Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Адам бойындағы қасиет пен өкініш

Адам бойындағы қасиет пен өкініш

08 апрель 2026, Среда
7
0
Парасатты, білімді, оқыған-тоқығаны мол, көкірек-көзі ояу адамдардан, сірә, сөз қалған ба?!  "Адам бойындағы бағалауға лайық қасиет – ақыл емес. Қайта сол ақылды басқаратын қасиеттер: мінез, жүрек, мейірімділік, таза ой,"- деген екен орыстың әйгілі жазушысы Федор Достоевский. Бұл – жақсы айтылған, тауып айтылған керемет, жанға жағымды сөз емес пе?! Сіз, қалай ойлайсыз, адамның бойындағы қандай ерекше қасиетін ерекше бағалар едіңіз? Жақсылыққа жаны құмар, аузын ашса жүрегі көрінетін, инабатты, ибалы жандарды, әрине сіз құрмет тұтасыз. Ал енді кісінің тұла бойындағы жағымды қасиеттері жайлы бір сәт ойланып көрейікші. 
Адамгершілік туралы толғанып көрелік.  Адамгершілігі мол адам деп қиналғанда, басыңызға оқыс жағдай туғанда қасыңыздан табыла алатын, өзгелерден өзін жоғары санамайтын, үлкенмен де, кішімен де жақсы қарым-қатынас жасай білетін кісіні айтамыз. Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді. Сайып келгенде адамгершіліктің өзі мінез, жүрек, мейірімділік пен таза ойдан бастау алады. 
Тазалық туралы не айтуға болады.  Тазалықтың екі жағы бар, бірі – тән тазалығы, екіншісі – жан тазалығы. Тән тазалығын былай қойғанда, жаны таза адам деп ешкімге жамандық ойламайтын, бөтен ойы жоқ, ниеті ақ, пейілі кең, әр нәрсеге адалдықтың көзімен қарайтын, қиянатсыз адамды танимыз. Бұл тазалықтың ар жағында мінез, жүрек, мейірімділік пен таза ой жатқанын білесіз бе? 
Қарапайымдылық жөнінде ой толғап көрейік. Қарапайымдылықтың белгісі – адамның өзін өзгелерден артық ұстамауы, бәрін бірдей тең дәрежеде көруі екені мәлім. Бір сәт ойланып көріңіз, қарапайым жан қалайша мінезге бай, жүрегі кең, мейірімді, таза ойдағы адам болмауы мүмкін?! 
Арлылық та асыл қасиет. Ар-ұят адамның ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Өлімнен ұят күшті» екенін терең түсінген адам қашан да өз ісіне жауап бере алады. Намысшыл, ары биік, ұятты жанды мінезсіз, жүрексіз, мейірімсіз, таза ойдан  ада деп айта аламыз ба? 
Кеңпейілділік – дархандықтың бастауы деуге болады.  Жаны жомарт, әрқашан адамдарға тек қана жақсылық ойлайтын, қайырымды адамды жақсы көрмейтін кім бар? Кеңпейілді адам кем болмайды. Сараңдық оған тән емес. Ол бар кезде де, жоқ кезде де әрқашан сізбен бірге. Пейілге бай болу үшін мінезге, жүректегі ізгілікке, мейірім мен таза ойға да бай болу қажет. 
Түптің түбінде адам бойындағы осынау асыл қасиеттердің өзегінде Достоевский айтқан мінез, жүрек, мейірімділік пен таза ой жататыны сөзсіз. Ендеше, адамды арлы да қарапайым, адамгершілік пен кеңпейілділікке бай ететін осы қасиеттер екенін бір сәт естен шығармауымыз керек. 
Қазіргі мына біз өмір сүріп жатқан қоғамда бір беймазалық бар. Ол неден? Сіздің жүрегіңіз тыныш па? Ол неден тыныштық табады? Жүрек қайғырса өміріңіз баянды бола ма? Жаның тыныштық таппаса, өмірде, ісіңде береке бар ма? Адам баласы қайтсе, бейғам бола алады? Жүректің көзін дүниеге байлағандар, баю жолын іздегендер неге тым көбейді?..  Сұрақ үстіне сұрақ лек-легімен келе береді. Иә, мына мың құбылған тіршілікте, беймаза уақытта өзіңе қоятын сұрақ аз емес-ау тегі...
«Нағыз бақыт – жүректің тыныштығында» дейді халық даналығы. Мұныменен, сірә, келіспеуге болмас. Бір-бірімізге деген жүректегі ыстық ықыласымызды, таза сезімімізді, ерек таза да мөлдір махаббатымызды, ең сезімтал және нәзік жүрек лүпілін суытып алмайықшы, ағайын! 

***

Саналы адам басқа біреудің жасаған қателігін қайталамауға тырысады. Иә, өмірдің қайнаған ортасында жүріп біз өзгелердің қателіктерінен сабақ аламыз. Жылдар жылжып, айлар адымдап зымырандай зулап уақыт өтіп жатқанда бір мезгіл өзімізге-өзіміз есеп беріп отырғанымыз артық болмас деген ойға келемін кей сәтте. Артта қалған жылдарда мен неге қол жетікіздім, нендей қателіктер жібердім? Алдағы уақытта не істеуім керек? Ертең өкінбейтіндей өмір сүруім  үшін не істеуім керек? Бұл, сірә, әркімнің мына жарық да жарқын өмірдегі биік арманы болар. Осындай сандаған сұрақ-ойларға жауап іздей отырып австралиялық медбике Бронни Вэрдің (Bronnie Ware) «Өмір соңындағы бес өкініш» («The Top Five Regrets of the Dying») атты еңбегінде келтірген  жазбалары есіме түсті. Бұл мейіргер ұзақ жылдар  әртүрлі қиын, жазылмас аурулармен (көбіне онкологиялық дерттер) сырқаттанып, өлім алдында медициналық бақылауда жататын  хосписте қызмет еткен. Ол хосписте емделіп жатқан науқастардың ойлары мен өткен күндерде жіберіп алған өкініштерін қағазға түсіріп жинауды әдетке айналдырған. Уақыт келе сол жазбаларын сараптап, қайта «електен өткізіп»  кітап етіп баспадан шығарған. Сол  «Өмір соңындағы бес өкініш» атты кітабында адамдардың, оның ішінде ер азаматтардың орындалмай қалған армандары мен өзек өртер өкініштерін қорытындылайды. Ол еңбегінде кейбір өкініштердің ерлер арасында әлдеқайда айқын екенін атап өтіпті. Сонда ер азаматтардың өмір соңындағы басты бес өкініші мынадай болыпты:
Біріншісі: «Мен басқалар күткендей емес, өзіме ұнайтын өмір сүруге батылдық танытпағаныма өкінемін».
Балалық шақтан бастап ерлерге ерекше талап қойылады: табыс иесі болуға, батыл болуға, мықты болуға, өзіне сенімді болуға, өзінің қабілетіне сай келетін мамандықты таңдауға, «нағыз адамға» сәйкес болуға. Көбінесе өмірдің соңына қарай олар оны басқа адамдардың тілек-армандарын (ата-аналардың, серіктестердің, қоғамның) жүзеге асыруға, олардың шынайы мүдделері мен талаптарын орындауға жұмсағанын, сөйтіп өзінің шын таланты мен көңіліндегі ойды іске асыра алмағанына өкінеді екен. 
Екіншісі: «Мен соншалықты тым көп жұмыс істегеніме өкінемін». Бұл - ерлердің ең жиі айтатын өкініші. Ер адамдар дәстүрлі түрде өздерін отбасының  басты асыраушысы деп санап және уақтылы отбасына, балалары мен жақын достарына қажетті көңіл бөлмей «жұмыс, жұмыс» деп тынбай еңбек етіп, оны жан-тәнімен өмірдің  басты талабына айналдырып, сонымен көп уақытысын өткізіп алғанынына өкінеді.
Үшіншісі: «Мен өз сезімімді білдіруге батыл болмағаныма өкінемін». Ұлдар жастайынан эмоцияларын тежеп ұстауға дағдыланады: «жылама», «сен ер азаматсың, батыл бол», «қайратты бол» және т.б. деген сөздерді олар жиі естиді. Нәтижесінде, көптеген ер адамдар басылған, тапталған сезімдермен (реніш, қорқыныш, сүйіспеншілік, нәзіктік) өмір сүреді. Олар қарым-қатынаста түсінбеушілікке, жалғыздыққа және тіпті кейде ауруға ұшырайды. 
Төртінші: «Мен достарыммен сыйластық пен байланыста болмағаныма өкінемін». Ерлер достығы көбінесе отбасын құрып, жұмысқа түгелдей беріліп кеткендіктен кейінге орынға  ығысады. Өмірінің соңына қарай ер адамдар таза, шынайы достықтың бұлынғырланып, бірте-бірте тіптен жоғалып кеткенін сезінеді. Олар шынайы достық өмірдегі негізгі тіректердің бірі екенін түсінеді, дер кезінде оны  бағаламағанына өкінеді.
Бесіншісі: «Мен өзімді кәзіргі күннен де артық бақытты болуға мүмкіндік бермегеніме өкінемін». Бұл әсіресе ерлер үшін үлкен мәселе: көптеген ер адамдар бақыт дегенді  бұл күнделікті  өмірге қажетті дүниелерге ие болу (ыңғайлы жақсы үй,  жаңа қымбат автокөлік және басқалар),  қызметте өсу деген оймен өмір сүреді. Олар көңілінде шемен болып сақталып қалған  біреуге деген өкпесін, ескі әдеттері мен істерін ұзақ уақыт  көңілінде ұстағандарын ұмытып, кезінде бақытты болу үшін өмірлерін өзгертуден тартынғанына өкінеді.
Осы келтірілген пікір-ойларды қорытындылай келе Бронни Вэр,  өмірдің соңында ер адамдар материалдық сәтсіздіктерге емес, махаббатта, отбасында, адамдармен байланыста, өзін-өзі тану және бақытты бола алмағаны сияқты терең адами қажеттілікте жіберілген мүмкіндіктерін толық іске асыра алмағанына өкінеді екен дейді.
Ер адамдар үшін бұл өкініштер әлеуметтік стереотиптердің қысымымен күшейеді, бұл оларды өздері қалаған эмоционалды және жеке өмірдің есебінен жұмысқа, мәртебеге және ұстамдылыққа басымдық беруге итермелейді. 
Иә, мына дүбірге толы өтіп жатқан өмір кері қайталанбайтынан ұққаннан соң өмірде мүмкіншілігінше қателік жібермеуге тырысып, бойымыздағы табиғат берген адами жақсы қасиеттерімізді жоғалтпай, саналы ұрпақ өсіріп, ертең шау тартқанда өкініп жүрмейтіндей  жақсы, әдемі қартаюды әркімге нәсіп етсін!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
 дәрігер-хирург, медицина
саласының профессоры, 
  Қазақстан Журналистер одағы
«Алтын белгінің» иегері 

ТАРАЗ.



Обсудить
Блок в статье:
Тектіліктің тамыры 09 апрель 2026, Четверг
Күн туды ескі жұртқа жаңаратын 09 апрель 2026, Четверг

Похожие материалы:

АДАМГЕРШІЛІККЕ БАСТАЙТЫН БЕС САУАП
30 сентябрь 2024, Понедельник
АДАМГЕРШІЛІККЕ БАСТАЙТЫН БЕС САУАП
Ұлағат
13 июнь 2025, Пятница
Ұлағат
ҚАНАҒАТЫ БАР АДАМҒА БАҚЫТ БҰЙЫРҒАН
13 ноябрь 2023, Понедельник
ҚАНАҒАТЫ БАР АДАМҒА БАҚЫТ БҰЙЫРҒАН
КӨРКЕМ МІНЕЗДІ ЖАН
01 июль 2022, Пятница
КӨРКЕМ МІНЕЗДІ ЖАН
Көкем мінезді жан
31 май 2022, Вторник
Көкем мінезді жан
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры