БОЛАТ ЖОЛДЫҢ МАЙТАЛМАНДАРЫ
Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісін қазақстандық теміржолшылар асыға күтеді. Себебі дәстүр бойынша бұл күні Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Теміржол көлігі тасымалы саласында еңбек еткен, әлі де қызмет етіп жүрген, кешегі-бүгінгі барша теміржолшыларға кәсіби мерекеде құрмет көрсетіледі, төрге шығарылып марапат жасалады. Сонымен қатар, әрине бұл күн – өзін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкерімін деп атайтын жүз мыңдаған кәсіп иелері үшін айрықша маңызы бар мереке, болат жолдың майталмандарының ерен еңбегі еленіп, мерейі үстем болатын күн. Теміржолшылар елдегі жолаушылар және жүк тасымалын қамтамасыз еткендіктен де, теміржол саласы ел экономикасының күретамыры болып есептеледі. Теміржол – қай уақытта да мемлекеттің шаруашылық және өндірістік дамуында, экономикалық және сауда байланыстарын кеңейтудегі негізгі саласы болып қала береді. Ал осы салада қызмет ететін еңбеккерлер қоғамда зор сый-құрметке ие. «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясында теміржолдың өсіп-өркендеуіне, дамуына сүбелі үлесін қосып, ал бүгінде көп жылғы бейнеттерінің зейнеттерін көріп отырған зейнеткер-ардагерлердің басын біріктіретін ұйым бар. Ол – ардагер теміржолшылардың республикалық ұйымы. Оның құрамында 18 аймақтық ұйым топтастырылған. Солардың бірі – Жамбыл аймақтық теміржолшы ардагерлер ұйымы. Жалпы, айта кету керек, теміржолшылардың ардагерлер ұйымдары Кеңес Одағы кезінде, кешегі Алматы, Батыс, Тың теміржолдары деп аталатын құрылымдар жұмыс істеп тұрған кездің өзінде құрылып қалыптасып, белсенділік танытқанын айтуға тиістімін. 2013 жылдың желтоқсан айында қайтадан құрылған теміржолшы ардагерлердің республикалық ұйымына биыл міне он үш жыл толмақ. Бүгінгі күнде ұйымдағы ардагерлер саны 4 мыңға жуықтайды. Оның құрамына магистралдық желі бойынша 14 бастауыш ардагерлер ұйымы кірген. Олардың арасында 13 тыл ардагері, 53 «Еңбек ардагері» төсбелгісі иегері, 55 «Құрметті теміржолшы» бар. Біз қоғамдық бірлестікпіз, жұмысымызды "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының "Жамбыл жол бөлімшесі" филиалымен және оның еңбеккерлері арасында жасалған келісімшартты негізге ала отырып жүргіземіз. Біздің міндетіміз – саналы ғұмырын теміржолға сарп еткен зейнеткерлердің құқықтары мен мүдделеріне қызмет етіп, ұжымдық келісімшарттағы жеңілдіктерді пайдалануын қамтамасыз етіп, реті келсе бағыт-бағдар, кеңес беру. Компания мен оның еңбек ұжымы арасындағы ұжымдық шарттың 8-бөлімі – тұтастай компания зейнеткерлеріне көрсетілетін әлеуметтік жеңілдіктерге арналған. Онда соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне және қарапайым зейнеткерлерге қатысты жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, Жеңіс күнін тойлау қарсаңында Ұлы Отан соғысына, Қатынас жолдары Халық комиссариаттарының арнайы құрылымдарына қатысушы болып табылатын зейнеткерлерге 30 айлық есеп көрсеткіші мөлшерінде материалдық көмек, сондай-ақ компанияда есепте тұрған Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, оларға теңестірілгендерге айына 50 кВт есебінен тұтынылған электр энергиясы мөлшерінде ай сайын материалдық көмек көрсету қарастырылған. Сонымен қатар теміржол көлігіндегі еңбек өтілі кем дегенде 25 жыл зейнеткерлерге, сондай-ақ жұмыс өтіліне қарамай, өндірістік жарақаттану оқиғалары бойынша бірінші және екінші топтағы мүгедектіктігі бар зейнеткерлерге, олар 70, 80, 90 және 100 жасқа толған кезде 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір жолғы материалдық көмек көрсетіледі. Одан басқа да «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталғандарға, басқа да зейнеткерлерге компанияның бөлінген бюджеті шеңберінде жиырма төрт айда бір рет тіс протездеуге кеткен шығындары, теміржол көлігімен жылына бір рет бару-келу шығындары өтеледі. Жылына бір рет сауықтыру орындарына жолдама беріледі, тағысын тағы... Бұған қоса, ұйым есебіндегі көптеген ардагерлеріміз қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып отырады. Атап айтар болсақ, Шу теміржол торабы бойынша ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Халық Тұрсынбай, Надежда Алексеевна Ан, Бота Мерекеқызы Идрисова, Әлібек Бестібайұлы Сатаев, Бейсенбек Түсіпбекұлы Қожамқұлов, Вера Васильевна Скачкова, Людмила Павловна Гапоненко, Сағат Дүйсенұлы Молдабеков қоғамдық қызметте көпке үлгі көрсетуде. Виктор Устинов республикалық байқауларда олжалы болса, Баймахан Дәрібаев облыстық, қалалық байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Ерекше атап өтер нәрсе, 2019 жылы сол кездегі Жамбыл теміржол жүк тасымалы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағымбек Ақшалов пен бөлімше кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұман Сәменовтің бастамасымен, тікелей ұйытқы болуымен Жамбыл жол бөлімшесінің музейінің ашылуы болды. Музейге кіргеннен қос қапталдан теміржолшылардың тұтынған пайдаланылған бұйымдары, құнды дүниелері мен фотосуреттері, құжаттары орналастырылса, төр жағында жамбылдық құрметті теміржолшылар мен өңірдің басшылығында болған азаматтардың фотосуреттері ілінген. Ал түпкі төрде, жарықпен безендірілген Қазақстан теміржолының картасы қойылған. Бір сөзбен айтқанда мұндағы құрал-сайман, өндірістік материалдар, фотосурет, аппарат, төсбелгі, ту түріндегі жәдігерлердің бәрі сонау Түрксіб кезеңінен осы күнге дейінгі өңірлік теміржолшылар өмірінен, саланың тыныс-тіршілігінен хабар беріп тұр. Бұл музей бүгінде ардагерлердің, теміржол колледжі білімгерлері мен мектеп оқушылары жиі келетін орынға айналды. Егде тартқан еңбек майталмандары, жасы келген ұрпақ өкілдері болған соң бізде құрам жиі өзгеріп отырады. Осы орайда мына мәліметті айта кеткен орынды болар деп ойлаймын. 2010 жылдың 19 мамырында "Қазақстан теміржолы" Ұлттық компаниясы АҚ басқармасының шешімімен бекітілген жұмыс істемейтін зейнеткерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды есепке қою тәртібі туралы ереже бар. Осы ережеге байланысты ардагер теміржолшылар ұйымына теміржол көлігіндегі еңбек өтілі 10 жылдан кем емес және зейнет демалысына Ұлттық компаниядан шыққан тұлғалар, сонымен қатар Қазақстанға қоныс аударған ТМД елдерінің теміржол көлігінде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан және еңбек өтілі 10 жылдан кем емес тұлғалар, сондай ақ денсаулық жағдайына немесе жарақат алуына байланысты бірінші және екінші топ мүгедектігі тағайындалуына байланысты жұмыстан босатылған компания қызметкерлері мүше бола алады. Алдағы жексенбіде Теміржолшылар күні тойланбақ. Олардың еңбегі үлкен жауапкершілік пен қауіп-қатермен байла¬нысты. Өйткені, жүргізушілер, олардың көмекшілері мен жолсеріктері миллиондаған жолаушылардың өміріне және тасымалданатын мыңдаған тонна жүктерге жауапты. Жолаушы болсын, жүк тасымалы болсын поездар алыс не жақын жерлерге қатынағанда, олардың алда не боларын болжау қиын. Бұл ретте техникалық фактор –кәсібилік пен шеберлікті, адами фактор – әр қызметкердің сабырлылығы мен өз ісіне адалдығын талап етеді. Құрметті теміржол саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Қоғамдық маңызы зор жауапты қызметтегі біліктіліктеріңіз бен көлік және байланыс саласындағы сүбелі еңбектеріңізді біз әрдайым жоғары бағалаймыз. Осы мерекелі күнде Сіздерге мықты денсаулық, толайым табыс, отбасылық бақыт және несібелі жетістіктер тілеймін! Бауыржан НАЙМАНБАЕВ, Жамбыл аймақтық теміржолшы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Обсудить
Блок в статье:
ҚАРИЯЛАР ҚАЛЫС ҚАЛМАЙДЫ
19 август 2026, Среда
Тағылым
18 август 2026, Вторник
Даналық мекені – кітап әлемі
18 август 2026, Вторник
Похожие материалы:
Комментарии (0)






