Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Нар тұлғалы дара, дана кісі

Нар тұлғалы дара, дана кісі

08 апрель 2026, Среда
8
0
1975 жылдың 18-19 ақпанында аудандық деңгейде жаңадан тағайындалған лауазымды қызметіме орай бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында болған едім.
Қала іші абыр-сабыр болып, алаңдар мен көшелерде тазалық жұмыстары қызу қарқын алып жатыр екен. Осындай қарбаласта облыстық мекемеміздің басшысы Илори-дан Сәттібаевтың қабылдауынан бір-ақ шықтым. Бастығымыздан республиканың бірінші басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жұмыс сапарымен келуіне байланысты дайындық жұмыстары қызу жүріп жатқандығын естідім.  
Сол жылы ақпан айы шаруаға өте қолайлы болып, тіптен көршілес шымкенттіктер көктемгі егін егуге кірісіп жатқанын ақпарат құралдарынан оқып-біліп жатқанбыз. 
Облыс орталығында үлкен кісінің қатысуымен алқалы басқосу шаралары аяқтала салысымен  20 ақпанда Дінмұхамед Қонаевтың Мойынқұм ауданына баратынын ести сала, дереу қайыра жолға шыққан едім. 

Айтылғандай-ақ аудан орталығы безендіріліп, орталық алаң мұнтаздай тазаланыпты.  
Сонымен 20 ақпанда таңертең ертерек ауданның барлық атқа мінерлері орталық алаңға жиналды.
Димаш Ахметұлына деген қалың елдің ықыласы өте жоғары екені белгілі жайт. Соған орай қалың көпшілікті Димекеңмен кездестіру мақсатында –  еңбек адамдары Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына арналып соғыс құрбандарына бой көтерген ескерткіш белгі (обелиск)  маңына топтастыру қарастырылған екен. Себебі республикамыздың бірінші басшысы Ұлы Отан соғысы құрбандарын еске алып, арнайы гүл шоғын қоятын болып жоспарланған ғой. Сол арада Димекең қалың жұртшылық өкілдерімен кездеспек болған. 
Сонымен таңғы сағат 10-дар шамасында аяулы да, ардақты біртуар азамат Димаш Ахметұлы мінген көлік керуені орталық алаң шетіне жетіп тоқтады.
Автокөліктен нар тұлғалы, дара да дана тұлға республика басшысы жәймен түсіп, асықпай, күтіп тұрған аудан басшыларымен, екі мәрте Социалистік  Еңбек Ері, «Шопандардың Маршалы» атанған – Жазылбек Қуанышбаевқа амандасу үшін жиналған топқа бет алды. 
Осы сәтте жасы да, жолы да үлкен Жазекең аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков бастаған бюро мүшелерінен оза шығып, Димекеңді бірінші болып қарсы алды. 
– Ассалаумағалейкүм, Жазеке, – деп екі қолын бірдей ұсынған Димекең,
– Ел-жұрт, бала-шаға аман ба? – деді.
– Аллаға шүкір, аман-есен, – деген Жаз-атаның жауабын күтпей Димаш Ахметұлы: 
– Жеңгейлер аман ба? Қойшыбек пен Тойшыбек өсіп жатыр ма?, – деп бастырмалата сөйлеп, әйгілі шопанның арқасына қолын салып, құшағына алған сәтте еңгезердей денелі Жазылбектің бойы Қонаевтың қолтығына әзер жетіп тұрғанына көпшілік куә болып қол шапалақтап, ризашылық білдіріп жатты. 
Жазекеңді құшағына алған күйі ол кісіні мазасыздана күтіп тұрған аудан басшыларына бет алды.
Арнайы жасалған қоршау сыртында тұрған біздер республика басшысының ауданның игі жақсыларының әрқайсысына ерекше көңіл бөліп, жоғары ілтипатпен  амандасқанның куәсі болдық. 
Аман-есендік сұрасу сәті аяқталып, аудан басшыларын ілестіріп, аудандық партия комитеті ғимаратына еніп кетті. 
Оқиға жалғасын асыға күткен алаңдағы көпшілік бас-аяғы жарты сағаттың шамасында Димекеңнің айқара ашылған есіктен асықпай шығып келе жатқанына куә болды. Республика басшысының ерге лайық бітіміне ризашылықпен, әрі сүйіспеншілікпен көз тігіп тұрған сәтімізде артынан асыға шыққан көмекшісі Дүйсетай Бекежанов:
– Димаш Ахметұлы! Имашев телефон соқты. Сіз баруға бет алған Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткішке гүл қою рәсімі Мәскеу бекіткен бағдарламаға кірмей қалыпты... – дегенін, небәрі екі-үш қадам жерде тұрған біздер анық өз құлағымызбен естідік. Енді не болар екен деген сауал мазалады бізді. 
– Ойпырмай! Ондағы күтіп тұрған қалың көпшілік не күйге түсер екен, –деген біздің күдігімізді:
– Дүйсетай, сен Имашевқа телефон шалып, мен ескерткішке гүл шоғын қойған сәтімді газеттерге жазбай-ақ қойсын. Мен міндетті түрде сонда барып гүл шоғын қоямын. Өйткені, мен сондағы күтіп тұрған көпшіліктен үлкен емеспін. Әрі ел үшін, жер үшін құрбан болған азаматтар рухы алдында оларды еске алып гүл шоғын қою перзенттік парызым деп білемін, – деген Ұлы адамның нық шешімі сейілтіп жібергендей болды. 
Айтқандай ескерткіш басына барып,  сондағы күтіп тұрған көпшілікпен үлгергенінше амандасып, пікір алмасып, өзінің үлкен адамгершілік болмысына, еліне деген сүйіспеншілігіне сай көрсеткен іс-қимылы сондағы қалың елдің ұзақ жылдар ұмытылмастай есінде қалғаны уақыт еншісінде.
Уақыт зырлап өтіп, 1979 жылдың қыс айларының бірінде Дінмұхамед Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежанов арнайы жұмыс сапарымен Мойынқұмға келді. 
Сол сапарда кезекті бір дастархан басында Димаш Ахметұлының ел басқарудағы көрегендігі, ешбір оқиғаны, өмір жолындағы елеулі сәттерді қалт жібермей, әсіресе, өнер адамдарының шығармашылық қызметіне, тұрмыс жағдайына ұдайы көңіл бөліп отыратыны жайлы әңгімелер айтылды. Дүйсетай сол жолы мына бір оқиға туралы әсерлі әңгімеледі: 
– Бірде Димаш Ахметұлы маған Шәмші Қалдаяқовты көптен көрмегенін айтып, жолықтыруымды сұрады. Дереу тиісті мекемелер арқылы композитор ағамызды табуға тапсырма берілді.
Көп уақыт өтпестен Димекеңмен кездесетін күнін белгіледік.
Уәделі күні Шәкең мұнтаздай жарасымды киімдерімен келген екен. Шамалы уақыт қабылдау бөлмесінде күте тұруына тура келеді. Кезекті жиналыстан босаған кезінде Димаш Ахметұлының қабылдауына кіргіздім.
Есікті айқара ашып, өзіне тән жеңіл жүрісімен ішке енген Шәмшіні ақсақал орнынан шығып, қарсы алып, алдындағы орынға жайғастырды да, отбасының амандығын, тұрмыс жағдайын сұрады. 
Шәмші өзі, үйдегі жұбайы мен балалары жайлы айтып, күнкөрісі қанағаттанарлық жағдайда екенін жеткізді.
Одан әрі республика басшысы композиторлар мен жазушылар, өнер адамдары жайлы пікір алмасты. Шәмші өз кезегінде жазушылар,  композиторлар туралы әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Әлдекімдер сияқты сұғанақтық жасап, жеке өміріне қатысты әңгімелер айтпады. Димекең әңгім қызып тұрған бір тұста Шәмінің үйі жайлы сұрады:
– Ой, аға! Нұрғиса ағамызбен бірге қабылдауыңызда болғанда өзіңіз бергізген екі бөлмелі үйдеміз. Біздің отбасымызға толық жарап тұр, – деді.
Дінмұхамед Қонаев ағамыз маған қарап:
– Әй, Дүйсетай! Ертең қалалық атқару комитетінің төрағасына менің атымнан хабарлас. Шәмшіге үш бөлмелі үй беретін болсын, әрі орындалғаны жөнінде мені хабардар етесің, – деді. 
Мен қойын дәптеріме кезекті тапсырмасын жазып алған кезімде екеуара пікірлесу аяқталып, Шәмші орнынан тұрып, ақсақалдың қолын алып қоштасып, шығар есікке қарай бет алған сәтінде Димаш Ахметұлы:
– Әй, Шәмші! – дегеніне ол тоқтай қалып:
– Аға, құлағым сізде, – деді.
Димекең өз кезегінде:
– Әлгіңді, Әлгіңді, Әлгіңді!.. – деп қолын созып, ишарат білдірді.
– Түсіндім, аға!, – деп жылдам жауап берген Шәмші бөлменің есігін ақырын жауып шыққан сәтінде, мен өзімнің Шәмшіге деген ішкі қынжылысымды сыртқа шығарып:
– Димаш Ахметұлы! Шәмшіге бір адамның сөзі өтсе ол – сіз. Осы ішкілікке салынғаныңды қой деп неге жанына батырып айтпадыңыз, – дедім.
Димаш Ахметұлы жұлып алғандай реніш көңілімен:
– Дүйсетай! Ол қазақ халқының еркесі. Ел оның әнімен оянады,  Шәмшінің әндерінсіз қазақтың қызықшылығы өтпейді. Мен ғой – басшы адаммын. Бүкіл көңілі ояу қазақ алақанына салып, аялып отырған, теңдессіз композиторға менің нұсқауым жүрмейді.  
Мен «әлгіңді» дегеннің өзін өте қиналып, зорға айттым. Ал, сен бұдан былай Шәмшіге қатысты артық қимыл, оғаш сөз айтпағаның дұрыс болар, – деп зілді үнмен «бара бер» дегендей ишара жасады. Басшыдан естіген ауыр сөздерден әрең ес жинап сүйретіліп шығып кеткенім әлі есімнен кетпейді, – деп әңгімесін аяқтаған болатын. 
Димаш Ахметұлының жоғарыдағы еске алған өмір жолындағы қас-қағым сәттерден-ақ қандай ұлы, кең жүректі, халқын шынайы сүйе білген, Отанына қажымас қара нардай өлшеусіз еңбек еткен, мың жылда біртуар азаматтың бірі, әрі бірегейі болғандығын көзге елестете аламыз. Ал, Қонаевтың сол соңғы қабылдауындағы болғанда, «Әлгіңді...» деп үш қайталаған өтінішін қалған ғұмырында Шәмші ағамыз Құран аятындай шын жүрегімен қабылдап, ащы судан мүлдем аулақ болғаны ұлы сазгермен бірге болған замандастарының естелігінде жазылып та, айтылыпта жүр.


Сағат АЛДАБЕРГЕНҰЛЫ.
Мойынқұм ауданының
Құрметті азаматы

Обсудить
Блок в статье:
Тектіліктің тамыры 09 апрель 2026, Четверг
Күн туды ескі жұртқа жаңаратын 09 апрель 2026, Четверг
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры