Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » БАТЫРБЕК ДАТҚА ҰРПАҒЫНЫҢ ҰЛАҒАТЫ

БАТЫРБЕК ДАТҚА ҰРПАҒЫНЫҢ ҰЛАҒАТЫ

27 май 2024, Понедельник
51
0
Батырбек датқа бабамыз туралы абайтанушы, акаде-мик Мекемтас Мырзахметов, әйгілі кардиохирург Сейітхан Жошыбаев, журналист-көсемсөзші, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, басқа да танымал зиялы қауым өкілдері деректі мақалалар жазып, олар республикалық, облыстық басылымдарда жарияланды. Бүгінгі әңгімеміз аты өлкемізге кеңінен танымал тарихи тұлғаның кіндігінен өрбіген ұрпақтары туралы болмақ.
Датқаның төрт әйелінен сегіз ұл, он бес қыз тарайды. Ұлдарының ішінен Ыса, Тастанбек, немересі Белқожа әрқайсысы 30 - 40 жыл болыстық қызмет атқарған. Олар әкелерінің жолымен жүріп, халықты бөліп-жармай, тура жолдан таймай адал басқарған. Ел ішіндегі ұры-қарыларды, қылмыскерлерді қатаң жазалап отырған. Сондықтан да қарапайым халық арасында абырой-беделдері өте зор болған. Ел қариялары осы кісілердің әділеттілігін, жомарттығын, іскерліктерін әлі күнге дейін аңыз етіп айтады. Кезінде сырттан көшіп келгендерге жер бөліп беріп, қоныстандырып, алдарына мал салып бергенін Жуалы ауданы, Қоңыртөбе ауылындағы найман, арғын, Көлбастаудағы қыпшақ ағайындардың үлкендері разылықпен еске алып отырады. 
Сондай-ақ, олар алты бірдей елді мекенде мешіт-медресе салдыртып, халық арасынан діни білімі жетік шәкірттер даярлау жұмыстарына ерекше көңіл бөліп отырған. Оның бер жағында, қарапайым халықты суармалы егін шаруашылығына бейімдеп, ірі - ірі тоғандар қаздыртып, сол кездің өзінде-ақ қолдан суару жүйесін жолға қоя білген. 
Бұл кісілердің жомарттығы жайлы да үлкендерден жеткен әңгімелер көп. Шымкентте отырған ояз жиналысқа шақыра қалса, нөкерлерімен барып, қайтарда керуенмен бірге ауылға мата, қант - шай, өрік - мейіз ала қайтады екен. Жомарттығы сол, ауылға жеткенше, әлгі тауардың жартысынан көбін жолдағы кездескен елді мекендердің халқына таратып беріп, ауылға азғана бөлігі зорға жететін көрінеді. 
Үшеуі де сөзге шешен, мақалдап - мәтелдеп сөйлейтін, қиыннан қиыстырып сөз тауып, жол тауып кететін ерекше қасиеттері болған. Бірде Ыса болысты ояз бастығы өзіне шақырып алып: «Үстіңізден арыз бар, қатал көрінесіз, не істейміз?», – десе керек. Бұл арызды әлдебір бәлеқорларға ояздың өзі әдейі жаздыртып, ұйымдастырып отырғанын сезе қойған Ыса әлгі жерде бөгелместен: «Ой, тақсыр ол бәлеқорларға сенбеңіз, өткенде ғана сізді «орыстың арақ ішкіш мұжығы», мені «қазақтың бұзығы» деп: «Ояз арақішкіш, халықты басқара алмайды, Тәшкендегі губернаторға үстінен арыз жазамыз» дегенде, мен сіз үшін оларға аз ғана мал, ақша беріп, әрең тоқтаттым», – деп оязды орнына қойған екен. 
Белқожа болса 1925 жылға шейін болыс болған, Тәшкендегі медресені, орыс-қазақ мектебін бітірген, араб, орыс тілдеріне өте сауатты адам болыпты. Романовтар әулетінің таққа отырғандарына 300 жыл толуына орай өткен салтанатты жиынға жалпы Орталық Азиядан баратын елу шақты болыс, байларды осы Белқожа болыс бастап, патша алдында құттықтау сөз сөйлеу құрметіне де ие болған. 
Орысша сауатты сөйлегеніне қатты разы болған патша Белқожамен арнайы бірге суретке түсіп, көптеген сый - сыяпат жасаған. Белқожа болыс өзінің генерал-губернатордың алдындағы беделінің арқасында 1916 жылы маусым Ресейдің батысында жүріп жатқан соғысқа да қазақ жастарын тыл жұмыстарына алу туралы жарлық болғанда, оңтүстік өңірден баратын мыңдаған жасты жібермей алып қалған. Тәшкендегі генерал - губернаторға барып, «ағзамға жеткізіңіз, егерде бізден жастарды алатын болса, халық арасында толқу болып көпшілігі Ауғанстан, Иран ауып кетеді, кейін оларды ағылшын тыңшылары ұйымдастырып өзімізге айдап салмасына кім кепіл?», – деп мыңдаған қазақ жастарын майданға жібермей аман алып қалады. Белқожа болыстың халыққа істеген осы жақсылығын ел - жұрт әлі күнге дейін аңыз етіп айтады. Одан бөлек болашағы бар деген жастарды қолдап, өз қаражатына оқытып отырған. Солармен бірге өзінің баласы Жамалбекті де Тәшкендегі медресеге оқуға беріп, одан кейін Шымкенттегі орыс - қазақ мектебін бітіртеді. Болыстың мұндай қамқорлықтарына Т. Рысқұлов, Қ. Қошмамбетов,     Қ. Сармолдаев, М. Тынышпаев сияқты оқыған қазақ жастары да ие болған. 
Т. Рысқұлов кейін Кеңес өкіметі орнап, болыс - байларды кәмпескелеп, туған - туыстарын қудалағанда, датқаның ұрпақтарына қамқорлық көрсетіп, көпшілігін Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан басшыларымен келісіп, сол жақтарға қоныстандырып, үлкен нәубеттен аман алып қалады. Осы тарихи деректердің барлығы бізге Жамалбек атамыз арқылы жеткенін айта кетуіміз керек. 
Жамалбекті аудан басшыларынан бастап, көптеген танымал кісілер қатты сыйлап өтіпті. Атақты батыр Б.Момышұлы Жамалбекті қатты құрметтейтін, әкеміз Нарымбекпен жас кездерінде қызметтес, сыйлас кісілер болған. Әкеміз колхозда бухгалтер, Баукең аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы қызметін атқарып жүргенде батыр біздің үйге жиі түседі екен. Оның үстіне туған жездеміз Қалдарбек батырдың жақын інісі болып келеді. 1960 жылдары мединститутта оқып жүргенімізде екі жылдай Баукеңнің үйінде жатып та оқыдық. Баукең көңілденгенде, «Әй, датқаның ұрпағы, сары бала! Елге барғанда ағамыз Жамалбекке сәлем айт, өз заманында өмір сүргенде ол ағаң үлкен қайраткер болатын еді», – дейтін. Баукеңнің сәлемін оқудан келгенде Жамалбек көкемізге айтқанымызда үндемей көп отырып, күрсініп «Есіл ер аман болсын!», – деп естеліктерін әңгімелей бастайтын. Сол әңгімелердің ішіндегі мына бір естелік есімізде ерекше қалып қойыпты. 
«Баукең анда-санда К. Маркс совхозында парторг қызметін атқаратын немере інісі Әбділда Момынқұловтың үйіне келеді екен. Сондай - ақ әлгі совхозда өте білімді, іскер Мақұлбек Қорғанбаев есімді азамат бас бухгалтер қызметін атқарыпты. Сол жігіт батырды да, мені де қонаққа шақырып Баукең екеуміз түні бойы әңгімелестік. Батырдың көп сауалдарына жауап бергенім бар. Сонда көзім жеткені – Баукеңнің тарихты, салт - дәстүрімізді, діни жоралғыларды өте терең білетіндігі еді. Әсіресе, Батырбек датқа туралы көп айтып, оны пір тұтып отыратын. 
«Жамаке, датқа бабаларыңыз өте қасиетті, данышпан, көреген, әділетті болған кісі ғой. Жас кезімде ауданда жауапты хатшы болып, ел аралағанымда Датқа сазға соғып, үнемі дұға бағыштап жүрдім, ал 1931 жылы әскерге алынарда Момыш жәкем екеуміз екі атқа мініп, арнайы Датқа сазға келіп қасиетті кісіге Құран бағыштап, аруағына сыйынып аттанып едім. Әрине, бірінші көктегі Тәңір, екінші Батырбек датқаның аруағы жебеген шығар, 1938 жылы Қиыр Шығыста әскери қызметте жүргенімде, дивизияаралық әскери жарыс ұйымдастырылып, сол жарыста үздік дайындығым үшін, бірінші орын алдым. Осы жарысты көруге Қиыр Шығыстағы әскерилердің бас қолбасшысы маршал Блюхер өзі қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша үздіктерге Блюхер өз қолымен сыйлықтар тапсырып, мен сол кісінің қолынан алтын сағат алғанмын, кейін осы үшін жауапқа тартыла жаздап, аман қалғаным бар. Олай болған себебі, В. К.Блюхер 1938 жылы репрессияға ұшырап, оның қарамағында қызмет істеген командирлердің көбісі ұсталып кетті. Ұлы Отан соғысында, Мәскеу түбіндегі қиян - кескі ұрыстардан, қоршаудан, жаңбырша жауып тұрған оқтан қалай аман қалғаныма таңмын, сізден несін жасырайын, үнемі Аллаға, екінші Батырбек датқаның аруағына сыйынып жүрдім», – деп еді ер Баукең. Ертеңіне таңертең парторг інісінің машинасымен Датқа саздағы қасиетті баба мекеніне келіп, мен Құран бағыштап, бұлақтан су ішіп, жуынып аттанып едік. Мен Құран оқып отырғанда Баукең күрсініп, көзіне жас алды»,  – деп Жамалбек көкем, әңгімесін түйіндеді. 
1928 жылдары қызыл коммунистер Батырбек датқаның Датқа саздағы кесенесін қиратып тастайды. Бірақ қираған кесене кейін қалпына келтіріліп, аудан орталығында ескерткіш орнатылды. Айтпағымыз, сол жұмыстарға жұмсалған қаражаттың барлығын қарпайым халық көтеріп алған. Алдағы уақытта да сол халық арасынан шыққан зиялы қауым өкілдері қасиетті кісінің есімін мектепке, елді мекенге бергізіп, аталған екі нысанды мемлекет қорғауына алып, киелі мекен тізіміне кіргізуді қолға алғылары келеді. 
Осы ретте аудан басшылығы кесене мен ескерткішті үнемі назарда ұстап, жан - жағын абаттандырып, күрежолдан кесенеге дейінгі 300 метрге тасжол төсеп, туристер, қонақтар келгенде дамылдайтын орын ретінде қайта жаңғыртса деген тілегіміз бар. 
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Батырбек датқа оңтүстік өңірдің алты бірдей елді мекенінде мешіт-медресе салдыртқан. Қазір оның екеуі Жуалы ауданында, екеуі Талас ауданында, екеуі Сайрам ауданында ор-наласқан. Одан бөлек, датқаның қаздыртқан каналдары мен салдыртқан тоғандары да сол аудандарда әлі де ел игілігіне жарап келеді. Бұл нысандарға да граниттен белгі қойылып, датқа есімі жазылғаны дұрыс. 
Талас ауданының басшылары да Қызыләуіт, Көктал елді мекендерінде Батырбек бабаның салдыртқан мешіт - медресесі мен тоғандарының басына белгі қойса, тарихи тұлғаның алдындағы ұрпақ парызын өтегендік болар еді. 
Қазіргі жастар тарихымызды білу керек, тарихи тұлғалардың халқына, еліне сіңірген адал еңбектерін оқып, танулары керек. Ол үшін жоғары оқу орындарының тарихшы - ғалымдары, облыстық мұрағат мамандары, журналистер Тараз, Шымкент, керек болса Ташкенттегі архивтерден тарихи құжаттарды іздестіріп, мерзімді баспасөз беттерінде деректі мақалалар жазып, жариялап тұрғаны жөн. 
Тарихымызды терең біліп, ондағы тұғырлы тұлғалар туралы ақиқат әңгімелер айтылғанда ғана тарихымыз түгенделеді, өткеніміз сараланады. 
Нұрмұхан ЕЛЕПАЕВ,
еңбек ардагері, облыстық стоматологтар
қауымдастығының вице - президенті
Тараз қаласы.
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры