АЛТЫН АЛМА, БАТА АЛ!
Тегінде, халқымыздың рухани қазынасы ретінде ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігі саналатын бата беру дәстүрі жүрекжарды адал ниет пен ақ көңілден түзілген ізгі тілектердің қатар жүрер қосындысы десек болады.
Сондықтан болар, ықылым заманнан бері халқымызда «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» деген ешкім де қарсы уәж айта алмас орынды пәтуа қалыптасып, ел есінде қалған тарихи тұлғалардың берген баталары өз мәнісін жоғалтпай осы күнге дейін тұрмыстық қолданыста келеді.
Ал, қазіргі кезеңдегі бата беру, одан қалды, жалпы, сөз шешендігі үрдісі қандай дәрежеде? Тентекті бір ауыз сөзбен тезге келтіріп, ел ішіндегі дауды екі ауыз сөзбен ерегіске жеткізбей шешетін аузы дуалы, сөзі уәлі, орақ тілді арыстар шындығында арамыздан алыстап кеткені ме?
Міне, бұл күндері қазақ қоғамын осы тектес сұрақтар көп мазалайтыны рас. Себебі, тіл шешендігімен кез келген сәтте «текетіреске» түсе алатын, орамды да ұтымды сөзбен орағыта шауып, дүдәмал тірлікті әділдік пен ақиқаттың ауылына табан тіреуге мәжбүр ететін ел ағалары азайып кеткенін мойындауымыз керек, ағайын.
Кез-келген адамға өмірдегі маңызды бір белесіне қадам басарда ықыласпен берілген бата үлкен күш қосып, үміт пен сенімін арттыратыны айтпаса да түсінікті. Халқымыздың осы қасиетті салтын қастерлеп отырған қазыналы қарттарымыздың еңбегі өте зор.
Осыған орай салт-дәстүрімізді дәріптеп, ескіліктің ізін жалғап жүрген ауданның батагөй ақсақалдарының арасында «Батаменен ел көгерер» атты сайысы өтті.
Ауданға аты танымал белсенді азамат Медербек Өзбеков басқаратын аудандық билер кеңесі ұйымдастырған іс-шараға барлығы 14 ауылдық округтен 12 үміткер қатысып, ел алдында бақ пен баптарын сынады.
Байқауды ашу үшін сахна төріне аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев пен ауданымыздың қадірменді ақсақалы Қамбарбек Иманалиев шықты.
Ел ағалары рухани қазынамыз – батагөйліктің жай-жапсарын айтып, бұл бағыттың дамуы мен ұрпақтар сабақтастығы турасындағы ой-пікірлерімен бөлісіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқаудың әр кезеңіне оң баға беріп, турашылдыққа жүгінетін әділқазылар алқасының шешімімен биылғы байқаудың бас жүлдесі кеңестік Бауыржан Байдәулетовке бұйырды. Ол облыстық сайысқа жолдама алды. Бірінші орын Тәтті ауылының белгілі азаматы Белгібай Айнақұловтың қанжығасына байланды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдармен марапатталды.
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
журналист
Меркі ауданы.