Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Аздық етер талантына, Алатаудың бір шыңы...

Аздық етер талантына, Алатаудың бір шыңы...

12 май 2026, Вторник
734
0
Нұрғиса Тілендиев дегенде көз алдымызға әдетте, сазгер, дәулескер күйшілікті, шебер домбырашылықты, тума талант дирижерлЫқты бір басына сыйдырған тұлға елестейді. бес жасынан бастап-ақ әкесінен домбыра тартуды үйренген бала Нұрғисаның Ахмет Жұбановтың көзіне түсуі, ұлы адамның қолынан алған қасиетті қара домбырасымен қазақ халқына 500-ден астам музыкалық туынды сыйлауын ұлттық өнер тарихындағы құбылыс деуге болады.
Оның ішінде – ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, тіпті балет те бар. Еліміздің композиторларының ішінде тұңғыш рет Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы да осы бір ерекше дарын иесіне бұйырыпты. Десе де осынау күрделі тұлғаның 16 жасында төлқұжатына 2 жас қосып жаздырып соғысқа аттанғаны – оның алдағы шығармашылық ұзақ жолына мықты әсер еткен болуы да керек. Болашақ композитор сұрапыл соғысты көзбен көрді, бірақ ол туралы өзі көбіне тіс жармады. Бұл бәлкім, оның ән әлеміне деген махаббаты күштірек болғанының дәлелі болар. Әйтпесе даңқты тұлға қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін еліміздегі ең жоғары Халық Қаһарманы атағына ілінбес еді. 1943 жылдан 1945 жылға дейін Курск шайқасынан Берлинді алғанға дейінгі жауынгерлік жолдан жүріп өтіп, бірнеше рет жараланған Нұрғиса Тілендиев соғыс біткеннен кейін "Ерлігі үшін" және "Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін" медальдарымен марапатталған.   
Сондықтан да болар НұрғисаТілендиевтің туындылары ерекше мінезді, қуатты, өр, қайсар рухпен жазылған. Мысалы "Ата толғауы" шығармасында сазгердің тегеуріні, ұлттық рухқа деген адалдығы анық сезіледі. Әуен бірде сабырлы, бірде тасқындап кетеді. Яғни, мұнда қазақтың өткені, ата-баба рухы, намыс пен жауапкершілік қатар өрілген. Күйде “мен кіммін?” деген сұрақ тұрғандай болса, "Әлқиссасы" пафосты, батырлық, эпикалық тұрғыда басталып, үлкен бір тарихтың есігін ашатындай әсер қалдырады. Яғни, әуеннің көтерілуі – күрес, ал бәсеңдеуі – ой мен толғаныс. Бұл жерде  тек күш емес, ақыл да көрініс береді. 
Ал "Көш – керуен" туындысы – сабырлы, бірақ ішкі қуаты мықты, сырттай жайлы естілгенімен, ішінде үлкен қозғалыс бар. Бұл – халықтың тағдыры. Көш – қазақ өмірінің символы. Күйде асығыстық жоқ, бірақ тоқтап та қалмайды. Бұл – қайсарлықтың сабырмен үйлесуі. Сондай-ақ сазгердің  «Махамбет» деп аталатын аса жойқын екпінмен басталатын күйінің динамикасы өте күшті, драматизмге толы.  Яғни туындыда Махамбет Өтемісұлының қайсар рухы,  намысы күйге күмбірлеп тұрып серпін береді. Жалпы айтқанда, Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларында қазақтың мінезі де, күресі де, рухы да,  батылдығы да, намысы да бар. Бұның бәрі соғыс отын кешіп келген даңқты сазгердің ішкі күйінің сыртқа буырқанып  шығуы болса керек. Соғыстан контузия алып, елге оралған аса дарын иесі ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен шығармашылық байланысты күшейтпек ниетпен онымен бір айдай өз үйінде қызу жұмыс істейді. Нәтижесінде "Дариға, домбырамды берші маған"," Сарыжайлау, "Болмасын соғыс болмасын"," Сағындым", т.б. көптеген әндері дүниеге келеді. Әрине, дәл сол бір айда сазгердің әндеріне сөзді мұзбалақ Мұқағалидың өзі жазып шыққан. Ойлап қараңызшы, Нұрғиса Тілендиевтің үйінде ақиық ақын Мұқағали бақандай 30 күн жүрсе, қазақ халқының маңдайына жақсы әндер қалайша жазылмасын? Бұл жөнінде атақты сазгердің өзі былай деп сыр шертеді: "Мұқағали екеуміз айдан астам біздің үйде бірігіп жұмыс істедік дедім ғой.
–Сол күндердің бірінде ақын інім екеуміздің Бауыржан Момышұлына барып, сәлем беріп қайтуымыз керек болды. Бәукеңнің үйіндегі жеңешеміз қуана қарсы алды да бізге ескерту жасады.
– Ағаларың сендерді күтіп қалды. Айқайлап алуы әбден мүмкін, – деді. Жеңгеміздің айтқаны айдай келді. "Сөгісімізді" алдық. Сосын барып батыр ағамыз жазылып сала берді:
– Сендер білесіңдер ме? Мен мына шылым деген бәлені неге жиі шегемін? Неге ана бәлені?.. Қан майданда көз жұмған есіл ерлерді, майдандастарымды іздеймін!.. Сағынамын соларды!.. – деп қалды Бәукең. Мен Мұқағалиға, ол маған қарады. "Батырдың мына тебіренісімен бір ән жазар ма еді" дедім іштей. Ақын інім менің бұл ойымды бірден аңғарғандай. Нанасыз ба, дәл сол жерде менің көмейіме белгісіз бір ән ырғағы, сағыныш сазы келгендей болды. Мазам кетті. Асығып отырмын. Бәукең бөлме ішін көкала көк тұман етіп әңгімесін сабақтайды. Момышұлының үйінен шығып үйге жеткенше мен де, Мұқағали да тіс жармадық. Мен болашақ, ән туралы, ал ақын інім оның сөзі жайлы толғатып келеміз. Үйге кіре күйсандыққа отырдым. Мұқағали болса Дариға жеңгесіне: "Маған асхананы бересіз бе? Жұмыс істеу керек", – деп өтінішін айтты да қағаз-қаламын алып сонда кетті. Сөйтіп дәл сол күні "Мен сендерді іздеймін" атты жаңа ән дүниеге келді. Сәтті шықты. Дереу әнші Нұрғали Нүсіпжановты іздедік. Нотаға енді ғана түскен жаңа әнді көріп ол да қуанып жатыр. Кім білсін, сол күні Мұқағали екеуміз Бәукеңнің үйіне бармасақ, әлгі ән туар ма еді, тумас па еді?! 
Бір күні Мұқағали маған ойлы көзімен қадалып тұрып: 
– Аға, мен үйге кетем. Енді босайсыз. Осы дүниелер елімнің кәдесіне жарап жатса онда мен бақыттымын. Бауырымның дерті сыр беріп жатыр, – деді. Ауыр күрсінді. Сонда мен оны бұл жалған дүниенің жарығында соңғы рет көріп тұрғанымды білсемші?! Мұқағали дүниеден өткен соң қатты күйзелдім. Жүрегім әлсіреп екі айға жуық емханада жаттым. Арада екі ай өткен соң жұмысқа киетін бешпенттің қалтасынан хат шықты. Мұқағалидың жазуы"... Аға, мен ғой. Дертім қозып барады. Не боларын білмеймін. Мынаған назар аударып көрерсіз" депті. Емханада қатты ауырып жатқанда маған жіберген сол өлеңі "Есіңе мені алғайсың" екен. Жаным күйзеліп отырып, ақын інім көз жұмғаннан кейінгі екінші айдың ауыр бір күнінде әлгі өлеңге ән жаздым. Міне, аяулы Мұқағалиымды бүгін де есіме алып отырмын...» 
Міне, ақын мен сазгердің жүрек үндестігі деген осы болар, бәлкім!? Нұрғиса Тілендиевтен "бокс шебері" шығуы да мүмкін болған екен. Бірақ ол ұстазы Ахмет Жұбановтың қатаң талап қоюымен өнер жолын таңдапты. Ал талантты сазгер өз жүрегінен шыққан әндердің сөзінің иесі ғып мұзбалақ Мұқаңды таңдауында терең сыр жатқаны анық. Екеуінің арасындағы нәзік байланыстың арқасында қазақ мәдениетінің қалтасы қандай әдемі әндерге толды. Бұдан Нұрғиса Тілендиевтің сөз өнеріне терең бойлай білетін қабілеті бар екенін анық көруге болады. Содан да болар, қаншама ақындар ән ағасына арнап жыр да төгіп, сыр да төгіп келеді: 
Ай мен Нұрдан 
Таратылған Нұр-аға,
Жаратылған Нұр-аға! 
Жалғыз өзі Алатауға теңесіп,
Жалғандағы дара тұрған 
Ән мен жырдан мұнара! 
Аққу-қаздың 
Әсем саздың сыршылы,
Асылдардың
Жасыл талдың бүршігі.
Талантыңа тарту үшін
Сыйласам
Аздық етер, 
Алатаудың бір шыңы! – деп Серік Тұрғынбекұлы жырлағандай Нұрғиса Тілендиевтің мұрасына шынымен-ақ Алатаудың бір шыңы аздық етердей болып тұрады ылғи да менің көңіліме. 

Гүлгауһар ҚҰРМАНӘЛІҚЫЗЫ,
Шерхан Мұртаза атындағы  руханият және тарихтану  орталығының мәдени жұмыстарын ұйымдастырушысы 

Обсудить
Блок в статье:

Похожие материалы:

Министрге барған бала
28 август 2025, Четверг
Министрге барған бала
Алаш арыстары
19 март 2021, Пятница
Алаш арыстары
тағылым
13 июнь 2025, Пятница
тағылым
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры