ШУАҚТЫ ШУДЫҢ БІР ҚЫЗЫ
Шу аудандық кезекті партия конференциясы 1983 жылдың қоңыр күзде өткені әлі есімде. Алдымен аупарткомның бірінші хатшысы Нұрғали Торғаев есепті баяндама жасады. Баяндаманы қызу талқылауға конференция делегаттары: маңдай алды механизаторлар, ақтылы қой өргізген аға шопандар, балды бармақты сауыншылар, мәртебелі мұғалімдер және тағы басқа еңбек озаттары белсене атсалысты. Бұдан соң осы аудандық партия форумына қатысып отырған сол кездегі Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнуар Хамзинұлы Жақыпов қорытынды сөз сөйледі. Аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына терең талдау жасай отырып, есепті баяндамада аталмай қалған көлеңкелі тұстарға да тоқталды. Сондай-ақ, алда тұрған маңызды міндеттерді де қадап айтты. Басшының әр сөзі сын тұрғысында айтылғандықтан, жиылған жұртқа салиқалы ой салды. Қабағынан қар жауып тұратындай көрінетін басшы, бұл жолы да аудан активін қатты қамшылағандай әсер қалдырды.
Конференция соңында ұйымдық мәселе қараған аупарткомның жаңа құрамдағы алғашқы пленумы болып өтті. Мұнда Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Нұрғали Торғаев, екінші хатшысы болып Владимир Петрик, ал хатшысы болып Бәтес Егембердиева сайланды.
Бұл кезде мен облыстық «Еңбек туы» газетінің Шу, Мойынқұм аудандары мен Шу қаласындағы меншікті тілшісі болатынмын. Коммунистер жиынынан шыққандар Бәтес Шәйменқызы жайлы өз пікірлерін ашық айта бастады. Біреулері қаршадай қазақ қызының аса жауапты қызметке тағайындалуына қолдау білдіріп жатты. Өйткені, Шу ауданында бұл қызметке бұрын-соңды қазақ қыздары сайланбаған болатын. Орда бұзар отыз жасында жоғары партия қызметіне сайланған Бәтеске күмән білдіргендер аз болмады. Бұған дейін Талас аудандық және облыстық комсомол комитеттерінде хатшылық қызметтерді абыройлы атқарған жас кадрға үлкен сеніммен қарағандардың қарасы қанша дегенмен басым еді. Ұзын сөздің қысқасы, Бәтес Шәйменқызы жайында үміті мен күдігі араласқан бір-біріне қарама-қайшы пікірлер осылайша ел арасында бір дүр етіп барып басылғаны күні бүгінге дейін есте.
Ең бастысы, ол ел не айтса да, не ойласа да алғашқы жұмыс күнінен бастап, алға қойған мақсатынан айнып көрген емес. Орта бойлы, сабырлы, мінезді қыз бала жаңа ауданның өзіне беймәлім тыныс-тіршілігімен танысып, жаңа ортаның ортақ қазанын қайнатуға бар ықылас-жігерімен кірісті. Ол кезде де аудан өмірінде түбегейлі түйіні шешілмей жатқан әлеуметтік мәселелер көп болатын. Жеке басының жағдайын айтып, алдына келіп, өтініш білдіргендер де аз болмады. Хатшы қыз қандай мәселені болмасын басқа біреулерге сілтей салмай өзі шешуге күш салды. Қабылдауында болған жандардың тауы шағылып, беті қайтып қалмасын деген ниетпен жедел түрде тиісті басшыларға тікелей тапсырма беріп жатқандығына талай мәрте куә болғанмын. Оның алдынан шыққан адамдардың көбі: «Болайын деп тұрған бала екен, көргені мен түйгені көп екен» деп алғыс айтып жатқандарын да естігенмін.
Ол негізінен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету, баспасөз, мәдениет және тағы басқа да жетекші салаларға басшылық жасады. Күн ұзақ кеңседе отыра бермей, аталмыш мекемелердің тыныс-тіршілігін көзбен көру үшін қайнаған еңбектің ортасында жиі болатын. Сол тұста аупартком хатшысының арнайы қызмет көлігі болмаған. Жағдай солай бола тұрғанымен, көлік дегенді көлденең тартқан күні болған жоқ. Қайда барғысы келсе де оны алдын ала жоспарлап қоятын.
Бір байқағаным, хатшы қыздың жүзі алғаш қарағанда суықтау көрінетін. Бірақ, жіті қараған жанға бұл алдамшы көрініс сияқты. Жақын араласқанда қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өскен инабатты, иман жүзді жан екендігін жазбай таныдым. Келбеті жарқын, көз жанары өткір болғандықтан, жұмыс бабында бетің бар, атағың бар деместен айтар ойын бүкпесіз жеткізіп жүрді. Мұндай іс-әрекетімен ешкімнің артына шам алып түскен емес. Айтарын айтып салғанымен, зілсіз ашу да тез тарқайтын. Біздің қазақ мұндайды көргенде «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше» деп текке айтпаса керек. Тағы да бір атап айтар жай, бұрындары мектеп директоры қызметіне ер азаматтар тағайындалатын. Солардың өзі «Егембердиева келе жатыр» деген хабарды естігенде, айтарлықтай асып-саспаса да дегбірсізденіп қарсы алатын.
Арада екі жыл өткен соң, Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Халел Бейсеев сайланды. Бұған дейін партиялық қызметтің қыр-сырын біраз біліп қалған Бәтес Шәйменқызы ауданның жаңа басшысымен де қоян-қолтық араласып, өз міндетін жүйелі атқара берді. Әсіресе, халықтық өнерге, ұлттық құндылықтарға айрықша назар аударды. Ауданда бірнеше ұлттық-мәдени орталықтардың жұмыстары жолға қойылып, жандандырылды. Өнер саласындағы «Шу еркесі» мен күрт ағайындар ұйымдастырған «Стерк» (Достық) ансамблдерінің көрермендерге деген тарту-таралғылары Қазақ және Қырғыз республикалық телеарналарында кеңінен көрсетілді. Сонымен қатар, күйші, композитор Әбдімомын Желдібаевтың, сырлы сазгер Серік Әденовтің, әнші, ақын Аяз Бетбаевтің, ұршықша иірілген биші Ажар Ержанованың және тағы басқалардың төл туындылары да кеңінен насихатталды.
Көңілі ояу, көзі қарақты оқырман қауым қазіргі Төле би ауылындағы интернационалист-жауынгер Мәлік Жүнісәлиев атындағы орталық саябақта батырлар аллеясы жасалғандығын жақсы біледі. Әрине, бұл игілікті істі ұйымдастыруға аудан басшысы Халел Сағынбекұлының баянды басшылық жасағандығы талассыз шындық. Әйт-кенмен, бұл істе де Бәтес Шәйменқызы өз қолтаңбасын қалдырды. Өйткені, аталмыш аллеядағы қырыққа жуық Социалистік Еңбек Ерлері мен екі Кеңес Одағы Батырларының мүсіндерін биік тұғырға орнату көпшіліктің қолдауымен, қол күшін біріктіруімен жүзеге асты. Бұл аллея сән-салтанатымен безендіріліп, пайдалануға берілген кезде шулық ел-жұрттың қуанышында шек болмады. Бұл аллея күні бүгінге дейін жерлестеріміздің де, қонақтарымыздың да тәу етіп келіп, тағылым алып қайтатын қасиетті орнына айналды.
Естеріңізде болса, 1988 жылдың көктемінде республика көлемінде наурыз мейрамы алғаш аталып өтілді. Араға алпыс екі жыл салып жеткен шығыс халықтарының шырайлы мерекесі Шу өңірінде де қанатын кең жайды. Ұлыстың ұлы күні саналатын бұл мейрамды атап өтуге Шу елі де зор ықылас танытты. Орталық алаңға ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, тоқшылықты, берекені дәріптегендей ақ дастархандар жайылды. Үлкендер жағы баршаға ақ батасын берсе, көпшілік қауым ұлттық ойындардың қызығына бөленді. Ал жастар жағы кешке қарай алтыбақан теуіп, ақ сүйек ойынының қызығына тоймады. Осындай той-думанды ұтымды ұйымдастыруға да хатшы қыз Бәтес білек сыбанып кіріскен-ді. Қазіргідей емес, ол кезде наурыз мейрамы ауданымызда бір ай төңірегінде тойланатын. Мұның өзі халқымыздың ата-баба дәстүріне адалдығын танытып, жаңа сипатқа, жаңа мазмұнға ие болған үрдіспен сағына қауышқандығын көрсетсе керек.
Ел мерейі мен шырайын нұрландырған сол жылы мен аудандық «Шу өңірі» – «Шусская долина» газетіне редактор болып тағайындалдым. Жаңа қызметімде Бәтес Шәйменқызымен бұрынғыға қарағанда жақынырақ араласуыма тура келді. Бұрындары байқамаған екенмін, ол біз шығарған газетті бір әріпіне дейін қалдырмай оқып отырады екен. Жәй ғана оқи салмайды, газет ісіне шын жанашырлығын байқап жүрдім. Бірде өзі қабылдаса, келесі кезекте редакция қызметкерлерімен кездесіп, келелі кеңес өткізіп жүрді. Аупартком хатшысының журналистер мен баспахана қызметкерлерінің жұмыстарына жіті көңіл бөлуінің арқасында біздің шығармашылығымыз едәуір алға жылжыды. Келесі бір атап айтар жай, Бәтес ханым аупарткомның бюро мәжілістерінде де белсенділік танытып, өз ойын ашық айта алатын.
Хатшы қыз бюро мәжілістері мен кезекті пленумдарда да сын тұрғысында сөз сөйлеп, орын алып жатқан кемшіліктерге баса назар аударатын. Жастайынан жалынды жастармен біте қайнасып еңбек еткен ол, есейе келе байсалды қалпын сақтап, тура сөйлейтін, ашық айтатын бағытынан қайтқан емес. Осы жауапты қызметті жеті жыл жемісті атқарып, шуақты Шудың бір қызындай ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Тонның ішкі бауындай болған Бәтес Шәйменқызын көз көрген шулықтар әлі күнге дейін мақтан тұтып келеді.
Бәтес Шәйменқызының атына айтылған мақтауларды шулық аға-ұрпақ өкілдерінен әлі күнге дейін естуге болады. Оның бәрін бір мақала аясына сыйғыза салу мүмкін де емес. Қызмет бабында жұлдызы жанып, тасы өрге домалаған шулық хатшы қыздың талай биіктерді бағындыра білгендігін естіп жүрміз. Ол Жамбыл педагогикалық институтын тәмәмдап, мамандығына адалдық танытқан ұлағатты ұстаз. Өзі туып-өскен Талас ауданындағы Үшарал орта мектебінде жас шәкірттерге ағылшын тілінен дәріс бергендігі үлгілі іс. Ең бастысы, ол қандай қызмет атқарса да, сенім биігінен көріне білді. Атап айтқанда, облыстық білім басқармасына білгір басқарып, «Қазақстан Республикасының Білім беру саласының құрметті қызметкері» Ыбырай Алтынсарин төс белгілерімен марапатталса, Жамбыл политехникалық коледжінің директоры болған кезде Жамбыл облыстық мәслихатының депу-таты болып сайланды және Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Қазіргі кезде «ӘулиеАта-Демеу» корпоративтік қорының директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
Осы мақаламды мынадай өлең шумақтарымен түйіндегенді жөн көрдім:
Аққуысың түлеп ұшқан Ақкөлден,
Әлпештеген әке-шешең бақ берген.
Елу жылдай қызмет етіп халқыңа,
Еңбегіңмен орын таптың нақ төрден.
Шудың елі мақтанады өзіңмен,
Құрметтейді қызға деген сезіммен.
Таң қаламын талантыңа бас иіп,
Жастайыңнан аманатты сезінген.
Тұтатқансың ақиқаттың алауын,
Желбіретіп кісіліктің жалауын.
Тағлымы мол тәлім беріп ұрпаққа,
Таба білдің жас жүректің қалауын.
Гүл-өмірің қиындықта шыңдалды,
Тағдыр қатал, сынаудай-ақ сынады.
Елің аман, жұрттың тыныш тұрғанда,
Құлпырасың қуаныштан сен әлі.
Тарих болып қалды білем өткенің,
Береке мен бірлік болсын күткенің.
Денің сау боп, ұзақ ғұмыр кеше бер,
Құтты болсын жетпісінші көктемің!!!
Ахметжан ҚосаҚов,
ардагер журналист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)