Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

20 март 2020, Пятница
152
0
Халық арасында "Ұлыстың ұлы күні қазақ даласын Қызыр ата аралайды  екен" деген сенім бар. 22 наурызда күн мен түн теңеледі. Дәл осы түнді халық "Қызыр түні" деп атаған. Бұл түні адамдар ұйқтамай, Құдайға құлшылық жасап, ырыс пен береке, ынтымақ пен бірлік тілейді. 
Этнографтардың айтуынша, ислам дінінде Қызыр – ел аралайтын адам бейнесіндегі әулие, адамдарға қамқоршы, "дәулет" беруші. Діни нанымға сүйенсек, әрбір нәрсенің иесі болады-мыс. Мысалы, олар түрлі құс, адам, жәндік бейнесінде ел кезіп жүреді деген сенімнен туған "құт", "дәулет", "ырыс" ұғымдары. Мұндай нанымды тудырған кейіпкердің бірі – Қызыр ата. Ол – барша халықтың қамқоршысы, жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, әулие, көріпкел, жарылқаушы.
Кей халықта Қызыр теңізде сапар шегушілердің қамқоршысы деп есептелсе, үнділер су иесі деп қабылдаған, әрі ол өрттен, су тасқынынан, ұрлықтан, жылан шағудан сақтайтын пір деп те саналады. Қазақ халқының ұғым-түсінігінде Қызыр сәттілік пен бақ беруші, көбіне иманжүзді қарт түрінде бейнеленеді. Күнделікті кездесетін адамдардың арасында да Қызыр ата болуы мүмкін: ол әртүрлі кейіпте (көбіне кедей адам секілді) жүреді. Одан сый алу үшін кез-келген адамға, оның әлеуметтік мансап-мәртебесі мен байлығына, киіміне, түр-әлпетіне қарамай, қонақжайлылық көрсету керек (өйткені ол Қызыр болып шығуы мүмкін). Сондықтан, "Қырықтың бірі – Қызыр" сөзінің астарынан осындай түсініктен туындаған моральдық факторды аңғаруға болады.
Қызыр ата Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып, бата береді. Сондықтан әр үй оның жолын күтіп, өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, көшет отырғызып, өсімдікке су құяды. "Жаңа жылда мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады" деп сеніп, Наурызға дейін үй ішіндегі мүлік, жиһаздардың шаңын сүртіп, жуып, төсек орынды, киім-кешекті сыртқа шығарып қағып-сілкіп, бәрін де тазартып қойған.
Қазақ халқында "Береке басы – Наурызда", "Жыл басы жақсы басталса, аяғы ырысты болады" деген сөз бар. Сондықтан, ата-әжелеріміз "Жыл бойы ақ мол, дәнді дақыл бітік, жауын-шашын көп болсын" деген ниетпен Қызыр түні үйдегі ыдыстың бәрін ырысқа – бидай, тары, сұлы, жүгеріге, аққа – сүтке, айранға, шұбатқа, шалапқа, уызға және кәусар бұлақ суына толтырып қойған.
Қазақтың танымал этнограф-жазушысы, ғалым Ақселеу Сейдімбек "Қазақ әлемі" атты еңбегінде: "Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн "Қызыр түні" деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыруы үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді. Қызыр түнін ұйқтамай өткеру үшін ауыл жастары алуантүрлі ойын ұйымдастырып, "Қызыр назарын аударып бақытты боламыз" деп, небір тосын тамаша-қызықтар көрсетеді. Осынау қызық-думанның ішінде "жанды-қуыршақтың" жөні бөлек. Ол үшін жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: "Ұлыс атып қояды, бар елге хабар бер!" деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады"деп суреттелген. 
Ежелде халық ертегі, жыр-дастандарында және жалпымұсылмандық ұғымда Қызыр ата бейнесі  деректі де, дерексіз де, яғни ақиқаттық та, аңыздық та бейнеде келе береді.   Деректі кейпінде желмаясын жетектеген жиһанкез, абыз ақсақал, халыққа дұрыс жол нұсқаушы кемеңгер қария кейпінде көрінсе, дерексіз кейіпте әулие, жоғарыдан аян беруші, жақсылықпен жарылқаушы болып суреттеледі. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырындағы Баба Түкті Шашты Әзиздің образы да осы Қызыр атаның феномені деген болжамдар  бар. Яғни  Қызыр ата – жақсылықтың  нұсқаушысы ретіндегі символикалық бейне.  Сондықтан, жоғарыда ғалымдар тарапынан айтылған пікірлерден түйеріміз – Қызыр ұғымының астарында исламға дейінгі мифтік бейнелермен астасып жатқан әлі де құпиясы ашылмаған күрделі образ жасырынып жатыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ,
"Ғұмыр-Дария".
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ
20 март 2020, Пятница
АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ
Ізгілік – иманнан
20 март 2020, Пятница
Ізгілік – иманнан
Қазақтың даңқты әйелдері
19 март 2020, Четверг
Қазақтың даңқты әйелдері
Бейбітшілік пен келісім
20 март 2020, Пятница
Бейбітшілік пен келісім
Қазақтың даңқты әйелдері
19 март 2020, Четверг
Қазақтың даңқты әйелдері
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры