АНА ТӘРБИЕСІ – ЖАЗЫЛМАҒАН ОҚУЛЫҚ
«Отан отбасынан басталады» десек, ұрпақты бала кезінен отансүйгіштікке, отбасы құндылықтарын сақтауға үйретуде ардагерлеріміздің орны ерекше. Еліміздің ертеңі, болашағы - балаларымыз үшін апа-әжелер баға жетпес байлық, өлшемі жоқ ғибрат. Жамандық атаулыдан сақтайтын, бейнебір ақылдың кеніші саналатын аналарымыздың қашан да ұрпақ тәрбиесінде ойып алар орны бар.
Осы бағытта облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен «Ардагерлер ұйымдарына қолдау көрсету орталығының қызметін ұйымдастыру, мемлекеттік - әлеуметтік тапсырысы» аясында Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында «Ана тәрбиесі – қоғамның жазылмаған оқулығы» атты аналар форумы зор ұйымшылдықпен өтті.
Форумның басты мақсаты – отбасы дәстүрлері мен құндылықтарын насихаттау және дамыту, отбасы мәртебесін көтеру, бала тәрбиесіндегі үздік тәжірибелерді тарату, отбасындағы рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие берудің барысына, балалардың ата-аналарымен немесе ата-аналардың балаларымен арақатынасындағы түйінді мәселелерді зерделеуге бағыт-бағдар беру болып табылады.
Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев құттықтау сөздерінде бүгінгі өтіп жатқан басқосудың маңыздылығына тоқталып, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Жуалы аудандық аналар алқасының төрайымы Күлбақыт Айтқұлова баяндама жасап, іс-тәжірибелерін ортаға салды.
Аналар алқасы 6 бағытта жұмыс істеуді қолға алған. Атап айтқанда: «Әжемнің ертегісі», «Қыз бала – ұлт болашағы», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Ене мен келін сыйластығы», «Кеңес беру орталығы», «Аналар алқасының шығармашылық топтары» деген бағыттар бойынша қолға алынып жатқан жұмыстардың тиімділігі зор болуда.
Облыстық аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова өз баяндамасында облыс көлемінде атқарылып жатқан игі істерді атап өтіп, аналар алқасының отбасы институтын нығайтуға аса маңыз беру керектігіне тоқталды.
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Ел Ана» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры Сәуле Мешітбаева өз сөзінде ата дәстүрдің мән-маңызына баса назар аударды.
– Қазақ қыздары ұлт тағдыры өздеріне байланысты екенін ұмытпаса игі. Қазір үйлену оңай, ажырасу одан да оңай болып кеткенін көзіміз көруде. Бүгінгі таңда бала тағдыры мен тәрбиесіне өз деңгейінде көңіл бөлінбей жатқаны жасырын емес. Сол себепті аналармен, жас отбасыларымен тынбай жұмыс жасауымыз керек. Бүгінгі басқосу осындай - осындай түйткілді мәселелерді шешуге қозғау салады деген сенімдемін, – деп сөзін қорытындылады Сәуле апайымыз.
Аналар форумы аталған маңызды мәселелерді қорытындылай келе Үндеу қабылдады. Айтулы басқосу соңы аналар туралы театрландырылған көрініспен аяқталды.
Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)