Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы естеліктер

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы естеліктер

18 март 2020, Среда
206
0

1978 жылдың қарашасында ардақты ағамыз Асанбай Асқаровтың кенже қызы Жанаттың ұзатылу тойы өтті.  Біздер, Олжабаевтар әулеті Асанбай ағамыздың жиендері ретінде сол тойдың бел ортасында болып едік. Қыз алған жақ, яғни құдалар Қонаевтар әулеті еді. Құда түсіп жатқан Асқар Қонаев Қазақстан Ғылым академиясының президенті болатын. Ол кісінің үйленгелі отырған үлкен ұлы Елдар қазақы дәстүр бойынша әкесінің туған ағасы Дінмұхамед Қонаевтың баласы болып есептелетін. Осылайша Қазақстанның   бірінші басшысымен, есімі Одаққа, қала берді шетелдерге  кеңінен танымал тұлғамен құда болып шықтық. Бір-бірлерін сүйіп қосылған екі жас – Елдар мен Жанат екі елдің арасында алтын көпір болып, ұлан-асыр той өткізілді.

«Құдағи сыйымен жарасады» демей ме? Біздің құдағиымыз есімі әлемге танылған классик жазушы Мұхтар Әуезовтың қызы Ләйлә Мұхтарқызы еді. Өзі ғалым, ғылым докторы. «Ұлы жазушының қызымын, академиктің әйелімін, мемлекетті басқарып отырған адамның келінімін» деп кеуде көтерген жоқ , кісіліктің, кішіліктің жолын ұстана білді. Бізге, қыз ұзатушы құдаларына деген ықыласы, құрметі, пейілі риза етті.

Сол тойда құдалардан Дінмұхамед Ахметұлының алғаш болып келгені, ол кезде Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқаратын  асыл жарым Елубай Олжабаевтың қарсы алғаны күні бүгінгідей есімде қалыпты. Осы бір тарихи сәт бейнеленген  сурет үйімнің төрінде күні бүгінге дейін ілулі тұр. 

Кемеңгер адамдар кең болады деген сөз рас. Димекең қазақтың салт-жорасын жақсы білетінін аңғартып, той үстінде өзін еркін ұстап, үлкен-кішінің көңілін жадыратар әзіл сөздер айтып, жұртты күлдіріп отырды. Соншама зор лауазым иесі, ол кезгі құдіретті Одақтың астанасы Мәскеуде мәжіліс құратын Кеңес Одағы Коммуннистік партиясы Орталық Комиеті Саяси Бюросының саусақпен санарлық қана мүшелерінің бірінің осыншама қарапайымдылығы, кішіпейілділігі бәрімізді тәнті етті. Ал, жары Зуһра Шәріпқызы мен келіні Ләйлә Мұхтарқызы екеуін он сегіз жас айырмашылығына қарамастан абысындар деуден гөрі апалы-сіңілілер деуге көбірек келіңкірейтіндей көрінді біздерге.  

«Абысын тату болса, ас көп» деген ғой. Құдағиларымыз қазақтың салт-дәстүрін ұстанып, келіннің төсегін маған салдырды. Жеңге көйлегің деп сый-сияпат жасады.

Қазақтың кілең марқасқалары, Қонаевтар мен Асқаровтар әулеттерінің етжақын ағайын-туыстары, жекжат-жұраттары, дос-жарандары бас қосқан сол тойда өнер адамдары да көп болып, думанды қыздырды. Артық сөз, кеуде көтеру, менменсу дегеннің бірі болған жоқ. Жарасымды әзіл-қалжың, әсерлі ойын-күлкі әдемі үйлесім тапты. Бізді жас санамай, құда деп құдайындай сыйлағандары үлкен тәрбие берді. Ұлы адамдармен бір дастархан басында сыйласып отырғанымыздың өзі біз үшін үлкен мәртебе еді. Жарым Елубай Тақубайұлы сол тойдан қанаттанып, ерекше әсермен қайтты.  

Әрине, тойда қосылған екі жасқа арналған игі тілектерде шек болған жоқ. Сол айтылған бата ті-лектер жүзеге асып, екі жас өмірде өз қатарларының алды бола білді. Елдар – әке жолын қуып ғылымда талай биіктерді бағындырды, техника ғылымдарының кандидаты, партиялық, дипломатиялық қызметтерді атқарды. Қазір Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың президенті. Жанат та ғылым кандидаты, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында істеді. Қазақ Ұлттық университетінде сабақ берді. Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың атқарушы директоры ретінде де ұлы тұлғаның өнегелі өмірі мен қызметін насихаттауға да үлесін қосып келеді. 

Алматыдағы сол тойдан бері жылжып қаншама жылдар өтті. Әйтсе де, әсерлі, әдемі сәттер, Дінмұхамед Ахметұлындай заманының заңғар тұлғасы мен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері асыл ағамыз Асанбай Асқарұлының жарқын бейнелері естен шықпай келеді.


Ермекгүл ОЛЖАБАЕВА,

ардагер ұстаз

Тараз қаласы

Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры