Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ШЕЖІРЕЛІ ӨҢІРДІҢ БОЛАШАҒЫ БАҒДАРЛЫ

ШЕЖІРЕЛІ ӨҢІРДІҢ БОЛАШАҒЫ БАҒДАРЛЫ

14 сентябрь 2024, Суббота
50
0
Бүгінде ауданның экономикалық әлеуеті біршама өсті. Саудакент, Тоғызкент ауылдарындағы мәдениет үйлері толықтай қалпына келтіріліп, ішкі жиһаздары мен музыкалық аспаптары, ұлттық киімдері жаңадан сатып алынды. Бұрын жұмысын тоқтатқан екі кәсіптік-техникалық училище кәсіптік лицей болып, Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылынан қайтадан ашылды. Жаңатас қаласында мемлекеттік көпсалалы колледжі жұмыс істей бастады. Тек соңғы жылдардың өзінде бес балабақша ашылды. Саудакент, Тоғызкент ауылдарында ауыз су жүйесі іске қосылды. Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылында сандық телефон байланыс жүйесі енгізілді, жаңа пошта ғимараттары салынуда. Бүгінгі таңда ауданда өндірістік кооперативтер, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жүздеген шаруа қожалықтары ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен айналысуда. Осы аталған шаруашылықтарда мыңдаған адам жұмыспен қамтылған. Төрт түлік мал басы жылдан-жылға өсуде. Кең байтақ Қазақстанда небір дүлдүл марқасқаларды қанаттандырған қасиетті жерлер көп қой. Солардың бірі – өзіміз әңгіме өзегіне айналдырып отырған Жамбыл облысының Сарысу ауданы десек қателеспейміз. Ауданға, қала берді облысқа еңбегі сіңген жайсаң жандарды былай қойғанда, айтулы өнерімен Қазақстан халқының сүйіспеншілігіне бөленген, тіпті бұрынғы КСРО-ға кеңінен танымал, аймүйізді ірі тұлғалар осы ауданның түлектері. Мысалы, Жайылма ауылында қазақ киносы мен театрының майталманы, кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, Қазақ КСР халық әртісі (1976 ж.), КСРО халық әртісі (1980 ж.), Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973ж.), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974ж.), Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері (2017ж.) Асанәлі Әшімов туған. Ақтоғай ауылында композитор, жазушы, публицист, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Алматы кешінде», «Асылым», «Жайлаукөл кештері», «Еділ мен Жайық» және т. б. халық арасында кеңінен танымал, өлмес ән тудырған, «Екі жирен», «Аққулар қонған айдын көл», «Бірінші концерт» әңгімелер жинағының, музыка және музыканттар туралы зерттеулердің, сондай-ақ өнер тақырыбына арналған ондаған кітаптардың, оның ішінде ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлы туралы романның авторы, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов дүниеге келген. Бұл өлке бүгінгі қазақ журналистикасының көрнекті өкілі Қали Сәрсенбаевтың да туған жері. Қазақтың күміс көмей әншісі Сәуле Жанпейісова мен сирек кездесетін дауысты опера әншісі Амангелді Сембин де осы аудандағы Маятас ауылының түлектері. Қазақтың дүлділ ақыны Маралтай Райымбекұлы тарихы бай Игілік ауылының перзенті екен... Осы өңірге жапсарлас жатқан Құмкент ауылы аумақтық жағынан Түркістан облысына қарағанымен, бүкіл қазаққа және түркі әлеміне ортақ тұлға Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі осында орналасқан. Елге келген әрбір қонақ қасиет қонған Баба түкті Шашты Әзіз кесенесіне соқпай өтпейді. Баба түкті Шашты Әзіз – қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне. Қазақ шежірелерінің кейбір нұсқаларында ол Маңғыт руынан деп айтылады. Едігенің осы рудан шыққандығы негіз етіледі. Баба түкті Шашты Әзіз нақты болған адам деген бұлтартпайтын дерек жоқ. Сондықтан ғылымда ол мифтік бейне ретінде қабылданған. Қазақ фольклорында ол әулие кейпінде суреттеледі. Батырлар жырларында бас кейіпкерлер қиналған кезде демеуші, аян беруші аруақ тұлғасындағы бабадан медет тілеген. Мысалы, «Алпамыс батырда» Байбөрінің түсіне Баба түкті Шашты Әзіз кіріп, әйелінің бір ұл, бір қыз табатыны туралы аян береді, кейін Алпамыстың демеушісі болады. Басына қиындық түскенде Баба түкті Шашты Әзізге сыйынып, жалбарыну дәстүрі халық арасында күні бүгінге дейін сақталған. Күш атасы Қажымұқан додаға түскенде: «Уа аруақ, Баба түкті Шашты Әзіздің рухы қолдай гөр»,- деп сыйынған. Баба түкті Шашты Әзіздің есімі «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Шора батыр» жырларында жиі айтылады. Алтын ордаға билік жүргізген Едіге би Шашты Әзіз әулиені өзінің түп атасы санаған. Сондай-ақ тарихи деректерде Баба түкті Шашты Әзіздің есімі Орта Азия, Қазақстан жеріне Ислам дінін уағыздаушы болып саналатын Ысқақ бабтың замандасы, үзеңгілес серігі ретінде жиі айтылады. Кесене «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының «Жалпыұлттық киелі орындар» санатының 100 нысаны тізіміне енген. Саудакент елді мекеніне кіреберісте қобызға және осы өлкеде туып-өскен атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлына ескерткіш қойылып, сол кездегі облыс әкімі Өмірбек Байгелдінің басшылығымен даңқты қобызшының 150 жылдығына арналған үлкен халықтық той ұйымдастырылған еді. Дарынды қобызшы Қорқыт бабадан кейінгі қобыздың құлағында ойнаған ірі өнер иесі және осы аспапта өлмес туындыларды дүниеге әкелген. Қобызшының туып-өскен жері Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы, Мұңлы-Қулы тауларының етегі болса, топырақ бұйырған жері Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Шу өзенінің бойындағы Қуарал деген жер. Ықыластың өскен ортасында күйшілік өнер айрықша әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан. Тәттімбет, Сары Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди сияқты күйшілердің Ықылас бірінің даңқын естіп, күйін құлағына құйып өссе, келесісінің көзін көріп, қадірлес, сыйлас болған. Бұл ортада бағзыдан жеткен теріс бұрау күйлері ұшталып, өрісін ұзартқан. Ықылас болса сол ұлы дәстүрді қобыз тілінде жалғастырушы дәулескер күйші. Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар композитор. Ықыластың әкесі Дүкен де, оның әкесі Алтын да қобызшы болған. Алтын қобызға әуестеніп жүрген бозбала шағында түс көріп, түсінде бір ақсақалды абыз: «Бұл қобыз сенің жеті ұрпағыңа дарып, желеп жебейтін болады!» деп аян береді деген шежіре сөз бар. Ықыластың Дүйсебай, Түсіпбек, Ақынбай атты үш баласы да көшелі қобызшылар болған. Олардың балалары мен немере шөберелері қазір Жамбыл облысының Сарысу ауданында тұрады. Ықыластың қара қобызы беріге дейін Ақынбайдың баласы Дәулеттің қолында сақтаулы болған, 2008 жылы Жамбыл облыстық мәдениет басқармасы ол қобызды сатып алып, мемлекеттік мұражайға табыс еткен. Сол күннен бастап, Ықылас Дүкенұлының қара қобызы мемлекет меншігінде. Ықыластың тырнақалды туындылары «Қасқыр», «Ықылас» деп аталады. Оның «Кертолғау», «Ерден», «Жалғызаяқ», «Жарым патша», «Жезкиік» сияқты күйлерінде өзі өмір сүрген ортаның қоғамдықәлеуметтік көріністері бейнеленсе, «Қамбар-Назым», «Айрауық», «Қазан» сияқты күйлеріне ел арасына кеңінен тараған аңыз әңгімелер, қиял ғажайып оқиғалар арқау болған. Осы күйлердің қай-қайсысы да Ықыластың адамға деген, қоғамға деген, табиғатқа деген азаматтық тұлғасын, адамгершілік үнін айқын аңғартады. Ықыластың күйшілік дәстүрінің жағасын қисайтпай жалғастырған төл шәкірттері Бекмағамбетұлы Ашай, Тоқтамысұлы Әбікей, Сүгір Әліұлы және өзінің бел баласы Түсіпбек болған. Бұлардан тікелей тәлім алған белгілі қобызшы домбырашылар Мықтыбаев Дәулет пен Қаламбаев Жаппас. Ал, Дәулет пен Жаппастың төл шәкірттері Әбдіманап Жұмабеков, Сматай Үмбетбаев, Базархан Қосбасаров. Көшпелі елдің көшінен түсіп қала жаздап, қадау қадау өнерпаздардың қол жалғауы арқылы көнеден бүгінге жеткен қобыз өнері қазір арнасын кеңейтіп, өрісін ұзартып, өресін биіктетіп, халқын қоңыр үніне ұйытуда. Сарысу өңірін аралау барысында көріп-біліп, көңілге түйген кейбір әсерлеріміз осындай. Әңгімеміз мәресіне жетер тұста өсіп-өніп, өркен жайған өлкенің келешегінің жарқын болуының, ауданның жаңа дәуірде алға басқан қадамының да, өндірістік әлеуетінің де арта түсуінің басықасында жүрген аудан әкімі Мамытов Сәкен Үмбетұлының жас та болса бас болып аудан тіршілігін дөңгелетіп жүргеніне риза болғанымызды айта кетелік. Өзі басқаратын ауданның шаруашылықтарын аралатып, қасиетті жерлерімен, атақты адамдар туып-өскен өңірлермен таныстыру барысында оның осы өңір ерекшеліктерін бес саусағындай білетінін, аудан халқының мұң-мұқтажын шешу жолында бел шешпей еңбек етуге тас түйін дайын екенін аңғардық. Ел ағаларына, ақсақалдарға деген ілтипатынан да, халық дәстүрін сақтай білетін жібектей жұмсақ мінезінен де жас жігіттің жас та болса өмірден көргені мен түйгені баршылық екені әрбір әңгімесінен сезіліп тұрды. Алғашқы ел басқару қадамы Жаңатас қаласының әкімі болудан басталып, кейін Сарысу ауданы әкімінің орынбасары, осы ауданның әкімі қызметтерімен жалғасын тапқан бүгінгі аяқ алысының да сабырлы, салмақты, мәселе шешуде істің байыбына бара білетін ел азаматының орнықтылығына, алғашқы басшылық қадамдарына халық дән риза. Әсіресе ауданда жақында орын алған табиғаттың тосын құбылысы – шелектеп төккен нөсер-жаңбыр халықты әбірге салып, ауыртпалық әкелгенде әкім абдырап қалмай, апат жағдайында мәселені оң шешу жолдарын әбжіл қолға ала білді. Әрине табиғаттың төтенше мінез танытқан қиын шағында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев апат аймағынан табылды. Шұғыл түрде штаб отырысын өткізді, зардап шеккен отбасыларында болды. Облыстан тиісті адам күшін және техника құралдарын жұмылдырды. Табиғи апат орын алған 3 күннің ішінде облыс басшысы Жаңатасқа 2 рет ат басын шалдырды. Соның нәтижесінде тез арада құрылған еріктілер отряды лай судың, тасқынның қалдықтарынан елді мекенді тазалап, қоқыстарды қала аумағынан шығарып, қалыпты тіршілікті қалпына келтірді. Ауданның халқы мен әкімі қол ұстаса жүріп атқарып жатқан игі істерге көңіліміз толып, өңірдің халқы мен басшылығына жылы лебізімізді білдіру үшін қолға қалам алғанда айтпағымыз осы еді.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры