Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ӨНЕРДІ СҮЙСЕҢ, МЕНШЕ СҮЙ!

ӨНЕРДІ СҮЙСЕҢ, МЕНШЕ СҮЙ!

03 июнь 2026, Среда
24
0
ТІЛШІ:  –  Майра Жалмұхамбетқызы, Сіздің актрисалық жолды таңдауыңыз бұл бала кездегі арманыңыз ба, әлде кездейсоқтық па?
Майра ӘЛІМБЕТОВА: – Әлбетте, актриса болу бала кездегі арманым болатын, мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, көптеген қойылымдарда ойнадым, көрермендер жақсы қабылдады, ұстаздарымның мақтауы осы өнерге деген сенімімді нықтай түсті.
ТІЛШІ: – Мұны отбасында ата-анаңыз қалай қабылдады?
Майра ӘЛІМБЕТОВА: – Мен мектепте жақсы оқыдым. Менің әртіс болуымды анам өз қалауыма қалдырды, әкем қарсы болды, осылай әрі-сәрі күйде жүргенімде Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына (ол кезде Құрманғазы атындағы консерватория болатын) құжат қабылдау бітіп кетті. Сосын Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесіне оқуға түстім. Оқуда белсенді болдым, ол кезде жоғары оқу орындарына таланттарды шалғай аудандардан, қалалардан іздейтін. Мен комсомол комитетінің хатшысымын, директор шақырып алып, жастарды мәдениет үйіне алып баруым керек екенін айтты. Сол жерде мен алып барған жастарды консерваториядан келген Гүлжихан Галиева, Сапарғали Шериев деген кісілер іріктеуден өткізіп жатты. Бір кезде Гүлжихан Галиева маған «Сіз мына мәтінді оқыңызшы» деді. Оқып бердім, мені іріктеуден өткендердің тізіме қосып қойды. Қуанып кеттім, бірақ ол кезде мен училищенің үшінші курсында оқимын. Келіп, директорға айттым. Директор мені жібермеді, құжаттарымды бермейтінін айтты. Сонымен училищені бітіре сала, Алматыда Мәскеуге оқуға қабылдау жүріп жатқанын естіп, сонда бардым. Ол кезде министрлік жастарды тапсырыспен Мәскеуде оқытатын. Қабылдау кезінде барлық тапсырмаларды жақсы орындаған болуым керек, бір ұлты орыс кісі (аты-жөнін ұмытып отырмын) «Мәскеуде оқығанды қалайсыз ба?» – деп сұрады. Өзім Оралда тұрамын, маған Оралдан Мәскеуге барған, тура Тараздан Алматыға барғанмен бірдей. «Егер оқи алам десеңіз, Сіз іріктеуден өтіп тұрсыз»,– деді әлгі кісі тағы. «Оқимын»,– дедім. Осылайша Щепкин атындағы жоғары театр училищесінің студенті болып шыға келдім. Училище деген аты болмаса, институтпен дәрежесі тең бұл оқу орны – қазір өнер академиясы. 1978 жылы диплом қорғау кезінде Джованнидің «Ринальдо шықты майданға» спектаклінде жаңашыл жастардың жігер берушісі Агатаның рөлін сомдап, мамандардың жоғары бағасын алдым. Қазір сол менімен бітірген курстастарымның көпшілігі Алматыда, танымал өнер адамдары. Айдос Бектеміров, Саят Мерекенов, Жұмат Шаниннің немересі Болат Шанин, Сағызбай Қарабалин танымал өнер майталмандары. Мәскеуде оқуымды бітірген соң мен Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Торғай облыстық музыкалық драма театрына қызметке бардым. Алғашында көпшілік сахнасында өнер көрсеткен маған сол кездегі театрдың бас режиссері Ерсайын Тәпенов зор сенім артып, Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясындағы Қаракөздің рөлін берді. Сеніммен берілген бұл рөлді шығаруға ерекше ынтамен кірістім. Спектакльдің премьерасы қойылғанша театрдан шықпадым.  Кез келген өнерпаздың басты мақсаты – патша көңілді көрерменнің көңілінен шығу. Басқа мақсат болуы мүмкін де емес. Ол үшін өзің сомдайтын кейіпкердің образына кіруің керек. Сахнада өзіңді ұмытпасаң, болмайды. Жасандылық жүрмейді. Шын күл, шын жыла, сөзің жүректен шықсын. Қаракөздің қайғы-мұңын көрермен жүрегіне жеткізе алдым-ау деймін, сол жолы спектакльді тамашалағандардың бәрі жылады. Ойын аяқталып, шымылдық жабылғаннан кейін өзім де ағыл-тегіл жыладым. Өзімнен де қатты әсерленіп, өзімнен де қатты қуанған әріптестерім құшақтап алып жіберер емес. Сол қойылымнан кейін басты рөлдерді жібермейтін болдым. Ерсайыннан кейін театрдың бас режиссері болған Жамбыл Есенбеков те роль бөлгенде маған зор сенім артатын. Оған әріптестерім де қарсы болған емес. Қанша дегенмен пенде ғой, кейбіреулердің іштей қызғанышы болған да шығар? 
ТІЛШІ: – Майра Әлімбетованы актриса ретінде танытқан қайсы рөл деп ойлайсыз?
Майра ӘЛІМБЕТОВА: –  Менің өнердегі жолымды ашқан – Қаракөз рөлі. Театрдағы жарты ғасырға жуық өмірімде талай бейнелерді сомдадым. Жүзден астам рөлде ойнаппын. Кейіпкерлерімнің ішінде кім жоқ, бәрі де бар. Ол көрермен сенетіндей, жүрегімен қабылдайтындай шынайы шықпаса, бәрі де бекер. Ол үшін актер сахнада, оған дейінгі дайындықтарда ақ тер, көк тер болуы керек. Актерлік – кейбіреулердің ойлайтынындай, жеңіл-желпі мамандық емес. Өзіңді ұмытып, өзгенің әлеміне ену қайдан оңай болсын. Ол рөлдерде қуаныш, қайғы-мұң, бәрі-бәрі бар. Соның бәрін бойынан да, ойынан да өткізген актер ғана – шын өнерпаз. 
Осылайша Арқалықта 3 жыл жемісті еңбек еттім, қалалық Кеңеске депутат болдым, әріптестерім арасында да беделім жақсы болды. Бірақ жолдасым Нұрқаттың анасы қайтыс болып, әкесі жалғыз қалғаннан кейін, Таразға көшуімізге тура келді. 
ТІЛШІ: – Өзіңіз Оралдан екенсіз, тараздық жігітпен қалай танысып жүрсіз?!
Майра ӘЛІМБЕТОВА: – Мен Мәскеудегі оқуымның төртінші курсын бітіріп, Оралға келе жатқанмын, қолымда жүгім ауыр, қалаішілік автобустан түсуге ыңғайланып, сөмкелерімді ала бергенде, бір жігіт «Қарындас, жүгіңіз ауыр екен, көмектесейін» деді. Жүгім расында ауыр. «Жарайды» дедім. Содан ол жүгімді көтерісіп біздің үйдің ауласына дейін келді. Жолай танысып алдық. Тараздың жігіті, су шаруашылығы институтының төртінші курс студенті екен, Оралға тәжірибеден өтуге келіпті.  Мен үйге кеттім, сол кезде-ақ ұнатқан болу керек, ертеңіне кешке қарай ауланың алдына келіп тұр, ол кезде телефон жоқ, ысқырып шақырған ғой. Осылай оның тәжірибесі біткенше кездесіп тұрдық, сосын мені Мәскеуге оқуға шығарып салды. Сонымен әр мейрамда Мәскеуге ұшып барып тұратын болды. Соңында екеуміз отау құрдық. 
ТІЛШІ: – Сіздің бұл кәсібіңізге жолдасыңыз қарсылық білдірмеді ме?
Майра Әлімбетова: – Біз бұл мәселені отау құрар кезімізде-ақ келісіп, шешіп қойғанбыз. «Әртіс болғаннан кейін әртүрлі сөздер ереді. «Біздің ел арасына гастрольге шығатын кездеріміз тағы бар. Сол кездерде менің өнеріме кедергі болмайсың ба, тосқауыл қоймайсың ба?» – деп сұрадым Нұрхат маған сөз салғанда
 – О не дегенің, ондай әңгіме болмайды, – деді. 
– Ондай «болмайдыны» бәрі де айтады. Кейін, үйленіп алғаннан кейін басталады еркектің «үйде отыр» деп едіреңдейтіні. Мен сенен бұрын өнерді сүйгенмін. Сол рухани махаббатыма адалдық танытуым керек. Отбасын құру – өмір заңы. Дүниеге перзент әкелу, шаңырақтың шаттығын сақтау, отбасының берекесін кіргізіп, беріктігін сақтау – әйел біткеннің арманы. Ол бір жағынан азаматтық парыз. Мен сол арманды жүзеге асырып, әйелдік парызымды орындауға бармын. Бірақ, бойымдағы Құдай берген талантты тұншықтырып, өнерді өлтіргім келмейді, – дедім. 
– Біз өзара түсіністікте өмір сүреміз. Мен сенің өмірде де, өнерде де қолдаушың боламын, – деп болашақ жарым уәде берді.  Міне, біз өлеңде айтылатынындай «қосылған қос өзен секілденіп» жүректі де, тілекті де бір арнаға тоғыстырып өмір сүріп жатырмыз.
ТІЛШІ: – Таразға көшіп келгеннен кейін жаңа ортада жұмыс бастау қиынға соқпады ма?
Майра ӘЛІМБЕТОВА: – Басында аздап тосырқау болғаны рас. Мұнда бұрыннан басты рөлдерді ойнап келе жатқан небір өнер саңлақтары бар. Дегенмен, Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өз орнымды таптым. Осындағы 45 жылдық қызметімде режиссерлер Ерғали Оразымбетов, Әскер Құлкенов, әкелі-балалы Тұрар және Асқар Дүйсебаевтар, Қуандық Қасымов – маған қабілетіме қарай рөлдер ұсынып, шабытымды шарықтай қайрап, шеберлігімді шыңдағандар. Мен сахнада әртістік қызметтің қиындығын бірге көрген әріптестерім Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрсифат Салықова, Қазақстанның Халық артисі Мәкен Рахымжанова, Қазақстан Республикасының  Еңбек сіңірген әртісі Қарабай Сатқанбаев, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Гүлшат Қыпшақова, әртістер Үмбет Әлжанов, Көпесбай Бейсенбаев, Шәмшәгүл Жәменкеева, ерлі-зайыпты Мағзом және Шалқия Бақытжановтар, Спандияр Мұқышев, Мәкен Райысханова, Жұмахан Әбдіқадіров, Несіпкүл Омарбекова, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан, тағы басқалар туралы таңды таңға ұрып әңгімелеуге бармын. Жоғарыда аты аталғандардың кейбіреулері – бүгінде бақилық. Жатқан жерлері жайлы, жайлары жәннаттан болсын!
ТІЛШІ: – Театрдағы өз ізбасарларыңыз жайлы не айтасыз?
Майра ӘЛІМБЕТОВА: – Жастар біздің болашағымыз ғой. Театрда болашағынан зор үміт күттіретін жастар көп. Мен шеберліктеріне өзім сүйсініп жүрген жас таланттардың өнердегі өрістері кең болуына тілектеспін! Артыңда ізіңді өшірмей, ісіңді жалғастырар ізбасарлардың болғаны қандай жақсы! Қазіргі уақытта театрда өздерін танытып үлгерген, болашағынан үлкен үміт күттіріп жүрген жастар баршылық. Қазір өзіміз зейнетте жүрсем де, кейде бізді рөл ойнауға шақырып тұрады. Сол кезде кәдімгідей қуанамын. Әр рөлге тура оқуды жаңа бітіріп келгендегідей толқыныспен кірісемін.
ТІЛШІ: – Сұхбат соңында балалық шаққа шегініс жасасақ, балалық шағыңыз қайда өтті, отбасылық өміріңіз жайлы да айта кетсеңіз.
Майра ӘЛІМБЕТОВА: – Мен туған жерімді айтсам көпшілік таңғалатыны бар. Менің әкем Орал жерінің тумасы болғанмен, қызмет бабымен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында атқару комитетінің хатшысы болған. Сол жылдары мен Қармақшы ауданында туыппын, үшінші сыныпты бітіргенге дейін сол жақта болдық. Кейін әкемнің қызметі ауысқан соң, Орал қаласына көшіп бардық. Одан кейінгі кезеңді сұхбат барысында айтып өттім ғой. 
Мен – өмірде арманына жеткен бақытты жандардың бірімін. Басым – аман, бауырым – бүтін. Өмірлік жарым Нұрхат бірқатар жоғары лауазымды қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Құдайдың берген 2 ұл, 1 қызынан немере-шөберелер сүйіп отырмыз. Мына сәйкестікке қараңыз, біздің үлкен ұлымыз Асхат әріптесім Мәкен Рахымжанованың қызы Гүлзадаға үйленген. Сөйтіп, 17 жыл қимас дос болған Мәкенмен 28 жылдан бері сыйлас құдағилармыз. Құдай ұзағынан сүйіндірсін, балалар бақытты болсын! Қолда – кіші ұл Әділет пен келінім Жәмила. Ләззат қызымыз бен Саржан күйеубаламыз да бақытты отбасы. Олардан шөберелеріміз бар. Енді солардың амандығын тілеп өмір сүріп жатқан жайымыз бар.
ТІЛШІ: – Бүкпесіз сұхбатыңыз үшін рахмет, ұзақ ғұмыр сүріңіз!

Сұхбаттасқан:  Маркс ДҮЗЕЛБАЙ, 

  «ҒҰМЫР-ДАРИЯ»
Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары 01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3! 30 июнь 2026, Вторник

Похожие материалы:

ӨНЕРДІ СҮЙСЕҢ, МЕНШЕ СҮЙ!
03 июнь 2026, Среда
ӨНЕРДІ СҮЙСЕҢ, МЕНШЕ СҮЙ!
ӨНЕРДІ СҮЙСЕҢ, МЕНШЕ СҮЙ!
03 июнь 2026, Среда
ӨНЕРДІ СҮЙСЕҢ, МЕНШЕ СҮЙ!
Қарттар жазған хаттар
12 ноябрь 2020, Четверг
Қарттар жазған хаттар
ҰСТАЗЫМ ҰЛЫҚ БӘРІНЕН
29 август 2024, Четверг
ҰСТАЗЫМ ҰЛЫҚ БӘРІНЕН
БАЛАНЫ ЕМЕС ӨЗІМІЗДІ ТƏРБИЕЛЕЙІК
10 октябрь 2024, Четверг
БАЛАНЫ ЕМЕС ӨЗІМІЗДІ ТƏРБИЕЛЕЙІК
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры