Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Болашақ бүгіннен басталады

Болашақ бүгіннен басталады

18 март 2020, Среда
201
0

«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп атам қазақ тегін айтпаған. Осыдан-ақ, ұлдың әкеге, қыздың анаға қарап бой түзейтінін байқауға болады. Ұлды намысы, қызды ұяты көретін халқымыз бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, ұлттың болмысын сақтап келген. Әсіресе ер бала тәрбиесіне отбасында айрықша мән берген.

Айтар ой, қозғар дүнием ертеңгі ұландар жөнінде болған соң негізгі тақырыпқа ойысайын. Бүгінгі мектеп ұстаздарының дені әйелдер қауымы. Осыдан ұлдарымыздың еркекке тән мінездері жеткіліксіз болып жатады. Бүгінгі ұлдарымыз әскерге дайындық, бірен-саран дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен үйдегі әке тәрбиесін ғана көріп өседі. Қазіргі отбасында да көбіне-көп әйел билігі үстемдік ететіні де өтірік емес. Ал ажырасқан жағдайда да заң балаларды анасына береді. Мұндай мәселе бала тәрбиесіне әсер етпей қоймайды. Ұл баланың жеке басына келсек, үйде де, мектепте де ер-азаматтардың араласуы мардымсыз болғандықтан қыз мінезді, ұялшақ, ашылып әңгіме айта алмайтын, жапырып жұмыс істей алмайтын ынжық балаларымыздың көбейіп келе жатқаны анық. Байырғы ұстаз ретінде байқағаным, біз ұл бала мен қыз бала тәрбиесін қосып жіберген тәріздіміз. Ұлдар мен қыздардың құдай жаратқан табиғи ерекшеліктеріне көп мән бере бермейміз. Себебі: «оларға қатты сөйлеуге болмайды, мектептегі және одан тыс жерлердегі «қара жұмыстарға» жегуге болмайды, (баланың еңбегін пайдалану), ұрсуға болмайды, нұқуға болмайды ...». Осындай кілең қыздарға тән шектеулерді ұлдарға да қатар қолданамыз. Соларға қарап қазіргі мұғалімдерге жа­ным ашиды. Бүгінгі тәрбие – «Үндемеген үйдей бәледен құтыладының» негізінде жүріп жатыр. Баламыз толыққанды білім алмайтынының бір себебі де сонда.

Біздің оқушы кезіміздегі тәрбие әрі қатал, әрі әділ еді. Бүгінгі алпыстың үстіндегі ел басқарып отырған азаматтар еш қиындықтан қаймықпайтын білім-ғылым майталманы, ақын-жазушы, ғалым, академик, Еңбек Ері.

Айта кетерлік тағы бір жайт, бүгінгі мұғалімге оқушыларды ұрмақ түгілі, қатты ұрсу да қауіпті. Ертеңгісін дауыс көтерсе, кешке баланың ата-анасына белгілі болады. Ертесіне мектепте шу көтеріліп, мұғалім жазаланады.

Бұл кімге керек? Содан мұғалім баланың теріс қылығына жанашырлық жасап күйіп-піспейді, жылы жауып қоя салады. Ал, ата-анасына сөз тасып, ұстазын жазалатқан бала ертең нағыз азамат болып қалыптаса ма? Ондай адамдардан келешекте қызмет істегенде де бастық пен жолдастарының арасына сөз тасып, еңбек ұжымын тас-талқан етіп, ала тайдай бүлдіріп жүретін жағымсыз тұлға болып шығады. Қол көтермей-ақ қойсын, дауыс көтеруге болмайды деу – тәрбиеге кері әсерін тигізері сөзсіз. «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген көне мақалда да бір шындық бар-ау тегінде. Бүгінгі аяншақ, ынжық ұлдар осындай жылымшы тәрбиенің жемісі емес пе? Кезінде сөз тыңдамаған баласын арқасынан қамшымен тартып жіберетін әкелер бүгін қайда? Алақаны ойылғанша жұмыс істететін орта қайда? Өзіміз кезінде оқу жылының алғашқы айында ұжымшарларға көмектесіп, ақ тер, көк тер болып жүгері жинаушы едік. Одан азып-тозып кеткен біз жоқ, керісінше, «еңбектің наны тәтті» екенін маңдай терімізбен сезіндік. Мектеп оқушылары бір-бірімен сол еңбектің арқасында танысып, достасып кететін. Қазіргі бір ізбен барып, бір ізбен қайтатын сынып оқушылары бір-бірін жете тани бермейтіні байқалады.

Еңбекке алтыншы-жетінші сыныптан араласып, дәмін татып өскен оқушы кез келген жұмыстан қорықпай, бел шешіп кірісіп кете алады. Баланың жасына лайық еңбек тәрбиесін ерте бастау керек екенін Білім министрлігінде отырған ағайындар ескерсе орынды болар еді. Мектепті қара жұмыс істемей бітіріп, жоғары оқу орнын тамамдап, қызметке орналасқан қазіргі балалар кетпен-күрек ұстаудың не екенін білмей-ақ кетуі де ғажап емес-ау...

Ал, еңбектің не екенін білмейтін, ақсаусақ, әлжуаз, қыз мінезді ұлдар «толарсақтан саз кешіп, ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалып» Отанын қорғай алар ма? Ертең осы жылауық ұлдардан өскен ұрпағымыз қандай болады? Солар ел тізгінін қолдарына алғанда не болады? Міне, осындай сан түрлі сұрақ көңілге кірбің түсіреді. «Жаттығуда жаны қинал­ған жауынгер, ұрыста батыл болады» деп батыр Баукең айтқандай ұлдарымызды тым босаңсытпайық. Олар еркекке тән ер мінезді болып өсуі үшін бүгін қатаң тәрбиелейік!

Берікжан АНАРБЕКОВ,

ардагер ұстаз

Тараз қаласы

Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры