Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Қымызмұрындық

Қымызмұрындық

30 май 2022, Понедельник
133
1
Облыстық ардагерлер кеңесі талай игілікті шаруаның ұйытқысы болып, ылғи да қоғамдық көштің алдыңғы сапынан көрінуде. Соның ішінде ең бастысы, ардагерлер ұрпақ тәрбиелеуде көбінесе ұлттық құндылықтарға, ата-бабаларымыздан жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға көбірек назар аударуда. Облыстық деңгейде "Қымызмұрындық" мерекесі осымен бесінші рет жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін Тараз қаласында, Т.Рысқұлов ауданындағы "Шәушен" шаруа қожалығында, Меркі ауданында, Жуалы ауданында "Қымызмұрындық" мерекесі мыңдаған адамның қатысуымен халықтық деңгейде өтті. 
Бұл жолы облыстық ардагерлер кеңесінің ұсынысын құп алған Талас ауданының әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы Мәдібек қарт Қаратаудың әдемі бір баурайы – "Жұрындысай" шатқалында "Қымызмұрындық" мерекесін әріптестерімен бірге көп қызығатындай етіп ұйымдастырыпты. Биыл көктемнің өзі жер-көкті құлпыртып жіберді ғой. Облысымыздың түрпір-түкпірінен жүзге тарта ардагерлер арнайы шақырумен келді. Оның үстіне "Қымызмұрындық" мерекесін халықтық деңгейде ұйымдастырып жатқан таластықтардың ұлттық құндылықтарға деген адалдығын көру үшін облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов (жоғары суретте) ат басын осында арнайы бұрыпты. 

Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртқан шара барысында облысымыздың түрпір-түрпірінен келіп жатқан ақылман қарияларды таластық әжелер қазақы қонақжайлық пейілмен шашу шашып қарсы алып, ыстық бауырсақ пен таудың бал қымызынан дәм таттырды. Әйел аналар қаздай тізіліп күбі пісіп, қымыздың қалай сапалы дайындалатындығын келушілерге паш етіп жатты. Қонақтар "Ауызтию", "Биебайлар" рәсімдеріне куә болып, қолөнер бұйымдарының көрмелерін тамашалады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жиналғандарға ақ батасын арнап, елдің береке-бірлігін, тыныштығын, мал-жанның амандығын тіледі. Осы "Қымызмұрындық" мерекесінің тағы бір қадірменді қонағы – "Қазақстан дәуірі" газетінің бас редакторы Сәуле Мішітбайқызы жиналғандар алдында сөз сөйлеп, аналық ақ тілегін арнады. Қайраткер ана өткізіліп жатқан шараның маңыздылығына тоқтай отырып, қазақтың ұлттық сусыны – қымыздың қадір-қасиеті жайлы тағылымды ойларымен бөлісті. 
Той қызығы – ән мен би. Таластық өнерпаздар жиналған қауымға ән мен жырдан шашу шашты. 
Шартараптан жиналған қонақтар қатпарлы Қаратаудың көктемгі табиғи көркіне көз салып, қызықтады. Бұл өңірде биылғы көктем ерекше болып тұр. Қызғалдақтар бүр жарып, неше түрлі тау шөптері төңіректі жасыл желекке бөледі.  
Жалпы, "Жұрындысай" оқушыларды сауықтыру лагері Қаратаудың шатқалды саласынан орын тепкен. Онша биік бола бермейтін Қаратау қыраттарының көрінісінің өзі көңілді көтергендей. Жастарының ұлғайғанына қарамастан қариялар тауға өрмелеп, табиғат тамашасын қызықтап жатты.  Сол күні айналып соғып нөсерлетіп жаңбыр да жауып тұрды. Ел мұны молшылық алып келер жақсылыққа балады. 
Ақшаңқан болып тігілген киіз үйлерде қонақтарға таластықтар ас мәзірін ұсынып, зерлі ыдыспен қымыз ұсынды, табақ-табақ ет тартты, бауырсақ пен шелпектен қонақтар дәм татып жатты. Әңгіме-дүкен мұнда да қызды. Қариялар өздерінің аталы, баталы сөздерін айтты. 

Атқарылған әрбір шараның тобықтай түйіні болады. Облыс басшысы Нұржан Молдиярұлы да, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсенбекұлы да, басқа да әңгіме тізгінін алған қариялар ұлттық құндылықтар мен дәстүр- салттарымызды жаңғыртуға ден қойған таластықтарға өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Жиналғандар "Қымызмұрындық" жасаудағы мақсат – той тойлап ішіп-жеу емес, қазақы қалпымызды жастардың бойына сіңіру екендігін баса айтты. Осында бір жас жігіт "Қымызмұрындық" дегенді мен білмеуші едім, мұның мәні тереңде жатыр екен ғой. Біз жастар мұны біліп өсуіміз керек. Осындай шараларға жастарды да көбірек қатыстырса жөн болар еді" деген тілегін үлкендерге жасырмай айтты.
Рас-ақ қой. Кейде, кейде емес-ау, үнемі алаулатып-жалаулатып әп-әдемі шара өткіземіз де, одан кейін оның бәрін ұмыт қалдырамыз. "Қымызммұрындық" дегеніңіз әр үйде, көршілердің арасында, көшелерде, ауылдарда, мал жайылымдарында, көктеу мен жайлауда өтіп жатса жараспай ма!? Оған қандай шығын кетеді дейсің. Бұл – бір жағы. "Қымызмұрындық" – қымызды насихаттаудың ең ұтымды жолы. Қазір ішіп жүрген қымызымыздың сапасы қандай, сатылып жататын ұлттық сусынымыздың құнары қандай дәрежеде, осыған мән беріп жатырмыз ба!? 
"Қымызмұрындық" арқылы біз көп нәрсеге қол жеткізе аламыз. Қорытындылай келе, таластықтарға, ұлттық құндылықтарды мұрат тұтқан аудан басшыларына ризашылығымызды білдіре отырып, осындай ұлттық мерекелерде кездесе беруге жазсын деген тілекпен сөзімізді қорытындылаймыз. 
Жаңабай МИЛЛИОНОВ,
"ҒҰМЫР-ДАРИЯ"
Суреттерді түсірген: Жанат АМАНБАЛА. 
Обсудить

Похожие материалы:

Қоғам
30 май 2022, Понедельник
Қоғам
Нұр тараған Наурыз тойы
19 март 2021, Пятница
Нұр тараған Наурыз тойы
Даңқ
20 март 2020, Пятница
Даңқ
Добавить комментарий
Комментарии (1)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Roma
Roma Гости 25 октября 2024 11:03
replica shoes xv040 Replica Sneakers for Men,replica shoes ur094
Сотрудники
Партнеры