Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Шындықтың шырақшысы

Шындықтың шырақшысы

29 июль 2025, Вторник
90
0
 Алла-Тағала адамдарды сырт келбетін бірдей жаратқанымен, ішкі әлемін – мінезін, сана-сезімін, адамгершілік иірімдерін мүлде бөлекше сомдайды ғой. Содан да болар адам баласының бітім-болмысын шынайы бағалау, оның жақсы-жаманын адал айыра білу қашан да қиын. Қордай ауданының Құрметті азаматы Әбдібек Сейілханұлының    өмір жолын зерделей қараған адамға ол кісі туралы бәлен деп баға берудің өзі қиын. 
Осы айда 80 жасты еңсеріп отырған ол соқтықпалы-соқпақты ғұмырында  талайды көрді. «Адамның айтқаны болмайды, Алланың бұйырғаны болады» деген.  Әу бастағы  жүрек қалауы жазу өнері болыпты.  Филолог немесе журналист болу еді арманы, өмір оны  экономистке алып келді. Оқушы күндерінен қолынан кітап түспей, әдебиетке құштар болған. Он бес жасынан ішкі  жан толқынысын өлең сөзбен өрнектеуді әдет етеді.    Сондағы балауса  өлеңдері қатталған  қалың дәптерлерін әлі күнге дейін сақтап келеді екен.  Бозбала шақтағы әуесқой тілшіліктен басталған ғадетімен қазір де ара-тұра өзекті тақырыптарда қалам тербеп отырады. 
– «Үйіңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген ғой дана халқымыз. Мен жастайымнан ауыл қарияларының аузынан  небір көне сөздерді, тарихи әңгімелерді естіп, оқып өстік,  шешендік өнерге елтіп, кітаптарды жата-жастана оқыдым, қазақтың айтысын, эпостық жырларына әуес болдым, – дейді Әбдібек қария жазуға, жалпы өнерге  құштарлығы жайлы әңгімелегенде. «Жақсы адам қазына жимайды, өзі қазынаға айналады» деген осы емес пе. Десе де,  жазу өнері оның бос уақытта айналысар әуесқой тірлігіне,  былайша – «хоббиіне» айналып қалды да, шынайы өмірдің адуын  ағысы оны өз арнасына қарай бұрып әкетті. 
Әбекең өз тағдырын өз қолымен жасаған адам. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары мектепті жаңа бітіріп, ұжымшарда «қара жұмысқа»  жегілген шағында (ол кезде екі жыл өндірісте жұмыс істегендер институтқа жеңілдікпен  қабылданатын) оқу бітіріп келген жас мамандарға зейнеткерлердің орын босатпай отырғанын  комсомол жиналысында батыл сынағаны бүгінгідей есте. Көп ұзамай оны ауыл жастары комсомол жетекшісі етіп сайлады. Жастар мәселесімен енді шындап айналысып, ауылда бұрын болмаған радиоторабын ашты. Күнде кешкілік жергілікті радиодан  комсомол мүшелерінің атқарып отырған игілікті істері айтылып, ортақ іске кедергі келтіруші маскүнемдер мен жатып ішер жалқаулардың, елге тыныштық бермей жүрген ұры-қарылардың да аттары аталды. Апта сайын комсомолдық қабырға газеті де дәл солай шығып тұрды, көркемөнерпаздар үйірмесі құрылып, «халық театры» атағын алуға ниет етті. Өзі жоғары оқу орнына түсіп, кейін оның сырттай бөліміне ауысып колхозда бухгалтер, тексеру комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарды. 
Түпкірдегі қазақ ауылының іскер де жас маманы осылай көзге түсіп, сол тұста жаңадан құрылып жатқан Красногор ауданына жоғары қызметтерге жіберіледі. Аудандық ауылшаруашылығы басқармасында аға агроном, ауданның жоспарлау комисссиясының төрағасы болды. Әр жылдары аупарткомның мүшесі  және бюро мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып сайланады. Комсомолдық-партиялық сатылардан өткен ол 1977 – 1986 жылдары «Қордай» қой кеңшары партия ұйымының хатшысы қызметін атқарды. Бір шаруашылықта он жылға тарта парторг болу аз мерзім емес, енді одан да жоғары деңгейдегі қызметке жолы ашылып-ақ тұрғандай еді, бірақ...  Әбекеңнің тасы өрге домалағанын көре алмаушылар астыртын жоғарыға арыз жазып,  «пара алу» ісін ұйымдастырып жіберіп, оны ауданның құқық қорғау органдары іліп ала жөнеліп арты үлкен дауға айналғаны бар. Арызданушының бұрын істі болғаны, сотталып келгеннен кейін де түзелудің орнына айналасын алатайдай бүлдіріп жүрген басбұзарлығы, бірқатар коммунистердің парторгті жақтап шыр-пыр  болғаны ескерілмеді. Өзінің адалдығына сенген Әбекең  шындықтың ашыларына үмітті еді. Өмірде әділдікті жақтайтын адамдардың бары қандай жақсы. Жергілікті билік пен заң орындары  сыңарезулеп жоқ жерден  адал коммунисті құрдымға жіберуге айналды. Амал жоқ жазықсыз жазаланушы жақ – еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстаннан» араша сұрады. Көп ұзамай газеттің құқық тақырыбына жазатын қаламы өткір тілшісі Нури Муфтах келіп мәселені жан-жақты зерттеп, газетке «Жала мен жаза» (10. 08. 1986 ж.) деген үлкен мақала жариялады. Ол кездегі БАҚ-тың рөлі қандай, ал қайшылығы көп іске араласқан  «Социалистік Қазақстанның» өзі болса ше?.. Газет Әбекеңді  жаладан құтқарып алды,  негізсіз іс тоқтатылып, оны көпе-көрнеу бұрмалауға салған  аудандық  және облыстық заң қызметкерлерінің біразы  орындарынан алынды.  Осылайша ол өмір жолынан тағдырдың қиғаш келген сындарлы шақтарында кісілік қалыбынан танбай, адалдығын дәлелдеп, асқақ абыройын қорғап, өз биігінде қала білді.  Мықты адам – биікке шыққан емес, биіктен құлап қайта көтерілген адам» деген сөз осы кісінің мысалынан айтылған ба дерсің.
Осындай оқиғалар жанын жүдетсе де, жігері мұқалмаған Әбекең «ит өмірдің қапқанынан ырылы жаман» деп бәріне қолды бір сілтеді де, көрші республикадан бірақ шықты. Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің аға ревизоры болып бірер жыл сыртта жұмыс істеді. Тоқсаныншы жылдардың басында мызғымас одақтың іргесі  бырт-бырт сөгіліп, артынша әр республика өз алдына тәуелсіздігін жариялап  жатқан шақта Әбекең  елге оралып,  «Қордай шамшырағы»  газетінде тілші,  Қордай аудандық кеңесі атқару комитетінде референт болды,  аудандық ДОСААФ мекемесін басқарды. Ауданда жаңа әкімшілік басқару құрылымдары пайда болып,  билік басына келген жаңа адамдар  Ә.Сейілхановтың бұрынғы іскерлігін бағалап, оны алдымен «Өтеген» өндірістік кооперативіне басшы, одан соң Ауқатты ауылдық округінің әкімі қызметіне жіберді. Соңғы қызметті он жылға жуық  абыройлы атқарып, зейнетке шықты.
Ол зейнет жасында да мемлекеттік қызметтен қалыптасқан дағдысымен қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылды. Аудандық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі болды, Қордай ауылдық ардагерлер кеңесін де басқарды. 2020 жылғы атышулы Қордай оқиғасынан кейін құрылған аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы ретінде де ел бірлігін нығайту бағытында айтулы жұмыстар тындырды. Қордай оқиғасы демекші, ол шындыққа тура қарап, әділдікті, ел мүддесін қорғауға келгенде алмас қылыштай жарқылдай білетін мінезін осы жолы да көрсетті. Шұғыл түрде Президент пәрменімен құрылып, қақтығыстың ақ-қарасын айыруға жіберілген үкіметтік комиссияның алдында қасқайып тұрып бұл оқиғаны кезекті рет тұрмыстық кикілжіңнен туған ұсақ бұзақылық деп сылап-сипап    жауып қоюға болмайтынын, бұл жайдың ұлттық намыспен суарылып бұқаралық сипат ала бастағаны, бұрыннан жүректерде сыздауықтай қадалған жараның аузы ашылғаны деп бағалау керектігін нақты мысалдармен алға тартқан болатын. Ұлттық мәселеге келгенде, өз басын бәйгеге тіге отырып, азаматтық дауысын зорайта шығарған сондағы сөзі көптің көкейінен шығып еді. Екі апта өте Қордайға Президент Қ.Тоқаев келгенде де жүректегі сөздерін іркіп қалмады. Жазықсыз істі болып жатқан ауыл балаларының тағдырына  да алаңдаушылық білдірді. Соның ізінше «колхоздар» аймағындағы ауылдардың аузы дуалы азаматтарын біріктіре құрылған жаңа қоғамдық келісім кеңесіне кім басшылық етеді дегенде бірауыздан Әбекеңнің аталуы тегін болмаса керек.  Ол базбіреулер сияқты қарынның тойғанына, дүние-мүлік жиғанына мәз болып, жауырды жаба тоқып, жатса-тұрса биліктің ғана сөзін сөйлеушілер санатынан емес-ті. Оны мына адамдардың пікірлерінен де білуге болады. 
Төле Сүгірбай, Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы:
– Мен Әбдібекті жас кезінен жақсы білемін. Інім Марат  екеуі бір сыныпта оқыды да, көбіне сабаққа бірге дайындалып, бірге жүретін. Ол бала кезінен белсенді болып танылды. Сосынғы бір қасиеті – бетің бар, жүзің бар демейтін турашылдығынан өмір бойы айныған жоқ. Мәселені  орынды көтеріп, тиісінше талап та қоя біледі...
Анатолий Андреевич Шупта, Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы:  
Жұмыстан себепсіз кешікпей, сыртқы келбетіңмен сыптай болып галстук тағып, таза киініп жүру бір басқа да, ішкі жан сарайың да кіршіксіз таза болуы, адал болуың бір басқа ғой.   Әбдібек Сейілханұлы да сондай ерек қасиеттерге ие басшылық жұмыстарда шыңдалған қызметкер болатын... 
Анатолий Федорович Бражников, Қордай ауданының Құрметті азаматы:
– Мен Әбдібекті өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Красногор ауданының комсомол ұйымында жұмыс істеп жүрген кезімнен білемін. Бір үйде тұрып, бірге кіріп-шығып жүріп, әбден бауыр басып кеткенбіз. Өзі бұған дейін туған ауылында комсомол жұмысында істегені бар, менімен тәжірибесімен бөлісіп отырды. Комсомолдың бірінші хатшысы Жылқыбай Арпабеков басқа жұмысқа ауысты да, мен оның орнын бастым. Ал Әбдібек кеңшарға парторг болып кетті...
Әбекеңнің әдебиет пен өнерге жақын екенін жоғарыда айттық. «Досыңның кім екенін айтсаң, өзіңнің кім екеніңді айтамын» демекші, ол кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Сейдахмет Бердіқұлов, Бибігүл Төлегенова сынды үлкен тұлғалармен сыйластықта болды. Серік Тұрғынбеков, Құман Тастанбеков, Құдайберген Сұлтанбаев, Уайс Сұлтанғазин, Шәміл Әбілтаев, Нұрлан Оразалин, Орынбасар Жарықбасов, жерлесі Несіпбек Дәутайұлымен тіпті жақын достасып кетті. Кейбірі көзден кетсе де, көңілден көшпейтін осындай достары елге келсе құшағын кең жайып, төріне оздыратын ізгі дәстүрін жақын жүргендер  біледі.  Ал, өмірдің мәні, сыйластық жайлы ұлағатын құлағына құйып, көкейіне түйіп өскен өзінің арқасүйер ағаларын айтқанда – ең үлкені сұрапыл соғыстың өрт-жалынынан өтіп келген Ақылша еді. Одан кейінгі Әбікен болса әкеден қалған құтты шаңырақты ұстаған, жасы бүгінде сексенді орталаған ел ағасы. Осы Әбікен ағасы мен Рыскүл жеңгесінің бұлардың өсіп-өніп, адам қатарына қосылуына қосқан еңбегі зор болды. Өзімен тетелес ағасы Әбдісадықтың және журналистік жолын «Лениншіл жастан» бастап, бүгінде үлкен жазушыға айналған баспагер інісі Әшірбек Көпіштің  орындары өзгеше. Немере бауыры Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артісі, белгілі актер-тележурналист Асқарбек Сейілхан да  бір әулеттің ғана емес, аудан, облыстың  мақтанышы.
Әбдібек ағаның сексен жылдық  өмір жолын  үстірт шолып шыққанның өзінде,    оның алпыс жылында қол ұстасып,  бір жастықта бастары түйіскен  мақпал мінезді зайыбы Роза  Жәділқызын айтпай кету мүмкін емес. Бүгінде ол да 75 жасты еңсеріп отыр. Әбекең институтты жаңа бітіріп, Чапаев атындағы ұжымшардың комсомол ұйымының  хатшысы болып жүргенде үйленді олар. Тойға аудандық комсомол комитеті хатшысының өзі келіп, жаңаша өткен жастар тойының құрметіне Қаракемердегі олар тұратын көше мұндаға дейін «Комсомол көшесі» атанғанын айтқалы келген еді. Екеуі ұл да өсірді, қыз да өсірді. Сол Қуатбек, Бейбіт, Айнұрдың  әрқайсысы әр қиырда түрлі қызметтерде жүр қазір. Енді немерелері атқа қонып жатыр. Айман мен Айдана – жоғары оқу орындарында оқытушы,  Әнуар  – қазақ-түрік қаржы холдингінде жұмыс істесе, Шыңғыс – мұғалім,  Олжас – Прагада оқып білім алуда. Оншақты шөберелерінің де болашағынан күтері көп.
Мен білетін Әбекең үлкенді құрметтеп, ініге ізет жасаудан әсте жаңылған емес. Өмірде көргені де, көкейге түйгені де көп онымен аз-кем тілдесе қалғанның өзінде, тарихта белгілі билерден тартып, сөз ұстаған қазақ ақсақалдарының жөн-жобасынан мол хабардар, ой мен сөздің кеніші екенін байқарыңыз һақ. Сосын баяғы «турасын айтып туғанына жақпайтын» тік мінезімен қоғамдағы кертартпалықтар туралы ойларын да бүгіп қалмайды. Оны мазалайтын  мемлекеттік тілді шұбарлап  жүргендер, ұлттық салт-дәстүріміздің мазмұны сұйылып бара жатқаны, қазақ тойларындағы кейбір  сайқымазақтар... Бүгінде  кітап оқымайтын, телефонға телмірген балалардың ертең қандай азамат болып шығатыны да толғандырмай қоймайды.  «Ел тарихын бір кісідей-ақ білесіз ғой» деп аудан тарихы туралы кітап дайындауға тапсырыс беріп алып, бірнеше жыл көз майын тауысып жасаған  сол еңбегінің ақырында ешкімге  керек болмай жатқаны да жүрегін ауыртып қояды.  Дегенмен, оның туған жерге ту тігіп, ел мүддесін бәрінен биік қоятын ұстанымы бүкіл өміріне өзек болып келеді. «Еліңде кімің бар?» дегенде ойға оралар алғашқылар қатарында есімі аталуға лайықты  абырой биігіндегі  шындықтың шырақшысына  айналған азаматтымыз ол.  

Құрманбек  ӘЛІМЖАН,
Қазақстанның 
Құрметті журналисі,
Қордай  ауданының 
Құрметті азаматы.

Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары 01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3! 30 июнь 2026, Вторник

Похожие материалы:

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
15 апрель 2024, Понедельник
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
ЕҢБЕК ЕТКЕН ЕР АБЫРОЙЛЫ
30 сентябрь 2024, Понедельник
ЕҢБЕК ЕТКЕН ЕР АБЫРОЙЛЫ
АДАМГЕРШІЛІККЕ БАСТАЙТЫН БЕС САУАП
30 сентябрь 2024, Понедельник
АДАМГЕРШІЛІККЕ БАСТАЙТЫН БЕС САУАП
Даңқ
06 май 2025, Вторник
Даңқ
Даңқ
06 май 2025, Вторник
Даңқ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры