Қаламы қуатты, сөзі уытты
Сөз зергерлерінің қолындағы қаламы қасиетті, олардың аузынан шыққан әрбір сөзі киелі. «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» дегендей, тілшілердің толғанып қалам тербеген бір мақаласы талай аудан мен ауылдарды шулатып, атқамінерлерді «тулатып» жататыны рас. Сондай асау мінезі бар, сөзі өткір, қаламы батыл тілшінің бірі – Несіпхан Қоңырбаев.
Несіпхан Қоңырбаевты шамамен 2007 жылдардан бері білемін. Байқап отырсаңыз, аз уақыт емес. Ол уақытта облыстық жастар газетінде істеймін. Екі нөмірдің бірінде Шу ауданынан «Несіпхан Қоңырбаев» деген автордың сын мақалалары бұрқырап шығып жатады. Оның арты ауданда шу болып, аудан басшылары редакцияға да қоңыраулатып, біраз уақыт дүмпуі басылмайтын. Бұл – Қоңырбаевтың қаламының қуаты. Ол кісі өзі ауылда тұрады. Ауыл тақырыбын үзбей жазады. Ауылдарға салынып жатқан жол, қосылып жатқан таза ауыз су мен газ мәселелерін көтереді. Одан бөлек мектептер мен балабақшаларға аудандық санитарлық-эпидемогиялық стансасынан күн құрғатпай келіп жататын тексерістерді сынға алған сәттері де есте. «СЭС сес көрсетуін қояр емес» деген сын мақала облыстық жастар газетіне жарық ете қалған кезде Шу ауданы тағы бір шулаған. Сонда СЭС мамандары тырнақ астынан кір іздеп «Қоқыс жәшіктің қақпағы жоқ» деп құжат толтырған ғой. Осындай қоқаң-лоққыны Қоңырбаев дер кезінде сынға алып, онан соң СЭС Шу ауданынның білім мекемелеріне аяғын ойланып басатын болыпты. Бұл ретте сол кездегі облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің бас редакторы Болат Бекжановтың талантты тани білетін қасиетін айтуға тиіспіз. Болат Үмбетәліұлы өзі басқарып отырған газетке Қоңырбаевтың мақаласын тоқтаусыз беріп тұрды. Лездемеде біздерге үлгі етіп мақтап отыратын. Онысын міндет етпеді. Тіпті, Қоңырбаевты жүзбе-жүз көруді де мақсат етпеді. Бірақ, 2008 жылы болуы керек, мені Шу ауданы, Еңбек ауылына арнайы жіберіп, Қоңырбаев туралы жазып қайтуды тапсырған. Сол тапсырма бойынша Шу ауданына бардық. Қоңырбаевты көрдік. 9 жылдық шағын мектептің директоры екен. Айтпақшы, сол мектеп ғиматарын ауыл азаматтарын жұмылдырып, өзі салып алған. Өзі де – құрылысшы, ұста. Сегіз қырлы, бір сырлы. Сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы келгенде мектептің қайда екенін таба алмай, біраз әбігерге түскені де қызық әңгіменің арқауы.
Қысқасы, сол Қоңырбаев пен жастар газетінің басшысы Болат Бекжанов беріректе 2014 жылы танымал журналист Нұрболат Әлдибектің үйлену тойында кездесіп, танысты. Ол уақытта Бекжановтың жастар газетінен кеткеніне 4 жылға жуықтаған. Көркемсөзге адалдық деген осы болса керек.
Несекең (Қоңырбаев) зейнетке шыққан соң да, газеттерге мақала жазуын тоқтатқан жоқ. Соны байқаған аудан басшылары оны аудандық «Шу өңірі» газетіне жұмысқа қабылдады. Ағамыз сол газетте тілші қызметін абыройлы атқарып жүр. Тілші Айғаным Асқарбек екеуі бірігіп жазған бір сын мақала ауданды дүр сілкіндіріпті. Ол – әйгілі батыр Рахымжан Қошқарбаев көшесінде ауыз су мен жарықтың жоқтығы. Сын мақала шыққан, артынша Қошқарбаев көшесіне жарық орнатылып, таза ауыз су барыпты. Міне, қаламның қуаты.
Несіпхан асыл жары Ғалия әпкеміз екеуі 5 перзент тәрбиелеп өсірген. Балалары әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. 5 ұлынан 14 немере сүйіп отыр.
Негізгі айтарымыз, Қоңырбаев қаламының қуаты, сөзінің уыты болатын. Сөз соңында ардагер қаламгерге жазар көбейсін демекпіз.
Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
журналист,
Шу ауданы
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)