Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ШЕРАҒАҢНЫҢ БҰЙЫМДАРЫ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

ШЕРАҒАҢНЫҢ БҰЙЫМДАРЫ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

13 октябрь 2022, Четверг
140
0






Қазақтар «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген аталы сөзді жиі айтады. Бұл да жайдан-жай емес. Расында, адамның мәңгілік ғұмыры өзі өткеннен кейін басталмақ. Тірісінде халыққа пайдалы адал еңбек етіп, жақсылық жасап, сауап алған болса, өзі дүниеден өтсе де, еңбегі ел аузында қалады. Халық оның атын асқақтатып, есімін ұлықтайды. Осындай мәңгілік ғұмырдың иесі – Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт руханиятының жанашыры болған Шерхан Мұртаза деп білеміз.
Биыл жазушының туғанына 90 жыл толып, ел болып айтулы күнді атап өтудеміз. Халқының адал перзентін ұлықтап, білім ордаларына атын беріп, Тараз қаласынан еңселі ескерткіш тұрғызылды. Талаптыдағы өзі тұрған үйі жаңғырып, әдеби-мемориалды музей ретінде ашылмақ. Жазушының шығармашылығы мен қайраткерлік қарымы кеңінен насихатталып, облыс көлемінде түрлі мәдени-көпшілік шаралар да ұйымдастырылды. Кітаптары жинақталып, қайта басылды. Жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарында көзін көрген, тәлімін алған тұлғалардың, зерт-теуші ғалымдардың мақалалары жарияланып, халыққа тарады. 
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы қайраткер жазушының мерейтойлық шараларының басы-қасында болды, десем қателесе қоймаспын.  
Биылғы жылдың мерекелік шаралары ең алдымен Шера-ғаның әруағына құран бағыштаумен, кейін оның ұрпақтарымен жүздесіп, алдағы бірлесе атқаратын жұмыстар жайлы пікірлесумен басталды. Бірлесіп атқарған жұмыстарымыздың нәтижесінде Шерхан Мұртазаның студент жылдарындағы хат алмасулары, күнделіктері негізінде «Ауылды, сені сағынам» атты екі томдық жинағы (жоғарыдағы суретте)жарық көрді. Бұл кітаптарды құрастырушыларға жазушының қызы Алма көп көмек көрсетті. Сондықтан да, оның осы мерейлі датаны өз деңгейінде атап өтілуіне қосқан үлесі айтарлықтай болды деп айта аламыз.
Бүгінде Алматы қаласында тұратын Шерхан Мұртазаның ұлы Батылжан мен қызы Алма Жамбыл өңіріндегі жақсы жаңалықтардан жақсы хабардар және олардың жерлестеріне ризалығы шексіз. Әсіресе, Әлижан Мұртазаның Талапты ауылындағы үйін мемлекет меншігіне беріп, ол жерден музейі ашылатынын естігенде ұлы мен қызы Шерхан Мұртазаның жеке пайдаланған заттарын біздің орталыққа тапсырып, үлкен игілікті іске бастамашы болды.
Руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиұлы мен орталықтың «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі ретінде осы жолдардың авторы Алма Мұртазамен әлденеше рет жолығуымызға, пікірлесіп, кеңесуімізге тура келді. Күні кеше Шерхан Мұртазаның киген костюмін, Техастан алып келген шляпасы мен мойын орамалын, өзі пайдаланған қол сағаттарын, марапаттары мен радиосын, ұялы телефонын (төменгі суретте) құнды жәдігер ретінде ұлы адамның ұлы мен қызының ризашылығымен орталығмыызға алып келдік.
Алынған әр заттың өз тарихы бар. Мәселен, костюм-шалбарды біздер сонау Шерхан Мұртаза республикалық телерадио коорпорациясының басшысы болып тұрғанында өзі жүргізген «Ұлт пен сана» бағдарламасында көре алғанбыз. Ал, кейініректе Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы, ұлт руханиятының өміршеңдігі жолында шырылдап шындықты бетке айтқан қайсарлығы үшін қудалауға ұшырап, телерадио коорпорациясының төрағасы лауазымынан кететін күнінде де дәл осы киімінде болғанын Алма қызы әсерлі әңгімелеп берді.
Америкадан келген мойын орамалын Шерағаң ковбойлар арасынан оза шауып, жеңіп алған. Ерте жастан ауылда ат құлағында ойнап өскен жазушы  америкалықтарды аттың үстінде жайдақ отырып, мәреге аттан құламай жалғыз жетіп таң қалдырған. Сол бір өнері үшін де тәнті болған америка жұрты құрмет белгісі ретінде нағыз ковбойдың мойнына салатын орамалын сыйға тартыпты.
Алма Мұртаза берген үш сағаттың бірін Шерхан Мұртазаға мемлекет және қоғам қайраткері әрі сыныптас досы Қаратай Тұрысов осыдан жиырма жыл бұрын сыйға беріпті. Ең қызығы – бұл сағат әлі күнге дейін Шерағаңның мәңгілік шығармашылық өміріндей тоқтамай жүріп тұр.
Сонымен қатар, жеке заттарымен бірге Шерхан Мұртазаның марапаттары да орталық қорына табысталды. Оның ішіндегі ең құндысы – I-дәрежелі «Барс» ордені. Қазақ шындығының шырақшысы, ақиқаттың алдаспаны атанған ұлы тұлғаға бұл орден 2012 жылы табысталған екен. Түрксойдың түркі әлемінің әдебиетіне қосқан үлесі үшін берген "Құрмет" белгісі де марапаттар тізбегін жалғап, Шерағаның мәртебесін асқақтата түскендей. 
Марапаттар туралы айтқанда, Шерхан Мұртазаның өте қарапайымдығын бір мысалмен ғана көрсетуге болады деп ой түйдім. Ғұмыр бойы алған марапаттарын, атақ-даңқын айтып, мақтанға берілмейтінін Шерағаңа халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын 1996 жылы алғашқылардың қатарында Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын қазақша "сөйлеткені" үшін берілгенін мұндаға дейін ешкім білмеген екен. Ал, құжаты мен төсбелгісі жазушының өз үйінде сақталыпты. Бұны да Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы аясында өзіміз үшін ашқан шағын жаңалық болды деп есептейміз.
Сондай-ақ, өзінің көзілдірігі, фотоаппараты, бильярд ойнағанда киген қолғабы мен киі, тақиясы, қамшысы да күні ертең ашылатын әдеби-мемориалдың музейінен орын алады. Бұл заттарды ауылдағы ағайын, Шерағаңның аса сүйікті немерелері - Жако (Жалғас), Илико (Ильяс) мен Зико (Зиба) атасының көзіндей сақтап, орталыққа өткен жылы табыстаған.
Бір сөзбен айтқанда, жазушының өлмес әдеби шығармашылық мұрасымен қатар ол кісінің қолданған бұйымдары, пайдаланған заттары да ендігі жерде елініің игілігіне айналарына біз бек сенімдіміз. Осы бір игілікті шаруаның бір шетінде жүргенімізе шүкіршілік етеміз. 

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Шерхан Мұртаза атындағы руханият 
және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі.


Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

ШЕРАҒАҢ АУЫЛҒА КЕЛГЕНДЕ
29 сентябрь 2022, Четверг
ШЕРАҒАҢ АУЫЛҒА КЕЛГЕНДЕ
Парасат
26 октябрь 2021, Вторник
Парасат
Алаш арыстары
19 март 2021, Пятница
Алаш арыстары
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры