СУРЕТТЕГІ ТӨРТЕУ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Мына суретте бейнеленген кісілердің көзін көрдім, өздері жайында азды-көпті білемін, сондықтан олар туралы айтуды өзіме парыз санадым.
Әңгімені сол жақ шеттегі Байділда аға Қадірбергеновтен бастайын. Жалпы, Бәкеңнің мамандығы, білуімше – журналист. Дегенмен, аталған салада көп істеген жоқ-ау деймін. Өйткені, компартияның кадр таңдаудағы қырағы көзі мықты ұйымдастырушылық қабілеті бар алғыр азаматты «жетегіне жедел алып», партия, кеңес органдары жұмысының қатарына іркілтпей енгізіп жіберген тәрізді. Бұрын да біраз жерде көрініп қалған ол біздің аудандық кеңес атқару комитетінің төрағалығына осылай келіп еді.
Ұзын бойлы, ат жақты, келбеті келіскен Байділда аға тік мінезді, бетің бар, жүзің бар демей барлығын ашық айтатын басшы болатын. Оны бірқатар жиын-жиналыстарда байқағанмын. Сонысымен де аудандағы талай жұмысты «партия басшы, ол қосшы болып» дегендей, тамаша ұйымдастыра алды ғой.
Мойынқұм ауданынан кейін ол кісі Жамбыл облыстық баспасөзде мемлекетттік құпияның сақталуын қадағалайтын ұйым («Лито») бастығы қызметін атқарды. Олар қол қоймайынша облыстық газеттер басылмайтын, ал аудандық басылымдарды шыққан соң жинап – теріп бір-ақ тексеретін.
Біржолы мен қазіргі Тараз қаласының орталық алаңындағы ғимаратта орналасқан облыстық «Еңбек туы» (бүгінгі «Ақ жол») газеті редакциясына барып, баспалдақпен төмен түсіп келе жатқанымда Бәкеңмен кездесіп қалдым. Құрақ ұшып, қос қолыммен амандасып жатырмын, ол маған тесіле қарады да: «Әй, бала, жүр сөйлесейік!» деді. Содан аудандағы өзі білетін азаматтардың жай-күйін егжей-тегжейлі білгісі келіп, амандығын сұрап, біраз сөйлескеніміз бар.
Екінші отырған – Қуантай Саттаров. Ол – ауыл шаруашылығының мықты маманы еді. Осы салада көп жыл істеп, жақсы жетістіктерге жеткені елге мәлім. «Байтал», «Көктерек» совхоздарын басқарып, ауылды, ондағы тірлік - тіршілікті ілгерілетуге шыныменен мол күш- жігерін жұмсады. Іскер болатын, істің көзін, табыстың өзін таба білетін.
...Сексенінші жылдардың іші болса керек, республикалық «Казахстанская правда» газетінің бетінде «Байтал» вблизи» деген әркімге де ой саларлық үлкен мақала жарқ ете қалды! Онда Қуан аға мен ол жетекшілік ететін совхоз жөнінде жан-жақты жазылған болатын. Авторы кім дейсіз ғой, айтайын – Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультеті сырттай бөлімінің деканы, белгілі ғалым, біздің аяулы ұстазымыз Марат Кәрібайұлы Барманқұлов.
Кезінде Қуан ағаның ұлы, танымал журналист Арсен Саттар еңбек жолын аудандық «Мойынқұм таңы» газеті редакциясында бастаған-ды. Осы орайда бұл інімді жұмысқа қабылдаған өзім болатынмын.
Ал, енді үшінші отырған Айтекең, Айтбай Назарбеков туралы, мен айтпасам да, жалпақ жұртқа жақсы мәлім. Осынау тау тұлғаның Мойынқұмға сіңірген еңбегі әлі талай ұрпақтың жадында жатталары сөзсіз!
