ШЕРАҒАҢ АУЫЛҒА КЕЛГЕНДЕ
Әкеміз Болатбек туған бауыры журналист-жазушы Мақұлбек Рысдәулет арқылы қазақтың біраз беткеұстар ақын-жазушы, қоғам қайраткерлері, ел-жұртқа аты мәшһүр тұлғалармен танысып, сұхбаттасқаны, дастархандас болғаны жайында қызықты да үлгі аларлық әңгімені бізге күні бүгінге дейін жалықпай әңгімелеп отырады.
Жуалының Мыңбұлағынан шыққан даңқты Шерхан Мұртаза туралы айтқандарын тебіренбей тыңдау мүмкін емес.
Шерағаң тұсында шыны керек жоғарылы-төменді билік басына ұлттық рухтан жұрдай ұрпақ келе бастады. Сол кезеңде ұлттық рухты қазақ тілді баспасөз ұстап тұрды. Көкейіндегісін айта алатын ондай басылымдарды жұрт іздеп жүріп оқыды. «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» газеттерін, «Жалын», «Жұлдыз» журналдарын басқарған кезінде Шерағаң дарынсыз сарашылар сияқты емес, осы басылымдардың барлығын шығармашылық тұрғыдан халыққа көп жақындатты. "Социалистік Қазақстанды" Тәуелсіздік талаптарына сәйкес «Егемен Қазақстан» етіп өзгертті.
Өзіміз де құралақан емес едік, Шерағаңның «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Бұлтсыз найзағай», «Қара маржан» романы (соңғысына Мемлекеттік сыйлық алды) мен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қоғам қайраткері, көсемсөзші Камал Смаиловпен жазысқан хаттарын және қазақтың маңдайына біткен ардақты перзенті Тұрар Рысқұлов туралы жазған «Қызыл жебе» атты 5 томдық кітабін оқып өстік, жетілдік.
Ал, енді әкеме келер болсам, Бақалы ауылының ел ағасы болып 25 жыл, Көкбастау ауылдық округы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып 21 жыл қоғамдық қызмет атқару барысында жуалылық тұлғалардың бірі, текті, біртуар ұлы Шерхан Мұртазаның 60, 70, 75, 80, 85 жылдық тойларына шақырумен ардагерлерді бастап барып, қатысып жүрді.
Болатбек әкем әр әңгімесінде мына жағдайларға басымдық беріп отырады. Шерағаң Парламентке 3 рет депутат болып сайланған. Парламент десе, өр дауысты халық қалаулысы Шерхан Мұртаза есімін еске алып отырамыз.
"Заман сөзін кім айта алады?" десе, ұлт намысын жыртып, найзағайдай жарқылдайтын Шерағаң көз алдымызға келеді.
Шерағаңның сол кездегі Премьер Министр қызметін атқарған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жазған хатын да көбіміз біле бермейміз. «Сіздің өз басыңыздың періштедей таза екеніне күмәнім де жоқ. Айналаңызға сақ болыңыз. Алдағы уақытта да осы бағытыңыздан таймаңыз» деген ағалық ақ тілегін арнаған екен. Не деген көрегендік!
Жазушы-депутаттың хатына «Барша Қазақстан халқының ортақ арманы – Отанымыздың қуатты, тұрмысы оңды, мемлекетіміздің абыройы биік болуы ғой. Мақалаңызда ел тағдыры, оның болашағы жайлы қозғаған тың пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз мені де ойға қалдырғанын жасырмаймын. Оларды негізінен оң бағалаймын, мүмкіндігінше Үкімет істерінде ескеретінімді де білдіргім келеді», – деп жауап қайтарыпты Қасым-Жомарт Кемелұлы. Дәл сол кезде одан басқа не дей қойсын. Шырылдап айтқан шындықтың сеңі отыз жылдай өткенде барып қозғалатынын дәл сол мезетте Шерхан Мұртаза да, Қасым-Жомарт Тоқаев та біле қойды дейсің бе?!
Биыл туғанына 90 жыл толып отырған Шерағаңның сүйікті Отаны алдындағы қарызы мен парызын адал атқарған өнегесінің өзі өміршең. Мұраны ұрпақтар санасында жаңғырту киелі парызымыз деп есептейміз.
"Әкемізбен дидарласып, сырласып тұру өміріміздің ең бір қызық та қимас сәттері" десем, аса қателесе қоймаспын. Әкеміз Болатбек Қайыпбекұлы – ұзақ жылдар бойы қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген, мектеп директоры болған қазыналы қария. Сәті түскенде 2002 жылы қазақтың біртуар азаматы Шерхан Мұртазамен кездескенде көңіліне түйгенін және екеуара сұхбатын қызықты әңгімеге арқау етті.
—Тамыз айының бас кезі еді, - деп бастады әкем әңгімесін. —Шерхан Мұртазаны Таразда тұратын бауырым қонаққа шақырып, үйіне ертіп келу ауылымыз аралас болғасын маған жүктелді. Таңертеңмен Талапты ауылын бетке алдық.
Шерағаң бұл кезде інісі Батырханның үйінде кезекті еңбек демалысында екен. Алатау жағынан машинамен төмендеп келеміз. Үйге беттей бергенде ауладағы тапшанда маңдайы кереқарыс Шерағаң ауылдастарымен сөйлесіп отырғанын бірден аңғардым. Қасында – мен танитын қарт ұстаз Дүйсенбай Шоңғаров, бауыры Батырхан және сол ауылдың бір азаматы.
Көп кешікпей Мыңбұлақтың сары салқын қымызы келтіріліп, ол сапырылып құйылып, бізге ұсынды. Баппен әзірленген қымыз ішкен сайын таңдайыңнан дәмі кетпестей әсер қалдырды. Шамалы уақыттан соң дастарханға дәм қайырып, үй – ішімен қоштасып, жолға шықтық.
Машина ескі Орақ-Балға ауылының жұртын бетке алып, Шерағаң өзі төсеткен тақтайдай тегіс жолмен зулап келеміз. Шерағаңды сөзге тарттым.
—Аға, мына Мыңбұлақта демалысты қалай өткізіп жатырсыз?
—Шүкір, туған ауыл топырағына келгелі де біраз күндердің жүзі болып қалды. Таңертеңнен тұрамын, немереміз екеуміз ерттеулі екі атқа мініп, күншығысқа Шонқараға қарай 5 – 6 шақырым, келесі күні Сіздің Бақалы ауылына қарай атпен желе жортып серуен жасап, таза таңғы самал ауамен тыныстап, сергіп қайтамын. Күнде бағытты өзгертемін. Осының өзі ағзалар мен тән саушылығына оңды әсер беретіндей. Мына орылып жатқан егінжай, шабындық, таудан құлап ағып жатқан Ақсай мен Көксайдың мөлдір, кәусар тау суы не деген керемет табиғат сыйы десеңізші! Осының өзі кісіні жасартады, көңіліңді көтеріп, тасытады емес пе? – деп айналаға көз тастады.
Әңгімемен Көлбастау, Бауыржан Момышұлы ауылдарын айналып өтіп, Ташкент – Алматы даңғылына түсіп, Таразды бетке алғанда, жүріс жылдамдай түсті.
—Шераға, Сіз бізбен 1999 жылы Мәжіліс депутаттығына дауысқа түсерде кездесуде: «Мына Теріс қасиетті өзен. Өзеннің дені батысқа, солтүстікке қарай ағады. Шығысқа қарай ағатын өзен өте сирек. Мына Теріс шығысқа қарай ағып жатыр, бұл теріс аққан өзен болғандықтан бұны бабаларымыз Теріс деп атаған» деген сөзіңіз естен кетпейді, - дедім тағы бір әңгіменің шетін шығарып. – Бұдан біраз бұрын геолог – тарихшы Әділхан Байбатша осы біздің Жуалы, оның өзендері, тау-тасы, табиғаты, Теріс, Күйік, Мыңбұлақ, Құлан, Қаратау, Алатау туралы ғылыми үлкен еңбек жазды. Пікірлері орынды сияқты...
—Иә, ол – геолог, ғалым жігіт, көп біледі, жақсы жазды және дұрыс жазды. Туған, өскен жердің тарихын білу – парыз. Сонымен бірге, оның топырағының құнарлылығын сақтай білу керек, - деп әңгімесін басқа арнаға бұрды. – Мен бір топырақтанушы ғалымның кітабын оқығаным бар. Алтай тауын бір күні ерекше қою қара бұлт жапсын. «Бұл қандай бұлт?» - деп жұрт таңырқап, түсіне алмай тұрғанда әлгі бұлтыңыз аспаннан қара топырақ болып жауған. Ғалым кейін білгеніндей Карск теңізінен көтерілетін (Солтүстік мұзды мұхит) қатты, ызғарлы жел тың өлкесінің топырағының құнарын суырып, шыр айналдыра әуеге көтеріп, оны Алтай тауына жаудырған екен. Ал, әлгі аспанға ұшқан гумус(қарашірік) енді 100 жылда барып қайта қалпына келеді. Табиғат тепе – теңдігін сақтау дегеніңіз – өмірді сақтау!
Күйік асуынан өтіп бара жатып, оның осылай аталу тарихы, Айша бибі, Аса, Шөлдала атауы қайдан шыққаны туралы мол мағлұматтар айтқанда, жазушының туған жер тарихын жақсы білетіндігіне көзім жетті.
Шерағаң Айша бибі ауылына таянғанда үлкен даңғылдың екі шетіндегі егілген талдардың өртенгенін көріп, қатты қапаланды.
—Бұл не деген көрсоқырлық, ауаны тазартып, табиғатқа корек беріп, тіршілікке сая болып тұрған талдарды өртеп жіберу – аса қатыгездік. Бұл талдар енді көктеп, енді дәл осындай болып өскенше қанша уақыт керек болады! – деп бас шайқап, аса бір көңіл құлазытарлықтай реніш байқатты, осы жүрекке жететін сөзі арқылы тұлғаның табиғат жанашыры екенін аңғардым.
Көп ұзамай шақырған үйге де келіп жеттік. Аға отбасымен ағалық мейір - шапағатты көңіл-күймен қауышып, аман – саулық сұрасып жатты.
Шерағаңнан өзге үлкен ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахмет, жазушы-драматург Елен Әлімжан, облыстық мәслихат депутаты Еркінбек Солтыбаев араларында 3 - 4 сағат ауқымында ел, отан, халық, ынтымақ, бірлік, ғылым, өнер туралы көп әңгіме айтылып, «Таза, білімді адамдармен сұхбаттас бол» деп Мұхаммед(с.ғ.с) пайғамбардың айтқанындай, мәңгі есте қалар сұхбат болды.
Осы басқосуда Шерағаңның Жуалыда, Теріс –Ащыбұлақтағы оқушылар лагерінде 1992 жылы аталып өткен 60 жылдық тойы туралы еске түсіргенде, Шерағаң:
— Ол той мына отырған, сол кезде ауданның әкімі болған Еркінбектің арқасында соншама ұлан - асыр, есте қаларлық боп өтті, алғыс пен рахметті осы Ерекеңе айталық, - деді.
Қайраткер жазушымен ескерткіш болсын деп бірнеше рет суретке түстік. Ол кісі аса бір ризашылық сезімде көңілді отырды. Қайтар сәтінде әрқайсымызбен мұсылманша төс түйістіріп, жүрегімізге нұр құйып аттанды, – деп сөзін аяқтады асыл әке.
Қазақтың ұяты мен абыройы бола білген даңғайыр жазушы, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты болған Шерағаңның халқына бергені мол екенін әкейдің ұзақ толғаған әңгімесінен танып-білгендей болдық. Арыстандай айбатты, жолбарыстай жүректі азаматтың туғанына 90 жыл толуы алдында бізге қалам ұстатқан осы әңгіме еді.
«Бұл өткелі мен өтпелісі көп ғажайып өмірден абыройлы боп өткеннен артық бақыт жоқ» - деп Әбдісағит Тәттіғұлұлы айтқандай, қалың қазақтың қадірлісі Шерхан Мұртазаның 90 жылдық тойын жерлестері зор ықыласпен атап өтуде. Халық сыйлап, төбесіне көтерген Шерхан Мұртаза қашанда елімен бірге, оның өлмес мұрасы ұрпаққа қызмет етуде. Той тойға ұлассын! Рухы пейіште шалқысын!
Найкен ҚАЙЫПБЕКОВА,
Жамбыл политехникалық жоғары
колледжінің оқытушысы.
Тараз қаласы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)