Мен әкемді еске аламын

Менің әкем Қожаназаров Ерғали 1915 жылы қазіргі Қызылорда облысы Қазалы ауданы Майлыбас ауылдық кеңесінде кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Қожаназаров Ерғали 5 жасында жетім қалып, ағасы Нұрғали мен жеңгесінің тәрбиесінде болады. Бірақ, Кеңес үкіметін орнату кезіндегі қақтығыстар кезінде ағасы қаза тауып, жеңгесі әкемді балалар үйіне өткізіп, балалық шағын балалар үйінде өткізеді. Әкем еңбектегі өмір жолын 1934 жылы Қазалы аудандық балалар үйінің тәрбиешісі болудан бастайды. Сол жылдың желтоқсан айында Қазалы ауданындағы Көларық жеті жылдық мектебінің оқу меңгерушісі, Ғ. Мұратбаев атындағы колхоздың Калинин атындағы бастауыш мектебінің меңгерушісі болып ұстаздық кәсібін жалғастырады. 1940 жылдың ақпан айында Қызыл әскер қатарына шақырылып Белорус КСР-дағы 298-ші арнайы Зенит артдивизионындағы әскери борышын өтеуді бастайды. Соғыс әкемді 1941 жылы 22 маусымда Брест қаласында әскери борышын өтеу кезінде қарсы алды. Гвардия ефрейторы Қожаназаров Ерғали Соғыс жылдарында Батыс, Брянск, Орталық және 1-ші Белорусс майдандары құрамында Орел, Сталинград, Курск, Брянск, Сумск, Речица, Брест, Познань, Варшава, Берлин және т.б. қалаларды азат ету үшін болған ұрыстарға қатысқан. Зенитті-Артиллериялы Гвардиялы Полкында батарея командирінің орынбасары-наводчик ретінде жаудың 13 ұшағын, 5 жауынгері мен офицерін жойған. Майданда көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «ІІІ-ші дәрежелі Даңқ ордені», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинград қаласын азат еткені үшін» «Варшава қаласын азат еткені үшін», «Берлин қаласын алғаны үшін» медальдарымен және одан басқа Бас қолбасшылықтан 8 рет алғыс хатпен марапатталған. Майдан шебінде көрсеткен ерліктері үшін және өзінің өтініші негізінде 1943 жылдың сәуірінде Коммунистік Партия қатарына қабылданды. 1945 жылдың қараша айында елге оралған.
Соғыстан кейін әкем Қожаназаров Ерғали бейбіт өмірге араласты. 1946-1948 жылдар аралығында Қазалы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды. 1948-1956 жылдар аралығында Қазалы аудандық атқару комитетінде жоспарлау бөлімінің бастығы болды. 1956 жылы КОКП ОК мен Министрлер Кеңесінің 25.03.1955 жылғы №577 қаулысына сәйкес Энгельс атындағы колхозға 30 мыңдықтар құрамында төраға болып жіберілді. 1960 жылдан зейнеткерлікке шыққанша Қазалы автобазасында мамандар жөніндегі аға инспектор болып қызмет атқарды. Көп жылғы еңбегі ескеріліп, әкем дербес зейнеткер ретінде құрметті демалысқа шықты.
Әкемнің бейбіт өмірде де ұрпақ тәрбиесіне атсалысуын үзген жоқ. Мектептердегі, комсомол ұйымдарындағы кештерде соғыс даласында көрген қиындықтарын, жолдастарының көрсеткен ерлігін, бейбіт өмірдің құндылығын айтып, ұрпақ тәрбиесін салауатты қалыптастыру жайында көп еңбек сіңірді. Ал неміс басқыншыларының көрсеткен азабын ешқашанда айтқан емес. Ол кісінің соғыс жайлы естеліктерінде де соғыс кезіндегі бейбіт өмір, тыныштық кезеңі айтылатын. Сондай бір әңгімесі былай суреттелетін: Белоруссия жері қара топырақты болып келеді, сәл жаңбыр жауса жер лайсаң, батпаққа айналады. Ауыр техника түгілі адамдардың өзінің жүріп-тұруы, қозғалуы өте қиын болады. Солдаттардың шинелін су басып, қажыр-қайрат азайғанда тамақ ішіп әлденбесе тіпті жүре алмай қалады. Сондай бір кезде Белоруссия жерінде бір үзім нан таба алмай қиналады. Жергілікті тұрғындар нан орнына картоп жеп дағдыланған екен. Картоп өте көп. Оны жегенмен адамға күш бермейді екен. Сол кезде бір үйдің ұрасынан көп бидай табылып солдаттар қатты қуанады. Бірақ оны диірменге тартып, ұнын илеп, пісіріп отыратын уақыт қайда. Қап деп командирі қиналып отырғанда әкем Ерғали дереу бір қазан тауып, бидайды тұз қосып қуырып береді. Соны жеп әлденген солдаттар қуанса, командирі алғыс айтып, мұндайды қайдан білуші едің,-деп сұрайды. Бұл біздің ұлттық тағам ғой деп жауап бергенмін деген екен. Соғыстағы майдандас достарымен де араласып тұруды ұмытқан жоқ. Олар Меңеев Төлепбай, Әуесбаев Ахмет, Қабақбаев Раманқұл және т.б.
Әкем Ерғали мен бірге қазақтың бірнеше зиялы қауымы әскер қатарында болды. Олардың ішінде соғыстан кейін ҚазақССР білім министрі болған Кенжалы Айманов, Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы Бақи Бакиров, аудандық партия комитетінің хатшысы болған Әнапия Ұзақбаев, қазақтың сауатты жігіттерінің қатарында ағарту саласының маманы Төлепбай Меңеев болған еді. «Толассыз тағдырлар жайында естелік» деген кітабында Төлепбай Меңеев ағамыз әкемді былайша еске алады «Ерғали-бір сөзді, адамға қамқор, қайырымды адам болаты. Мен соғыстан кейін тағдыр тәлкегіне ұшырап, қалжырап жүргенімде көмек қолын созған адамдардың бірі еді. Ол жеке үй салуыма, ауырған кезімде дәрігерге қаралып, демалыс орнына баруыма көмектесті».
Анамыз Ідірісова Мұңсыз өмір бойы Мемлекеттік Банкте аға кассир болып қызмет атқарды. Тек 1974 жылдан зейнетке шыққан 1978 жылдар аралығында ғана Қазалы қаласындағы автобазада кассир болып жұмыс істеді. Жұмысына адалдығы және соғыс кезіндегі жанқиярлық еңбегі үшін «Ұлы Отан соғысы кезіндегі адал еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Анамыз Ідірісқызы Мұңсыз бен әкеміз Қожаназаров Ерғали екеуі балалары Нұрлан мен Светланаға тәлімді тәрбие берді. Балалары мен немерелерінің ортасында әкеміз Ерғали 1990 жылы тамыз айында, анамыз Мұңсыз 1993 жылы маусым айында дүниеден өтті. Бұл күнде баласы Қожаназаров Нұрлан Ерғалиұлы әке шаңырағының түтінін түтетіп отыр. Қазалы ауданының құрметті азаматы. Қызы Светлана өз отбасымен Жаңатас қаласында тұрады.
Қазіргі уақытта Қазалы ауданының құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері, дербес зейнеткер Қожаназаров Ерғали әкемізге Қазалы қаласының орталығынан көше берілді.
Бұл күндері немерелері мен шөберелері ата ерлігін ардагерлерден естіп, кинодан көріп, ертегідегі батырдай болып көрінеді. Мақала соңында өнегелі ісімен артында өшпес із қалдырған әкем Қожаназаров Ерғалиды мен үлгі тұтамын.
Светлана Қожаназарова
Обсудить
Блок в статье:
ӘСКЕРИ ПАРАДҚА АТТАНДЫ
05 май 2025, Понедельник
Даналыққа барар жол
05 май 2025, Понедельник
«Ғұмыр Дарияға» қариялар алғысты
05 май 2025, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)