БОЛАТ ЖОЛДЫҢ БЕЙНЕТІ МЕН ЗЕЙНЕТІ
Ел экономикасының күре тамыры саналатын теміржол саласы қашан да зор маңызға ие. Әсіресе, Түркісіб теміржолы құрылысының басталуы Қазақстанда жаңа әрі жарқын бағыттағы өмірдің салынуына негіз болды. Деректерге көз жүгіртсек, жалпы темір жол саласының даму тарихы бірнеше кезеңдерден тұрады. Соған қарамастан, тәуелсіздік жылдарында да бұл саланың дамуы одан әрі қарқын алып, аясы кеңейе берді.
Ал, өз өңірімізге қатысты айтар болсақ, тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына теміржол саласы айтарлықтай үлес қосып келеді. Қазақстан темір жолының ауданымызға қатысты тарихы да өз алдына бір төбе. Әңгіме желісін осы тұрғыда жалғайтын болсақ, Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда, әсіресе, ауыр өнеркәсіптің өркендеуі қарқын алғаны мәлім. Жүк айналымы 2,3 есеге артып, мұндай өсім жаңа теміржол құрылысының салынуын талап етті. Оған қоса Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Қазақстан аралығында сол уақыттарда тікелей теміржол байланысы болмады. Қарағанды қаласына жету үшін Барнауыл-Новосибирскі-Омскі-Петропавл-Ақмола арқылы айналмалы жолмен жүріп өтуге тура келетін. Сондай-ақ, Солтүстік пен Орталық Қазақстанды еліміздің Оңтүстік аймағымен және Орталық Азиямен, өндірістік Урал және Ресей Федерациясымен байланыстыратын көлік-экономикалық желісі дамымаған болатын. Бұл өз кезегінде трансқазақстандық магистральдің соңғы учаскесі – Мойынты-Шу темір жолын салу қажеттілігін айқындады. Осындай себептермен 1950 жылға қарай салынған Мойынты-Шу (440 км.) жол телімі соғыстан кейінгі жылдардың өзекті оқиғасы болды. 1950 жылдың соңында осы жолмен алғаш рет Қарағанды қаласынан көмір артылған пойыз Алматыға жолға шықты. Ал, 1953 жылдың 27 қазанында Мойынты-Шу жол телімі тұрақты пайдалануға берілді. Осылайша, Транссібір магистралі Түркістан-Сібір жолымен бірігіп, еліміздің барлық жерінен өтетін Петропавл-Көкшетау-Ақмола-Қарағанды-Шу трансқазақстандық темір жолдың меридианды желісін құрайды.
Сексенінші жылдардың басында Шу және Сарышаған локомотив деполарын өркендету, Шу стансасының жолдарын дамытуды күшейту бойынша қосымша шаралар қабылданды. 1983 жылы түйіспелік желіге арналған тіректерді орнату басталды. 1985 жылы Мойынты-Сарышаған телімі электрлендіріліп, қолданысқа берілді. Кейінгі жылдары Сарышаған-Шығанақ, Шығанақ-Бірлік және 1988 жылдың аяғында Бірлік-Шу телімдері және бүкіл темір жол торабы кезең-кезеңімен электрлендіріліп, пайдалануға тапсырылды. Бұл пойыздардың Мойынты-Шу бағытында өткізілуін шұғыл жақсартып, қалған барлық пойыздар қозғалысқа қосылды. Шу жол бөлімшесін сақтау қажет болмай қалды да, ол құрылым қысқарды. Ал, телімдер қайтадан Жамбыл бөлімшесінің құрамына өткізілді.
Алайда, бұған дейін Шу жол бөлімшесі бірнеше жыл табысты қызмет етті. Яғни, 1977-1988 жылдар аралығында бөлімшені басқарған білікті мамандар қатарында Б.Аврам, В.Никитченко, В.Бинус, Қ.Бекбосынов есімді азаматтар болды. Олардың арасынан Шу жол бөлімшесін құрудың және темір жолдың аса маңызды телімінің жұмысын ұйымдастырудың бүкіл жауапкершілігін көтерген және осы бөлімшенің алғашқы басшысы болған Аврам Григорьевич Барудың есімін ерекше атап айтуға болады.
Аврам Григорьевич 1922 жылдың 2 тамызында Киев қаласында дүниеге келген. Аврам Киевтің шет жағындағы теміржол жұмысшылары тұратын аудандағы мектептен білім алады. Әскери борышын Львовта өтеген ол Ұлы Отан соғысына қатысты. Аврам Барудың майдан жолдары Потсдамда аяқталады. Ал 1947 жылы соғыс жылдарында Қазақстанға көшірілген ата-анасына оралады. Кейін Ташкент теміржол көлігі инженерлері институтының механикалық факультетінде оқыды. Жас маман А.Баруға 1953 жылы Шу локомотив депосына жолдама берілді. Аврам электр машиналары цехының бригадирі болып жұмыс істей бастады. Кейін уақыт ағымында түрлі лауазымда қызмет етіп, жоғарғы билік өкілдері тарапынан бірнеше марапатқа ие болды.
1977 жылы Қазақ теміржол магистралінің бөлшектеліп, Алматы темір жолының ұйымдастырылуына, сол сияқты Мойынты-Шу маңызды бағытындағы вагондар ағыны қозғалысында туындаған қиындықтарға байланысты Шу бөлімшесі құрылды. Аврам Бару тәжірибелі өндіріс ұйымдастырушысы ретінде оның бастығы болып тағайындалды. Баруға бөлімшені ұйымдастыруды жаңадан бастауға тура келді. Басқарма аппаратын, негізгі бөлімдерді құрды. Кадрларды таңдауда Шудағы тәжірибелі теміржолшылардың еңбек тәжірибесіне сүйенді. Бөлімшедегі жұмыс әдеттегіден де қызу әрі қарбалас жүріп жатты. Қозғалысты ұйымдастырумен қатар, Мойынты-Шу телімінің екінші жолдарын салуды аяқтау жұмысы қатар жүргізілді. Қопару, жолдың орнын ауыстыру жүзеге асырылып, сигнал беру және байланыс жүйесі жаңғыртылды. Осы үлкен іс аяқталған кезде көлік құрылысшылары А.Баруға "Азапқа салғаны үшін награда" деген әзіл-қалжыңы аралас сөздер жазылған күміс шойшегені сыйға тартқан екен. Шынында да соншалықты қызу қарқынмен жүргізілген жұмысқа абыроймен төзе білу үлкен ерлік іс еді.
Үш бағыттағы пайдаланымдық, жұмыс көлемі орасан зор, тәулігіне 150 пойыз жөнелтіп отырған шағын бөлімше сонымен қатар тұрғын үйлер, әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық бағыттағы нысандар салумен де айналысты. Бөлімше құрылғаннан бергі төрт жылдың ішінде Шу торабында профилактикалық цех, локомотив депосының қазандығы, 115 және 70 пәтерлік тұрғын үйлер, 4 қабатты жатақхана, балабақша, жол бөлімшесінің ғимараты салынды. Жаңа вокзал салына бастады. Сарышаған стансасында қазандық салынып, пайдалануға берілді. Бүкіл желілік стансаларда тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар салынды.
А.Бару Шу бөлімшесінің бастығы болып 1981 жылға дейін қызмет етті. Мұнан кейін денсаулығына байланысты зейнет демалысына шығуға мәжбүр болды.
Сонымен қатар Шу-Мойынты теміржолында талай жыл қажырлы еңбек етіп, осы саланың дамуына қомақты үлес қосқан өзге де жерлестеріміз жетерлік. Солардың қатарынан Шу-Мойынты теміржолында алғашқы пойызды жүргізген Ә.Ажмағамбетов, паравоз машинисі А.Тоқсанбаев, диспетчерлер К.Сүгірбаева, А.Сүлейменов, Б.Жолдығараев, вагоншы Ә.Ибадилдаев, резерв бастығы А.Хайруллин сынды азаматтардың еңбегі орасан.
Әбу Ажмағамбетов 1983 жылға дейін 40 жыл тепловоз, оның 30 жылында жолаушылар пойызын жүргізді. Жалпы, теміржол саласында 49 жыл еңбек етті.
Ал, Әшіралы Тоқсамбаев 1955 жылы Шу локомотив пайдалану депосына машинистің көмекшісі болып жұмысқа орналасып, 1980 жылға дейін аға машинист қызметін абыройлы атқарып, зейнетке шықты. Бұл кейіпкеріміз тек теміржол саласында ғана еңбек етіп қойған жоқ. Бұған дейін Сарыбұлақта колхоз жұмысшысы болып, 1945-1950 жылдар аралығында әскерде қызмет етті. Яғни, Орта Азия жаяу әскерінде 5 жыл эшолон машинисінің көмекшісі болған. 1950-1953 жылдары Алматы қаласында ІІМ СССР мектебінде оқыды. 1953-1955 жылдары Қарағанды қаласындағы ішкі істер бөлімінде коменданттық қызметте болды. Сонымен қатар бұл ақсақал тыл ардагері.
1926 жылы Шу ауданы, Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар ауылында дүниеге келген Әшіралі ата бүгінде 96 жаста тоғыз баланың ардақты әкесі, немере, шөбере, шөпшек сүйген абыз ақсақал.
Сондай-ақ, теміржол Шу бөлімшесінде алғашында он жыл диспетчер, қосымша техникалық бөлімде инженер қызметін атқарған Клариса Сүгірбаева осы салада қырық жылға жуық тер төккен, бүгінгі зейнеткер. Еңбек жолында Шу стансасындағы сол кездегі №7 теміржол колледжінде оқытушы, еңбекті қорғау инженері сынды жауапты жұмыстарды жүйелі жүзеге асыра білді.
Жоғарыда есімдері аталған барлық теміржолшылар өз уақытында жұмыстарына зор жауапкершілікпен қарап, темірдей тәртіпке бағына отырып, аталмыш саланың дамуына зор үлес қосып, өз қолтаңбаларын қалдырды. Осы арқылы ауданның тыныс-тіршілігінің оң бағытпен дамып, халқының тұрмысының артуына өзіндік септігін тигізді. Бүгінде олардың бірқатары өмірден өтіп кетсе, енді біразы құрметті зейнеткерлер.
Қалай десек те, ел өмірінде, оның ішінде Шу қаласының тарихында маңызды орын алған Шу-Мойынты теміржолына 70 жыл толу қарсаңында теміржол саласына қажырлы еңбек сіңірген барлық аға буын өкілдерінің есімдерін ұлықтап, әрі қарай да олардың өмір жолын кейінгі толқынға үлгі ету әрқашан парызымыз болып қала бермек.
Тұрсынбай ХАЛЫҚ,
Шу стансасы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Қазақстанның Құрметті
теміржолшысы,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)