Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Ислам құндылығы мен дәстүр тағылымын ұштастырған

Ислам құндылығы мен дәстүр тағылымын ұштастырған

28 август 2025, Четверг
114
0

Бүгінде алпыс жастың асқарындағы ойы кемелденген, бұдан дәл 30 жыл бұрын мұсылманның бес парызының бірін өтеп, «қажы» атанған Сейітқазы Әбдірұлы қазір қасиетті Әулиеата өңіріне белгілі дін қызметкері, ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы қызметін абыроймен атқарып, өңір жастарына дәстүрлі діннің құндылықтарын үйретіп, асыл дініміз бен бабалар дәстүрінің өзара тығыз сабақтастығын көпшілікке ұдайы насихаттаумен келеді.   
– Күллі мұсылман қауымның қасиетті құбыласы саналатын Мекке қаласына жасаған қажылық құлшылық сапарыма 30 жылдан асса да әлі де бүгінгідей көз алдымда. Қазақстанның сол тұстағы астанасы Алматы қаласынан ұшып шыққан әуе лайнері Сауд Арабиясының Жидда қаласына келіп қонды. Лайнерде барлығы 200-дей жолаушымыз. Менің жанымда Жуалы ауданынан ұлты шешен Әмірхан Молочиев есімді жасы үлкен, қадірлі қария болды. Алла тағаланың қалауымен және сол тұстағы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының басшысы, бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбекұлының ұйғарымымен мұсылманның бес парызының бірі – қажылық сапарына барып, құлшылық жасап қайтқаныма Аллаға әлі де мың да бір шүкір етемін, – дейді сол күндерді тебірене еске алған Сейітқазы қажы Медетбеков. 
Ұлы Жеңіске 50 жыл толған 1995 жылдың 9 мамырында Жуалы ауданының Қайрат ауылында даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейі салтанатты жағдайда ашылғаны белгілі. Күллі әлемге ерлік даңқымен мәшһүр болып, қазақ халқын жер-жаһанға танытқан ұлы жерлесіміздің музейі қазіргі таңда рухани орда қызметін атқарып, Б.Момышұлының жеке өмірінен, отбасынан және тұтастай алғанда, сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін киелі орынға айналып үлгерді.
Осыны жан жүрегімен терең сезініп, қасиетті Мекке қаласынан үлкен қажылық парызын өтеп, ұзақ сапардан туған жерге аман-есен оралған ауданның сол тұстағы бас имамы қызметін атқаратын Сейітқазы қажы Медетбеков мұнда құр қол келген жоқ. Меккеден қасиетті Құран Кәрім кітабын қастерлеп ақ матаға ораған күйі батыр Бауыржан Момышұлының жаңадан ашылған мемориалдық музейіне әкеліп табыстады. Бұл кітапты қажылық сапарында Сауд Арабиясының әмірі Абдул Азиздің атынан көмекшілері табыстағаны оның әлі күнге есінен шыққан емес. Иә, қасиетті Құранның жанында мұсылманның жайнамазы, су құятын құты, тәспі, зәм-зәм суы, басқа да біздің елден табыла бермейтін тәбәрік заттар бар екенін де айтқан жөн.
Сейітқазы қажы Медетбековтың асыл дініміздің қызметінде жүргеніне биыл 40 жылға жуықтапты. Ол 1990 жылы ауданның бас имамы қызметіне тағайындалды. Ал 1994 жылы аудан орталығындағы «Жуалы» көпшілік мешіті толықтай аяқталып, жергілікті жамағаттың игілігіне пайдалануға берілгені белгілі. Иә, 1989 жылы ауданда мешіт салу туралы игі бастама көтеріліп, 1990 жылы алғашқы қазығы қағылған бұл мешіттің салынуына өңір халқының және жекелеген атпал азаматтардың қосқан сүбелі үлесін де баса айтқан жөн. 
 «Ежелден ел тілегі – ер тілегі, адал ұл ер боп туса – ел тірегі» деген қанатты сөзді қаһарман қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы текке айтпаса керек. Сейітқазы қажы Әбдірұлының да ойлайтыны – ел қамы, асыл дініміздің жайы. Жас ұрпақтың рухты болып өсіп, имани тәрбие алып, кемел азамат болып қалыптасуы оны қатты толғандырады. Оның жас ұрпаққа айтары да, насихаттайтыны да негізінен осы. Аудан орталығына жақын орналасқан батырдың мемориалдық музейіне де жиі бас сұғып, дұға жасап отыруды да Сейітқазы қажы дағдыға айналдырғанын айтады. Сонда байқайтыны, сонау 1995 жылы қасиетті Меккеден әкелінген Құран кітабы шыны сөреден орын алыпты. Басқа да заттар өз орнын тапқан. Тағы бір байқағаны, музейге барған сайын сөреден орын алған әйелдің ақ жаулығын көреді. Бұл – батырдың зайыбы Бибіжамал апайдың көзі тірісінде қасиеттеп тартқан ақ жаулығы. Сейітқазы қажы мұны да Баукеңнің әйел затының асыл қасиеттерін жоғары бағалағаны деп жорамалдайды. Мұндағы әрбір жәдігердің терең тарихы бар екенін ескерсек, музейдің ұлт руханиятында қаншалықты маңызды рөл атқаратынын өзіңіз бағамдай беріңіз. Бір жәдігер бір ғұмырды баян етсе керек...
– Қажылық туралы тағы да аз-кем қоса кетсем, ұлы ойшыл, хакім Абай өзінің «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде:
«Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,
Қылғанменен татымды бермес жеміс», – деп жырлайды. Ақынның «бастапқы үші» деп отырғаны Алланы, адамзатты және әділетті сүюі болатын. Міне, осы үш «Имани гүл» кеудесінде бүр жарған адамның ғана соңғы төртеуі – ораза, намаз, зекет, қажылығы қабыл болатынын алға тартады.
Ендігі кезекте дана балалар: «Ең әуелі үйіңе жақ, одан соң ауылыңа жақ, одан соң халқыңа жақ, одан соң Отаныңа жақ, одан соң барып Құдайыңа жақ» дейді. Осыны терең ескерген дұрыс болады. Мен қажылықты осы айтылған бабалар сөзімен бағалар едім.
Дана Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының да қасиетті қажылыққа ұзақ жыл дайындалып, уақыты келді-ау дегенде өз әулеті мен ағайын-туыстарынан рұқсат алып, сонда барып қажы атанып қайтқанын тарихтан білеміз. Сондағы қажылық сапарында Құнанбайдың жанында 100 шақты адам болған екен дейді. Басына түлкі тұмақ, саптама етік, ұзын шапан киіп, қолына қамшы ұстағандарды арабтың шейхтары алғашқыда танымай олардан:
– Қай елден келдіңдер, ұлттарың кім, – деп сұраса керек. 
Сонда Құнанбайдың жауабын күтпестен бір татар азаматы: 
– Бұлар орыстың боданы, – десе, ендігі кезекте бір өзбек жігіті сөзге жөнсіз араласып: 
– Бұлар Қоқанның, Құдияр ханның боданы, – дегенді алға тартады.
Сонда Құнанбай: 
– Біз орысыңды білмейміз, өзбегіңді білмейміз. Біз тірісінің билігін арқар ұранды Төреге берген, ал өлісінің билігін Алла ұранды Қожаға берген Қазақ деген елміз, – деп қасқая тұрып жауап береді. Тарихтан белгілі болғандай, асыл дінді ардақтаған Құнанбай қажы Өскенбайұлы қасиетті Мекке қаласында өз қаражатына тәқия (қонақүй) салдырады. Жеті жыл уақытқа созылған қасиетті қажылық сапарынан оралған Құнанбай ел тізгін және аға сұлтандықты ұрпақтарына беріп, өзі дүние мен билік ісіне мүлдем араласпай, одан кейінгі өмірін Құдайға құлшылық етумен өткізеді. Қажылық парызының төңірегіндегі әңгіменің бір парасы осымен тамам, – дейді аудан орталығындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, ауданның Құрметті азаматы Сейітқазы қажы Медетбеков.
– Дін мен дәстүр – ешқашан ажырамайтын, егіз ұғымдар. Қазір жастардың арасында ата дәстүрді «шірік, харам, бидғат» деп өз білгендерін алға тартып, үйірінен адасып жүргендер ара-тұра болса да кездеседі. Өзінің ата діні мен ата дәстүрінен жеріген жақсы ырым емес. Дана ата-бабалардың әрбір сөзі мен ісін қасиетті Құран аяттарымен және Пайғамбар хадистерімен байланысты айтылғаны белгілі. Мысалы, ардақты Пайғамбардың (с.ғ.с) хадисінде: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл:
Өлмей тұрып өмірдің,
Ауырмай тұрып денсаулықтың,
Қартаймай тұрып жастықтың,
Кедейленбей тұрып байлықтың,
Көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!» – деп өсиеттейді. Адамзаттың ардақты ұстазы, хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ешқашан қолы бос отырмаған.
Ал бұл турасында қазақ атамыз былай дейді. 
«Тіршіліктің қадірін өліп көрде жатқан біледі, денсаулықтың қадірін ауырып төсек тартқан біледі, жан тыныштығының қадірін толғатып бала тапқан біледі, ащы менен тұщыны татқан біледі, алыс пен жақынды жортқан біледі, сарыатанның қадірін ел қыдырған сарт біледі, сеңсең тонның қадірін сексендегі қарт біледі, төс айылдың батқанын иесі емес, ат біледі, ер жігіттің қадірін ағайын емес, жат біледі, жақсы менен жаманды Жаратушы Хақ біледі» дейді.
Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)бір хадисінде: «Адам тамақ ішерде асқазанын үшке бөлсін. Бір бөлігін тағаммен толтырсын, бір бөлігін сумен толтырсын, ал бір бөлігін бос қалдырсын» деген. Адамның денесінде асқазаннан жаман жер жоқ. Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ұрпаққа жазып қалдырған бір өсиет сөзінде: «Ұшқан құсты торға түсіретін, жүгірген аңды орға түсіретін тамақ екен. Жұтқан тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі «Адаммын!» деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында болып кетті. «Ол жауы не?» – десеңіз, жұтқан тамақ! Жалғанда мазаққа, ақыретте азапқа түсіретін – тамақ. Тамақтан тартынған – бәрінен де халас болады». Сондықтан барлық дүниенің өз шегі мен шекарасы бар, – деп ой толғайды Сейітқажы қажы.
– Сөз соңында айтарым, халқымыз асыл дініміз Исламның қасиетті құндылықтарын терең ескеріп, ата дінді ұстанып, ал жастар дін мен дәстүрді жоғары бағалап, ата-бабаның ақ жолынан айнымаса, адаспаса екен деймін. Дін мен дәстүрдің сабақтастығын терең ұғынса деген тілек бар. Ел аман, жұрт тыныш болып, барлығымызға Иман байлығын берсін! Аумин, – дейді өңірге белгілі білікті имам Сейітқазы қажы Медетбеков.  

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист

Жуалы ауданы

Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары 01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3! 30 июнь 2026, Вторник

Похожие материалы:

ШӘКІРЖАН АСҚАН АСУЛАР
10 октябрь 2024, Четверг
ШӘКІРЖАН АСҚАН АСУЛАР
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
Жастарға дұрыс бағыт-бағдар
20 декабрь 2024, Пятница
Жастарға дұрыс бағыт-бағдар
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры