Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » АҚНҰРЛАРДЫҢ АТАСЫ

АҚНҰРЛАРДЫҢ АТАСЫ

26 март 2024, Вторник
77
0
Ұлттық телеарнада өткен жылдың соңында басталған 36 бөлімнен тұратын «Құдаша қыз» телесериалы жаңа жылға ұласып барып аяқталған болатын. Комедиялық сарындағы бұл фильм көптеген қордайлықтардың көзайымына айналды деуге болады. Өйткені, кино былтырғы жазда осы ауданның Ноғайбай, Шарбақты, Сарыбастау ауылдарында түсіріліп, сол өңірдің тамаша тұмса табиғаты, тіпті, жалпы көріністе жергілікті тұрғындары да экранда қылаң беріп жатты. Екіншіден, фильмдегі бас кейіпкер Гүлназды ойнаған актер Ақнұр Қайратқызы Рахатова көптеген қордайлықтар жақсы білетін Рахат Смағұлов ақсақалдың немересі. Киноға түсіп жүрген күндері аудан орталығындағы атасы мен әкесіне, өзге бауырларына жиі келіп, еркелеп мауқын басып тұрыпты.
Жалпы, Рақаңның он екі немере, бір шөбересі болса, солардың үлкені осы Ақнұр. Аудан орталығында Қонаев атындағы мектеп - гимназиядағы екі сыныптан кейін оқуды Алматыда жалғастырған, 2019 жылы Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген. «Құдаша қызға» дейін де «Жүрек сыры», «Жаным менің», «Шырағым» телехикаяларына түсіп үлгерген. Немерелерінен алғаш тұрмыс құрғаны да, атасына өзінен аумай қалған Мейірім атты балпанақтай шөбере сыйлаған да осы Ақнұр. Ал, атаның Санжар, Бауыржан, Нұрсұлтан, Әмина, Ажар есімді өзге немерелері де жоғары білім алып қызметке араласып жатыр. Олардан кейін мектепте оқып жүргендерінің де болашағынан күтер үміт зор. Астанада 5 сыныпта оқитын тағы бір Ақнұр есімді жиен немересі мектептегі үйірмеге қатысып жүріп - ақ домбыраның құлағында ойнауды жетік меңгеріпті. Қазірдің өзінде дарынды оқушылар арасындағы «Қос ішектің күмбірі», «Күй қайнары», «Шаттық - 22», «Шаттық - 23» тәрізді қалалық өнер байқауларының жеңімпазы атанып үлгерген. 
 – Екі Ақнұрым да сәби күнінен зерек болды. Үйреткеніңді тез қағып алатын қағылез, тақылдап жеті атасын жатқа соғатын. Кеш қараңғысында аулада көтеріп жүріп аспандағы жұлдыздарды көрсетіп аттарын айтып берсем, ертесіне - ақ: «Ата анау «Темірқазық», «Жетіқарақшы», «Үркер» деп жаңылмай қайта көрсетіп беруші еді, енді үлкен өмірге де сондай зеректікпен қадам басып келеді, – деп шаттанады қария. 
Егер, әр адамның өмірін бір - бір кітап деп алар болсақ, бүгінде 85 жасты еңсерген Рахат Смағұлұлының өмір кітабының ұрпағына ұлағат етіп көрсетуге лайық беттері аз емес. Туған ауылындағы Алмалы мектебін 1957 жылы бітіріп, Алматы ауылшаруашылығы институтының гидромелиорация факультетіне түсті. 1962 жылы инженер - гидротехник мамандығын меңгеріп Қордайдағы Төменгі Шу суландыру жүйелері басқармасына қатардағы инженер болып орналасты да, содан 2002 жылы зейнетке шыққанға дейін ауданның су шаруашылығы саласында табан аудармай қырық жыл қызмет атқарды. Жас маманның біліктілігі тез танылып көп ұзамай аға инженер, бөлім бастығы, 1968 – 1973 жылдары бас инженері болды. Одан кейін он бес жылдай осы басқарманы басқарды да. Ол кезде Төменгі Шу суландыру жүйесі басқармасы облыстағы Қордай, Шу, Көктерек (Мойынқұм), Меркі, Луговой сияқты бес ауданды сумен қамтамасыз ететін ірі құрылым еді. Білікті басшы бұрынғы суармалы жерлерді жаңғыртудың, жаңа жерлерді игерудің, жалпы егіншілік мәдениетін көтерудің қат - қабат шараларын белгілеп аудан, облыс басшылығы алдына мәселе етіп көтерді. Осылай екі бірдей жылжымалы механикаландырылған колонналар (ПМК) құрылды. Оған дейін каналдарға жіберілген судың едәуір бөлігі айналаға жайылып, топыраққа сіңіп ысырап болып жататын болса, «ПМК - 43» сонау Мойынқұм даласына дейінгі каналдарды тазартуды бастады. Ал, «ПМК - 48» 8 мың гектар жаңа жерлерде күрделі тегістеу жұмыстарын жүргізіп, суармалы алқаптарға айналдырды. Өңірде темекі мен қара сораның орнына бір маусымда он екі мәртеге дейін суарылуы тиіс қант қызылшасының келуі мелиораторлардың мойнына еселеп міндет жүктеді. «Көкқайнар», «Сарыбұлақ» қызылша кеңшарлары құрылды. Қордайда қант қызылшасының егістік көлемі сексенінші жылдары 9 мың, жүгері 10 мың, жоңышқа 14 мың гектарға жеткен болатын. Одан бөлек суды көп қажет ететін ақ егіс пен көкөністер қаншама. Егістік суының 80 пайызын трансшекаралық Шу өзенінен алатын өңірде жаз ортасында су тапшылығы қатты сезіле бастайтын. Ылғал үнемдеу технологияларына бетбұрыс сол кезден басталды, ауданда екі ірі «Қарақоңыз» және «Қақпатас» су қоймалары салынды, Отар даласында жер асты суын сорып шығаратын ұңғымалар қазылып іске қосылды. 1988 жылы «Россинка» кооперативі құрылып, шаруашылықтарға «Фрегат», «Днепр», «Волжанка» жаңбырлатқыш қондырғылары әкелініп, жалпы бес мың гектардай жер жүзден аса осындай қондырғылармен суарылатын болды. Кеңшарлар аймағында «Октябрьский» аталатын қуатты сорап стансасы салынып, төменгі каналдан жоғарыға құбырмен су шығарылып тәлімі жерлер суарылған болатын.
Рахат Смағұлұлы ауданға сіңірген еңбегі үшін 1977 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 1979 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалін өңіріне тақты. Салалық министрлік тарапынан және облыстық, аудандық деңгейде алған Құрмет грамоталары, марапаттары өз алдына. Бірнеше мәрте аудандық кеңеске депутат болып сайланғаны бар. Ол басқарған жылдары Төменгі Шу суландыру жүйесі басқармасы облыстың Құрмет тақтасынан түспейтін. Ал, 2021 жылы Тәуелсіздік мерекесіне орай облыстық ардагерлер кеңесінің төралқасы Рақаңды Таразға арнайы шақырып «Облыстың Құрметті ардагері» төсбелгісін омырауына тақты. 
Рахат аға кейде оңаша қалғанда ескі суреттерді ақтарып, өткен күндерге ойша саяхат жасайтыны бар. Сонда, жарты ғасырдан аса отау құрған зайыбы Роза Сатылғанова екеуі қол ұстаса жүріп үш ұл, бір қызды өсіріп, лайықты тәлім - тәрбие бергеніне қуанады. Шүкір, ұлдары Қуаныш, Қайрат, Нұрлан да, қызы Гүлнұр да жеке шаңырақ көтеріп, өз несібелерін адал еңбегімен тауып жүр. Қазір кенже ұлы Нұрлан, келіні Эльмирамен бірге тұрады. Мектеп табалдырығын аттаған егіз немерелері Айзере мен Димашы, одан кейінгі Ақмарал мен Айсана – қарияның көз қуанышы. Ал, жан жақтағы бала - шағасы түгел жиналған күн қара шаңырақта үлкен мереке. Бір ғана өкініш – осынау күндердің қызығын зайыбы Роза Қасабекқызы көре алмады. Он жыл бұрын айықпас дерт арадан алып кетті. Аудандық қаржы бөлімінде, салық инспекциясында есепшілік қызмет атқара жүріп, балаларына өнегелі тәрбие берді, ерінің алаңсыз қызмет етуіне жағдай жасады. Жарының ақкөңіл, биязылылығы, қонақжайлығы мен жан баласына қиянат ойламайтын мейірбандығы сияқты табиғат берген асыл қасиеттерінің ұшқынын балалары мен немерелерінің бойынан көрген сайын, олардың әрбір жетістігін естіген сайын мерейі өседі. «Бұтағымен ағаш қымбат, ұрпағымен адам қымбат», – демекші, қартайған шағында адамда балаларының жетістіктеріне осылай қуанудан асқан қандай бақыт болсын, сірә!
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
ардагер журналист.
Қордай ауданы.
Обсудить

Похожие материалы:

Тәрбие басы - талбесік
19 март 2020, Четверг
Тәрбие басы - талбесік
ЖЕТІНШІ БЕЛЕС
13 октябрь 2022, Четверг
ЖЕТІНШІ БЕЛЕС
ӘБЕКЕҢ АСҚАН АСУЛАР
08 июнь 2023, Четверг
ӘБЕКЕҢ АСҚАН АСУЛАР
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры