Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » БІРЛІК БІЗДІҢ – МҰРАТЫМЫЗ

БІРЛІК БІЗДІҢ – МҰРАТЫМЫЗ

27 апрель 2023, Четверг
116
0
Қазақта «Сыйласаңдар кәріңді – жарылқармын бәріңді» деген айшықты сөз бар. Қарияларды сыйлау- ата-бабамыздан бері келе жатқан асыл да ардақты адами қасиеттердің бірі. Сондықтан, ежелден қалыптасқан егделерді құрметтеу, қолдан келген көмекті көрсету кейінгі  ұрпақтың парызы болып саналады. 
Міне, бүгінгі күнде осы бағытта жоғары белсенділікпен жұмыс жасап жатқан Тараз қалалық ардагерлер ұйымының қоғамдық ықпалды қызметі туралы атап айтуға болады.
Қазіргі таңда қалада 47 мың 500 зейнеткер есепте тұр. Олар 319 бастауыш ұйымға топтастырылған. 11 Ұлы Отан соғысының майдангері мен 1344 тыл еңбеккеріне құрметіміз кеміген емес. 
Ардагерлер кеңесінің төралқа отырыстары мен пленум мәжілістерінде және бастауыш ұйымдардың жиналыстарында өзекті мәселелер қозғалып, оларда қабылданған шешімдердің орындалуы қатаң бақылауда болады. 
2022 жылы ардагерлер кеңесінде 2 рет пленум, 4 рет төралқа отырысы өтті.
Тараз қаласының әкімі болып тағайындалғаннан кейін Бақытжан Орынбеков ең алдымен ардагерлермен кездесу өткізіп, кең көлемде сұхбаттаса отырып, олардың өміршең ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.
«Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған ардагерлер ұйымы түрлі ұлт  өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды  насихаттауда. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста болып, халықтың бірлігін нығайтып, жастарды достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге тәрбиелеу бағытында түрлі іс-шаралар өткізіп келеміз.
Орыс, украин, өзбек, татар, күрд сынды этнос өкілдері  ардагерлер кеңесі жанындағы тұрақты комиссия мүшелері ретінде белсенділік танытып, ардагерлерден құралған «Әулиеата әуендері» ансамблі құрамында да көпшілікке өз өнерлерін көрсетіп, ілтипатқа бөленуде.
Ардагерлерді Жеңіс күні, Қарттар күні, басқа да мерекелерде облыс, қала әкімдері, олардың орынбасарлары, кәсіпорын басшылары тарапынан құттықтау үрдісі қалыптасқан. Өткен жылы тікелей қалалық ардагерлер  кеңесінің ұйытқы болуымен 100 жасқа толған 5 соғыс ардагерінің мерейтойлары аталып өтілді. Сонымен қатар, мекемелер, кәсіпорындардың, түрлі қайырымдылық қорларының, жеке кәсіпкерлердің демеуімен 5 мыңға жуық қарияға азық-түлік себеттері, бағалы сыйлықтар табысталды.
Қазыналы қарттарға көмек үнемі көрсетіліп келеді. Әсіресе, қазанда болатын «қайырымдылық айы» кезінде ардагерлерге қолдау жоғары дәрежеде ұйымдастырылуда. Осы мезгілде әлеуметтік қызметкерлермен бірге еріктілер (волонтерлер) қариялардың үйін, аулаларын тазалап, басқа да әртүрлі көмектер көрсетеді. Бұл орайда «өмір бар жерде, қаза бар» дегендей жалғыз басты қариялар бақилық болғанда  соңғы сапарға аттандыру жұмыстарына белсене араласуды да ұмытқан емеспіз. Бұл қайырлы істердің басы-қасында ардагерлердің болуы да үлгі тұтарлық жағдай.
Ардагерлерді қолдауда қалалық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелері де нақты жұмыстар жүргізіп келеді. Биылғы жылғы ақпан айында №5 қалалық емханасының білікті дәрігерлері медициналық құралдарымен «Ардагерлер орталығына» келіп, ардагерлердің денсаулығын жан-жақты зерттеу арқылы ауруларын анықтап, ұсыныстарын берді. Сонымен қатар қалалық кеңесте айына бір рет кесте бойынша дәрігер, психолог және заңгердің тегін кеңес беруі ұйымдастырылған. Ардагерлер  кеңесінің мүшелері, жоғары санатты дәрігер  Ж. Абылғазина, психолог Ф. Нақыш және көп жыл прокуратура саласында абыроймен қызмет атқарған К.Әбдірахманова өздерінің пайдалы кеңестерімен үлкендеріміздің алғысын алуда.
Кеңес жанындағы ардагерлер денсаулығын қорғау жөніндегі тұрақты комиссия жетекшісі 88 жастағы қарт дәрігер Г.Л.Губайдулина  тиянақты жұмыстар атқаруда. Бұл комиссияның жұмысын кезінде республика ардагерлер ұйымының Орталық кеңесі жоғары бағалаған болатын «Геронтология – белсенді ұзақ өмір сүру», «Коронавирус індетінің алдын алу», «Вакцинация – имунитетті қалыптастырады», «Жүрек қан тамырлары ауруларының негізгі себептері» тақырыптарында "дөңгелек үстел" отырысы, дәрігерлермен кездесулер, семинарлар өткізілді.
Қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруы және қала әкімдігі  спорт бөлімінің қолдауымен жылда ардагерлер арасында спорттың бірнеше түрінен дәстүрлі спартакиада өткізіледі. Бұл шаралар қариялардың  сергіп, денсаулығын  түзеуге оң ықпал етеді. Биыл да қалыптасқан дәстүр  бойынша Ұлы Жеңістің 78 жылдығына және Ардагерлер ұйымының  құрылғанына 36 жыл толуына орай, ардагерлер арасында спартакиада жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Қандай  елде болмасын қарт кісілердің  ақыл-кеңесінен түзелмейтін кемшілік жоқ. Осы орайда құрамында 7 ардагері бар билер алқасы (төрағасы С.Досымбеков) пәрменді жұмыс атқарып отыр деп айта аламыз. 2021-2022 жылдар аралығында  билер алқасының араласуымен 190, биылғы жылдың 3 айында 87 отбасын татуластыру жөнінде іс қаралып, жанұяларды сақтап қалуға ықпал жасалды.
Бүгінгі таңда отбасылық құндылықтарға үлкен көңіл бөлінуде. Қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан «Әкелер кеңесі», «Аналар алқасы» құрылып, тиянақты жұмыстар атқарылуда. Бұл тұрғыда құрамы 11 адамнан тұратын аналар алқасына басшылық жасайтын педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Төленқызы Сарыбекованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Әр түрлі  мамандық иелерінен жасақталған аналар алқасы қыз балалар тәрбиесіне, отбасылық  құндылықтарды дәріптеуге байланысты ауқымды шаралар өткізуде.
Қазақ халқы үшін абзал әже – отбасындағы ынтымақты үйлестіретін аяулы да ерекше ғазиз жан.Үйде кесе-шәйнек сылдырынан гөрі бүлдіршіннің былдырының жиірек естілгенін  қалайтын тұлға. Бағалай білген жанға – әже төзімді, сырға берік, қамқоршы. Осы орайда бала тәрбиесінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру мақсатында құрылған «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында  аналар алқасының төрайымы Ж.Сарыбекова мен алқа мүшесі Н.Піралиева «Ақжүрек» балабақшасына барып, бүлдіршіндерге «Тапқыр қоян», «Жер- Ана» ертегілерін айтып берді. Әжелер жас балғындарды бауырларына басып, аналық мейірім танытып, жақсы мен жаман, әділдік пен әділетсіздік, ақ пен қара, жоқ пен бар туралы ертегі тілінде әдемі әңгімелер өрбітті. Балалар ертегідегідей киініп, әжелерге тақпақ айтып, ән шырқап, би биледі. Балдырғандардың қуанышында шек болған жоқ.
«Өмірді еңбек ажарлайды» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Қалалық ардагерлер кеңесі кезінде  қажырлы еңбектерімен көзге түскен бір топ белсенді ардагерлерді «Тараз қаласының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттап, олардың есімдері қалалық ардагерлер кеңесінің «Құрмет кітабына» енгізілді.
Қала әкімдігінің «Тараз қаласының аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау жөніндегі көктемгі екі айлық өткізу туралы» қаулысын ардагерлер де зор ықыласпен қабылдап,аталған дәстүрлі бастаманы қолдау мақсатында қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері шаһар тұрғындарына Үндеу жариялады. Оған қоса ардагерлер бастаманы құр сөз жүзінде қалдырмай, нақты іс-қимылдары арқылы да насихаттауда. Алғашқы сенбіліктің өзінде ұйымшылдық таныта білген ардагерлер «Жерге еткен жақсылық жерде қалмайды» деген аталы сөзді тілге тиек ете отырып, тазалық акциясына қатысуды апта сайын жалғастырып келеді.
Қалалық ардагерлер кеңесі бұраралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыса отырып, республикалық «Ардагерлер айнасы», облыстық «Ақ жол», «Ғұмыр Дария», қалалық «Жамбыл-Тараз» газеттеріне тұрақты мақалалар жариялап, жылына екі рет ақпараттық бюллетеньдер шығарып тұрады.
Ардагерлер ұйымдарының басты мақсаты – ел арасында баянды бірлік пен тұрақтылықты сақтап, жастарға лайықты үлгі-өнеге көрсету. Ондаған ұлыстар өкілдері тату-тәтті тұрып жатқан көркем қаламыздың өсіп-өркендеуіне, гүлденіп көркеюіне бұдан былай да өзіміздің белсенді қоғамдық қызметіміз арқылы үлес қоса беретін боламыз.

Күләш Әбдікешова,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы.


Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры