең ұрпақтың тәрбиесі - өте маңызды мәселе екендігіне тоқтала келіп, балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге назар аудару керектігін атап өткен болатын.
Осы бағытта Жамбыл облысы бойынша коммерциялық емес заңды тұлғалар бірлестігі Ассосациясының басшысы Айнұр Зәуірбекованың ұйымдастыруымен, Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Рауан» балалар - сауықтыру лагерінде «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік акцияға 25 белсенді ардагер қатысып, лагерде демалушы балдырғандар арасында спорттың 5 түрінен жарыс өткізілді. Сондай-ақ «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» демеушілігімен осы лагерде демалып жатқан 59 тәрбиеленушінің барлығына сый-сияпат жасалды. Айта кетуіміз керек , өткен жылы да осындай мерекелік акция «Болашақ» балалар сауықтыру лагерінде аталып өткен болатын. Тәлімдік- тәрбиелік мәні зор осындай жағымды дәстүрлі жаңалықтар жалғасын таба берері сөзсіз.
Конституция – елдігімізді паш ететін, азаматтығымызды айқындайтын маңызды құжат. Ата Заңды құрметтеу, бұлжытпай орындау алға қойылған биік мақсаттарға қол жеткізудің алғы шарты. Осы бағытта облыстық әділет департаменті мен қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ата Заң – мемлекеттің басты тұғыры» атты тақырыптық кеште ардагерлер мен заң саласының қызметкерлері өзара ой бөлісіп, пікір алмасты. Сондай – ақ, осы Ата Заң күні аясында ардагерлер арасында сөзжұмбақ тапқырлығы сайысы өз дәрежесінде өткізілді. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалық тәрізді ақыл-ойға салмақ түсіретін сөзжұмбақ шешуі алғаш рет өткізіліп отырғандықтан ардагерлер арасында ерекше қызығушылық танытты.
«Өмірді еңбек ажарлайды» деп дана халқымыз айтқандай,осынау мәнді де мағыналы сөзді бағалай білген ардагерлер кеңесі кезінде қажырлы еңбектерімен көзге түскен белсенді ардагерлерге құрмет көрсетіп, оларды әрқашан ардақтап отыруды қалыпты дәстүрге айналдырып келеді. Сондай ардагерлердің бір тобы «Тараз қаласының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталып, аталған құрмет иегерлері қалалық ардагерлер кеңесінің «Құрмет кітабына» енгізілді.
Қалалық ардагерлер кеңесі бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болып, республикалық «Егемен Қазақстан», «Ардагер айнасы» , облыстық «Ақ жол», «Арай», «Ғұмыр-Дария», қалалық «Жамбыл-Тараз» газеттеріне тұрақты түрде мақалалар жариялап, фотоальбомдар, ақпараттық бюллетеньдер шығарып тұрады.
1 Қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Тараз қаласы әкімінің қолдауымен «Аялайық қарттарды» атты айлық акциясы басталып кетті.
Осы айтулы іс-шараға байланысты Тараз қалалық ардагерлер кеңесі «Қарттарым, аман-сау жүрші»деген тақырыпта кітапханаларда, жоғары және орта - арнаулы оқу орындарында, мектептерде ардагерлер мен жастардың кездесулерін ұйымдастыратын болады.
«Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты өнерпаз ардагерлердің фестивалі, спорттың 8 түрінен (шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, дартс, асық ату, ләңгі тебу, теннис, бильярд) ардагерлер арасында жарыс өткізіледі.
Қаладағы екі арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну орталығына барып, ондағы қарттарға құрмет көрсетіледі.
Аналар алқасының бастамасымен «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» тақырыбы бойынша басқосулар өткізіліп, балалар бақшасында бүлдіршіндерге қызықты ертегілер айтып беру ұйымдастырылады.
Сөйтіп, Қарттар күніне арналған айлық акциясы «Қош келдің, алтын күз» атты тақырыптық іс - шарамен қорытындыланады.
Ардагерлер ұйымдарының басты мақсаты – ел арасында баянды бірлік пен тұрақтылықты сақтап,жастарға лайықты үлгі - өнеге көрсету. Ондаған ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатқан көркем қаламыздың өсіп - өркендеуіне, гүлденіп көркеюіне бұдан былай да өзіміздің белсенді қоғамдық қызметімізбен үлес қоса беретін боламыз.
Күләш ӘБДІКЕШОВА,
Тараз қалалық ардагерлер
кеңесінің төрағасы
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)