Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » АБАЙ – ХАЛЫҚТЫҢ БІРТҰТАС РУХАНИ ӘЛЕМІ

АБАЙ – ХАЛЫҚТЫҢ БІРТҰТАС РУХАНИ ӘЛЕМІ

14 сентябрь 2024, Суббота
75
0
Жамбыл облысының ішкі істер органдарында 26 жыл еңбек етіп зейнет демалысына шыққан Әбсамат Шонабаев деген ардагер азамат «Абай – адамшылықтың ұраншысы» деген танымдық, ғылыми-зерттеу кітабын жазып бітіріпті. Абайды зерттеу, Абайға баға беру, Абайды түсіну екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Кешегі пагон таққан полиция қызметкері Абай сынды тылысым терең дарияға баруға қалай батылы жетті екен? Өз сөзімен айтқанда зейнетке шыққаннан кейін 1996 жылы қасиетті Құран Кәрімді қазақша оқуды қолға алады. Сөйтіп сол арқылы рухани байлыққа кенеле бастайды, ойлау жүйесі жүйеленеді, кемелденудің бастау көзі – аят-хадистер екеніне көз жеткізеді. Осындай ізденісте жүріп тараздық ғылым докторы, экология академигі Нұрғали Сарыбековпен танысып, терең білімді ұстаздан табиғат пен адамның біртұтас құрылым екендігі жөнінде дәрістерін тыңдайды. Абай дүниесіне тереңдей бойлау осы арадан басталады. Адам мен табиғаттың үндестігі Абайдың өлеңдері мен қарасөздерінде кеңінен айтылатындығына назар аударады. 2001 жылы «Толық адамның қалыптасу жолдары» деген шағын көлемдегі алғашқы еңбегін жазып, оны абайтанушы ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметовке көрсетеді. Одан кейінгі жылдарда Әбсамат Шонбаев «Адам – жер жүзінің халифасы», «Адам болу шарттары» деген кітаптарын жазады. Бүгін біз қарапайым ізденімпаз азаматтың «Абай – адамшылықтың ұраншысы» деген баспаға дайындалған кітабының негізгі бір тарауын «Ғұмыр – Дария» газеті оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік. Бұл кітаптың қолжазбасы Қазақстан Республикасы ақпарат және қоғамдық даму министерлігінің дін істер комитетінен сараптамадан өткен, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы шариғат пәтуа бөлімінің сараптау секторы құптаған. «Қайсы қоғамда имандылық білім арқылы жоғары болса, сол қоғам тұтастығының іргетасы болып саналатын абройы да жоғары, елдігіміздің тұғыры – ата-заңы да баянды, ұстаған байрақ туы да биік болады, халқы бай-қуатты, бірлігі жарасым табады, бүгінгі Тәуелсіздігімізді тұғырлы етеді. Имандылықтың артуы қоғам мен мемлекеттің нұрлануын, мәдениеттің жаңаша өркендеуін, жаңа Қазақстанның сатылап өсуін қамтамасыз етеді. Кез-келген халықтың иманға деген күпірлігі кемімесе, ол халық тілі мен дінінен, салтдәстүр мен әдет-ғұрпынан, мәдениетінен де ажырап, ол халық түбінде өзін-өзі жоғалтады. Абай Құнанбаев ұстанған имани гүл имандылық пен жақсылықтың қас жауы-зұлымдықпен арпалысып, елдіктің іргесін нықтап, тұрмыс-тіршілікті көтереді, кедейшілдік пақырдан құтылуға қайрат береді, басты мәселе – егеменділіктің іргетасын шынайы нығайтатын болады! Абай – адамзатының кейбір келеңсіз қылықтарына күйінген кең пейілді елжанды ақын, заманы мен замандастарының кемістіколқылықтарын көре білген тұлға. Ұрпақ тәрбиесінде қағыс қалған имандылықты Абайдың мұраларымен жастарға жеткізіп, қызмет еткізуіміз керек. Бүгінгі алмағайып аумалы-төкпелі заманда тақымдары байлыққа кенелгендер, байлықты көтере алмай өткенімізге топырақ шашып, бір-бірін кінәлап, реті келсе өш алып, қайта, ұрпаққа үлгі көрсетпек түгіл өз бастарын әрең алып жүргендерді Абай көріп тұрғандай сезімде боламын. Абайдың пікірінше, Алланы танудың алғашқы қадамы – имандылықтан басталады. Енді қал-қадірімізше соларды рет-ретімен баяндап көрелік. Ұлы Абайдың өлеңдері мен қарасөздері оның біртұтас ағартушылық көзқарасының алтын дінгегі. Оларда адам тәрбиесі, ұлттық мүддеден туған бүкіл халықтық тәрбиесі– әдептілік-имандылық, бірлік пен тұтастық үндестік тапқан. Абайдың әйгілі қарасөздерінен осыларды айқын байқауға болады. Мұны бізден де бұрын Абайдың мұраларын зерттеуші ғалымдарымыз айтқан. Иә, Абайдың данышпан ойшыл ретінде негізгі этикалық принципі – «Адам бол!» Абайдың пікірінше адал еңбек, адамдық ақыл-ой, адам жан дүниесіндегі сұлулық, білім және ғылым маңыздылығы, көркем мінезқұлық тәрбиесі жоғары қойылған. Бұл туралы Абайдың төртінші қарасөзінде айтылған: «Қулық саумақтық, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратына сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек етсең қара жерде береді, құр тастамайды» деген ойлар дәл бүгінгі күнімізге қарата айтылғандай. «Аштан өліп, көштен қалмаспыз» деген психологиядан арылуымыз керек. Жастарды тіршілік көзін табуға баулыған жөн. Отыз сегізінші қарасөзінде Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар содан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық... Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниенің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, кедейлік бәрі осыдан шығады» дейді де, бұдан әрі отыз алтыншы қарасөзінде Абай; «Пайғамбар (сәллаллааһу аләйһи уә сәлләм) «... яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ», – деген.
«Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: “Ұят кімде болса, иман сонда.” Енді бұл сөзден білінеді, ұят өзі иманның бір мүшесі екен» – дейді. Одан ары Абай «Ғылым таппай – мақтанба...» деп басталатын өлеңінде адам болам деген кісіге қажет «бес нәрсеге асық бол», «бес нәрседен қашық бол» дегенді ажыратуды адамға міндет етіп қояды. Осылай биік философиялық ұғымдарда өрілген Абай даналығы, ұлылығы осы сабақтастықта құралады: надандық шеңгеліндегі босқа өткен халық өмірі, оған налыған, қиналған жүрек, ақыры одан құтылудың жолын көрсетеді. Байқайсыз ба, Абай өлеңдері мен қарасөздерінде иман туралы аят хадистермен, халықтық-ұлттық мақалдармен, әдет-ғұрып салт-дәстүрмен, тіпті, бүгінгі білім-ғылым тұсындағы заңдылықтарымен де байланыстырып, әлемдік дәстүрлі төрт діннің бірігуін жарастырады. Атүсті жасалған осы шолудың өзінен-ақ, Абайдың адамзатқа ортақ ақындығы, терең ойшылдығы, дінтанушылдығы, хәкімділігі айқындала түседі. Абай даналағының тағы бір көрінісі аят-хадистерді көкейіне түйіп, елдіктің несібесі үшін имандылықты астарлап өзіндік төл тілінде өлеңдері мен қарасөздерінде жеткізе алуында. Жасыра алмаймыз – Абайдың өлеңдері мен қарасөздері көбіне түсініксіз, сөзі аз, қысқа, көбінің мазмұны мен мағынасына жете алмай жататынымыз да рас. Бұл туралы қазақ ұлттық тіл білімінің негізін қалаушы, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов былай деп айтқан: «Оқып қарасам басқа ақындардың сөзіндей емес. Олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосырқап отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абай айта алмағаннан болған кемшілік емес, оқушыларының түсінерлік дәрежеге жете алмағандығынан болатын кемшілік. Не нәрсе жайын жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын қасиетін жазды. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Сондықтан не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі», – деп Абайды түсінудің қиындығын айтқан. [А. Байтұрсынов. Қазақтың бас ақыны. «Абай», №3, 1992, 23-б] А.Байтұрсынов Абай өлеңі мен қарасөздерінің тәлімгерлік тағылымы таусылмайтын асыл қазынаға толы болып келетіндігіне назар аударған. Иә, Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне қиын екені рас. Сондықтан Абайдың кейбір өлеңдері мен қарасөздерін түсінуге хакімдік қабілет керек деп ойлаймын. Өйткені Абайдың өлеңдері мен қарасөздері көбіне аят-хадистерден тамыр тартып, терең оймен сабақтасып, жадына сақтап ғана қоймай өзіндік төл тіліне айландырғаны көрініп тұрады. Бұны күні бұрын көре білген поэзия атасы Мағжан атамыз былай деп толғайды: Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес. Қарадан хакім болған сендей жанның Әлемнің құлағынан әні кетпес, – деген. Бұл шумақ Абайдың хәкімдік тұлғалығын көрсетеді. Хәкімдік қабілет қашан болсын қоғамның ішкісыртқы саясат ықпалынан алыстамай адамгершілікке, имандылыққа, бірлік пен тұтастық құрауға назар аудартады. Ақын Мағжанның жыр жолдары Абайға деген ыстық ықыласы мен зор құрметін білдіреді және қазіргі жастарға Абайды оқуға хакімдік қабілеттің керегін ескертеді. Абайдың өзі былай деп тұжырым жасаған: «Әрбір ғалым – хаким емес, әрбір хакім – ғалым», – деген. (38-қарасөз.) Алайда: хаким мен хәкім қабілет мағынасы бір-біріне жақын болса да, бірақ Абай дүнитанымында өзгешеленеді. Жалпыға түсінікті болу үшін телог ғалым, әл-фарабитанудың негізін салушылардың бірі болған Ақжан Жақсыбекұлы Машановтың сөзін келтіре кетудің артықтығы бола қоймас: «....Абайдың жүз жылдығын өткізу үшін арнайы комиссия құрылды. Абай дастаны ертеден әдебиет, өнер саласынан орын алып келгені мәлім... Осы жөнінде маған баяндама жасау тапсырылды»... БІРТҰТАС РУХАНИ ӘЛЕМІ
(Басы. Жалғасы газетіміздің келесі санында)
сурет интернеттен алынды
Обсудить

Похожие материалы:

⚜️ "АБАЙ-ДАНА, АБАЙ-ДАРА ҚАЗАҚТА"
11 август 2024, Воскресенье
⚜️ "АБАЙ-ДАНА, АБАЙ-ДАРА ҚАЗАҚТА"
Абай-дара, Абай-дана
28 август 2020, Пятница
Абай-дара, Абай-дана
ӘСЕРЛІ КЕЗДЕСУ
14 август 2024, Среда
ӘСЕРЛІ КЕЗДЕСУ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры