85 жылдық жылнама
Облысымыздағы іргелі аудандардың бірі болып есептелетін 70 мыңға жуық халқы бар Тұрар Рысқұлов ауданындағы жағымды жаңалықтарды бүкпесіз әрі боямасыз тұрғындар назарына жеткізетін «Құлан таңы» газетінің жарық көріп келе жатқанына биыл – 85 жыл толып отыр.Жалпы Тұрар Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінің тарихы өте тереңде жатыр. Газет 1940 жылдың мамыр айынан бастап жарыққа шықты. 1940-1965 жылдары «Социалистік еңбек», «Социалистический труд», 1965-1991 жылдары «Коммунистік еңбек», «Коммунистический труд» деген атаумен қазақ және орыс тілдерінде, ал 1991 жылдан бері «Құлан таңы» атауын алған аудандық басылым оқырмандарының рухани серігіне айналды. Басылымның алғашқы редакторы Әбсаттар Мәдіғұлов болды. Одан кейін газетті талантты журналистер Сағат Арынов пен Оспанбек Хатиев басқарды. Өсер Уазиев, Анатолий Деридовичтің де газет тарихында есімдері қалды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары газетті Дүйсен Мәмбеталин, Тұрсынхан Жаманбаев, Москау Нохрабеков, Мұратбек Арыстанбеков, Серікбай Өтегенов, Мұрат Өмірзақовтар абыроймен басқарып, басылым таралымының өсуіне елеулі еңбек етті.
Газет жұмысында қаламсабы мен қойын дәптерін өзіне серік еткен тілшілердің де орны бөлек. Олардың қатарында Мұрат Ахалиев, Әбдіжақып Туғанбаев, Рахметілдә Құдабаев, Есенкелді Төреқұлов, Рахмаш Сүлейманов, Мірқажы Қайыпов, Әлібек Бақытов, Кәріпжан Нүсіп, Басқар Битанов, Константин Арбузов, Нурдилда Арбузова, Владимир Казекеев, Сейсен Қожеке, Қыдыралы Қойтай, Елена Кочергина, Раиса Сакаева, Галина Глунцова, Байбосын Әбілдаев, Әбдіғали Бейсембин, Бауыржан Иманалиев, Гүлдана Тоқбаева секілді журналистерді айтуға болады. Сондай-ақ, ауданда баспахана жұмысын ерекше жолға қойған білікті полиграфист, баспа саласының инженері Нұртас Адамсопиев, баспагерлер Қали Қалжыров, Өксен Керімбеков, Қайрат Баймұқанов, Рафхат Бекмамбетов, Роза Гаппарова, Эльза Фогель,корректорлар Татьяна Шихова, Рәткүл Айнақұлова, Нағима Қалтаевалардың да еңбегі зор. Сондай-ақ, бас есепші Васфия Физлованы, машинистка Рыскүл Құрманбаеваны, линотип терімшілері Фарида Қырғызбаеваны, Перизат Кабирева мен Мая Рысқұлбекованы әріптестері әрқашан құрмет тұтады.
Негізінен «Құлан таңы» газеті редакциясын жас журналистердің талабын шыңдайтын ұстахана деп айтсақ та жарасады. Осы күні есімдері ауданға ғана емес, облысқа, тіпті мұқым қазаққа белгілі Ардақ Үсейінова, Табиғат Абаилдаев, Қамар Қарасаева секілді білікті журналистер осы газетте шығармашылық жолдарын бастаған. Аудандық басылымда еңбек еткен аға буын өкілдеріне зор ризашылығымызды білдіреміз.
Бүгінде аудандық басылымның шығармашылық ұжымы заман ағымына қарай оқырман талғамын басты назарға алып ізденіспен жұмыс істеуде. Газетіміздегі «Аламан», «Сіз не дейсіз?», «Оқырман хаттары», «Фотоайғақ», «Тарих тағылымы», «Жаныңда жүр жақсы адам», «Замандас келбеті» «Ана мен бала», «Әкім мінбері» секілді тұрақты айдарлармен берілген материалдарды газет оқырмандары тұшына оқып, оларға ізгі лебіздерін білдіріп отырады. Осылайша қазіргі күні 2400 дана таралыммен жарық көретін «Құлан таңы» газеті – жастың да, жасамыстың да жүрек төрінен орын алған сүйікті басылымына айналып отыр десек қаталесе қоймаспыз.
Газет 2019 жылдан бастап D2 форматына көшті. Осы жылдан бастап газеттің дизайны көркемдік тұрғыдан жан-жақты безендіріліп, журналистер жазған мақалалар оқырман қауымнан лайықты бағасын алуда. Сондай-ақ 2019 жылдан бастап, «Құлан таңы» газетінің арнайы сайты ашылып, аудан тынысы PDF нұсқасында жарияланып келеді. «Инстаграм» әлеуметтік желісінде ресми парақша да ашылған. Ол жерде де парақшаға тіркелген оқырмандар күнделікті аудан жаңалықтарынан хабардар бола алады.
Оқырманның сүйікті досына, рухани сырласына айналған төл газетіміздің 85 жылдығы құтты болсын! Ел аманатын арқалап, аудан халқы мен биліктің арасын жалғастырушы алтын көпір бола білген басылымның ғұмыры ұзақ болғай.
Нұрлан БЫҚЫБАЕВ,
Т.Рысқұлов аудандық
«Құлан таңы» газетінің бас редакторы
Обсудить
Блок в статье:
Тектіліктің тамыры
09 апрель 2026, Четверг
Көкпарға құмарлық бізге әкемізден дарыған
09 апрель 2026, Четверг
Күн туды ескі жұртқа жаңаратын
09 апрель 2026, Четверг
Похожие материалы:
Комментарии (0)





