Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ӨНЕР ҚОНҒАН ӘУЛЕТТІҢ ӨРЕНДЕРІ

ӨНЕР ҚОНҒАН ӘУЛЕТТІҢ ӨРЕНДЕРІ

12 май 2026, Вторник
9
0
Сейсенбай Қожеке 1951 жылы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген.  Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы.
Ардагер журналист Сейсен Қожеке биыл 75 жасқа толады. Оның бұған дейін «Құлан тарихы», «Қожай қызыр, береке», «Теміржол: Темірқұл. Темірқанат», «Аты аңызға айналған», «Қос майданның жауынгері», «Тұңғиықтай тұнық ғұмыр», «Ой түбінде жатқан сөз», «Табыстың тайқазаны», «Жаңғырған өңір», «Жарлысудың жампозы» атты тарихи шежіре кітаптары мен повестері, әңгімелері, сондай-ақ, «Айкөл» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.
Төменде танымал қаламгердің, газетіміздің белсенді авторының мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.  

«Құдай-ау, бәріміз де күл-кемір пендеміз ғой, мұнда сүйегі асыл, айтқаны ақыл анау жотада жатқан кісілерді айтсаңшы» дейтін Қонекең марқұм көзі тірісінде биік қырдағы қорымды нұсқап. Өз үйінің тұсындағы қабірстанға өз әкесі Толғамбайды жерлегендеріне де елу жылдың шамасы болып қалыпты-ау. Мен Жарлысуға келген сайын тарихшы, шежіреші, әнші, домбырашы бауырым Қонысбай Толғамбаевтың үйіне соқпай бұл ауылдан кетпеуші едім. Міне, осынау асылдың сынығының өмірден озғанына да біраз жылдың жүзі болып қалыпты. Ойлап отырсам ол кісінің ақылы азық, сөзі көпке сусын екен ғой. Сол көкем көзден кеткенмен көңілден кетпей қойды.  Ағаның асына барғанда мына бір өлеңімді оқып бердім. Сонда Қонекеңнің тұңғышы, Толғамбай атамыздың ұрпағының жалғасы Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының белді актері Жалғас Толғамбаев көзіне жас алып қалды. Ол өлеңім былайша өрліп еді: 

Мен естіген бұл ауылда бір жыр бар,
Көкірегімде естілмеген бір күй бар,
Толғамбай мен Тәттімбеттің қобызын,
Жоғалтып ап, ән салып тұр...
 аспандағы жұлдыздар.

Талды өзеннің тарихы ғой бір дастан,
Есім бимен ешкім жоқ қой сырласқан,
«Көсемтасқа» жазайықшы аттарын...
Батырларым, бабаларым, ағаларым,
бір-бірімен тыңдассын.

...Баяғы, Толғамбай ата топырақпен түйіп салған жер там әлдеқашан бұзылған, оның орнына шатырлы үй бой көтерген. Күләй әже осының бәрін көрмей кетті.  Өмірден ерте өтті. Баланың үлкені Күләндә әпке еді, ол кісі де бақилық болды. Өзі  арқалы, адуынды ақын болатын. Жақсылық ауылына Кеңесбай деген азаматқа  тұрмысқа шыққан. Одан кейінгі ұлының аты Әзімхан. Ұлы қайтқанда Толғамбай ата қатты өксіп жылаған екен. Сонда ауылдың үлкен ақсақалы Халық қарт келіп: «Әй, Толғамбай! Мұның не? Мен де жалғызымды жерге бердім ғой, Құдайға тоба қыл. Шүкір, сенде ұрпақ бар. Менде жоқ» деп жұбатқан екен.  Толғамбай сонда басын көтеріп алып, есін жиыпты.
Толғанбай қарттың балаларына қойған аты қызық, бәлкім «бала тұрсын» деді ме, әйтеуір Әзімханнан кейін туған қызының ныспын Бұранда деп қоя салыпты. Оған базарда делдал болып жүретін құрдасы Базарқұл ақсақал жат та кеп күлетін: «Ендігісін не деп қоясың?» деп. Жер үйін салып бітіп, баспанасына кірер кезде дүниеге келген ұлын Қонысбай қойды. Сөйтіп, қоныс тойы мен шілдехананы бірге жасады. Толғамбай қарттың кіндігінен одан кейін де Күлсара мен Нұрсара екі қыз дүние есігін ашты. Осы Нұрсарасының өзі қазір тірі болса тоқсанға келетін екен. Сол әпкеміз:
– Әкем үйде тыныш отыра алмайтын. Таудан барып арша кесіп әкеліп, қобыз шабатын. Домбыра да жасайтын. Домбыраның ішегін ешкінің ішегінен, ал, қобыздыкін аттың қылынан тартушы еді. Кейде «Тәттімбеттің күйі еді» деп, бір күйлерді тартатын. Бір күні радиодан әкем тартып жүрген өзіне таныс күйді берді. Әкем барлық жұмысын жиып қойып, қара табақтың түбіне келіп, әлгі күй біткенше құлағын тосып отырды да қойды. Бір кезде диктор: «Сіздер Тәттімбет Қазанғаповтың күйлерін тыңдадыңыздар» дегенде атам ашуланып: « Әй, мынау не дейді-ей? Бұл біздің Сасайдың Тәттімбетінің күйі ғой» деп күйініп, біраз уақытқа дейін шауып жатқан ер-тұрманын жинап қойып,  Базарқұл досына кетті. Мен онда он-бес он алтыдағы бойжеткенмін. Әкем 86-ға келген. Тәттімбет күйші 1932 жылғы ашаршылықта қайтыс болған. Ол кезде менің әкем елулерде шығар. Екі шал күн батқанша әлгі күйді әңгімеледі. Менің сонда олардың екеуара әңгімесінен еміс-еміс естіп қалғаным: «Біздің ауылдағы Сарша да, Дәулет те, Тәттімбет те күйші, қала берді Барақ батырдың баласы Тайлақ батыр да сыбызғы тартқан ғой. Ал, жаңағы «Сарыжайлау» мен «Былқылдақ» Сасайдың Тәттімбетінікі екеніне мен куәмін. Өйткені менің жасап берген қобызыммен осы күйді талай тартқан...» дейді әкем күйіп, пісіп.
    Әкем сол күні үйге келген соң да тез орнына жата қоймады. Үйдің дәл төрінде ілулі тұрған қобызын алып, ұзақ тартты. Қобыздың қоңыр үні жатаған тамның ішін кернеп, күңірентіп жібергендей болды. Тегі тұла бойың, төбе шашыңа дейін тітіркеніп, бір қайғының қара шапанын жамылып алғандай күй кешесің. Нұрсара күйдің мағынасын түсінбегенмен онда тарқамай қалған шер, мұң бар екенін бала болса да ұқты. Ал, Қонысбай болса орнында байыз тауып отыра алмады. Біресе терезе тұсына барып, енді бірде домбырасын қолына алып, әкесінің мақамын екі ішекке салып ол да тебіренді. Осылайша әкелі-балалы екеуі Қорқыт сарынын сарнатып түннің бір уағына дейін отырды. 
Сәлден кейін Толғамбай қарт дүр сілкініп: «Балам білесің бе, бұл күйді?» деді суға батып кетіп, қайта шыққан жандай басын сілкіп. Қонысбай кідірместен: «Әке, бірінші рет естіуім» деді таңырқап. Толғамбай қарт ауыр ойдан, терең тебіреністен кейін: «Балам, бұл Қорқыттың күйі. Атын өзім де білмеймін...»
Толғамбай қарт сол күні таңнан тұрып, сергек қимылдады. Бұл оның күндегі үйреншікті әдеті. Ол кісі «Таңғы нәсіп Тәңірден» деген сөзді аузынан тастамайтын. Күні бойы үйге келімді-кетімді кісі де көп. Бірі атқа құйысқан, қамшы өргізіп, енді біреуі тамыр үзгізіп, қан алдыратын, сүлік салдыратын. Ол кісінің емшілігі де, ұсталығы мен қол өнері де қатар жүретін. Кейде бәйге торысына мініп, «Қарабұлақ», «Шымбұлақ» жақты ұзақ сейілдеп кеш қайтатын. Қонысбай көкем де әкесі сияқты ат баптап, серілік құрып, ән айтып, домбыра тартып, балаларын да осы өнерге баулып, тіпті өз үйінен отбасылық ансамбль құрып, ел алдына шықты.
  – Мені осы Қонысбай көкем жанынан тастамайтын, – дейді Нұрсара. – Өйткені үйде маған қарайтын ешкім жоқ қой. Қонысбай ағам автоклуб меңгерушісі. Қызыл туға, тағы басқа ауылдарға барып кино қояды, тіпті қораға концерт қойған күндеріміз де болды. Мен ғой небәрі жеті жастамын. Ағам әнді жақсы айтатын. Мен де өлең айтамын деп жата қап жылайтынмын. Баламын ғой. Бірде ағам  композитор Мельс Өзбековті үйге ертіп келді. Менің ол кезде бойжетіп қалған кезім, бірақ ол кісіні білмейді екенмін. Екеуі таң атқанша ән айтты. «Ақ тамақ қарлығаштар», «Сұлутөр аруы», «Келші, Құланға» әндерін сол кісілердің аузынан бірінші рет естідім. Шынымды айтсам, осы әндердің Мельс ағаныкі екенін де кейін білдім. 
Нұрсара жергілікті сазгер Мельс Өзбековтың қолпаштауымен ағасының облыс орталығында өткен малшылар жиынына қатысып, онда «Жазылбекшілер маршын» орындағанын білмейтін еді. Сол жылы осы жиынға атақты шопанның өзі қатысып: «Қарағым, ауылға – Мойынқұмға кел, бір ат мінгіземін» деген екен Жаз ата оның айтқан әніне риза болып. Мельс екеуі сол күннен бастап бірге жүретін болды. Әннің сөзін жазған балалар ақыны Әдібай Табылдиевтің үйіне барып қонақ болып қайтқан соң олар «үштік одақ» болып тағы бір ән шығарды. Бұл әнді де Қонекең орындады. Ол ән «Луговой жастарының вальсі» деп аталды.
  –  Бірде Мельс пен Қонысбай осы Жарлысу мектебінде кездесу кешін өткізді, – дейді қызылтулық ақын әрі күйші Төребек Әбдікерімұлы. – Айтары жоқ, Қонысбай Мельстің «Келші, айым» әнін тамаша орындады. Мен осы екі өнер иесіне арнап өлең жаздым. Ол өлеңім «Армандары асқақтаған күндер-ай» деген атпен кейін Кәріпжан Нүсіптің «Өнер деген өлке бар» атты жинағына енді.  
Әуезов театрының белді әртісі, актер Жалғас Қонысбайұлы Толғамбаев әкесінен кейінгі әулеттің жүгін қажымай, талмай көтеріп жүрген азамат. Біз бірде Алматыдағы Әуезов театрынан сыртқа шығып, бауыр боп, жақын бір жердегі дәмханада отырып ұзақ сырластық. Ел жәйлі, ауыл туралы, өмірден аққан жұлдыздай болып өтіп кеткен Сарша, Тәттімбет, Дәулет, Тайлақ, Толғамбай сынды саңлақтарды еске түсірдік. Жалғас әкесінің мұғалім бола жүріп отбасылық ансамбль құрып, облыстық байқауда белгілі әнші Индира Рәсілханның отбасынан кейінгі екінші орын алғанын да үлкен мақтанышпен еске түсірді. Ол өзінің 1988 жылы республикалық «Жігіт сұлтаны» бәсекесінде бас жүлдеге ие болғанын да еске алды. Әдетте Жалғас мақтағанды сүймейтін. Бұл жолы ағынан жарыла сөйледі. Өзінің ізін басып келе жатқан іні-қарындастарының өнердегі аяқ алысын да тілге тиек етті.
Жансұлтаны әке жолын қуып, киноға түсуде екен. Бір інісі режиссерлық мамандықты таңдапты. Өзінен кейінгі Жантас, Жарас, Олжастың да өнерге деген икемі бар. Әпкесі Нұрсараның кенжесі Дәркен ғой республикаға танымал пародист, «Шаншар» театрының актері. Бәрін айт та, бірін айт бұл расында өнер қонған әулет. Олар атасы Толғамбайдан бастап өнер жолын қуып келеді. Біз Күләнда әпкейдің ақындық шығармашылығын ғана айта алмай отырмыз. Ол кісінің кезінде танымал суырыпсалма  ақындармен айтысқанын да жұрттан естіп, білдік. Өкінішке орай ақын әпкеміздің өлеңдері еш жерде сақталмапты.

Сейсен ҚОЖЕКЕ,
Қазақстан Журналистер 
Одағы сыйлығының иегері

Меркі ауданы 


Обсудить
Блок в статье:

Похожие материалы:

Шығармашылықпен өрілген өмір
30 сентябрь 2025, Вторник
Шығармашылықпен өрілген өмір
ҚАЗАҚ ТАРИХЫ: МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ
10 февраль 2022, Четверг
ҚАЗАҚ ТАРИХЫ: МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ
ҚАЗАҚ ТАРИХЫ: МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ
10 февраль 2022, Четверг
ҚАЗАҚ ТАРИХЫ: МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ
ҚАЗАҚ ТАРИХЫ: МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ
10 февраль 2022, Четверг
ҚАЗАҚ ТАРИХЫ: МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры