Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҰЯТЫ ТІЛЕГІНДЕ, ИМАНЫ ЖҮРЕГІНДЕ

ҰЯТЫ ТІЛЕГІНДЕ, ИМАНЫ ЖҮРЕГІНДЕ

26 март 2024, Вторник
91
0
Қырық жылға тарта денсаулық сақтау саласында қалтқысыз қызмет еткен Клара Үсембаева қай кезде де қарапайымдылығымен, қайырымдылығымен ерекшелене білді. Бір басқосуымызда «Клара Сәбитқызы, сіздің еңбегіңізді мақтайтындар да, жақтайтындар да көп екенін естіп жүрген жайым бар. Жасырын болмаса оның сыры неде?», – деп сауал қойдым. Оның жарқын жүзі ойланып, толғанғандықтан шығар сәл өзгергендей көрінді. «Турасын айтқанда жасырып, жабатын қасиеттің адамы емеспін. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, менің адам болып қалыптасуыма жақындарым үнемі жанашырлық танытып отырды. Апам Марал ес білгелі бері қыз балаға байланысты тәлім-тәрбиесін тал бойыма сіңіріп бақты. Ол кісі бауырына басып, еркелетіп отырып: «Ертең - ақ бойжетесің қарағым. Сол кезде ұлттық дәстүр-салтымызда атап көрсетілген талаптарды бұлжытпай орындауға тиістісің. Әсіресе, қыз бала бауырмашылдығымен ғана ерекшеленбей, үлкенге, кішіге деген құрметімен де дараланса деймін», – деген өсиетін құлағыма сіңірдің. «Қызға қырық үйден тыйым», – деген қанатты сөздің астарын апам ашып беруші еді. Сондай-ақ, анашым Орынбасар да санама жарқын болашақтың сәулесін дарытып, артық немесе кем дүниеге әсіреқызыл болмауымды талап етті. Әкем Сәбит те ұл балаларына қалай қараса, қыздарына да солардан кем қараған жоқ. Әке-шешемнің дұрыс тәлім-тәрбиесінің нәтижесінде алтын ұямнан тағлымды тәрбиені тал бойыма жинап өстім. Олар қай кезде болмасын «Қызым, ең алдымен ар-ұятың бәрінен биік болсын. Қандай қызмет атқарсаң да, адамгершілік қасиеттерің мол болсын» деген уағыздарды құлағыма құюдай-ақ құя білді. Сонымен қатар, жүрегіңде иман болмаса тура жолдан тайып кетуің қиын емес. Біреудің ала жібін аттап немесе кісілігін  жерге таптап кетуің де ғажап емес»... 
Осындай келелі кеңестің бәрі Клара Сәбитқызы Алматыдағы медициналық институтының емдеу факультетіне түскен кезде өмірлік қажетіне жарай бастады. Жастай алған тәрбиесі тірек болып, институт қабырғасында жүргенде - ақ жақсы қырларымен танылды. Оқуда озат болумен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. Деканат басшылығы оны топтың жетекшісі етіп тағайындады. Жоғарғы білім ордасының осындай сеніміне ие болған ол институтты ойдағыдай тәмамдады. Арнайы жолдамамен Шу қалалық емханасына мамандығы бойынша қызметке орналасты. Емхана меңгерушісі Сейсенғали Ақпаев жас маманның іскерлігін байқады. Ол өзі қалалық ауруханадағы емдеу бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалғаннан кейін, жас маманды бірге қызмет етуге шақырды. Бұл ұсынысты қуаттаған жас дәрігер бұдан былай аурухана төсектеріне таңылып жатқан науқастармен тікелей қоян - қолтық жұмыс істеуіне тура келді. 
Осы қызметке тұрардың алдында төлебилік Болат Үсембаев деген азаматқа тұрмысқа шықты. Клара да көпбалалы отбасынан түлеп ұшса, Болат та он ағайынды шаңырақтағы ер балалардың үлкені екен. Мамандығы – малдәрігері. Осылайша, екі дәрігер өз алдарына шаңырақ көтеріп, жас отаудың босағасын бекіте бастады. Осы орайда Болаттың әкесі Қали ата мен анасы Жәмила апа да жас жұбайлардың қадамдарын қуаттап, қолдарынан келгенше көмектерін көрсетіп бақты. Болат пен Клара дүниеге екі қыз бен егіз ұл әкелді. Олардың бәрі де бұл күнде өз алдына отау тігіп, ұрпақтарын өсіріп жатыр. Болат пен Клара ұлдан да, қыздан да немере көріп, отбасының шат - шадыман қуанышына бөленуде. Болат болса заман ағымына сай өз мамандығы бойынша он шақты жыл еңбек еткеннен кейін, жеке кәсіпкер болып, ел - жұртына танылды. Өз кәсібін ұршықша иіріп, дөңгелетіп алып кетті. Тапқан табысынан әлеуметтік аз қамтылған топтарға көмек қолын соза білді. Ауданның қайырымдылық шараларынан да тыс қалмады. Осындай абыроймен өткен жылы зейнет жасына жетсе де, өз жұмысын одан әрі жандандыруда. 
«Денсаулық сақтау ісінің үздігі», жоғары санатты дәрігер Клара Үсембаева жайлы жылы лебіз білдіргендердің қатары аз емес. Көңілі ояу, көзі қарақты оқырмандар Әбекеңді, Әбжапар Жақыбаевты жақсы біледі. Көзі тірісінде «Күнің барда күліп жүр» атты кітаптың авторы атанған сол Әбекең «біздің дәрігер келін Клара» деп мақтан тұтты.
Шу қалалық ауруханасын ұзақ жылдар жемісті басқарған, медицина саласының ардагері Сейсенғали Ақпаев бір сөзінде былай деген еді: 
– Білікті маман Клара Сәбитқызымен оншақты жыл қызметтес болдым. Ол қалаға Төле би  ауылынан  қатынап    жұмыс істесе де, бауырында жас   нәрестесі болса да, қызметінен кешігіп көрген емес. Өз міндетіне адал қарағандықтан науқас  жандардың ыстық ықыласына бөлене білді.
Шу аудандық орталық ауру-ханасының бас дәрігері Жайдар Әйтішев реті келгенде дәрігер Үсембаева жайлы жақсы пікірде екенін аңғартты. Басшының айтуына қарағанда, Клара Сәбитқызы күні бүгінге дейін өз мамандығына  адалдық танытып, сырқаттанған жандардың өз аяғынан тұрып кетуіне бар күш-жігері мен білімін жұмсай білуде.
Бұдан жиырма жыл бұрын кездейсоқ болған оқиға менің әлі есімде. Шу қаласына бір шаруамен барып, қайтарда жеңіл көлікпен келе жатқанмын. Төле би баба ескерткішін айнала бергенде жүргізуші көлігін сол жаққа бұрып, бағытын өзгерте берді. 
- Інім-ау қайда кеттік? – деп дегбірім қашқандай болды. 
- Ағай айып етпеңіз, өз басым қатты құрметтейтін дәрігер кісі келе жатыр екен. Үйіне жеткізіп салайын...
Сол кезде құрметтейтін дәрігері кім екен деген оймен мен де алда келе жатқан адамға назар аудардым. Клара Сәбитқызы екен. Сөйткенше болған жоқ әлгі жігіт дәрігердің жанына жақын келе тоқтап, өзі алдынан жүгіріп шықты. 
- Әпке мен сізді анадай жерден көріп қалдым. Сондықтан алдыңыздан шығып, үйіңізге дейін жеткізіп салайын деп бұрылдым.
- Ой інім - ай, сонша жерден бұрылып, нең бар еді. Өзім де жетер едім ғой. Айтпақшы, апаңның жағдайы қалай? – деді. Жүргізушінің өңі бал-бұл жанып:
- Апамның жағдайы жаман емес. Енді екі айдан кейін 93 жасқа толғалы отыр. Бірінші Құдайдың қалауы, екінші сіз болмағанда апам оншақты жыл бұрын бақилық болып кететін бе еді, кім білсін?!
...Кеше ғана зейнет жасына жеткен, қызмет еткен жылдарында үлкен сенімге ие болған, жоғары санатты емдеуші дәрігер, есімі ауданға да, облысқа да кеңінен танымал, көптеген марапаттардың иесі Клара Үсембаева жайлы толғаныас - мақаламды мынадай өлең шумақтарымен түйіндеймін. 
Әрдайым өзіңізді мақтан еттік,
Кей кезде сол пайымды аттап өттік.
Жанға батқан сырқаттың әуресімен,
Алдына дәрігердің әзер жеттік.
Жағдайы белгілі ғой сырқат жанның,
Айтады ауруымен алысқанын.
Бір көмек береді деп келіп отыр,
Білмейді дерттің қалай жабысқанын.
Көрінді ақ жүзінің қаны қашып,
Дәрігер бәйек болды жаны ашып.
Бейтаныс жан болса да  жатырқамай,
Сыр тартты сұрақ беріп, жақындасып.
Зерттеу нәтижесін қарап шықты,
Аурудың асқынғанын анық ұқты.
Тағы да өмір берді бір адамға,
Болған соң бойындағы емі мықты.
Клара Сәбитқызы осындай жан,
Шипасын жасаудан бір тосылмаған.
Лайықты құрметтеудің қандайына,
Сыр етіп айтсам деймін досым саған.
Ахметжан ҚОСАҚОВ,
ардагер журналист,
Шу ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.
Обсудить

Похожие материалы:

Бесіктен безгеніміз бе?
19 март 2020, Четверг
Бесіктен безгеніміз бе?
Тәрбие басы - талбесік
19 март 2020, Четверг
Тәрбие басы - талбесік
Қазақ бол!
19 март 2020, Четверг
Қазақ бол!
Абай-дара, Абай-дана
28 август 2020, Пятница
Абай-дара, Абай-дана
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры