Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қазақтың даңқты әйелдері

Қазақтың даңқты әйелдері

19 март 2020, Четверг
135
0

Қазақ қашанда қыз-келіншектерді құрмет тұтып, алақанының аясына салып, ардақтап келген. «Бір қолымен бесік тербеткен аналар, бір қолымен әлемді тербетеді» деген даналықтың астарында терең мән жатыр. Қазақ әйелдері отбасы, ошақ қасында қалып қоймай, бір уақыт бой түзеп, ел бірлігі мен ұрпақ болашағы үшін маңызды істерге атсалысқан. Оған тарих куә. Анау сақ дәуірінде әйелдер атқа мініп, ерлермен қатар елін жаудан қорғаған. Бұған Тұмар ханымның Кир патшасымен соғысындағы жеңісі дәлел. Қазақ әйелдерінің ақылына жаужүректігі сай болған. Ал, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі   ұлағаты бөлек әңгіме. Ұлына тегіне қарап әйел алып беру үрдісі тек қазақтарда ғана мықтап бекіген игі дәстүр. «Тең теңімен, тезек қабымен» деген сөздің астарында мағыналы ой жатыр. Олар болашақ ұрпағын қалыптастыратын, ошақ отын сөндірмей берекесін кіргізетін болашақ отанасын таңдау ісіне ерекше жауапкершілікпен қараған. Ата-бабаларымыздың қыз баланы өсірудегі өзіндік ұлттық тәрбиелік үрдісі болған. Қызын жатжұрттық деп еркелете отырып, «қызға қырық үйден тыйым» жасаған.  Ұяттың отынан басын аулақ ұстайтын намысты халқымыз ағайын, туыс, ауылдастарының алдында артық сөз жүрмес үшін қыздарын барынша өнегелі етіп өсіруді мақсат тұтқан. Қыз тәрбиесінің қиындығы мен қасиеттілігінің өзі осында жатса керек.

Бүгінгі мерекелі күні аттары тарихта алтын әріппен жазылған бір шоғыр қазақ қыздары мен аналарын тағы бір рет еске сала кетуді жөн көрдік.

ТҰМАР ХАНША 

Үш мың жыл бұрын Қазақ даласында атақты арғы аталарымыз – қуатты сақ тайпалары өмір сүрген. Гректер оларды кентаврлар (ежелгі Грекия мифінде атбасты адам) деп атаған. Көне грек тарихшысы Геродоттың дерегіне сүйенсек, әйгілі Геракл да сақ халқынан шыққан.  Сақтардың жерлерін ешкім жаулап ала алмаған. Дұшпандар сақ әйелдерінен өлердей қорқатын, өйткені, олар ер-азаматтармен тең дәрежеде соғыс өнерін көрсете білген. Сонымен бірге, батырларды ерлікке жігерлендірген. Сақ патшайымы Тұмардың есімі ежелгі жазбаларда Томирис деп көрсетілген. Тұмар – массагеттердің патшайымы, скиф халқының көсемі Ишпақайдың ұрпағы, скифтердің патшасы Мадийдің шөбересі, массагеттердің патшасы Сыпырдың қызы.  Алғыр стратег Томиристің халық арасындағы беделі зор болды. . Тұмар ханша есімінің тарихқа еніп, әлемге танылуы - Ахемен әулетінен шыққан, "төрт құбыланың тұтас билеушісі" атанған парсының әйгілі патшасы Кирдің (ж.ж.с.д. 558-530.) Орта Азияға басқыншылық жорықпен келген "жеңілуді білмейді" деп дәріптелген әскерін ашық шайқаста тас-талқанын шығарып жеңуімен тікелей байланысты.  Бұл оқиғаны грек тарихшысы Геродот «ең кескілескен және ұлы шайқас» деп суреттеген.   Айта кету керек, 1906 жылы ашылған астероидке Томирис есімі берілген. Томирис – қазақ қыздарының арасында ең танымал есімдердің бірі. Кейбір деректерге қарағанда, «темірді майыстыру», «темірді қирату» мағыналарын білдіреді. 

 

ДОМАЛАҚ АНА

Бір шаңырақтың ғана емес, үлкен бір әулеттің, тайпа мен елдің берекесін келтіріп, несібесін тасытқан асыл аналарымыз қазақта аз емес. Солардың бірі – ел ұранына айналған Домалақ ана. Ол кісі Бәйдібек бидің жары болған. Өзгені де баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірін шашқан, барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап, айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз, көреген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ оның атын атамай, жаратылысынан бойы шағын болғандығына қарай «Дихнат ана», «Дихнат ене» деп атап кетіпті. Қазақ тілінде «Әулие ана» дегенді білдіреді. Уақыт өте «Дихнат мама» сөзі дыбыстық өзгерістерге ұшырап Домалақ анаға айналған.  Бауыржан Момышұлы Бәйдібек баба мен Домалақ ана туралы қалам тербеген екен. «Бәйдібек балаларына енші бөлгенде, өзінің қатты жақсы көрген сұлуынан туған ұрпағына үлесті мол беріп, Домалақ ененің балаларына қалған ақсақ-тоқсақты қалдырады екен. Бұл аздай, Домалақ енені балаларымен жұртқа қалдырып, өзі басқа жаққа көшіп кетеді. Арада бес жылдай уақыт өткенде, баяғы ақсақ-тоқсақ, кәрі-құртаң малдың төлінен өнген төрт түлік көбейіп кетеді. Ал, шалғай жайылымға кеткен Бәйдібек болса үлкен жұтқа тап келіп, жоқшылықта қайтыс болаған екен. Мұны естіген Домалақ ене Бәйдібек бабаны арулап жерлеткізеді» деп жазады Б.Момышұлы. Одан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылымен ерекшеленіп, ел билеген. Өзі де жас кезінде-ақ парасаттылығымен, даналығымен танымал болған. Оның ақылы мен көрегендігі хақында аңыз әңгімелер әлі күнге дейін ел арасында айтылуда.

 

ҰМАЙ АНА

Ұмай ана – ертедегі Ұлы Даланы мекендеген түркі тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушысы, береке – молшылық тәңірі ретінде танылды. Ұмай анаға қазақтардан басқа хакастар, қырғыздар, алтайлықтар және түріктер табынған. Бұл жайындағы деректер Орхон – Енисей жазба ескерткіштерінде сақталған. Олар Ұмай ананы – ананың анасы, отбасы,  бала шағаның қорғаушысы, жебеушісі деп қадір тұтқан. Ұмай  ана біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда өмір сүрген, Арғын Аспар есімді кісінің қызы. Көне түркі мифологиясы бойынша, Ұмай ана – ұрпақ жалғастығын жебейтін періште. Ертеде қазақтар қыздарын ұзатқанда, неке қиғызу рәсімінде, сондай-ақ,  әйелдер босанғанда Ұмай анаға жалбарынып, одан медет тілегені мәлім. «Ұмай» деген сөз ежелгі түркі тілінде «баланың ізі», «бала орны», «ана жатыры» деген мағынаны білдіреді. Ұмай құдай-әйел түркітілдес халықтардың көпшілігінің этнографиясында кездеседі. Ұмай есімі Моңғолиядағы Тоныкөк пен Күлтегінге арналған көне түркі жазба нұсқаларында да аталады. Ұмай атының қастерлілігі сонша, оған Ұмай бек, Қатун-чор атақтары берілген. Иоллығ тегін жазған Күлтегін мәтінінде «Ұмай текті анам қатыннықңқұтына (бағына) інім Күлтегін ер атанды», Тоныкөк ескерткішінде «Тәңірі, Ұмай, киелі Жер-су ықыласын берген екен»  делінген. Бұл тарихи ескерткіш жазбаларында Ұмай ананы өмірде болған тарихи тұлға ретінде атайды.  Бексұлтан Нұржекеұлы: «Ұмай ене әлдебір аспандағы аңыз бейне емес, нақты тарихи тұлға екендігін, жәй әйел емес, қасиетті, ел-жұрттың басын біріктірген әулие ене екендігін біле жүргеніміз, әруағы алдында басымызды ие жүргеніміз» дұрыс деп түйін жасаған.

 

АҚБИКЕШ АРУ

Есім ханның шолғыншы батырларының бірі. ХVII ғасырда өмір сүрген. Есім хан жасақтарының Бұхараға, Қашқарға, Қалмақ жеріне жасаған жорықтарына қатысқан ержүрек қыз. Ол негізінен алыстағы жау жасақтарының орналасқан тұсын дәл болжау арқылы Қазақ әскеріне көп көмектескен. Аңыз бойынша оның көргіштік және болжағыштық қасиеті ерекше болған екен. Ақбикеш еліне оралған соң, Қаратау өңірінен биік мұнара тұрғызып, сол мұнарадан төңіректі шолып тұратын болған. Және сол аңыз бойынша Ақбикешті жоңғарлар қапыда қолға түсіріп, өшікеннен оның көздерін ойып алған дейді.

 

ГАУҺАР АНА

Қазақ пен қалмақ арасындағы ұлы сүргін соғыс кезінде (ХVШ ғ.) ерлік істерімен ел есінде қалған аяулы арулардың бірі − Гауһар. Ол әйгілі Қаракерей Қабанбай батырдың жан жары, бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы. Сандаған қауіп-қатері көп жорық жолдарында Гауһар айрықша табандылық көрсетіп, Қабанбай батырмен тізе қосып, талай рет қанды шайқастарға қатысқан. Гауһар қылышын қынабына қайтара салмаған батыр атанған. Қабанбай мен Гаухардың тұла бойы тұңғышы − Назым қыз да ерліктерімен танылған.

 

САПУРА (КӨКТЕМІР) БАТЫР

Сапура – Ресей патшалығында шаруалар көтерілісін басуға шыққан орыс әскерлеріне қарсы күрестің аңызға айналған қолбасшысы. Әйел басымен қол бастауға қымсынғандай, далада жүретін бір құпия тұлға – «Көктемір» туралы аңыз таратады. Барлық іс-қимылды соның атынан жүргізіп, көзге көрінбейтін күрескер келіншек шайқасқа шығады. Алайда, орыс әскерлері оның әйел екендігі туралы ғана емес, тіпті, кім екенін білмейді, «Көктемір» деген атын ғана білетін болған. «Көрінбейтін Көктемір батыр» туралы алыпқашпа әңгімелер тараған. Орыс дереккөздерінде Пугачев көтерілісі кезінде қазақ даласындағы «ұстатпайтын ұстын», «көзге көрінбейтін жан» атанған Сапура Мәтенқызы да жұмбақ жағдайда өмірден өтеді. Алайда азаттықтың ақ таңы үшін арпалысып, жанын құрбандыққа шалғандардың арқасында бостандық жолы бізге жақындай түсті. «Көктемір» – Сапура қыз туралы ғалым Наиля Бекмаханова «Көрінбейтін адам туралы аңыз» атты зерттеу еңбегін жазған. Көктемір (Сапура) батыр туралы Әбіш Кекілбаев, Аян Нысаналин,т.б. жазушылардың мақалалары жарық көрген.

 

ҰЛБИКЕ АҚЫН

Жанкелдіқызы Ұлбике – қазақтың әйгілі ақын қызы, майталман айтыскер, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы. Тал бойына алуан түрлі өнер дарыған ару.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Ұлбикенің алдына қара түсірмес дүлдүл ақын екенін аңғарып қана қоймай, сонымен бірге, қазақтың сөз өнерінде ақындық айтыстың негізін салушы, орнықтырушы ақын ретінде даралайды. Ұлбике – ойы ұшқыр, өлеңі сұлу, кісілік  парасаты өрелі ақын. Ұлбике тәрбиелік тағылымы мол жырлардың небір тамаша үлгілерін жүрген жерлерінде маржандай шашып отырған. Сол мол мұрадан бүгінгі ұрпаққа жеткені мың шумақтай өлең.

 

ЗЕРЕ ӘЖЕ

Абай есімі сөз болғанда  осы дана әйелдің аты міндетті түрде аталады. Себебі, бұл ана қазақтың бас ақыны Абай тәрбиесіне тікелей әсер еткен. Зере әжеміз Өскенбай бидің бәйбішесі, Құнанбай қажының анасы. Азан шақырып қойған аты – Тоқбала. Өскенбай би 5 әйелінен 10 бала сүйген. Зереден Құттымұхамбет (жастай қайтыс болған), Құнанбай, Тайбала туған. Зерені Ырғызбай тұқымдары, барша ауыл адамдары «кәрі әже» деп атағаны көп деректерде жазылған. Қартайған шағында құлағы естімей қалған Зере немерелеріне дұға оқытып, үшкіртеді екен. Абай әжесін өлеңмен үшкірген. Ақылды, зейінді, мейірімді Зере немерелерінің ішінде Ибраhимді ерекше жақсы көріп, оны Абай деп еркелеткен. Ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кішіге пана бола білген Зере әже Абай өміріне, ақындығына игі әсерін тигізген. Бұл туралы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында шынайы суреттелген. «Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыдан кім өткен?» деп басталатын Абайдың әжесі – Зеренің ұлағатты әңгімелерінің өзі неге тұрады десеңізші. Зере әженің нәшіне келтіріп тұрып орындаған ертегі, мысалдары, батырлық дастандары бала Абайдың дана Абайға айналуына зор ықпалын тигізген  десек қателесе қоймаспыз.Осының өзі-ақ, «Әже» тұлғасының қоғамдағы рөлін айшықтап, жеріне жеткізе бейнелеп тұр

 

АЙҒАНЫМ ӘЖЕ

Шоқанның әжесі Айғаным Сарғалдаққызы – үш жүзге бірдей аты тараған, көркіне ақылы сай, білімді, парасатты әйел болған. Жасөспірім Шоқанның өз құралпыластарына қарағанда сана-сезімінің ерте оянып, рухани әлемінің асқақ болып қалыптасуына айтулы ықпал еткендердің бірі – Айғаным. Ә.Марғұланның «Айғаным Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» деуі сондықтан. Болашақ ғалымның сан-салалы ілім мен ғылымның қайталанбас қайраткері болып қалыптасуына жасынан бойына сіңірген жан-жақты тәлім-тәрбие мен туып-өскен ортасының да игі әсері тиген. Айғанымның ұрпақ тәрбиелеудегі ұлағаты өткен дәуіріміздің тарихында ерекше аталады. Болашақ ұлы ғалымды тәрбиелеуде ең алдымен әжесі мен оның әкесі Шыңғыстың қамқорлығы ерекше. Оның үстіне, Айғаным мен Шыңғыс шаңырағында ешқашан дастархан жиылмаған, ойын-той көп болып, халық таңдаулылары жиі бас қосты. Ақын-жыраулар, билер, шешендер, күміскөмей, жезтаңдай әншілер, орыс зиялыларының көрнекті өкілдері жас Шоқанға ерекше әсер етті. Айғаным туралы толық мағлұматты Ш.Уәлихановтың таңдамалы жинағынан ала аламыз. Онда былай делінген: «Ш.Уәлихановтың әжесі Айғаным (1783-1853) парасатты, терең ойлы әрі көреген, өзінің заманына қарай білімді болған әйел. Ол Шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне мейлінше ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің азиялық департаментімен және Петербургтегі Сібір комитетімен хат жазысып, байланысып отырған»

Ұрпағын ұлағатты әңгімелерімен сусындатқан ақ жаулықты аналарымыз, нәзік жандыларымыз  қиын-қыстау кезеңде қолына қару алып жаулармен айқасқан. Сөйте жүріп өзінің басты міндеті, отбасындағы парызы – ерінің жағдайын жасау, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу екендігін де естен шығармаған.  Қазақ қоғамында əулетті тура жолдан тайдырмай, дұрыс тезге салуда, жеткіншектерді жастайынан адами келбет ауанынан алыстатпай тəрбиелеу үрдісінде ақ жаулықты аналар мен «əжелер мектебінің» алар орны қашан да айрықша болған. Аналар барлық тəрбиенің, барлық құндылықтың бастауында тұрады. Әрине, ежелден қазақ халқының нəзік жандылары ер-азаматпен тайталаспаған, ерінен бұрын сөз бастамаған. Әжелер өнегесі  ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, тархихқа тікелей әсер етіп, ғасырдан-ғасырға жалғасатын тəрбиенің таусылмас қайнар көзі болып саналады. Бұл – ұлттық болмысымызға тəн қасиет əрі құндылық.

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Қазақтың даңқты әйелдері
19 март 2020, Четверг
Қазақтың даңқты әйелдері
Қазақтың даңқты әйелдері
19 март 2020, Четверг
Қазақтың даңқты әйелдері
Тәрбие басы - талбесік
19 март 2020, Четверг
Тәрбие басы - талбесік
Сұхбат
19 март 2020, Четверг
Сұхбат
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры