Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Д.ҚОНАЕВ ЕСКЕРТКІШІН ТҰРҒЫЗУ – ХАЛЫҚТЫҚ ҚҰРЛЫСҚА АЙНАЛДЫ

Д.ҚОНАЕВ ЕСКЕРТКІШІН ТҰРҒЫЗУ – ХАЛЫҚТЫҚ ҚҰРЛЫСҚА АЙНАЛДЫ

11 август 2022, Четверг
131
0
Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде хабарланып жатқанындай, үстіміздегі жылдың 13 тамызы күні аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик Дінмұхамед Қонаевқа тарихи Тараз төрінен қоладан құйылған еңселі ескерткіштің ашылу рәсімі өтіп, ұлы тұлғаның туғанына 110 жыл толу мерейтойына арналған салтанатты жиналыс өтеді. Кісілік пен кішілікті, парасат пен пайымды, адалдық пен тазалақты, білімпаздық пен кемеңгерлікті бір басына сыйғызған асыл азаматқа деген бүкілхалықтық сүйіспеншіліктің белгісі болар, оның Қазақстан халқына, ұлтына сіңірген орасан зор еңбегінің өтеуі деп есептеуге тура келер, осы еңселі ескерткішті Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесінің бастамасымен соңғы бір жарым жылда тұрғызуға қол жетті. Қазіргі қымбатшылық жайлаған заманда асыл металдан ауқымды ескерткішті тұрғызу оңайға соққан жоқ. Қонаев қорының ұйымдастыруымен Әулиеата жұртшылығы осы бір сауапты іске бір кісідей жұмылып кетті. "Көз – қорқақ, қол  – батыр" дегендей, басында қоладан ескерткіш тұрғызу қол жетпестей қиын шаруа болып көрінгені рас еді. 
Осы шаруа қалай басталды, қалай жүзеге асты, игілікті істің басы-қасында кімдер жүрді? 
Маңызды оқиға алдында осы және басқа да сұрақтарды Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Әлімбек Жұмабаевқа, қордың облыстық бөлімшесінің атқарушы директоры Қибат Асқарбековке және атқарылған қыруар шаруалардың басы-қасында жүрген облыстық бөлімшенің кеңесшісі Жапар  Күздеубековке қойған болатынбыз.  


ТІЛШІ: Әлімбек Әсембекұлы, алғашқы сұрақты өзіңізден бастауды жөн көріп отырмын. Дінмұхамед Қонаев сияқты ұлы тұлғаның әруағын әспеттеудегі, ол кісінің тарихи еңбегін, ұлы мұрасын насихаттаудағы сіздің атқарып жүрген еңбегіңізді ел біледі. Анау Ақкөл ауылындағы Димекеңе қойылған еңселі ескерткіште де сіздің қолтаңбаңыз бар. Осы індетке дейін жыл сайын еркін күрестен Д.Қонаев атындағы жүлде үшін халықаралық жарыс ұйымдастырып жүргеніңізді де жақсы білеміз. Қордың облыстық бөлімшесін басқарып отырсыз, Қонаевқа арналған кітаптар шығаруға да атсалысып жүрсіз, енді ең соңында мына қордың атынан Дінмұхамед Қонаевқа  еңселі ескерткіш орнатудың басы-қасында да өзіңіз жүрсіз... 
Әлімбек ЖҰМАБАЕВ: Шынын айтсам, Дінмұхамед Ахметұлына Тараздан еңселі ескерткіш орнату мәселесі бұрыннан ойда жүретін, жалғыз менің ғана емес, көптің тілегі солай еді. Менің алдымда облыстық қордың төрағасы болған Амангелді Кәрентаев ағамыз да зиялы қауым, ардагерлер бас қосқан жиындарда осы мәселені көтеріп жүретін.   Бұл мәселенің жай-жапсарын менің әріптестерім алда айта жатар. Ал, ескерткіштің тұрғызылу мәселесіне келсем, "бұның өзі халықтық құрылысқа айналды" десем артық айтқандық болмас. Біз бастама көтердік, одан кейін халық жұмылып кетті. 
Д.Қонаевқа ескерткіш тұрғызу жөнінде өткен жылдың жазында бастама көтердік. Қор мүшелері халықтың арасында кеңінен жұмыс жұргізді. Әрине, қаражат жинау оңай болмады. Дегенмен, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар қатардан қалған жоқ, қол ұшын беріп жатты. 
Жалпы, Тараз қаласындағы Қонаев көшесінің бойындағы скверден Димекеңе қоладан ескерткіш орнату 49 миллион  теңгеге бағаланды. Ашық конкурс өткізіп, хабарландыруымызды "Егемен Қазақстан" газетінде жарияладық, әлеуметтік желілерге салдық. Д.Қонаевтың қола мүсінін жасауға 30-дан астам үміткер қатысты. Соның ішінен алматылық жас сәулетшілер Дулат Үсенбаев пен Қанат Бегулиевтің туындысы таңдалып алынды. Осы азаматтар бір жылдың көлемінде еңселі ескерткішті дайын етті, жақында қола мүсінді тұғырына қондырдық. Амандық болса, 13 тамыз күні ақ жамылғысы сыпырылып, Димекеңнің бейнесі халықпен қауышатын болады.
ТІЛШІ: Келесі сұрақ сізге Қибат Тілеуқұлұлы, Д.Қонаевтың туғанына 110 жыл толу мерейтойына орай ескерткіш тұрғызу мәселесінің қалай шешімін тапқаны туралы баяндап берсеңіз? 
Қибат АСҚАРБЕКОВ: Жоғарыда айтылды, ұлы тұлғаға ескерткіш тұрғызу жөнінде талай мінберлерден айтылып жүрді ғой. Енді соның нақты іске асырылуы жайында айтайын. Өткен жылдың жазы болуы керек, арасында өзіңіз де бар, бір топ азаматтар сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа хат жазу жөнінде бір байламға келдік. Әдемілеп хаттың мәтінің дайындадық, ол хатқа қол қоятын азаматтарды көп болып ойластырдық. Жасы 90-нан асқан абыз қариямыз, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ардагер журналист Баттал Жаңабаев бірінші болып бұл бастамамызды қолдап, хатқа қол қойып берді. Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров те мұндай игілікті бастамадан шет қала алмайтынын көрсетті. Толық есімде жоқ, облысқа белгілі 20-шақты ардақты азаматымыз біздің ұсынысымызды қолдады. Сөйтіп, дайын болған хаттың мәтінін облыс әкіміне жеткізуді сол тұста облыс әкімі аппатының басшысы қызметін атқарып жүрген елжанды азаматымыз Қанатбек Қайшыбекұлы Мәдібекке аманаттадық. Ол кісі бюрократиялық бұралаңға салмай, бірден Бердібек Мәшбекұлына жеткізді. 
Мұның бәрін тәтпіштеп не үшін айтып отырмын? Димекеңді туған халқы соншалықты жақсы көріп, еңбегін елеп, әруағын әспеттегенмен, ол тұста біздің билік тарапынан ол кісінің тарихи мұрасына деген салқын көзқарас болғандығын несіне жасырамыз. Обалы не керек, Бердібек Мәшбекұлы елдің бұл тілегін қолдады, тиісті басқармаларға тапсырмалар берді, біз болсақ сол басқармалармен байланыс орнатып, жұмыстың жүйелі жүруіне ықпал етіп отырдық. Облыс әкімі қол қойған қағаздың бір суырмада жатып қалуы да ғажап емес қой. Сөздің қысқасы, қадағалап отырдық. 
Ескерткішті орнату жөнінде Астанадан тиісті министрліктен рұқсат қағаз келгенше бұл мәселе біздің назарымызда болды. Құжаттардың барлығы дайын болғаннан  кейін, облыстық қордың жанынан арнайы комиссия құрдық, ескерткішті мүсіндеуге ашық конкурс жарияладық, оның жай жапсары жоғарыда айтылды. 
Біздің есебіміз бойыншы 49 миллион теңгеге ескерткіш сомдалып, 25 миллион теңгеге тұғыртасы орнатылатын болды. Ендігі міндет – осы қаржыны қордың есебіне жинақтау болды.
Қорға елдің "мен" деген азаматтарын жинадық, кәсіппен айналысып жүрген қалталы жігіттерге хат жолдадық. "Көп түкірсе – көл" деген, халық жабылып кетіп еді, нәтиже жаман болған жоқ. Бірақ, мойындауымыз керек, уақытты біраз созып алдық. Бастапқы жоспарымыз Димекеңнің туған күніне – 12 қаңтарға бәрін дайын етеміз дегенбіз ғой. Оған үлгере алмадық. Оның үстіне қаңтардағы атышулы оқиғалар да өзінің кері әсерін тигізді. Шынын айтқанда жұмыстың кешеуілдеуінің бізге пайдалы жақтарыда болды.  
ТІЛШІ: Ол қандай жағдай, нақтылай кетсеңіз?
Қибат АСҚАРБЕКОВ: Өздеріңіз білесіздер, сол екі аралықта "қанды қаңтар" оқиғасы болды, өткен 30 жылдағы көптеген жағдайларға көзқарас өзгерді, биліктің қоябасы ашылды, соның ішінде Дінмұхамед Қонаевтың тарихи еңбегіне деген жаңа көзқарас қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында  Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан тарихындағы еңбегін айрықша атай отырып, ол кісінің есімін Қапшағай қаласына беру туралы мәселе көтерді. Тәуелсіздік тарихында, сөйтіп Димекеңнің аяулы есімі ең жоғары саяси билік тарапынан өзінің лайықты бағасын алды.
Ендігі жерде әншейінде Д.Қонаевтың аты аталса, қаша жөнелетін әкімқараларға "жасыл көше" ашылды. Біз де бұрынғыдай бүгежектемей, шаруамызды биліктің алдында батыл айтатын жағдайға жеттік.
ТІЛШІ: Жапар Күздеубекұлы, Сіз  Д.Қонаевқа ескерткіш тұрғызу жөнінде бастама көтерілген алғашқы күннен осы шаруаның басы-қасында шапқылып жүрсіз. Қаржы жинаудың оңай емес екенін біз жақсы білеміз. Осы жайында байыптап әңгімелеп берсеңіз деген тілегіміз бар. 
Жапар КҮЗДЕУБЕКОВ: Әрине, бастама көтерумен, жиылып алып ақыл-кеңес жасаумен шаруа бітпейді. Біз өзі қазақ әңгімеге құмарлау халықпыз ғой. Күні бойы осы қорда отырамын, келген-кеткен адамдармен әңгіме-сұхбат құрамын.  Еңбегімен елге танылып жүрген сөзі өтімді азаматтарға телефон шаламын. Сонда байқағаным, Дінмұхамед Ахметұлына деген елдің алабөтен пейілінің кеңдігі, сүйіспеншілігінің зор екендігі, ықыласының  айрықшалығы болды. 
Міне,  бүгінде ескерткіш тұрғызылды, маңайы көріктендірілді. Көріктендірілді дегеннен шығады, осы жұмыс басталған кезде жекелеген пысықайлар әлеуметтік желіде біздің осынау игілікті тіршілігімізге "шабуылға" шықты. Жазасын  бір  Алла  берер олардың, бірақ сол әлеуметтік желілерде оларды адамдардың өзі оңдырмады. Сонда ол "блогерсымақтардың" айтатыны не? "Не айтасың, Д.Қонаевтың ескерткішіне бюджеттен 30 миллион ақша бөлініпті, оған ескерткіштің маңайында көріктендіру жұмыстары жүріп жатыр екен". Сонда қоятын кінәсі осы. Қойылса, Қонаев сияқты ұлы тұлғаға халықтан жиналған 50 миллион теңгеге ескерткіш сомдалды. Қала бюджетінен 34 миллион теңге қаржы бөлінсе, сол қаланың көркіне көрік қосатын жаңа сквер пайдалануға берілді. Күні ертең осы ескерткіштің маңайына жастар келіп серуен құрады, тұрғындар отырып, саялы бақта бір мезгіл демалады. Біздің қысқа ойлайтын "ақылмандарымыз" осы жағын байыптады ма екен?! 
Жарайды, бұл – басқа әңгіме. Ендігі жерде, қаржының жиналуына келер болсақ, азды-көпті ниет білдірген бүкіл әулиаталықтарға ризашылығымыз шексіз. 50 миллионнан аса теңге жиналды деп жоғары да айттым, қордың есепшотына азды-көпті 460 адам өз үлестерін теңгелей қосыпты. Қонаевтың ескерткішін тұрғызуды осыдан кейін халықтық құрылыс демей көріңіз. Мынаны қараңыз, бір мың теңгесін әкелген қарапайым қалалыққа қалай риза болмассың?   Атын атамай-ақ қояйын, бір азамат қорға келіп: "Азырқанбаңыздар, ұлы адамның шапағаты тисін деп, бала-шағамының аузынан жырып, үш мың теңге әкелдім. Қабыл алыңыздар!" дегенде толқып кеттік. Бұл – ұлы Димекеңе деген елінің құрметі. Ал, енді бір миллион теңгеден  бастап жеті миллион теңгеге дейін қаржы құйған азаматтарға Алланың нұры жаусын! Мәселен, Марат Сапарұлы Рахманбердиев деген азаматымыз жеті миллион теңге қаржы аударды, Мәмед Добрышев деген түрік бауырымыз екі миллион, Жаңабек Сұлтанбеков қария 1,2 миллион, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, кәсіпкерлер Алтынбек Садырбаев, Талғат Нұралиев, Досымұхан Аралбаев, Ерболат Саурықов, Мәди Болысбеков, Талғат Жолтаев, Тайбалис Нұралиев, Байқошқаровтар әулеті, басқа да көптеген азаматтарымыз бір миллион теңгеден қаржы салды. Күні кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жерлесіміз Бекболат Орынбеков атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, ортақ іске өзінің лайықты үлесін қосты. Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібектің де қолдауы аз болмады. Сондай-ақ, Талас ауданындағы Ойық, Бөлтірік, Аққұм, Сейілбек ауылдарынан жанашырлық танытқан ағайындарға ризашылығымыз шексіз. Өздеріңіз түсініп отырсыздар, 50 миллиион теңге деген аз  ақша емес. Қомақты қаржыны халық иығымен көтерді. Бүгін, барлық жұмыс аяқталып, қазақ деген халықтың маңдайына біткен бәйтерегі, асыл азаматы Дінмұхамед Қонаевтай қайраткер тұлғаға еңселі ескерткіш тұрғызылған сәтте осынау үлкен шаруаға үлес қосқандардың бәріне ризашылығымызды айтқымыз келеді.
ТІЛШІ: Ризашылық дегеннен шығады, біраз мәселенің бетін қайырған сияқтымыз. Дегенмен, Қибат Тілеуқұлұлы, айтыңызшы, қыруар тіршілік атқарылды, басы-қасында жүрдіңіздер. Бұндайда жиналған қаржыдан бөлек ел азаматтарының қолдау көмегінің де, сөз жәрдемінің де қанаттандыратыны рас қой. Осы орайда не айтар едіңіз?
Қибат АСҚАРБЕКОВ:  Рас айтасыз, мен айтар едім, бұл ұлағатты жұмыс ең алдымен көптің батасымен бітті. Ең алдымен ғасырға жуық жасаған абыз қариямыз Баттал Жаңабаевтың батасын алдық. Бұрынғы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзі келіп, қорға бас сұғып. жұмыс жоспарымызбен  таныстты. Қолынан келгенше, қолдау көрсететінін айтты.  Ал, енді облысымыздың жаңа әкімі Нұржан Нұржігітов тағайындалғанынан көп уақыт өтпей қорға арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыстың барысымен танысты. Тиісті тұлғаларға тапсырмасын берді. Ескерткіштің ашылу салтанатын жоғары деңгейде өткізуге қолдау көрсететінін білдірді. Бұл енді билік тарапынан біздің сезінген шарапатымыз. Облысымыздың қадірменді ақсақалдарының жұмысымызға үнемі қолдау көрсетіп отырғандарын айтуға тиістімін. Облыстың Құрметті азаматтары Амангелді Карентаев, Сембек Сейдәзімов, Қайрат Шотпақов, басқа да көптеген жанашыр қариялардың үнемі ақыл-кеңесін, қолдауын естіп отырдық. Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеевтің осы жұмыстағы жанашырлығы өз алдына бөлек әңгіме. 
Бір сөзбен айтқанда, үлкен тіршілік атқарылды. Тарихта ізі қалар іс бітті. Сондықтан не айтамыз? Д.Қонаевтай тұғырлы тұлғаның еңселі ескерткішінің қаламыздан бой көтергені, ол – жүздеген, мыңдаған тараздықтардың, әулиататықтардыың ортақ қуанышы. 
Ортақ қуаныш құтты болсын!
ТІЛШІ: Әңгімелеріңізге рахмет! Пай-далы, келелі қоғамдық қызметтеріңізге табыс тілеймін!

Сұхбатты жүргізген Жаңабай МИЛЛИОНОВ,
"ҒҰМЫР-ДАРИЯ".
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры