Абай – дара, Абай – дана

10 тамыз – қазақ-тың Ұлы ақыны, ағартушысы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл күн 2020 жылдан бастап Қазақстанда мереке ретінде аталып өтуде. Абай 170-тен астам өлең мен 56 аударманың авторы. Оның қаламынан өлеңдерімен қоса бірнеше поэма мен «Қара сөздері» туған. Абай аудармаларының арқасында әлем әдебиеті классиктерінің шығармалары қазақ тілінде жарық көрді.
Абай ұлтымыздың жазба әдебиетін қалыптастырушы,қазақтың Бас ақыны ғана емес,бас ұстазы. Абай мұрасы-халық мұрасы. Абай –ұлы ақын. Абай ұлы ағартушы және Ұлттың бірінші ұстазы. Абай –ұлттың мәңгілік коды,мәңгілік шамшырағы.
Жиырмасыншы ғасырдың белді ғалымдарының бірі, қазақтың «Бес арысы» атанған ұлылардың қатарындағы Ахмет Байтұрсынұлы атамыз «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлы. Одан асқан бұрынғы-соңды заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ. Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деп,ұлы ақынға жоғары баға берген еді. Әрине, ол орынды да, себебі қазіргі ақындарға ақындықтың сара жолын көрсетіп, өлеңнің «сөз патшасы» екенін, нағыз ақын сөзді «қиыннан қиыстырып, тілге де жеңіл, жүрекке де жылы» болуын өсиет етіп қалдырған да Абай еді.
Белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметовтің «Абайдың адам-гершілік мұраттары» атты кітабында «Адам болам десеңіз» деген тезисінде «Абай өз заманының теңдесі жоқ ойшылы болғандықтан, оның адам болу туралы ойларының рухани өзекті желісін жетерліктей танып білу қастерлі міндеттеріміздің бірі болып саналмақ» деген.
Бүгінгі заманда оқырманның да, ұрпақтың да құндылықтары, өмірге деген көзқарасы өзгерген уақытта Абайды оқымау, одан үйренбеу мүмкін емес. Заманы басқа болса да ақын көтерген мәселелер әлі де маңыздылығын жойған емес. Осындайда «Абайды оқы. Абайдан үйрен» деп мың мәрте айтқың келеді.
– Адамзат баласының алдында үш айғақты зор міндет тұр: бірі –бейбітшілікті, екіншісі – руханиятты, үшіншісі – табиғатты қорғау һәм сақтап қалу. Бұлардың қай-қайсысы да біздің тіршілігіміздің басты бағдарлары. Бір-бірін толықтыратын ұғымдар.
Абайдың көз жетпес көкжиектей кең, теңіздей терең ойларын, алтындай асыл, қорғасындай салмақты сөздерін әрбір қазақ баласы, халқымыз оқып, санамен, жүрекпен қабылдап, өмірде рухани бағдаршамдай пайдалану керектігін сезінуі тиіс. Абайдың өз заманында айтқан ой-толғанысы қазіргі заманмен үндесіп тұруы халқының, бүгінгі ұрпақтың болашағын ойлаған кемеңгер көрегендігінде ойшыл екенінде. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының Абайдың өлеңдері мен қарасөздері, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы әрбір отбасында тұруы керек деген ұсынысын толығымен құптауымыз керек. Абай мұрасы мен тұлғасын елімізде ғана емес, шетелдерде де насихаттау ол біздің рухани байлығымызды, парасаттылығымызды, мәдениетімізді халықаралық дең-гейге көтеріп, Абайдың ұлылығын асқақтату болып саналады.
Осы бағытта қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Абай – дана, Абай – дара» атты әдеби-сазды кеш Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде болып өтті. Іс-шараға келген Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, зиялы қауым өкілдері, алдыңғы толқын ардагерлер Абайдың шығармашылығына арнал-ған кітап көрмесіне де ерекше назар аударды.
Сондай-ақ, Абай атындағы орталық кітапханасында «Bookdating» жобасы аясында халқымыздың біртуар тұлғасы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Сәулең болса кеудеңде» атты Абай оқулары бір топ ардагерлердің қатысуымен өз дәрежесінде ұйымдастырылды.
Қорытындылай келе, біз ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының өз дәуірінде айтып кеткен аталы сөздерінің әлі күнге дейін біздің өмірімізге қажеттілігін ұғындық. Оның адамгершілікке баулыған, тәрбиеге негізделген қара сөздері арқылы рухани азық алдық,адамдық сипатта бой түзеуге тырыстық. Ақын мұрасы-халықтың сарқылмас асыл қазынасы. Әр қазақта тәлім алар ғибратты сөздер көп болғай.
Абай ілімін бойына сіңірген ұрпағымыз өсіп-өркендей берсін.
Мереке құтты болсын!
Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі
Обсудить
Блок в статье:
АНАҒА ТАҒЗЫМ – ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ
12 май 2026, Вторник
Қымбатқа түскен ана тағдыры
12 май 2026, Вторник
Ғасырды әнмен тербеген абыз! (эссе)
12 май 2026, Вторник
Похожие материалы:
Комментарии (0)






