
Облыста «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын табуда. Осы ретте, бұрнағы күні облыс тұрғындарының қатысуымен бірқатар өңірлерде тазалық акциялары өткізілді. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымының ашылу салтанаты өтті. Бұл жолы жастар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын ұйымдастырып, саябақты қоқыстардан тазартып, тал көшеттерін отырғызды. –Өңірде «Жасыл ел» бағдарламасы 2025 жылдан бастап табысты жүзеге асып келеді. Еңбек жасақтары студенттерді маусымдық жұмыспен қамтумен қатар, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға ықпал етуде. Қатысушылар көшелерді, саябақтарды, аулаларды, тұрғынжай аумақтарын көгалдандыруға, спорттық кешендер мен өзен жағалауларын қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын тазартуға үлес қосуда, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры А. Қадралиев. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бір мезгілде Тараз қаласы Жібек Жолы ауданы №13 шағын ауданында, «Қарахан» кесенесінің аумағында, Сарысу ауданы Жаңатас қаласының орталық саябағында және Мойынқұм ауданында ұйымдастырылды. Айта кетейік, облыс бойынша наурыз айынан басталған көктемгі екі айлық абаттандыру жұмыстары аясында «Таза қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Жасыл қала», «Болашақты бірге отырғызамыз» «Жер сағаты» және т.б. акциялары өткізілуде. Облыс бойынша акция аясында 818 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй аулалары мен 4,5 мың шақырым көшелер тазаланып, 12 мың тонна қоқыс шығарылды. Биыл егілетін 195 мың тал көшетінің бүгінге 70 мыңға жуығы отырғызылып, 2,4 мың ағаш санитарлық бұталанды. 60 тарихимәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумақтары тұрақты қоқыстардан тазалануда. Бұл жұмыстарға 910 бірлік техника жұмылдырылған. Сол күні облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Жасыл ел» студенттер жасағының көктемгі, жазғы маусымдағы екпінді еңбегіне салтанатты жағдайда сәттілік тіледі. Студенттер жағының мүшелері ел игілігі жолындағы еңбектерін сол күні-ақ бастап кетті. "ҒҰМЫР-ДАРИЯ" – АҚПАРАТ