Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қамқорлық бар-ау, бірақ шаңырақ шаттығына не жетсін!

Қамқорлық бар-ау, бірақ шаңырақ шаттығына не жетсін!

15 июль 2024, Понедельник
52
0
Кезінде «Кеншілер қаласы» атанған шағын шаһарға жолымыз түскенде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мақсат Рысбаев бізді облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына алып барды. Атауын сыпайылап айтқанмен, бұл жер – бұрынғы қарттар мен мүгедектер үйі. Әсіресе, мұнда тағдыр талқысына түскен қарттардың саны көбірек.
Орталықтың директоры Ерлан Әнетбаев осында қызмет алушы қарттардың саны 70-ке таяп қалғанын, оларға 83 маман қызмет көрсетіп жатқанын айтты. Орталықтың асханасы талапқа сай, аспазшылары да нағыз шеберлер. Сондықтан, тамақтары қашанда дәмді, бір мезгіл қарттарға айран беріліп, жеміс-жидек, көкөністе ұсынылады екен. Дегенмен, бір мәселелеге ішімізден «Әттеген-ай» дедік.  Қызмет алушылардың спорт залы да, мәжіліс залы да – осы асхана болып шықты. Осы жерде тамақ та ішеді, түрлі іс-шаралар өткізеді, жаттығу жасайды. Оның себебін мекеме басшысы ғимараттың тарлығымен түсіндірді. Дегенмен, аталған мекеменің кітапханасына көңіліміз толды. Кітап қоры да жеткілікті. Біз барғанда Бейсенбек Түменбаев деген қызмет алушы ақсақал кітап алғалы келіпті. «Жасым 71-де. Кітап пен газет – менің досым. Оларсыз бір сәт шыдап отыра алмаймын. Сондықтан, осы кітапхана менің тұрақты мекенім. Мұнда жайланып отырып, кітап, газет оқуға мүмкіндік бар. Кітапханашы Гүлмира Жүнісова барлық жағдайымызды жасап отыр. Сондықтан, уақытымның көп бөлігі осы жерде өтеді», – дейді Бейсенбек ақсақал.
Мұнда түрлі қабілетке ие қарттар да бар көрінеді. Мәселен, бойында ақындығы бар Амангелді Әскенов деген ақсақал біраз жыл осында тұрған. Қабырға газеттеріне өлеңдер жазып, облыс көлемінде орталықтың атын біраз шығарыпты. Ақындығын ардақтаған Амангелді ақсақал өкініштісі былтыр 81 жасында өмірден озыпты. Дегенмен, ақсақалдың жазып кеткен өлеңдерін арнайы қабырғада көрнекті етіп іліп қойыпты.
Орталықта қазіргі таңда қызмет алушылардың ішінде де сан алуан қабілеттің иелері бар. Мәселен, 76 жастағы Жолдыбай Қаржаубаев спорт жағына өте жақын. Күн сайын жаттығуды үзбей жасап, жүгірумен де айналысады. Жас кезінде күрес түрлерімен шұғылданып, аудандық, облыстық деңгейде біраз жүлдеге қол жеткізген екен. Мұнда келуін отбасылық түсінбеушілік  жағдайдан деп қысқаша қайырды. Біз онсыз да тағдыр теперішін көріп жүрген ақсақалдың жанын жаралап, одан әрі қазбалағымыз келген жоқ. Жолдыбай Қаржаубаев қазір орталықтағы қарттардың арасында мәдени тұрмыстық комиссияның төрағасы. Өзі спортқа бейім болса, өзге ақсақалдардың мәдени, рухани жағынан өздерін дамытып отыруына ықпал етеді. Жөн дедік.
78 жасқа аяқ басқан ақсақал Жиенбек Әміров өмірімнің қарттық шағында осындай орталықта қызмет аламын деп ешқашан ойламаған шығар. Жігіт шағында мал дәрігерлік мамандығын алып, жұмысқа кірісіпті. Сарысу ауданының бұрынғы Калинин кеңшарында (қазіргі Жайылма ауылы) мал дәрігері, ферма меңгеруші болып қызмет еткен. Тіпті, кеңшардың бас мал дәрігері болған жылдарын да сағынышпен еске алды. Өзіңіз ойлаңызшы, бір үлкен кеңшардың бас мал дәрігері болған кісі. Бұл кісі мал шаруашылығының жағдайын, мал ауруларының түрлерін өте жақсы біледі. Біз барған кезде де күрделі мал ауруларының түрлерін, неден туындап, тарайтынын айтып отырды. Әкесі Бексейіт қария – соғыс ардагері, бір ұжымшардың  төрағасы болған білікті кісі екен. Осындай елге еңбегі сіңген әкенің перзенті бойынан күш қуаты кеміп, азайған шақта мемлекеттің көмегіне сүйеніп қаламын деп ойлады ма? Жиенбек Бексейітұлы ақсақал әңгімешіл кісі екен. Кеңшарда еңбек еткен уақыттарын, өзі еңбек еткен ауданның бұрынғы басшыларын тізбектеп айтып, қызықты әңгімеледі. «Балам, несін айтасың, біздің де бағымыз жанған, қызметте дүркіреген сәттеріміз болды ғой. Отбасылы да болдым. Жайнап тұрған өмірімнің соңында осындай болуына өзімнен басқа кім кінәлі дейсің! Өзімнен де бар ғой!», – деп біраз үнсіз қалды ақсақал.
73 жасқа қараған ақсақал Серік Доспанбетов өзінің саналы ғұмырын кеншілер қаласымен байланыстырған. Тараз қаласында туғанымен, Қаратау қаласында комбинатта ұзақ жылдар бойы еңбек еткен. Әуелі трактор айдап, булдезермен жұмыс істеген шағы күні кешегідей есінде. Бірте бірте сатылап өсіп, қызметі жоғарылап, әуелі бригадир, кейіннен учаске бастығы қызметтерін атқарды. Қаратау қаласының өндірісінің дамуына үлкен үлесін қосты. Кітапты көп оқиды. Біз барған кезде де терезесінің алдында Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасы» жатты. Өзіне арналған үстелдің үстінде газеттердің қатталып тұрғанын да көзіміз шалды. Ақсақал жасының ұлғайған шағында осындай жерде жатқанына кей сәтте жабығып та қалады. «Маған Жаратушы қайтадан ғұмыр берсе, барлығын басқаша бастап, өмірімді мағыналы өткізетін едім» дейді ақсақал.
Біз кейде арнайы орталықта  рухани, материалдық тұрғыдан азып-тозған, өмір сүруге қабілеті төмен болған, ішкілікке салынып кеткен кісілер тұрады деп ойлаймыз. Әрине, тағдырдың түрлі теперіші, пенде күтпеген жағдайлар болатынын да естен шығармаған жөн. Дегенмен, Қаратаудағы орталықта біз әңгімелескен қарттардың өмір жолдары соншалық қырсыққа толы деп айта алмаймыз. Қайткенде де бұл ақсақалдар да өз замандастарымен бірге орталықтың қызметін алып жатыр. Бұл жерде тамақ тоқ, көйлек көк. Оған ешкімнің таласы болмаса керек. Бірақ, ақсақалдар мұндай орталықта емес, өзінің өскен-өнген әулетінде, шаттыққа бөленген шаңырағында болуы керек екендігін ойлағанда еріксіз қынжылады екенсің. Қаншама отбасылар ақсақалдардың шуағына зәру болып отыр. Қалай болғанда да асыл қазынамыз саналатын қарттарымыздың қайда болса да саулығын тілеп аттандық бұл орталықтан. 
Есет ДОСАЛЫ,
журналист
Талас ауданы
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры