Абай мұрасы – ұлттық ойдың бағдаршамы

Қазақ әдебиеттану ғылымын-да ғана емес, жалпы қоғамдық ой-санада мүмкіндігінше наси-хатталып келе жатқанымен Абайдың ақындық мұрасын әлі де болса түбегейлі түсіне алмай жатырмыз. Асылында ойшылдық дүниетаным тезінде қорытылып шыққан өрелі толғамдарын ақын поэтикалық үлгіде өрнектей отырып, ұлттық сөз өнерін жаңа қырынан түлетті. Өзімен тұстас, әрі ізбасар өнер өкілдерінің барлығы тегіс Хакім Абай деп асқақтата атауының өзінде терең сыр жатыр. Себебі «дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын» ақыл көзімен зерделеп, жаратылыстың жалпыға ортақ үйлесім заңын ой-танымдарына өзек қылған хакімдік көзқарас Абай дүниетанымының діңгегі болып қала береді. Сондықтан да шығармашылық мұралары ғылыми негізде желілі сабақтастық құрап жатқан концептуалдық мән-мазмұнымен күрделі.
Дүниетаным шеңбері аса ауқымды ойшыл-ақынның терең пайымды ой-таным жүйелерінің астарына сұғына бойлауда өзінің алдыға тартқан «сыншыл ақыл» теориясын ұстануымыз қажет. Бұл теория қазіргі заманауи тілде көп айтылып жүрген критериалды ойлау дегеннің тұтас жүйесін қамтып жатқан ғылыми сабақтастықты құрайды. Сөздің ретіне қарай «Қалың елім қазағым» өлеңін қарастыруымызға болады. Жалпы білім беретін мектеп қабырғасынан бастап таныстырылатын бұл өлең көпшілікке кеңінен мәлім. Аталмыш туынды ақынның сыншылдық көзқарасынан туған. Онда қазақ халқының бойындағы этика-эстетикалық, моральдық-психологиялық ауытқушылықтар мен дағдарыс белгілері көрініс береді. Шығарманың мәтіндік желісіндегі осындай сыртқы пішінге ғана мән берумен шектелетіндіктен біз оның мазмұндық аясына, тақырыбы мен идеялық өзегіне бойлай алмай, қайраңдап қалып жатамыз.
Ақындық өнердің ақтаңгері – Абай өлеңдерінің пәрмен-қуаты жайлы А.Байтұрсынұлының: «Көп сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың ара оқыса да түсіне алмайды...» деп ой түйюі осы сөздерімізге дәлел. Расында «Қайран елім, қазағымдағы» қазаққа қатысты мінді көріністерді:
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың – бей берекет тәртіпсіздік;
Жақсы менен жаманды айырмадың,– білімсіздік;
Бірі май, бірі қан боп енді екі ұртың,– дәрменсіздік;
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,– надандық;
Бас-басына би болған өңкей қиқым,– алауыздық,
Баста ми, қолда малға талас қылған,– күншілдік;
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қалпың – берекесіздік... – деп түйіндеуімізге болады. Міне осылай қаз-қатар тізіліп жатқан кісілікке кері, адамгершілікке жат көріністерді күллі қазақ ұлтының туабітті, әуелден-ақ сүйегіне сіңіп, қанына дарыған «қасиет» ретінде тұжырымдау әуелден етек алып кеткен... Ой-санамызда мықтап тұрып орнығып алған бұл таяздық түптеп келгенде материалистік-атеистік таным-көзқарастың салдары.
Шындығында, бұл көрініс-белгілер қазақ қоғамында орын алған тарихи құбылыстың салдары ретінде бейнеленген. Ақын өз халқын сынап, мінеп, кемшілігін көзге шұқып көрсетуді мақсат тұтып отырған жоқ. Керісінше, кезіндегі төрт құбыласы түгел, әдебі мен әдеті тең үйлескен зор халықтың, қор болған күйі ойға өзек, тілге тиек болған. Өйткені бір кездегі жері байтақ, тарихы бай, тілі шұрайлы, діні мен рухани діңгегі мығым «қалың ел» кейін «қайран жұртқа» айналған. Демек өлеңдегі осы бір сөз орайынан «Табиғи қалыбына дарыған зорды (ұлттық қасиет-құндылықтар), кесір заманның кері қорға айналдырды-ау» деген автордың ішкі күйінішін аңғарылып тұр. Міне сол «қорлық», яғни ел ішіндегі кері кетушіліктің басты себебі: «Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деген жолдан табылады. Бұл жердегі «ұстара» – елді өз ішінде жөнге салып, халқының қамын күйттейтін елдің сөз ұстап, тізгінін тартқан бас көтерер тұлғалары. Елбасшылары, топ басшылары. Бұл мәселеге Абай өзінің отыз тоғызыншы қара сөзінде «...ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен.Ол ел басы мен топ басы қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға симассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен.Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» деп кең-молынан тоқталған.
Енді осы айтылып отырған «ұстарасыздық», яғни қалың көпшіліктің жөн сілтеп, жол бастайтын көшбасшысыз қалуына нендей жағдай әсер етті дегенге келеміз. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастау алған отарлық билік ең әуелі қазақтың ежелден қалыптасқан дәстүрлі ел билеу салтына балта шапты. Ол саясат болыстық ел билеу әдісінің ендірілуі арқылы жүзеге асырылды. Абай «Алқыны күшті асаулар, Ноқтаға басы керілуінің» мән-жайын толығымен ашып көрсеткен. Есесіне сол кесек тұлғалардың орны «Күштілері сөз айтса, бас изейтін шыбындап» дейтін болыстардың қатарымен алмастырылды. Әрине ол шаруа «Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап» әдісімен жүзеге асырылды. Міне осыдан бастап «Бас-басына би болған өңкей қиқымның» заманы орнап, қазақ «алтыбақан алауыз» жағдайға душар болды. Ел іші сеңдей соғылысып, бұрын «малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген асқақ ұғымнан қол үзіп, қазақтың бойын арсыздық, намыссыздық, ұятсыздық жаулап алды. Бұл жайында абайтанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметұлының еңбектерінде құнарлы да, құнды мағлұматтарды молынан оқып біле аламыз. Сол атап көрсетілген жәйттер бір кездері айбынымен айналасындағы ел-жұрттарды ықтырған қазақтың қайсарлығынан ғана айырып қоймай, ұлттық тамырынан, ұлттық қалыбынан қол үздіріп тынары ғажап емес еді. Онда қазақ халқы өз алдына ерен ел, ұйысқан ұлт емес, жәй бір тамырсыз тобырға айналған болар еді. Абайдың күрескерлік рухтағы көшбасшы идеялары осы қауіптің жолын бөгеп, бетін қайтаруға серпін болды. Және ол алапат құбылысқа бұрынғыдай қарудың емес, қарымды еңбек пен білімнің күшімен қарсы тұрудың тиімділігін жеріне жеткізе насихаттап, түсіндірді.
«Ғылым таппай мақтанбауды» адамдықтың алғышарты ретінде атап көрсете келіп, отыз сегізінші қара сөзінде «Ғылым –Алланың бір сипаты» деген анықтама береді. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деп бір толғаса «Шын илан да, таза ойла бір иманды», «Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла», «Ойла, айттым, адамдық атын жойма!» дейтін ой сабақтастығы тереңге жетелейді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын бұл өлеңдегі сөз басы да «Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ» деп, «ой» мәнінің үстемдігін сипаттаумен басталады. Қорыта айтқанда біздің ұғымымыздағы «сүю» - адамның нәпсі, яғни тәннің өлшем-деңгейіндегі эмоционалды-психологиялық күй, ішкі сезім әсерлерінің нәтижесі болса, Абайдың талдап түсіндіруі бойынша «сүю» – дұрыс ойлау, таза ойлау, жүйелі ойлау, сауатты ойлаудың нәтижесінде пайда болатын «нұрлы ақылдың» сипат-жемісі екендігін ұғынамыз.
Байыптап қарасақ, Абай жұмбағын табудың кілті – жоғарыдағы Ахмет білімдардың айтқан «ойланып дағдылану» мәселесіне тиесілі екен. Бұл ұғым қазіргі тілдік қолданысымыздағы «зияткерлік, интеллект» деген сөздер екендігін де айта кеткеніміз жөн болар.
Рахат Саламатова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы
Тараз қаласы
Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары
01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3!
30 июнь 2026, Вторник
Тәрбие жұмысына бәріміз жауаптымыз
30 июнь 2026, Вторник
Похожие материалы:
Комментарии (0)







