Қазақтың тойы - ұлттың болмысы
«Той десе қу бас домалайды» демекші, қазақтың шаттықтан шаршаған кезі болған емес. Қалай десек те, алыс-берісі, барыс-келісі үзілмеген, жыл он екі ай тойымыз тарқамайтын халықпыз. Мұны сонау ықылым заманнан бері келе жатқан ата-бабамыз салған ұлттық құндылығымыз, салт-дәстүріміздің жалғасы, ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі десек те болады. «Той – халықтың қазынасы» деген аталарымыз той – тәрбие көзі, мәдениетіміздің тамыры, ұлтымыздың бейнесі екенін жас ұрпаққа ұғындырып, санасына сіңіріп отырған. Қазақ баласының үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі, көпшілік алдында өзін дұрыс ұстай білуі осы тойда көрініс тауып отырған. Қазір заман өзгерді, заманына қарай адамның санасы да өзгеріс тапты. Той-домалақ та осыған орай әр бағытта жаңғырып келеді.
Десек те, соңғы кездері той өткізу мәдениетінің төмендеп бара жатқанын кім де болса жоққа шығара алмайды. Даңғазалық той шырқын бұзып бара жатқаны жасырын емес. Несие алып, қарызға бату, болмаса, байлық жарыстырып, той жасау, 300-500 адамдық тойды асабаның игере алмауы, тойдың ұзын-сонар жиналысқа айналуы, тойдың белгіленген уақыттан 2-3 сағат кеш басталуы ұлт қызықшылығының бастапқы мәнінен ауытқып бара жатқанын көрсетеді. Бұл туралы салиқалы орталарда айтылып, баспасөз беттерінде жазылып жүрсе де, дұрыс бағытқа бұрылған тойды көре алмай жүрміз.
Бұл – өте өзекті мәселеге айналып отыр. Осы бір көкейде жүрген түйткіл мәселені ортаға салу мақсатында аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері ауылдық округ билері, аудандық билер кеңесінің мүшелері, аналар кеңесінің, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі мен "Жастар ресурстық" орталығының» мамандары бір ортаға жиналып, «Той мәдениеті-ұлт мәдениеті» атты «дөңгелек үстел» отырысын өткізді.
Жиын барысында алғашқы сөз кезегін алған Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов той мәселесіне жан-жақты тоқталды:
– Той дәстүріміздің мәйегі, – деп бастады сөзін Жұмабек Әсемов, – соңғы кездері тойдан мән кетіп бара жатқанын байқап жүрміз. Тойларда ырым-жоралғыларымызға мән берілмей, салт-дәстүріміз бұрмаланып жатқандығы қынжылтады.
Тойдың өз деңгейінде өтіп, тойға келген көпшіліктің риза болып аттануы асабаға көп байланысты. Асаба көпшілікті күлдіремін деп, мәдениеттілік шеңберінен шығып бүлдіріп жатады. 90-дағы қарияға да, 9 жасар балаға да қисынсыз қалжың айтып, бәрін ыңғайсыз жағдайға қалдыратыны тағы бар. Той – тәрбие бесігі емес пе? Асабалар неге соны түсінбейді?
Содан кейінгі бір мәселе, той иесі тойға 300-400 адам шақырады да, асаба тілек айтуға ортаға 30-40 адамды шақырады. Бәрінің айтатыны бір тілек. Оларды тыңдап жатқан көпшілік жоқ. Ішімдікті ішіп алып, өзара даурығысып әңгіме-дүкен құрып жатады. Осындайда ұлы Абайдың бір сөзі еске түседі.
Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,
Ондай жерде сөз айтып болма мазақ.
Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ, – дейді данышпан ақын.
Той мәдениеті – ұлттық құндылығымыздың бастауы болуға тиіс, – деп сөзін қорытты төраға.
Келесі сөз кезегін алған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Данагүл Молдабаева:
– Қазақтың тойы ешқашан белгіленген уақытта басталмайтыны өкінішті. Айтылған уақытында мейрамханаға барған кісілер ел жиналғанша сарғайып 2-3 сағат тосып отырады. Кейбір беделі бар өркеуде адамдардың кешігуіне байланысты той иесі көпшілікті осылай сарылтып қоятыны бар. Алыстан жол жүріп шаршап келген кісілерге обал-ақ. Бір оқиғаны баспасөз бетінен оқығаным бар еді.
Бірде Қазақстанға Германиядан журналист әйел келіп, оны қазақ журналистер қыдыртады. Қазақтың асы мен салт-дәстүрлерімен, той-домалағы мен көрсетіп, ұлттық құндылықтармен таныстырады.
Біраз күн Қазақстанды аралап, Германияға қайтатын кез келгенде қазақ журналистері неміс журналистен:
– Елімізді аралап, қазақтың қонақжайлығымен таныстыңыз. Солардың ішінде, есіңізде қалар ерекше нәрсені айтасыз ба? – дегенде, неміс журналист:
– Иә. Бәрі керемет! Қазақ тойшыл, бар жиғанын тойға шашатын жомарт халық екеніне көзім жетті. Бірақ есімде қалған ерекше нәрсе – қазақтар тойға, басқа жерлерге дәл уақтысында бармай, кешігіп жүретін халық екен, – деген екен.
Осыдан мынадай ой туындайды – сонда біздің жәйбасарлығымыздан шет елдегілер де хабардар болған ба? Бұл – өте ұят.
Келесі бір мәселе, бұрындары той ашып беру үшін аузы дуалы, сол өңірге өнегесімен белгілі қадірлі қариялар бата беруші еді, қазіргі кезде батаның мәнін түсінбейтіндер қол жаятын болды. Олар бата берудің орнына ұзақ-сонар тілек айтып кетеді. Мұны дәстүрдің азғаны дейміз бе, жоқ әлде, тозғаны дейміз бе? Тойда халықтық тәрбиенің мәні сезілуі керек. Тойға келгендер қазақы киім киіп келсе, жараспай ма? Оның үстіне тойда ақсақалдар, ақ шашты аналар отырады. Өкінішке орай, тойға келген олардың келіндері, қыздары ашық-шашық киініп, тіпті әрбірден соң «жүздетіп» алып, алдарында тұра салып жұлқынып билейді. Қолдарына орамалын алып шыңғыратындары да бар. Бұл не деген әдепсіздік! Содан кейін тойда үлкен демей, жас демей қисаңдап билеп кетеді. Біле білсек. біз жастарды өзіміз бұзып жатқандаймыз. Осының барлығына білімді, шебер, ақылды асаба тоқтам салып отыру керек деп ойлаймын. Тойдың жақсы өтуі асабаның шеберлігіне байланысты, – деді Данагүл Молдабаева.
Аудандық билер кеңесінің мүшесі Медет Құдайбергенов те сөзге араласты.
– Тойларда экран арқылы сурет көрсетіп, оның не зат екенін сұрау арқылы көп уақытты алады. Мағынасы жоқ суреттерді көрсеткенше, қазақтың ғибратты сөздерін ойынға кірістірсе болар еді. Қанатты сөздер арқылы біз жастарды тәрбиелейміз.
Содан кейін тойда сөзді ру-руға бөліп беруді тоқтату керек. Той қызығына келгендердің бәрі бір қазақ емес пе?!.
Тойды күндіз өткізуді де жолға қойғанымыз дұрыс болар, – деді ол.
С.Шәкіров ауылының биі Мырзабай Қайырбаев тойдың биік деңгейде өтуі асабаға байланысты екенін айтып, көпшілікті дұрыс игеру-асабаның сауаттылығын көрсететінін, той иесі той басталмай тұрып, асабаның той жүргізу бағдарламасымен танысуы керектігін баса айтты.
Жиында Дүниежүзі қазақ-тарының қауымдастығы Талас аудандық филиалының төрағасы Қонақбай Қалжанов пен Бостандық, С.Шәкіров және Аққұм ауылдарының бас биі Жаңабай Есімов те өз ойларын жеткізді.
Ал Талас ауданына белгілі асаба Еркін Оразбеков те әңгімеге араласты.
– Дұрыс айтасыздар. Той - тәрбие бесігі. Тойға келуші тойдан өзіне өнеге алып, жан дүниесі керемет әсерге бөленіп қайтуы тиіс. Тойдың кереметтей болып өтуі асабаға байланысты екені даусыз.
Кейбір той жасайтын үйдің үлкендері тойға асаба табуды баласы мен келініне тапсырады да, өздері алаңсыз отыра береді.
Ал жастардың көңілі желікке толы болған соң желікпе асабаларды іздейді. Міне, осыдан барып, тойда шетелдің даңғаза әндері айтылып, ішінде уыты барлар шешініп билеуді бастайды. Мәдениеті төмен асабалар одан сайын жын-ойнақ ойындар ойнатып, үлкен кісілердің мазасын алатыны бар.
Асабаны дұрыс таңдай білу керек. Сауатты асаба көпшіліктің көңілінен шығып ұлттық менталитеттен алшақ кетпеуі керек, – деп сөзін қорытындылады.
Сәулембай Әбсадықұлы сөйлеушілер сөзін қорыта келіп:
– Бүгінгі әңгімеміздің тақырыбы той мәдениетіне байланысты болғаннан кейін тойдың мәдениеті мен әдебіне көп көңіл бөлгеніміз дұрыс. Тойға берілген санаулы уақыттың ішінде адам керегін бойына түйіп, сол тойдан нәр алып шықса, қандай керемет! Қазақ тойды қазынаға теңейді. Себебі, тойда бата беріліп, ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүріміз насихатталады. Тойда ұлттық киіммен жүру өте жарасымды болар еді.
Той соңына қарай тойбастар таратылғанда, өзіне тиесілі сыйлықты ала салып, үдере тұрып кетуді тоқтату керек. Бұл той иелерін сыйламаудың көрінісі. Әдепті болайық. Сөз соңында айтарым, асабалардың мәдениетін көтеру арқылы біз той мәдениетін көтере аламыз, – деді.
Әңгімеміздің қорытындысында айтарымыз, бүгінгі жиында көтерілген мәселелер сөз күйінде қалмауы керек, ардагерлер белсенділері бірлесе күш жұмсап, түпкі нәтиже – мәдениетті, тағылымды той өткізуге қол жеткізуміз керек.
Қамысбай Сауқымов, Талас аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қаратау қаласы
Обсудить
Блок в статье:
Тектіліктің тамыры
09 апрель 2026, Четверг
Көкпарға құмарлық бізге әкемізден дарыған
09 апрель 2026, Четверг
Күн туды ескі жұртқа жаңаратын
09 апрель 2026, Четверг
Похожие материалы:
Комментарии (0)








