Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Аналар мәртебесі – ұлттың мәртебесі

Аналар мәртебесі – ұлттың мәртебесі

18 май 2026, Понедельник
28
0
Байзақ  ауданына қарасты Мырзатай ауылында аймақтың барлық деңгейдегі аналар кеңестерінің өкілдерінің қатысуымен  «Ұлттық тәрбие берудегі ананың мәртебесі» тақырыбында тағылымды тәжірибе алмасу жиыны өтті. Бұл басқосу – ұрпақ тәрбиесіндегі аналардың айрықша рөлін айқындап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен маңызды рухани алаңға айналды.
Іс-шара облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен және облыстық аналар кеңесі мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бірлесе ұйымдастыруымен өтті. Жиынға аналар кеңестерінің төрайымдары мен мүшелері, зиялы қауым, жастар ұйымдарының өкілдері, ардагер ұстаздар қатысып, ұлттық тәрбие төңірегінде өз ой-пікірлерін ортаға салды. 
Алдымен жиынға қатысушылар Мырзатай ауылындағы арнайы жасақталған аналар бөлмесімен танысып, елді мекендердегі аналардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстарға куә болды. Бұдан кейін мәдениет үйінің кіре берісінде ұйымдастырылған көрмеде ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын бұйымдар, қолөнер туындылары мен тәрбиелік мәні зор тұрмыстық заттар  ұсынылды. Іс-шараның негізгі бөлігі мәдениет үйінің мәжіліс залында жалғасын тапты.
Жиынды облыстық аналар кеңесінің төрайымы Хадиша Оспанова ашып, жүргізіп отырды. 
Алғашқы сөз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевқа берілді. Ол өз сөзінде аналардың ұлт тәрбиесіндегі орны ерекше екенін атап өтті.
– Ана – өмірдің шуағы, тәрбиенің бастауы. Ұлттың рухани келбеті, адамгершілік болмысы ең алдымен ана тәрбиесі арқылы қалыптасады. Сондықтан ананың мәртебесін көтеру – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді ол.
Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  өңірде соңғы жылдары жүзеге асқан маңызды жобаларға тоқталып, 2024 жылы Жамбыл облысының 85 жылдығына орай өткен «Аялы әже» және 2025 жылы ұйымдастырылған «Ана – ұлттың айнасы» атты әжелер форумдары қоғамда үлкен серпіліс туғызғанын атап өтті. Бұл бастамалар әр деңгейдегі буындар арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық тәрбиенің сабақтастығын қамтамасыз етуге ықпал еткенін жеткізді.
Еркінбек Бейсенбекұлы өз сөзінде қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ата-ананың бала қауіпсіздігіне жауапкершілігі заңмен бекітілгеніне қарамастан балалардың жоғалуы немесе жазатайым жағдайларға ұшырауы сияқты оқиғалар әлі де болып тұрады. Осыған орай бұл бағытта тек ата-аналарға ғана емес, бүкіл қоғам болып жұмыла жұмыс істеу қажеттілігіне тоқталды. 
Жиында Байзақ ауданы әкімінің аппарат басшысы Асылжан Құрманов құттықтау сөз сөйлеп, аналардың қоғамдағы рөліне жоғары баға берді.  
Жиында сөз сөйлеген Байзақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шырын Қапарова ұлттық тәрбие бағытындағы тәжірибелерімен бөлісіп, отбасындағы тәрбиенің маңыздылығы туралы айтты. 
– Біз алдағы уақытта отбасылық құндылықтарды насихаттау жұмысын жалғастырамыз, жастармен тығыз байланыс орнатып, тәрбиелік бағыттағы жобалардың тиімділігін арттыратын боламыз, әлеуметтік жағынан  осал топтағы аналарға қолдауды тұрақты ұйымдастырамыз, мектеп пен ата-ана, қоғам арасындағы байланысты нығайтуда жаңа жобаларды жүзеге асырамыз, – деп сөзін қорытты Шырын Қапарова. 
Шарада сөз сөйлеген Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының мәдениет жұмыстарының ұйымдастырушысы Гүлгауһар Бүркітбаева «Әжемнің ертегілеріне саяхат» жобасының қорытындысын таныстырып, оның жас ұрпақтың рухани дамуына, ұлттық дүниетанымының қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар, жиында аналардың қоғамдағы рөлі, отбасындағы бала тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін жан-жақты баяндады. 
Сондай-ақ, басқосуда сөз алған облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев әкелер кеңесінің жұмысы жанданып келе жатқанын атап өтіп, отбасы тәрбиесінде әке мен ананың бірлескен рөлінің маңызын ерекше атап өтті. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – тек ананың ғана емес, тұтас отбасының жауапкершілігі.
Мырзатай ауылында болған алқалы жиында облыс әкімдігінің Білім басқармасы психологиялық қолдау орталығының бөлім басшысы Айжан Ережепова,   Меркі ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Роза Байбосынова аналардың қоғамдағы рөлі  туралы қызықты, әсерлі баяндамалар жасады. 
Облыстық тәжірибе алмасу басқосуында облыстық аналар кеңесінің алғашқы төрайымы, қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Лидия Ахметованың сөйлеген сөзі аса әсерлі болды. 
Жиынға қатысушылардың облыстық белсенді аналарына арналған ұсынысын облыстық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Нұркүл Оспанбекова  оқып берді. 
Жиын қорытындысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев облыстың белсенді аналарына  облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті. Іс-шара өнерпаз әжелер мен аналардың қатысуымен әсерлі концерттік бағдарламаға ұласты. 
Бұл басқосу – ұлттық тәрбиені жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Себебі, тәрбиелі, саналы ұрпақ – ел болашағының кепілі. Ал сол ұрпақты тәрбиелейтін – дана аналар мен мейірімді әжелер. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұрпақ санасына сіңіру жолында аналардың еңбегі қашанда ұшан-теңіз. Сондықтан ананың мәртебесін көтеру – елдің ертеңін нығайтудың ең маңызды негіздерінің бірі болып қала береді.

Қонысбай Ильясов,
облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары
Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары 01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3! 30 июнь 2026, Вторник

Похожие материалы:

Аналар құланда ақылдасты
26 февраль 2025, Среда
Аналар құланда ақылдасты
АТАДАН – АҚЫЛ, АНАДАН – МЕЙІРІМ
10 ноябрь 2022, Четверг
АТАДАН – АҚЫЛ, АНАДАН – МЕЙІРІМ
АҢЫЗ – ТҰНҒАН ТӘРБИЕ
22 ноябрь 2024, Пятница
АҢЫЗ – ТҰНҒАН ТӘРБИЕ
Мерейлі мамандық
26 май 2025, Понедельник
Мерейлі мамандық
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры