Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ӘУЛИЕАТА ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

ӘУЛИЕАТА ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

27 октябрь 2022, Четверг
89
0
Тараз қаласының қақ ортасында орта ғасырлық сәулет өнерінің үлгісі болып табылатын кесене бар. Ғалымдар он бірінші ғасырда тұрғызылған деп есептейді. Бір өкініштісі, ол кесене кімнің басына тұрғызылғанын қарапайым халық біле бермейді. Ғалымдардың өзі де қабірде кім жатқанын нақты деректермен дәлелдей алмай жүрді. Оны анықтау еліміз тәуелсіздік алып, өз тарихымызды дербес зерделей бастаған соң ғана мүмкін болды. Бұл кезеңде, әсіресе, қытай деректері көп мәселенің басын ашып берді.
Халық кесенеде әулие адам жатыр деп есептейтін. Содан да халқымның «арқасын тамға, аузын нанға тигізсем» (отырықшыландырып, егін ексем) деген Абылай ханның арманын жүзеге асыру үшін, оның ең жақын серіктерінің бірі Шымыр Мәмбет батыр мен бел баласы Байзақ батыр бастаған қауым көне Тараздың жұрнағына үйлер салып, каналдар қаздыра бастағанда жаңа қаланың атын Әулиеата деп атады. Дүлдүл ақын Жамбыл бабамыздың:
«Атыңнан айналайын, Әулие ата, 
Атыңды мен алды деп болма қапа» дейтіні де содан.
Халық мың жыл өтсе де екі нәрседен қателеспепті. Біріншісі, кесене әулие адамның басына тұрғызылғанынан. Екіншісі, ол әулие қарапайым адамдардың арасынан емес, Қарахандар әулетінен шыққандығынан.
Ал, Қарахандар деген кімдер?  Енді соған келейік. Олар – қазіргі жыл санауымыздың IX ғасырының ортасынан бастап XIII ғасырдың басына дейін өмір сүрген мемлекеттің билеушілері. Мемлекет аумағы қазір Қытайға қарап қалған Шығыс Түркістаннан бастап, Әмударияға дейін созылды. Тараз қаласы мен өңірі осы мемлекеттің құрамына кірді. Ғалымдар кейін оны билеушілерінің атауымен Қарахандар мемлекеті деп атап кетті. «Қарахан» деген ұлы хан дегенді білдіреді. Сонымен бірге зерттеушілер «қара» сөзі байырғы түрік тілінде «Солтүстік жақ» деген мағына беретінін де айтады. 
Қарахандар билігіне дейін Тараз Батыс Түрік қағанатының (603-704 ж.ж) бас қаласы, ал олар ыдырай бастағанда билікті қолға алған Түргеш қағанатының (704-766 ж.ж) (Сары үйсіндер мен Қара үйсіндер) құрамында болды. Түргеш билеушілерінде де алауыздық пайда болып, әлсірей бастаған кезде оларды шығыстан келген Қарлық тайпасы басып алды. Қарахандар әулеті осы Қарлық тайпасының билігін қамтамасыз етті. Сондықтан да бұл әулет осы тайпадан шыққан деген пікір басым болды. Алайда соңғы уақытта ғалымдар Қарахандардың да Ашин (бұл сөзді үйсін сөзінің бұрмаланған түрі деп жүргендер де бар) руынан шыққандығын растап жүр. Сонда күллі түрік тайпаларының хандары бір рудан таралған болып шығады. Кейбір зерттеушілер Шыңғыс ханның бабаларын да осы әулеттен шығарып жүр.
Қарахан қағанатының бас қаласы Баласағұн, кейіннен Құлжа болды. Негізін қалаған Сатұқ боғра хан. Осы жерде Қарахандардың тағы бір тотемдік лауазымдарына түсінік бермесе болмайды. Қарахандар өздеріне Арслан (арыстан) және Боғра (бура) хан деген атақтар теліген. Ілек, тегін деген атаулары тағы бар. Сатұқ өзін Боғра хан атағанымен, кейіннен қағанаттың бас билеушісі Қаған, Арслан хан аталып жүрді. Ал, аймақты билегендер Боғра хан атауын иемденді.
Сатұқ Боғра хан мемлекетті құрушы ғана емес,  түрік халықтарын Ислам дініне енгізуші ретінде де тарихта қалды. Рас, түрік халықтары 8-ғасырда-ақ ислам дініне ене бастады. Бірақ, оларды басқыншылар (алдымен араб Кутейба, артынан парсы Саманилер) көбіне күшпен, зорлықпен енгізді. Ал, Сатұқ Боғра хан халқын исламның шын прогресшіл қасиеттерін ашу арқылы енгізді. Ал, оның ұлы Мұса исламды қағанаттың мемлекеттік діні етіп жариялады.
Ел ішінде ислам нұр-шапағатын шашып, халықтың зор құрметіне ие болғандықтан да Сатұқ Боғра хан әулие атанған. Оның қабірі Құлжа қаласының маңындағы Атуш елді мекенінде.
Қарахандар әулетінің тарих алдындағы сіңірген үлкен еңбегінің бірі – ғылымның дамып, мемлекеттің гүлденуіне барынша жол ашқандығында. Сөйтіп, ислам ренессансына арабтармен, парсылармен бірге түркілер де сүбелі үлес қосты. Бұл жерде мынаны ескерген жөн. Түркілер арабтар жаулап алғанға дейін де адамзат өркениетіне көп үлес қосты.Мәселен, темірді қорытты, арбаны ойлап тапты, аттарды үйретті, биік мұнаралы қалалар салды т.б. Мұның бәрі ислам ренессансы Орталық Азияда, яғни, парсы және түркі жерлерінде айрықша дамуына негіз болды. Бұрын ғалымдар адамзат өркениеті негізінен үш өңірден: Ніл, Инд және Тигр мен Ефрат өзендерінің бойларынан бастау алған деп есептесе, енді оған төртіншісін – Әмудария мен Сырдария өзендерінің аймағын қосты.
Жібек жолының тоғыз торабына орналасқан Тараз қаласы да осы ислам өркениетіне ерекше үлес қосты. Оны әр жылдары жүргізілген қазба жұмыстары әбден дәлелдеді. Ол жұмыстар көне Таразда едені жылытылған монша, әр үйге тартылған су құбырлары болғанын көрсетті. Орта ғасырлардағы парсының ең ұлы ақындары:
«Мөп-мөлдір көздің қарасын,
Тараздан ғана табасың» немесе
«Балапандай сүйкімді арулары Тараздың,
Әдеп пен наздан жаратқан Тәңір оларды», – деп қаламыздың сұлуларын ғана жырламаған, билеушілерінің кісілігін, батырларының ерлігін, олар киген киімдерін, асынған қаруларын, ұстанған бұйымдарын да аузынның суы құрып жырлаған. Солардың бірі Тәбриздік Кәтран ақын:
Тараздағы шебер тіккен сән киімге малынған,
Гаухар сынды саусағында сақ-инасы лағылдан,
Асыл тасты белдігіне алмас қыл-ыш тағынған,
Тараздықты құрметтеңдер, жарылатын ағынан,– дейді. Құдай-ау, жатжұрттық ақынның біздің бабаларымыздың «ағынан жарылатындығын құрметтендер» деп жырға қосуы ғажайып емес пе? Демек, материалдық өркениеттің әлемдік деңгейіне көтеріле алған бабаларымыз рухани өркениеттің де  шыңына жеткен.
Оны Тараздың өзінде тумаса да іргесіндегі баласағұндық Жүсіптің араб, парсы тілдері үстем болып тұрғанда түркі тілінде «Құтты білік» кітабын жазуынан, Шығыс қағанаттың тағы бір тумасы Махмуд Қашғаридің «Түрік тілдерінің сөздігін» құрастыруынан айқын аңғарамыз. Оған қоса бұл дәуірде қаламыздан алпысқа тарта Тарази атанған ғалымдар шыққанын айтсақ та жеткілікті.
Сонымен, бұл дәуірдің басты ерекшелігі дін мен ғылым қатар дамыды, арбаның қос дөңгелегіндей қатар зулады. Бір-біріне кедергі келтірген жоқ, қайта бірін бірі демеді, толықтырды.
Өкінішке орай, бұл ұзаққа бармады. Бірте-бірте дін саясат құралына айнала бастады. Шах Махмуд Боғра хан дәл осы кезеңде өмір сүрді. Нақты айтқанда 1059-1075 жылдар аралығында Тараз және Испиджаб (Сайрам) аймағын биледі. Демек, Тараздың материалдық та, рухани да өркендеуі он алты жыл бойы оның басшылығымен жүзеге асты. Ол әділдігі үшін «Жинау қара хан» (Тоғрул қара хан) және «Мемлекеттің заң түзілімі» лақап аттарына ие болды. Бірақ, қағанаттағы үздіксіз таққа таласқан ағайындылардың бірін-бірі өлтіруі, сөйтіп жатқа жем болуы оған ұнамады. Он бірінші ғасырда дін басылары мен хандар, сұлтандар арасындағы қайшылықтар да күшейді. Нұр шапағаты мол исламда түрлі ағымдар көбейді. Алланың сөзін әрқайсысы әр жаққа тартып бұрмалады. Дін саясаттың құралына айналған соң-ақ, кертартпа жолға түсті. Бір Алладан басқаны мойындамайтын сопылық ілім дәл осы кезеңде күшейді. Сол ілімнің ықпалы болар Шах Махмуд Боғра хан қан төгуді мүлде қаламады. Ғалымдардың жазуы бойынша оның билігінің соңғы жылдарында Тараз аймағында қазақтарға "қара қытай" деп атайтын қидандар шабуыл жасайды. Тараз  түбінде болған қырғын соғыста адам қаны суша ағады. Талас өзені қып-қызыл болып, өлікке толып кетеді. Бұл жолы тараздықтар қидандарды жеңеді. Бірақ, жеңімпаз Шах Махмуд Боғра хан сол қаннан жиреніп, озбырлыққа, қан төгуге мәжбүрлейтін тақтан бас тартады. Сөйтіп жертөле қаздырып, қалған өмірін сонда Құдайға жалбарынумен өткізеді. Басқаша айтқанда, тақуалық өмірге көшеді. Өлген соң мүрдесіне ұрпақтары осы кесенені тұрғызып, әулие атап кетіпті. Шах Махмуд Боғра хан қарахандар әулетіндегі екінші әрі соңғы әулие.. 

Елен Әлімжан, жазушы-драматург, 
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Біздің белсенділеріміз
30 май 2022, Понедельник
Біздің белсенділеріміз
Парасат
26 октябрь 2021, Вторник
Парасат
Тарихтан тәбәрік
29 июль 2020, Среда
Тарихтан тәбәрік
АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ
20 март 2020, Пятница
АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры