Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Жақсының жақсылығы ұмытылмайды

Жақсының жақсылығы ұмытылмайды

28 февраль 2025, Пятница
63
0
Мен 1942 жылы Жуалы ауданының Диқан ауылында дүниеге келген екенмін. Қазіргі таңда ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында тұрамын. Жұбайым ұзақ жыл көз ауруымен ауырып, қайтыс болды. Жалғыз ұлым және одан алты немерем бар. Кеңес заманында туып, өмір сүрген біздер жастайымыздан «буынымыз бекіп, бұғанамыз қатпай» жатып еңбекпен есейген аға буынның өкілдеріміз. Ауданның бірқатар мекемелерінде ұзақ жыл алдыңғы қатарда, жемісті еңбек еткенімді мені танитын азаматтар жақсы біледі деген ойдамын. Менің айтайын дегенім бұл туралы емес...
1993 жылы аудандық орталық ауруханаға қарауыл болып жұмысқа қабылдандым. Мен бұл мекемеде жұмыс атқарған жылдары еліміз Тәуелсіздігін жаңа алып, ел өмірінде экономикалық және тұрмыстық қиындықтар орын алған тоқырау кезеңі болатын. Еңбегімізге берілетін айлық жалақыны ақшамен емес, ұн, картоп, т.б. азық-түлікпен алатынбыз. 
Қарауылдың жұмысын оңай деп айта алмаймын. Үлкен мекеменің барлық дүние-мүлкін өзгеге тигізбей, ұры-қарылардан қорғап, оған басыңмен жауап беруің керек. Ауруханаға қарасты ғимараттардың барлығы ол тұста қатты отын-көмірмен жылытылатын. Сол тұста ауыл тұрғындарының да тұрмыс жағдайы аса мәз емес. Қаржылық қиындықтарға байланысты отын-судан таршылық көретіндері де көптеп кездеседі. Қатты отынға қолы жетпегендер түнделетіп аурухананың көмірін ұрлауға дейін баратын. Ондай жағдаймен менің де бірнеше рет бетпе бет келгенім бар. Ол кезде орталық аурухана ғимаратының айналасында қазіргідей мықты темір қоршаулар немесе бейнебақылау камералары мүлдем болған жоқ. Ұрылар көбінесе көмір қоймасының айналасын торуылдаушы еді. Себебі, олар терезелерді сындырып, аурухананың ішіне кіретін. Мен мемлекет мүлкін ұрылардан қорғау үшін таң атқанша көз ілмей, аурухана ғимаратының айналасын мұқият қарап шығатынмын. 
Осындай жағдай бірде менің кезекшілігімде түнгі сағат үш шамасында орын алды. Уақытты оздырмай, іле-шала аурухананың бас дәрігері Сейітхан Жұмашевқа телефон арқылы хабарласып, орын алған жағдайды хабарладым. Мен мұны өз міндетіме жоғары жауапкершілік танытқаным деп білемін. Бұзақылар көбінесе ішімдік ішіп, аурухананың алдында немесе ғимаратқа жақын маңда топтасып отыратын. Сонымен қоймай, олардың біраз адам болып мені ұруға оқталған кездері де болғанын қалай жасырайын...
2001 жылы кезекті еңбек демалысын алып, көзін емдету үшін жұбайымды Алматы қаласына алып бардым. Сол қиын кезеңде орталық аурухананың бас дәрігері Сейітхан Жұмашев мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымы арқылы отбасыма материалдық көмек ретінде 45 мың теңге қаражат бергізді. Мұндай көлемдегі ақша ол тұста құны бар, үлкен қаражат болатын. Аурухана басшылығының маған жасаған моральдық қолдауымен қатар, қаржылай көмегі үшін әлі күнге дейін ағалық-аталық алғысымды айтамын.
2005 жылы жасым толып, заңды зейнет демалысына шықтым. Аурухананың бас дәрігері С.Жұмашев маған көмек ретінде тағы да үш жыл мекемеде жұмыс істеуіме рұқсат берді. Сол жылдары мамандық алу мақсатымен ұлымды жоғары оқу орнында оқытып жатқан болатынмын. Зейнетке шыққаннан кейін де жұмысты жауапкершілікпен атқардым деп ойлаймын. 2008 жылы аурухана басшылығы мені шақырып алып, мекемедегі ұзақ жылғы үлгілі әрі жемісті еңбегімді жоғары бағалап, алғыс айтып, Құрмет грамотасы мен сыйлық ретінде үлкен кілем беріп, құрметпен шығарып салды. Мен сол тұста еңбегімнің бағаланғанына іштей риза болдым. 
Ұзақ жылғы еңбектен кейін 2008 жылдан бері үйдемін. Ақсақалдыққа жетіп, 83 жасқа аяқ бассам да өзімді жеңіл сезінемін. Бұл өмір бойы тынбай атқарған адал еңбектің арқасы шығар. Ешкімге жаман сөйлеп, ешкімнің ала жібін аттаған кезім жоқ. Еңбекті сүйіп, тапсырылған жұмысқа, міндетіме барынша адал болуға тырысып бақтым. Жасымның ұлғайғанына қарамастан, қазір саламатты өмір салтын дағдыға айналдырғанмын. Күнде таңертең ерте тұрып, үш шақырым қашықтықты жаяу жүремін. Бұл – ең біріншіден денсаулыққа пайдалы. Дені сау адам – қоғамның байлығы. Осы тұста жас буынды адал жүріп, адал еңбек етуге шақырамын! 
Қайрат САРЫБАЕВ,
Б.Момышұлы ауылының еңбек ардагері.
Жуалы ауданы
Обсудить
Блок в статье:

Похожие материалы:

ШӘКІРЖАН АСҚАН АСУЛАР
10 октябрь 2024, Четверг
ШӘКІРЖАН АСҚАН АСУЛАР
ЖАҚСЫ ҚАРТАЯ БІЛГЕН ҚАРИЯ
01 август 2022, Понедельник
ЖАҚСЫ ҚАРТАЯ БІЛГЕН ҚАРИЯ
АҒАЙЫНҒА АЙТАРЫ БАР
28 январь 2025, Вторник
АҒАЙЫНҒА АЙТАРЫ БАР
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры