Адамның бір қызығы бала деген...

Тіршіліктегі бар нәрсе бір-бірімен тығыз байланыста өзара сабақтас келетінін ескере бермейміз. Өскен ортадағы, бірге араласып жүрген айналадағы адамдардың да жарық дүниені енді танып келе жатқан бүлдіршін санасына, мінез-құлқына ықпалы зор екен. Көргенін айнытпай қайталайтын, әр нәрсеге еліктейтін, көруге, білуге құштар баланың нәзік жанын көбіне ескере береміз бе? Үй ішіндегі ерлі-зайыптылардың керісі, ене мен келіннің, туыстары арасындағы түсінбілеушілік, екі кісінің басы қосылса арақ ішу, теледидардан, ұялы телефондардан сұрықсыз, әдепсіз көріністерді қызықтау, оңай жолмен олжа табу сияқты жағдайлардың бәрі көз алдында өтіп жатқан баланың бойында теріс қасиеттердің қалыптасуына сөзсіз әсері болады. Осының бәрін ой елегінен өткізсек, баланың жақсы, не жаман адам болып өсуі ең алдымен оны тәрбиелейтін ата-анасына, үйдегі басқа да ересек адамдардың іс-әрекетіне, өскен ортасына тікелей байланысты екеніне көзіміз жетеді.
«Баланы бастан» демекші, ата - ана әуел баста бала тәрбиесіне өте ыждаһаттықпен мән беріп, аса қырағы болмаса, үміті ақтала бермейтіні белгілі. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деген халық мақалы тегін айтылмаған ғой. Өнегелі шаңырақтан жақсы тәрбие алып өскендер қатарынан жаман адам шықпауы да сондықтан болар. Кейде керісінше де болып жатады. Отбасындағы баршылық, баланың бетін қақпай өсірудің өзі бала тәрбиесіне кері әсерін тигізеді.
Осы арада басымыздан өткен жағдайды айтуды жөн санап отырмын. Студент кезімізде ақша табу үшін біреулердің үйлерінде оқудан бос кезде жалданып жұмыс жасайтынбыз. Содан бір күні бір үлкен зәулім үйге барып тас көмірді қаптайтын болдық. Бес жігітпіз. Үй иесі қасымызда ақырын біздің жұмысымызды бақылап тұрған. Бір кезде үйінен біз қатарлы баласы шығып, «Әке маған бес мың теңге беріңізші, достарыммен қыдырып келейін» деген еді, әкесі тез арада сөзге келмей айтқан ақшасын берді. Біздер сол ақшаның көлемінде жұмысын жасап жатқанбыз, аң таңбыз... Содан оншақты жыл өткенде «жедел жәрдем» стансасында жұмыс атқарып жүргем. Бір күні бір ауырудан шақыру түсті, барсақ сол өзіме таныс зәулім үйден екен. Барып алғашқы көмек көрсеттік жас жігітке. Нашақор болып кетіпті. Алдыңғы бөлмеде маған таныс әкесі басын төмен ұстап қайғырып отыр екен. Қасына барып осы кісіге сонау жылдан таныс екенімізді, көмір қаптап жатқанда баласына қыдыруға ақша бергенін есіне салдым. Соның орнына ғой сол баласы біздің атқарған жұмысымызды өзі істесе, еңбек етуге тәрбиелесе мынандай жағдай болмас еді деген ойға қалдым. Міне баршылықтың аяғы неге соқтырады?!
Өрескел қателігі үшін ұрып соғудан гөрі қалаған нәрсесін алып бермеу, киноға жібермеу, белгілі мерзімге далаға жібермей. ұялы телефонымен сөйлестірмеу арқылы оларды жазалау да теріс емес.
Біздер сол өткен ғасырдың 50 - 60 жылдары туылғандар, ата-анамыздан мектептегі ұстаздарымыздан қаймығатынбыз, алдын кесіп өтпейтінбіз. Қазір енді ойлап қарасақ, соның бәрі әке-шешелеріміздің, ұстаздарымыздың бізді тура жолға салу үшін істеген амалдары екен ғой. Ал қазіргі кезде мектеп мұғалімі балаға бір артық сөз айтып көрсінші, ертеңіне сол оқушының ата-анасы мектепке келіп шу шығарады. Олар тек өз баласының ісін дұрысқа, ұстаздарының ісін дөрекілікке санайды.
Бір қариядан сұраған екен, «Осы Сіз неге немереңізді жаныңдай жақсы көресіз?» деп. Сонда әлгі кісі «Мен дүниеден өткенде менің балама жақсы қарау үшін» депті. Не деген керемет сөз...
Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі,
Балаңды жұрт мақтаса,
Бәрінен де сол игі, - деп баланың жақсы ер жетіп, әке атына атақ қосқаны үлкен мақтаныш емес пе, халайық...
Бақберді Кезембаев,
Денсаулық сақтау ісінің үздігі,
Тараз қаласының құрметті азаматы
Обсудить
Блок в статье:
Серік Сәлемов Жамбыл облыстық бокс федерациясының президенті болып сайланды
28 март 2025, Пятница
Еске алу кеші
28 март 2025, Пятница
БИ ӘДІЛ БОЛМАЙ – ІС ІЛГЕРІ БАСПАЙДЫ
23 март 2025, Воскресенье
Похожие материалы:
Комментарии (0)