БАЙЛЫҚПЕН БАҚЫТТЫ БОЛА АЛМАЙМЫЗ
Қазіргі жастардың ой - пиғылдары тек қана баю. Бәрін ғайбаттаудан аулақпын, бірақ көпшілігінің көкейін ақша, дүние тесіп тұратынын көріп жүрміз. Кейбіреулері ондай ойларын ашық айтады. Тіпті, «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да талтаңда» деп мақтанышпен жар салатындарын қайтерсің!
Қазір дүниежрыс, ақшажарыс заман болды ғой. Адамдар қандай жолмен болса да, дүние табуға, баюға ұмтылады. Сол жолда қылмысқа баратындар да бар. Көбісі «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» оңай ақша табуға құмар. Оңай олжа, арам ақша тек қылмыспен ғана табылады.
Адамдар жақсы тұрмыста өмір сүргілері келеді. Ондай талпыныс дұрыс. Ол үшін маңдай теріңді төгіп еңбек ет. Еңбекпен тапқан нан тәтті.
Ата - бабаларымыз байлықты жек көрген жоқ. «Малдының жүзі жарық, малсыздың жүзі көнш арық», «Түстік ғұмырың болса, кештік мал жина» дегенді айтқан ата - бабаларымыз «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар» деп ынсапты болуға шақырған. Міне, осының бәрі біздерге, әсіресе, жастарға, сабақ болуы керек.
«Дүние жинама» демейміз, бірақ сол дүниені адал еңбекпен тапқан ғанибет. Жүзің жарық, көңілің тоқ.
Жасыратыны жоқ, елімізде жемқорлардың «жолы» болып тұр. Оның зардабын қарапайым халық тартып жатыр. Мемлекет қазынасына қол салған, бір салғанда мол салған ашкөз, дүниеқоңыздардың бетперделері ашылып, жемқорлықтың тамырына балта шабылып та жатыр. Бірақ, тамырлап кеткен қоғамға жат әдеттерді бірден жою оңай болып жатқан жоқ. Ол індетпен бүкіл ел болып, қоғам болып күрескенде ғана жақсылыққа бетбұрыс жасалынып, жарқын болашаққа қарай басқан қадамымыз сәтті болмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билік тізгіні қолына тиісімен Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан орнату жолында оң өзгерістер жасап жатыр.
Қазақта «Басшы – біреу, - қалғаны соған тіреу болсын» деген ынтымақ, бірлікке шақыратын қасиетті қағида бар. Біз осы қағидаға адал болғанда ғана Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан орната аламыз.
Ұлы ойшыл, хакім Абай дана айтқан емес пе, «Сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» деп. Дана бабаларымыздың осы айтқан өсиетін қазіргі заманға бейімдеп айтар болсақ, «тірлік түзеліп келеді, халқым - ау, сен де түзел» болып шықпай ма? Сол өсиетке ісіміз сай болса, алынбайтын асу жоқ.
Осыны біз, қариялар, жастардың ойына салып, құлағына құйып отыруымыз керек. Бұл жерде «жастар тыңдамайды ғой» деп немқұрайдылық танытуға болмайды. Ол қоғамдық орындарда, көпшілік бас қосқан ортада қайта - қайта айтылуы керек. Шындықты бетке басып ашық айту, ащы айту керек. Ащы шындық айтылмай көздеген мақсатқа жету қиын.
Біз қоғамдағы барлық әрекеттерді жұмылған жұдырықтай бірлікпен, өзгелерге үлгі болар тірлікпен ғана жеңе аламыз. Бұл істе бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі жоғары, ықпалы ерекше. Осыны ескере отырып, сүйікті газетіміз «Ғұмыр - Дария» арқылы ойымды ортаға салдым.
Біз көп болып біріксек, алынбайтын қамал жоқ.
Пернебек ҚОЙШЫҒАРАҰЛЫ,
еңбек ардагері.
Тараз қаласы
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)