...1987 жылдың аяғы. Айтбай ағаның қызметтен босаған кезі. Бірде ол кісі түс кезінде «қоштасу шайы» дейміз бе қазір, білмеймін, аудандық партия комитетінің қызметкерлерін үйіне шақырды. Аупарткомның насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы болатынмын, сондықтан мен де бардым. Сонда ақыл- парасаты мол асыл азаматтың ағыл-тегіл адамдық, адалдық, халыққа қызмет ету туралы көсіле сөйлегенін, көшелі сөз айтқанын да ұмытпаймын.
... Бір күні қызметтік шаруамен аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, марқұм Шайдахмет аға Қалтаевтың кабинетіне кірсем– жанында Айтекең (бірінші хатшылықтан кетіп қалғанына біраз болған) отыр екен. Сәлем беріп едім: «Сен әлгі жауапты хатшы бала емессің бе?», – дегені. Ойпырмай, не деген жад, не деген есте сақтау қабілет?!
Айтбай ағаны соңғы рет Мойынқұмның елі мен жері үшін еңбегін сіңірген ардақты азаматтың бірі, майдангер, үлкен отбасының бас - иесі Тілепбай аға Ермұратовтың жерлеуінде көрдім.
Сонымен енді оң жақ шеттегі Қаратай аға Адамбаевқа келейін. Адамбаевтарды қазақ жұртына белгілі әулеттің бірі десек, қателеспейміз. Бұлар өзі төрт ағайынды, бәрі шетінен мықты. Біреуін ғана айтайын, Балтабай Адамбаев – филолог, атақты әдебиет зерттеушісі.
Құмды аймақтағы «Мойынқұм» совхозына алғаш директоры болып келген Қаракең қалған өмірін негізінен осы өңірдің өркендеуіне, өрге басуына арнады десе де болғандай! Ол кісі совхоздан соң ұзақ уақыт ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып, осы саланың маңдайының жарқырауына зор үлес қосқанын мойынқұмдықтар жақсы біледі деп ойлаймын. Яғни, ауыл шаруашылығы өндірісінің ірі ұйымдастырушысы бола білді.
... Бір жолы сол кездегі аудан әкімі Оңдасын Елубайұлы Жиенқұлов маған аудан тарихы туралы кітап жазуды тапсырды. Осылайша қызу жұмыс басталып жүре берді. Соған байланысты істің бірі – Мойынқұмға қатысты көзі тірі ардагерлермен әңгімелесіп, айтқандарын жазып алу болатын. Бірде осы мақсатпен, аудандағы білікті мал маманының бірі, ортақ іске жанашыр азамат Мұратхан Ескермесов (соның көлігімен) екеуіміз Тараз қаласына тартып кеттік. Алдымен ондағы Көктерек ауданы кезінде басшылықта істеген Тұрсынбала апа Абдраманова мен Мұсахан аға Зәуірбековтің үйінде болдық. Қайтар жолда Меркіге соғып, Қаракеңнің үйіне бардық. Қаратай аға қатты ауырып жүр екен, бірақ, соған қарамастан сыр білдірмей, Апуза апамыз екеуі жақсы қарсы алды, шай берді. Сол жолы мен ол кісі айтқан жаңа ауданның – Мойынқұмның ашылуы жөніндегі әңгімесін мұқият тыңдап, көп мәлімет алдым.
...Кейіннен аға қайтыс болғанда ауданнан арнайы делегация барып марқұмның бейітіне топырақ салды ғой. Сол қатардағылардың ішінде өзім де бар едім. Біз – соғыс ардагерлері, қадірменді қариялар, бірліктік Салмарбек Мейірқұлов, Тәжібай Сүйкімбеков, аудан орталығынан еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Сейіт Сейдалиев және мен редакцияның көлігімен марқұмның жерлеуіне жеделдетіп жеткен болатынбыз.
Міне, мына бір әдемі суреттегі абзал ағаларым туралы біраз жылы естеліктер ойға оралды. Соны оқырмандармен бөліскім келді. Олардың елге арналған еңбектері, жақсы істері, жарқын бейнелері көптің есінде ұзақ сақталарына күмән жоқ!
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
ардагер журналист
Мойынқұм ауданы
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)