Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ШӘКІРЖАН АСҚАН АСУЛАР

ШӘКІРЖАН АСҚАН АСУЛАР

10 октябрь 2024, Четверг
67
0
Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Қай заманда да өмір сүрген дана бабаларымыз ең алдымен ел ішіндегі береке-бірлікті, ынтымақты арттырып, сол арқылы бейбітшілікті сақтап, ел ырысын еселеуге болатынын ұрпағына аманаттап отырған. Қасиетті Әулиеата өңіріндегі жері құнарлы, суы мол Жуалы ауданының халқы да Отанның игілігіне қызмет етумен бірге, халықтың береке-бірлігін арттырып, ел ырысын еселеу жолында аянбай тер төгуде. Қасиетті өңірді құтты қоныс еткен бірнеше этностың өкілдері өзара тату тірлік кешіп келе жатқанын жақсы білеміз. Аға буынның ішінде өңірге үлгілі қызметімен және ерен еңбегімен танылған азаматтың бірі – өзбек ұлтының өкілі, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Шәкіржан Мамаджанов. Жалпы Мамаджановтар әулетінің Жуалы жерін құтты қоныс еткеніне 110 жылға уақыт болды.
Кеңес Одағы тұсында және тәуелсіздік жылдарында ауданның дамып, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан еңбексүйгіш азамат Шәкіржан Мамаджановты өңір халқы жақсы таниды әрі құрметтейді. Әулеттің үлкені Мамаджан Маткаримов ақсақалдың есімі өңірге белгілі болғанын оның көзін көріп, сыйласқан аға буын өкілдері жақсы білсе керек. Мамаджан ақсақал әйгілі «Түркістан-Сібір» (Түрксіб) теміржолының Жуалы ауданының аумағын кесіп өтетін бөлігінің құрылысына бір кісідей атсалысқан екен. Шәкіржанның өз әкесі Хаджи Мамаджановтың да негізгі мамандығы теміржолшы. Ол өмірінің елеулі бөлігін теміржол саласына арнаған. Әкелі-балалы азаматтардың екеуі де «Қазақстанның құрметті теміржолшысы» атағына ие. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, шаруа отбасында туып-өскен Шәкіржан Хаджиұлы жастайынан еңбекке жақын болып өсті. Үлкен отбасының отағасы болған Хаджи Мамаджанұлы осындағы «Боранды» теміржол бекетінде, одан кейін «Луговой» бекетінде (екі жыл уақыт) станция бастығы, кейіннен денсаулығына байланысты билет кассасында аға кассир болып істесе, отанасы Мұхлиса апай аудан мекемелерінде әртүрлі қызметтер атқарған. Осындай үлгілі жанұяда тәрбие алған Шәкіржанның да еңбекке бейім болмауы мүмкін емес еді... -Менің бабам Мамаджан Маткаримовты аудандағы үлкен кісілердің көбісі таныса керек. Бабам 1917 жылы сол тұстағы Әулиеата қаласынан (қазіргі Тараз қаласы) осында қоныс аударған. Бабам жер мен елдің қасиетін жазбай танитын көреген кісі болған екен. Әулиеатаның маңынан Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына керуенмен мал айдап апарады екен. Сонда керуен осы жерден өткенде, бабам Жуалының жері мен суына қатты қызығып, осынау қасиетті мекенге қоныс аударуды ұйғарады. Сөйтіп отбасымен осында көшіп келгенде шамамен 24-25 жастағы жігіт екен. Міне, біздің әулет содан бері қасиетті де киелі мекенді құтты қоныс етіп келеді. Мамаджановтар әулетінің осында тұрғанына 110 жылға жуықтады. Демек, біз бір ғасырдан бері жергілікті қазақ халқымен, осындағы басқа да ұлттың өкілдерімен сыйластық пен берекебірлікте өмір сүріп келе жатырмыз. Бір айта кетерлігі, Мамаджан ақсақал ауыл-аймаққа белгілі әрі беделді кісі болған. Теміржол құрылысының басықасында болған. Ол кезде қазіргідей емес, техника құралдары жоқтың қасы. Теміржолшылар кетпен-күрекпен, қайламен, одан қала берсе, ат арба, өгіз арбамен жұмыс істеген. Үлкен атамыздың өзі тұратын және жұмысшыларды жатқызған үйі қазіргі орталық базардың төңірегінде болыпты. Алғашқыда көшіп келгенде олар киіз үйде тұрса, кейін шағын жер там соғып, сонда көшеді. Үйінің жанында ұзынша шағын баспаналар болған. Теміржолшылар сонда тұрып жұмыс істеген. Бір қызығы, даңқты қолбасшы, қаһарман жерлесіміз Бауыржан Момышұлы жас кезінде (1930-шы жылдары) аудандық атқару комитетінде қызмет атқарған тұста бабамның үйінде тұрған. Баукең Мамаджан ақсақалмен жақсы сыйластық қарым-қатынаста болған. Біздің жергілікті қазақтармен сыйластығымыз сонау ертеден басталған. Бауыржан Момышұлының Мамаджан ақсақалмен өзара сыйластығы және оның үйінде тұрғаны жайында 1998 жылы баспадан шыққан «Жері, суы дуалы – Жуалы» кітабында және басқа да кітаптарда дерек жеткілікті,- дейді еңбек ардагері. Шәкіржан аға кейіннен автобус паркінде жұмыс істеп жүргенде (1981 жылы) аудандық «Достық» мәдениет үйінде Батыр Бауыржан Момышұлымен кездескенін өмірінің естен кетпес сәулелі сәті ретінде мақтанышпен еске алып отырады. Тағы бір айта кетерлігі, Ш.Мамаджанов зейнетке шыққаннан кейін аудан орталығындағы Б.Момышұлы ескерткішінің маңына шырша, арша, басқа да ағаш көшеттерін отырғызып, жерсіндіруге, бір сөзбен айтқанда, ескерткіш маңын көгертіп, көріктендіруге де өз үлесін қосқанын жерлестері ризашылықпен айтып отырады. Шәкіржан Хаджиұлы аудан орталығында бұрынғы Г.Орджоникидзе атындағы орыс мектебін бітіргеннен кейін осындағы автомектепте жүргізуші мамандығында оқиды. 1966 жылы №8 автобазаға жүргізуші болып жұмысқа қабылданған ол келер жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын Түркіменстанның Казанжик қаласында өтеген. 1969 жылы әскерден келген ол аудандық автобус паркіне механик болып жұмысқа қабылданады. Онда Жамбыл, Шымкент, Қаратау және Жаңатас қалалары бағытына, одан бөлек, ауданға қарасты ауылдарға автобус қатынасының, жолаушылар тасымалының сапалы атқаруылуына өз үлесін қосады. -Білімімді көтеру мақсатында Шымкент қаласындағы автотехникумды техник-механик мамандығы бойынша өндірістен қол үзбей жүріп бітіріп, өзім жұмыс істейтін автобус паркінде гараж меңгерушісі болдым, партия қатарына қабылданып, мекеменің партия ұйымының хатшысы қоғамдық қызметін атқардым. Иә, ол кезде тәртіпке және жұмыстың сапасына баса мән берілетін. Фотосуретім еңбек озаттарының Құрмет тақтасынан түскен емес. 30 жылдық еңбек өтілімнің тең жартысында механик болып жұмыс істесем, 15 жыл басшылық лауазымда болдым. Ол кезде автобус паркінде 350 адам жұмыс істейтін. Олардың 60-сы инженерлік-техникалық қызметкерлер болса, 210-ы автобус жүргізушілері. Жолаушы тасымалдайтын 50-ге жуық автобус болатын. Жұмыс жұмыс тоқтаусыз жүретін. Бір жағынан қызық. Мекемеде көпшілікпен тіл табысып, ұйымшылдықпен жұмыс атқардық. Кеңес Одағы ыдыраған тұста автобус паркінің де жұмысы тұралап, мекеме банкротқа ұшырады. Автобустар жекеге сатыла бастады. Бір сөзбен айтқанда, көп қиыншылықтар болды. 1998 жылы аудандық электр желілерін тарату мекемесіне шақыртумен жұмысқа ауысып, онда алғашқыда механик, кейіннен кезекші бөлімде жүргізуші болып жұмыс істеп, 2011 жылы аталған мекемеден зейнет демалысына шықтым,- дейді Шәкіржан аға. Ата-ананың өнегесі баланың болашақ өміріне үлкен әсер ететіні белгілі. Ерлі-зайыпты Хаджи мен Мұхлиса Мамаджановтар сегіз бала тәрбиелеген ұлағатты отбасы болатын. Шәкіржан – бұл отбасының екінші ұлы. Жергілікті қазақтардың ортасында туып-өскен Шәкіржан аға кейде әзілдеп: «Мен де қазақпын» деп қояды. Бұлай деп айтуға оның толық қақысы бар, қазақ тілі мен салт-дәстүрін жетік біледі. Шәкіржанның Құдай қосқан жары, марқұм Рабиға Самұратова да қазақ қызы болған. Екеуі отбасында Фархат, Фахриддин есімді екі ұлды тәрбиелеп, өсірді. Өкініштісі, отанасы өмірден ерте озған. Бұл отбасының үлкен ұлы Фархат та биыл көктемде өмірден ерте озды. Екінші ұлы Алматы қаласында ІТ саласында еңбек етіп жүр. Кенже ұлы Фахридин мен келіні Жаннаның отбасында Данелия есімді немересі желкілдеп өсіп келеді. Бұл да болса қарияның көңіліне медеу, дәтке қуат. Жуалыдағы Мамаджановтар әулеті жергілікті қазақтармен сыйласып, жақын араласуымен ерекшеленеді. Оны бізбен әңгімелесу барысында Шәкіржан ағаның өзі таратып айтып берді. – Әлі есімде. Біздің әулеттің бұрынғы үйі Бауыржан Момышұлы ауылындағы қазіргі орталық базар аймағында болатын. Біз осындағы жергілікті қазақ отбасылары – Бейсенбек Сафинов және Мамыралы Күзембаевтың әулетімен көрші тұрдық. Ұлы Отан соғысының ардагері Бейсенбек атаның әйелі Зебі апамыз өзбек ұлтының қызы еді. Бейсенбек атаның әкесі Сопын ақсақалдың да көзін көргенбіз. Бұл отбасы өсіп-өнген, іргелі әулеттердің бірі. Қазір де ұл-қыздары өркен жайып отыр. Міне, қазақ пен өзбек ұлттарының арасындағы достық пен сыйластықтың тамыры тереңде жатыр. Екі халықтың жақын араласуы, тіпті, бір-бірлерінен қыз алысып, қыз берісуі «мың жылдық құдалық» дәстүрімен лайықты жалғасын тапты, – дейді Шәкең ағынан жарылып. Қасиетті Жуалы жерінде тұратын этнос өкілдері арасындағы татулық пен достықтың, өзара сыйластықтың орнығуына сүбелі үлес қосып келе жатқан еңбек ардагерінің ауданның Құрметті азаматы, Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті ардагері атануы –оның ұзақ жылғы жемісті еңбегіне берілген лайықты бағасы деп білген жөн. Шәкіржан Хаджиұлы қазір аудандық және Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер ұйымының жұмысына белсене араласып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік және еңбексүйгіштік сияқты асыл қасиеттерді сіңіруге атсалысып келеді. Бұл да көпті көрген тәжірибелі азаматтың бір қыры болса керек. Киелі өңірдің экономикалық және рухани дамуы жолында талмай еңбек етіп келе жатқан ардагер өз кезегінде «Жамбыл облысы ардагерлер ұйымына-30 жыл», Қазақстан өзбектері қауымдастығының «Достық», т.б. мерекелік медальдарымен марапатталған. Ата-бабалары салған сара соқпақты өнегелі ісімен және адал еңбегімен лайықты жалғастырған атпал азаматтың жолы қашанда ашық!
Нұржан МАНАСҰЛЫ, журналист Жуалы аудан
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

ЖАҚСЫ ҚАРТАЯ БІЛГЕН ҚАРИЯ
01 август 2022, Понедельник
ЖАҚСЫ ҚАРТАЯ БІЛГЕН ҚАРИЯ
АРДАГЕРЛЕР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
04 октябрь 2024, Пятница
АРДАГЕРЛЕР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
ЖЕТПІС ПАЙЫЗҒА ЖЕТІППІЗ
06 апрель 2023, Четверг
ЖЕТПІС ПАЙЫЗҒА ЖЕТІППІЗ
ТҰҒЫРДАН ТҮСПЕГЕН
13 октябрь 2022, Четверг
ТҰҒЫРДАН ТҮСПЕГЕН
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры