Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Тәрбиелік мәні жоғары

Тәрбиелік мәні жоғары

01 июль 2022, Пятница
109
0
– Сіздер болашаққа сабақ боларлықтай, жастар үлгі аларлықтай тәрбиелік мәні жоғары тірлік тындырдыңыздар. Біз ертеңімізді, ел келешегін өткенге, кешегі күнге қарап бағалаймыз. Өткенге құрмет – жарқын болашаққа апаратын айқын жол. Сіздер сондай жол салу арқылы үлгі боларлық үлкен істі жүзеге асырдыңыздар. Осы іске бастамашы болған бастауыш ардагерлер ұйымына, оған қолдау көрсеткен ауылдық округ әкіміне рахмет! – деді аллеяның ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәуір Рысбаев. 
Одан кейін сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков ауыл азаматтарының әрқашан жарқын істердің жанынан табылып жүретін жасампаздықтарына  ризашылығын білдірсе, ауыл әкімі Жұман Әбдуәлиев істің басы-қасында жүрген белсенді қариялар мен жұмысқа белсене атсалысқан және демеушілік жасаған ілкімді азаматтарға алғыс айтты. 
– Аллеяға 32 кісінің аты-жөні жазылған мәрмәр тас қойылды. Бүгінде солардың екеуі арамызда. Біз аллеяға суреті ілінген әр ардагердің өмір жолына терең үңілдік. Осы ауылдың көркейіп гүлденуіне үлес қосқандар көп. Олардың барлығы да құрметке лайық. Сонда да болса біз ауыл ақсақалдарымен, осы елдің жай-жағдайынан жақсы хабардар көзі ашық, көкірегі ояу азаматтармен  ақылдаса келе, мемлекеттік марапаттарға ие болған, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаларды таңдадық. Олардың қатарында малшы да, механизатор да, қызылшашы да, мұғалім де бар. Олардың барлығы да қошемет пен құрметке нағыз лайықтылар. Біткен іске сыншы көп, кейбіреулер әке-шешелері немесе жақындары тізімге ілінбегеніне өкпелі болуы да мүмкін. Ол да орынды. Бәрі де елге еңбек сіңірді. Дегенмен, біз таңдау, іріктеу кезінде бәрін де ескердік. Ендеше, ешқандай өкпе, реніш болмасын. Мен осы істің бел ортасында жүрдім. Әкем де, шешем де кезінде осы шаруашылықта жұмыс істеген. Еңбек сіңіргендерін ел біледі, бірақ, мен ол кісілердің суретін ілсем әділдік бола ма. Мен жиналғандардың осыған түсіністікпен қарауын сұраймын,-деп ағынан жарылды ауылдық ардагелер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев,– Тіпті, өмір осымен тоқтап қалмайды ғой. Болашақта аллеяға суреттері ілініп, есімдері жазылатындар қатары толықтырылар. Ол болашақтың еншісінде. 
–Ақталатындай ештеңе жоқ,-деді өзі сұранып сөз алған ардагер ана Ақкенже Зәуірбекова. –Мен осы ауылға келін болып түскеннен бері 50 жылдан асыпты. Жарты ғасыр аз уақыт емес. Аллеяда суреттері ілінген кісілердің бәрі де мұндай құрметке лайық. «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Олар бүгін мәңгілік мекендерінде бір аунап түсіп жатқан шығар. Ең бастысы, бұл істің жастарға үлгі-өнеге боларлық тәрбиелік мәні жоғары. Бүгін осында жиналғандар, әсіресе, жастар, мына аллеяға суреттері ілінгендердің ұрпақтары болашақта ата-әжелерінің дәстүрлеріне лайықты өмір сүріп, еңбек ететін болады. 
Ардагер ана бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Әзімбекке алғыс сезімін білдірді. Ананың ақтарыла айтқан ақ тілегіне көпшілік ризашылықпен қол соқты. 
Аллея лентасын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков пен ауыл қарияларының жетекшісі Әзімбек Ойықбаев салтанатты жағдайда қиғаннан кейін лап қойған көпшілік өздерінің жақындарының суреттері ілінген тұғырға гүл шоқтарын қойып жатты. Көздеріне жас алып жатқандар да бар. Қуаныштың жасы, сағыныштың жасы, ризашылықтың жасы. 
Біз де аралап көрдік. Бас жағында ауданға елеулі еңбек сіңірген Жапар Дидарбековтің суретін байқап қалғанбыз. Жапар ақсақал қандай құрметке де лайықты жан еді. Басқасын қайдам, ауданда ардагерлер ұйымының қалыптасуына, ардагерлер қозғалысының жұмысының жемісті болуына ол кісінің сіңірген еңбегі зор. 
Аллеяны әрі қарай тамашалап келеміз. Егделеу келген бір әйел бір суретті қолымен аялай сипап көзіне жас алып тұр екен. 
– Кіміңіз болады? – деп сұрадық ол кісіден. 
– Менің әкем Нақысбек Төлеев,-деді ол көзінің жасын сүртіп жатып. –Ол кісі соғыстан кейін 40 жыл ұстаздық қызмет атқарған. Ол кісінің алдынан білім алып, тәлімі мен тәрбиесін көрген шәкіттері ауылдың, ауданның дамуына зор үлес қосып жүр. Тіпті, республика деңгейінде қызмет істегендері де бар. Әкем ұрпақ тәрбиесіне аса зор мән беруші еді. Бүгін, міне, ел-жұрты еңбегін ескеріп, есімін құрметтеп отыр. Осы аллеяның ашылуына атсалысқан жандарға мың алғыс! 
Осындай ризашылық сезімдерді талай жанның аузынан естідік. Біз де риза болдық. 



"Ардагерлер аллеясының" ашылуы Жаңа Қазақстан құруға талпынып жатқан жастардың бағыт-бағдарын айқындайтын тағылымды іс болды. Және бұл іс Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге референдум өткізілгелі жатқан тарихи күн қарсаңында жүзеге асырылуы да жақсы нышан. Жастарды жасампаздыққа тәрбиелейтін мұндай іс-шаралар неғұрлым көп болса, одан ұтарымыз көп. 
Аллеяның ашылу салтанаты ауылдағы орталық мешітте әруақтарға арнап ас беріліп, құран бағыштауға ұласты. 


Болат ЖАППАРҰЛЫ.
«Ғұмыр-Дария».
Байзақ ауданы.


Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Асарлатқан ауылдар
29 июль 2020, Среда
Асарлатқан ауылдар
Бәрекелді!
30 май 2022, Понедельник
Бәрекелді!
Туған жерге туыңды тік
10 ноябрь 2021, Среда
Туған жерге туыңды тік
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры