НАУРЫЗНАМА: АМАЛ КҮННЕН БАСТАУ АЛДЫ ӘЗ - НАУРЫЗ
(Жалғасы. Басы 1 - бетте)
Наурыз тойы 16 наурызда Мәдениет және ұлттық салт - дәстүр күнімен әдемі жалғасын тапты. Тараз қалалық Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде «Ұмыт болған оюлар» атты құрақшылар фестивалі ұйымдастырылды. Қатарынан 3 жыл жалғасын тауып жатқан шараға ұлтымыздың ою - өрнегін тамашалауға келген тұрғындардың қарасы көп болды. Мұндай мәдени - көпшілік шаралар облысымыздың барлық қалалары мен аудан орталықтарында өз жалғасын тапты.
17 наурыз – «Шаңырақ» күніне орай Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» отбасын қолдау арталығында «Өнегелі отбасы – елдің тірегі» деген тақырыпта тағылымы мол іс - шара ұйымдастырылды. Отбасы құндылықтарын дәріптеген, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі жанұялардың тұрмысын, жара-сымдылығын, тату - тәтті ғұмырын жастарға үлгі етуді мақсат тұтқан шараға отау құрғандарына 50, 40 және 25 жыл болған отбасылар шақырылды. Кездесуге «Алтын тойын» тойлап жатқан ардагер журналист, қоғам қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов жұбайы Күлбағира Жақсыбаевамен, сондай - ақ «Лағыл тойына» жеткен жұп қоғам қайраткері, жазушы, публицист, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұл аяулы жары Айгүл Сәрсенбайқызымен, «Күміс той» иелері Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы директорының орынбасары, әнші, сазгер, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Жандос Омаров зайыбы Лаура Сейіталиевамен келіп, жиналған жастарға өздерінің өнегелі өмір жолдары туралы әсерлі әңгімелеп берді.
Несін жасырамыз, Қазақ екеніміздің айшықтап тұратын әдемі, айшықты ұлттық киімдерімізді біз орнымен қолдана алмай жүрміз. 18 наурыз – Ұлттық киім күні осы олқылығымыздың орнын аздап болса да толтырғандай болдық. Дәл осы күні жұрт жаппай ұлттық киім киіп кетті демесек те, ұлттық құндылығымызға деген талпынысты байқағандай болдық. Мекемелерде қызмет істейтін қыз - жігіттердің барлығы шапан - комзолын киіп, бір күнде көктемнің күніндей құлпырып шыға келді. Әсіресе ардагерлерімізді, ана - әжелерімізді ұлттық киім көркейтіп жібергендей болды. «Көне Тараз» этно мәдени кешенінде ұлттық киім киіп бас қосқан аға ұрпақ өкілдері жастары үлгі көрсетті.
19 наурызда аталып өткен – Жаңару күні қалалар мен ауылдарымызда көктемгі тазалық жұмыстарына ұласты. Тараз қаласындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағында облыс ардагерлері, зиялы қауым өкілдері облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен бірге тал егу жұмыстарына қатысты. Саябақтың талдары сирап қалған бөліктеріне жаңадан шыбықтар отырғызылып, көктемнің көрікті күнімен үйлесім тапқандай болды.
Аулаларды қыс бойы жиналған қоқыстардан тазарту жұмыстарына Тараздағы тұрғындардың өздері қатысты. Арық - атыздар тазаланып жатыр. Мұндай жұмыстар облысымыздың түкпір - түкпірінде қолға алынды.
Он күнге жоспарланған Наурыз тойы 20 наурызда - Ұлттық спорт күні мен 21 наурызда Ынтымақ күні, 22 наурызда - Жыл басы мен 23 наурызда - Тазару күнімен жалғасын таппақ. Тараз қаласындағы орталық алаң мен Төле би даңғылына қазақы киіз үйлер тігіліп, ұлттық құндылықтарымыз паш етіледі.
Биылғы наурыз тойы өзінің бай мазмұнымен, ұлттық әдемі нақышымен, ұрпаққа қалдырар тағылымымен есте қалатын болады.
Наурыз тойы құтты болсын халайық, Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
«ҒҰМЫР - ДАРИЯ» АҚПАРАТ
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)