Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ЕСТІ СӨЗДІ ЕСКЕРГЕН ҰРПАҚТЫҢ ЕРТЕҢІ ЖАРҚЫН

ЕСТІ СӨЗДІ ЕСКЕРГЕН ҰРПАҚТЫҢ ЕРТЕҢІ ЖАРҚЫН

26 март 2024, Вторник
74
0
Қолыма қалам алып отырып хакім Абайдың он тоғызыншы қара сөзі ойыма орала кеткені. Дана Абай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісінің өзі де есті болады» дейді. Осы айтқандай, ХХІ ғасырдың Гомері атынған, ұлы жырау Жамбыл Жабаев «Жамбыл – менің өз атым, Халық – менің шын атым» дегені даналықты сүйген, халық дәстүрін құрметтеген көпшілік оқырманның есінде болар деп ойлаймын.
Осынау дана, данышпан, көпті көріп, алысты болжай білетін бабаларымыз айтқандай, мен де бала кезімнен, жастық шағымнан ел ішіндегі есті деген кісілердің сөзін тыңдап, олардың айтқан даналықтарын қойын дәптеріме жазып алуды әдетке айналдырғанмын. «Жырлағанмен не пайда, тыңдаушы баға бермесе...» дегендейін міне, көпшіліктің қажетіне, жас ұрпақтың болашағына керек болып қалар деген ниетпен осылардың бірқатарын хатқа түсіріп, оны оқырманның назарына ұсынуды жөн санап отырмын. Керек болса, қажетіне пайдаланар, егер қажет болмаса, өз сөзім – өзімдікі...
Алла тағалы рақымына бөлесін, осы ретте алдын көріп, тәлім-тәрбиесін алған ұстаздарым туралы, олардан көрген үлгі-өнегелерім мен есте қалған есті сөздерін айтпақпын. Олар – Шейх Зүннін Қарақожаұлы, Мейірбек молда Масабайұлы, Қожағаппар Әлменбетұлы, Тілеуқұл Жұматайұлы, Нәзірқожа Варисханұлы, Әшенқожа Әлімбетұлы, Әлімқожа Сүлейменұлы, Оспанәлі Пешенұлы және Сатанқұл молда. Мен қасиетті Жуалы ауданына алғаш имам болып келгенімде, бұл кісілер мені сынап, сыннан өткізді ғой деп ойлаймын. Содан кейін олар есті сөздерін айтты, мен оларды қағазға түсіріп жүрдім. Мен осында алғаш келгенде ол кісілер өңірге қарасты бірқатар ауылдарда имамдық қызмет атқаратын. 
Алғаш қазіргі «Жуалы» көпшілік мешітінің құрылысын бастаған кезде жоғарыда аталған абыз ақсақалдар ақылдарын айтты. Жерлес жазушы Шерхан Мұртаза: «Сұңқар жемтігін шашып жейді, ал қарға жемтігін бауырына басып жейді. Бұл дегенің – сұңқар елім-жұртым да менімен бірге бөлісіп жесін дегені, ал қарға болса, өзім ғана жеймін дегені» – деуші еді жарықтық. 
Өзімнің ұстазым Зүннін қожа ұстазым болса: «Сөзіңе біреу қарыздар болмаса, сөйлеме. Итке гауһартасты тастама. Ол оның гауһар екенін қайдан білсін? Көп сөйлесең, езбесің деп жек көреді, Сөйлемесең, мылқау екен деп сөгеді» деп арыдан толғаушы еді жарықтық...
Әшен қожа қайтыс боларында өзінің құлпытасына: 
– Керуен көшіп барады,
Нарменен түзеп атанын.
Жарық дүние аман бол,
Ағайын, құрбы - қатарым,


Мүсәпір болған Әшеннің,
Қайырлы қылғын сапарын, – деп жаздырып кеткенін жақсы білемін.
Ал тағы бір ұстазым Орыншал Айдосұлы:
– Жігіт жеті атасына тартады,
Жылқы сүрлеуіне тартады.
Қасқырдан қасқыр туар қой жейтұғын,
Иттен ит туады боқ жейтұғын.
Сараңнан бермес туады, 
Қиықтан тұйық туады. 
Неше таудың сулары бәрі құяды теңізге, 
Қанша жақсы десең де, тартады екен негізге, – деп айтушы еді.
Аудандағы қазыналы қариялармен, оның ішінде аудан орталығында тұратын ақылман ақсақалдармен бірге жүріп, олардың тәлім-тәрбиесін алып, есті сөздері мен ақылын тыңдағаныма бүгінде ризалығымды айтып отырмын. Сондай данышпан қариялар Әбдікерім Жолдасов, Төлеу Қожабергенов, Алдаш Алтынсарин, Айдарбек Айтубаев, Төлбасы Есмұрзаұлы, Шәртай Кенжебеков және Мұсатай Апбасұлы сияқты ақсақалдармен көп араласып, өнегеге толы өсиет сөздерін тыңдау және оны кейінгі ұрпаққа жазып қалдыру бақыты бұйырған екен маған. Оған мың да бір шүкір!
Алдаш ақсақалдың: «Жарға біткен жаңғақты жаннан безген жан жейді, қабырғадан саз кешіп жүк сүйреген нар жейді. Өлген қайтып келмейді, алғанын Алла бермейді. Сабыр қылсақ керек-ті» дегені әлі есте. Төлеу атаның: «Бұл дүниеде екі ғанибет бар. Бірі – дидар ғанибет, екіншісі – несібе ғанибет» дегені де есімде қалыпты. Айдарбек ата да өз сөзінде, сонау бір жылдары Ақсайдағы мешітте молдадан дәріс алғанын, одан кейін қазіргі Көлбастау (бұрынғы Евгеньевка селосы) ауылында Бауыржан Момышұлымен бірге оқығанын айтса, Төлбасы ақсақал келіндерге үнемі орамал тағып жүруін және шаштарының тамаққа түсіп кетпеуін қатты қадағалайтын. «Тамаққа шаш түсіп кетсе, одан періште қашады», – дейтін. Шәртай және Мұсатай марқұмдар отырған жерінде адамдарды күлдіріп отыратын. Бірақ өздері күлмейтін. Олармен де жақсы қарым-қатынаста, сыйластықта болып, жақын араласқан жайым бар. 
Мен мұның барлығын не үшін айтып отырмын. Сөз басында мысалмен келтіргендей, есті сөздерді ескеріп жүрген адамның өзі де есті болмақ. Есті болу дегеніміз не?! Ұрпақ есті болса, ұрпақтың да сапасы артады, елдің де іргесі берік болып, сөздің қадірін өзінің қадірін түсінетіндей ұрпақтың буыны өсіп-жетіледі. Бұл – өте маңызды мәселе. Жас ұрпақтың иманы берік болса, есті сөздерді ескеріп жүруі – ең біріншіден үлкендерге, аға буын мен ақсақалдардың тәлім-тәрбиесіне байланысты.
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,
«Жуалы» мешітінің имамы,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы, 
аудандық билер кеңесінің мүшесі.
Обсудить

Похожие материалы:

БАЙЛЫҚПЕН БАҚЫТТЫ БОЛА АЛМАЙМЫЗ
28 сентябрь 2023, Четверг
БАЙЛЫҚПЕН БАҚЫТТЫ БОЛА АЛМАЙМЫЗ
ТЕКТЕН НӘР АЛҒАН ТОЗБАЙДЫ
25 август 2022, Четверг
ТЕКТЕН НӘР АЛҒАН ТОЗБАЙДЫ
Парасат
26 октябрь 2021, Вторник
Парасат
АУЫЛДА МҰРАЖАЙ БОЛСА ДЕЙМІЗ
13 ноябрь 2023, Понедельник
АУЫЛДА МҰРАЖАЙ БОЛСА ДЕЙМІЗ
Абай-дара, Абай-дана
28 август 2020, Пятница
Абай-дара, Абай-дана
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры