Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Бабалар аманатына адал ұрпақ

Бабалар аманатына адал ұрпақ

15 июль 2024, Понедельник
26
0
Жуалы ауданы «Көксай» демалыс орнында бабаларға арналған үлкен ас өтті. Осы басқосудың тағылымы зор болды десем қателесе қоймаспын. 
Біз үлкен болайық, кіші болайық, дана болайық, дара болайық, бәріміз де талай-талай тәлімнің төліміз, тоқсан тарау арнамен кең тоғысқан татымды тәрбиенің жемісіміз. Арғы бабаларымыз, аталарымыз бен әкелеріміз, ұлы аналарымыз бен әжелеріміз мәңгі өшпес ізгі дәстүрдің өнегесімен бізді баулып өсірді. 
Бүгінгі таңда біздің қазақтың Ұлы даласында бақытты ғұмыр кешіп жатқанымыз сол бабалардың көрегендігінің арқасы.
«Ерден ердің несі артық, ептестірген сөзі артық» деп жатамыз. Елден елдің артығы береке-бірлігі дейміз. Білікті бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен осы Ұлы даламызды сақтап қалды, артындағы ұрпаққа мәңгілікке мұра етіп қалдырды. Міне, бүгінгі басқосуымызға себепкер болған сол бабалардың рухы, артына қалдырған үлкен ісі, игілікті бастамасы. 
Қазақтың қаранар майталман журналисі, бірнеше тарихи көркем шығармалардың авторы Бақтияр Әбілдаұлының «Байзақ датқа» атты шығармасында мынандай жолдар бар: «Талас Тектұрмас тұсына келгенде неге күледі, неге жылайды?
Күлетіні– талай қуаныштарға куә болғаны, жылайтыны- Талас қаншама қасіретті ағызған. 
Тектұрмастың үстінде бір қаланың халқындай сүйектер жатыр. Ішінде ұлы Абылай ханның құрдасы, талай жорықтарда жанында болған Жаңабай Мәмбет батыр да мәңгі ұйқыда. Жоңғарлар қиратқан Тараз қаласының тып-типыл орнына Қарахан мазарының жанынан алғаш рет төрт там үй салып, Әулиеата атанған қаланың негізін баласы Байзақпен бірге қалаған Мәмбет батыр жатыр. Тек басында ерлігіне, еңбегіне лайық белгі болмай, жағдай жасалмай жатыр. Талас сондықтан да Тектұрмас тұсында жылай ағады». Талас сонша жылардай Мәмбет баба кім болған? Абылай ханның кеңесшісі болған, Мәмбет батырмен талай жорықта бірге жүрген Бұхар жырау былай жырлайды: 
Қалданменен ұрысып
Жеті күндей сүрісіп, 
Абылайдың қасында
Бастары бәйге тігісіп, 
Сондай ауыр жорықта
Бірге болған батырлар
Мыналар еді егесіп:
Қаракерей Қабанбай 
Қанжығалы Бөгенбай
Беті қайтпас арыстар
Шаншиянұлы Жәнібек
Сіргелі қара Тілеуке
Шапырашты Наурызбай
Қаумен, Жәнек қасында
Бақ-дәулеті басында! 
Сеңкібай мен Шайбек бар
Ірілердің ірісі
Мәмбет батыр өзі бар. 
Жасы 90-ға таяп қалған Мәмбет батыр әлі де талай айқастар болатынын білген, сондықтан да балаларын Талас бойына, Әулиеата төңірегіне шегелеп, өзбектер өнегесімен қыштан үйлер салғызып, арықтар қаздыра бастайды. Денелерінің алыптығы да, алғырлығы да өзіне тартқан он бес ұлы, кейінгі балаларына тетелес туған немерелері Телқара, Әйттімбек, Қалабай, Райыс, Мамырайым, Төрекелді, Мұса және басқалары қаздырған отыздан астам арық-канал әлі күнге дейін Тараз қаласына іргелес төрт аудан халқын ылғал-судан, ырзық-астықтан, жем-шөптен тарықтырған емес. 
Кейбіреуінің ұзындығы ал-пыс шақырымға дейін жетеді. Осыншама құт-береке бастауына ұйытқы болып, ұйымдастыруға қаншама күш-қайрат, мал, қаржы жұмсады десеңізші. Мәмбет пен оның жолын қуған батыр баласы Байзақ салдырған қора-қопсылы қыстау үйлері Черняев атқылаған зеңбіректің оғынан да аман қалған еді. Жамбасы жерге тигенше кіндігінен өрбіген ұрпақ-қыздарды қоспағанның өзінде немере, шөбере, шөпшек, немене еркек кіндіктілер 500-ден асып, Мәмбет баба көзі тірісінде-ақ Әулие атанды. Орыстар келгенше Әулиеата төңірегіндегі сулы-нулы қоңыстар Мәмбет батырдың, оның арғы бабасы Жаңабай ұрпағының ата қонысы еді. Жайлауға Шуға, Жетісудағы Ілеге дейін халқын шығаратын. Іле өзені жағасында туған бір ұлына Ілебай деген ат қоюуы сол көшпенді кезден қалған белгі болды. 
Байзақ туған өлкесі Оңтүстік Қазақстан Қоқан хандығының да, Ресейдің де қарамағына көшпеген кезде тәуелсіздік жағдайында ер жетті. ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарының алғашқы кезеңінде қокандықтар Қазақстанның оңтүстігіндегі жерлерді біртіндеп басып алып, қамал-қорғандар тұрғыза бастады. Ауыр алым-салықтар, тонаушылық, зорлық-зомбылықтар көбейді. Көп сынақта беделімен көзге түскен Байзақ баба өз руластарына датқа болып тағайындалды, бірақ ләббайшыл датқа емес, қазақтардың мұң-мүддесін қорғай отырып, қоқандықтарды өзімен есептестіруге ұмтылды. Ол өзі қаза тапқанға дейін Қоқан хандығына, орыс отаршылдарына қарсы барлық көтеріліске басшылық етті, Кенесары ханның сенімді серігі ретінде әйгілі болды. 43 жылға созылған мұндай қақтығыстар Байзақ датқаның қазақ халқының ұлт азаттық қозғалысында алар орнын айқындап берді. 
Бабамыздың тікелей ұйым-дастыруымен қазылған жиырмаға жете  қабыл  каналдар  оның өз атымен және ұлдарының, қызының, жақын туыстарының аттарымен аталады. Жалпы саны – 19. Бүгінде Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарының аумағындағы осы каналдардың жалпы саны 6000 шақырымнан асады, олардың суымен 30 мың гектардан аса жер ылғандандырылады. Солардың ішінде Бәйтерек пен Байзақ ұлдарының атымен аталатын «Ахмет» «Қабылбек» «Тәсібек» «Мүсірепбек» «Ақмолда» канал-дары суды Алатаудың Ақсай, Көксай шатқалдарынан алады. Ал бабаларымыздың мешіт, медреселер мен диірмендер салдыруы өз алдына бөлек әңгіме. 
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы Қабылбек болыстың сабырлы мінезін, әліптің ақырын күтетін ақыл-парасатын, кешірімді, керек жерінде кішірейе білетін кісілігін, тағы басқа ірі қасиеттерін өз еңбегінде өте әсерлі, орынды суреттейді. Турашыл Баукең бабамызға мұндай мінездемені іс-әректі кезіндегі шешімдерімен байланыстыра береді. «Мың болып бір жақсылық еселенер, кейінгі үлгі болса өсер жасқа» дегендей сол бабаларымыздың көргенді істері ғасырдан ғасырға ұласып, бүгін мына біздерге үлгі-өнеге болып, ұрпақтарының басын қосып, бабаларды еске алып, ас беріп жатыр. 
Мен – қасиетті осы мекеннің төлімін, ұрпақ қамын ойлаған көрегенді бабаларымның тәлімін алған ұрпақтың өкілімін. Ол кісілерді, әрине көрген жоқпыз, бірақ асылдың сынығындай, аулымыздың асқар биігіндей болған Әлім атамның, әкем Молдабектің, Жолдасбек, Керімбек, Амантай, Сұлтамұрат, Болпан, Қожағұл, Мәтен, Мұхтарқұл, Әшімқұл, Әзімбай, Сиқымбай, Әбіт, Зиятхан, тағы басқа аталарымыздың саясында мейірімдеріне қанып, ұлағатты сөздеріне еліктеп, істерінен үлгі алып өстік. Аллаға шүкір, қазір ортамызда отырған Кәмеш көкем сол кісілердің өзі де көзі де. Менің әкемнің төл құрдасы. Көке аман-есен болыңыз. 
Анаң да мақтан етер ұл туғанын, 
Қолыңнан келмес іске ұмтыл-мағын. 
Сояр, халық қаласа хан түйесін, 
Ойлай жүр қайда жүрсең ұлдың қамын, – деп жырлаған екен Есен ақын. Бүгінгі тәлімді іс-шараға орайласып тұрған мына бір сөзбен жақсы ойымды қорытындылағым келеді. 
«Жақсылық жалғастырушыларын тапқанда ғана нағыз жақсылық болмақ. Келешек заман алдында қызармас үшін бүгінгінің құтысына құт-нәр болар бірдеңе құйған абзал». Аплотондай болсадағы оңбайсың өз халқыңа қызмет етпей» дейді данышпан халқымыз. Міне бүгінгі атқарылып жатқан шара осы ойлардың толық іске асырылып жатқандығының куәсі. Жаста болса бас болып жүрген ауыл азаматтарының бабаларға ас беруге жұмыла кірісіп жатқанын естігенде, кеудемді қуаныш пен ризашылық кернеді. «Қыз – тілеуші» дейді ғой қазақ. Мен сияқты бір топ қайраткер, облысқа әр-түрлі салада еңбектері сіңген, облыстың, аудандардың Құрметті азаматтары атанған, майталман әкпелерің, ниеттерің қабыл болсын деп, құт-берекелерін алып келіп отыр. Туған жерімізге бақ қонып, құт дарысын! Көргендіктеріңе, ізгі ниеттеріңе үлкен рахмет, айналайын ел-жұртым, бауырларым, келіндерім, өскелең ұрпақ!
Сейсекүл ИСМАТОВА, 
филология ғылымдарының кандидаты, 
Жуалы ауданының Құрметті азаматы
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

ӨТЕ ОРЫНДЫ ПІКІР
11 октябрь 2023, Среда
ӨТЕ ОРЫНДЫ ПІКІР
АУЫЛДА МҰРАЖАЙ БОЛСА ДЕЙМІЗ
13 ноябрь 2023, Понедельник
АУЫЛДА МҰРАЖАЙ БОЛСА ДЕЙМІЗ
БІЗ ОҚЫРМАНДАРЫМЫЗҒА СЕНЕМІЗ!
30 январь 2024, Вторник
БІЗ ОҚЫРМАНДАРЫМЫЗҒА СЕНЕМІЗ!
Қазақ бол!
19 март 2020, Четверг
Қазақ бол!
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры