Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Б Ә Й Т Е Р Е К

Б Ә Й Т Е Р Е К

18 март 2024, Понедельник
65
0
Жүз жылдық шежірелі тарихы бар облыс руханиятының қара шаңырағы «Ақ жол» газетінің қабырғасынан талай тарлан таланттар түлеп ұшты. Арғы тарихын айтпағанның өзінде 1965 жылды осы басылымның тізгінін ұстап, үздіксіз жиырма жыл басшылық еткен, күні кеше ғана 95 жасқа қараған шағында аймақтың абыз ақсақалы, қадірлі қариясы болып өмірден өткен Баттал Жаңабайұлы туралы айтылар әңгіменің көкесі әлі алда ғой деп ойлаймыз.

Әрине бір адамды тұп – тұқиянына дейін білдім, түсіндім деу артықтау болар. Дегенмен жалғыз менің ғана емес, аймақ журналистикасының әлденеше буынының ұлағатты ұстазы болған атпал азамат туралы айтарымыз аз болмаса керекті. Ол жылдарда кәзіргідей қаптап жатқан басылымдар жоқ, барлары саусақпен санарлық, атап айтар болсақ облыстық қазақ тілінде шығатын «Еңбек туы», орыс тілінде шығатын «Знамя труда» газеттері ғана жарық көретін. Содан да болар, қалам ұстаған жас таланттардың осы қара шаңырақтың босағасынан аттау арманы болатын. Тізгінін Баттал көкеміз ұстаған облыстық газет ол кезде күн сайын оқырмандардың қолына тиетін, редакцияда техникалық қызметкерлерді қоспағанда қырықтан астам «сен тұр, мен айтайын» шығармашылық қызметкерлер жұмыс істейтін.
Баттал Жаңабайұлы жетекшілік еткен сол жиырма жылдық уақыт, менің бағалауымша облыстық газеттің «алтын ғасыры» болды ғой деп ойлаймын. Неге? Талай жазбаларымда, сұхбаттарымда айтып жүрмін, журналистер ұжымына басшы болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін тіршілік. Оны күнделікті өмірімізден көріп жүрміз. Баттал Жаңабайұлымен бірге қызмет атқарған қатарластары түгілі, шәкірттерінің өзі бұл күнде саусақпен санарылық болып қалды. 1974 жылы 22 жасымда облыстық «Еңбек туы» газетіне қызметке келдім. Журналистік жолымдағы үлкен сәттілікке санаймын бұны. Алғаш басшымыздың қабылдауында болғанымда түсі сұсты, талабы күшті, толқындалған шашын артқа қайырған қатал басшының бейнесін көрдім. Шындығында ол кісі тәртіптің, талаптың адамы болып шықты. Әрине, журналистер деген халық еркіндікті қалайды, мінезді болады, әр қайсысының өздерінің «мені» айқайлап тұрады. Міне осындай әр тұрлі мінездегі, әр түрлі қияли ойдағы қырықтан астам «сен – тұр, мен – айтайын», бірі – айқайлап тұрған ақын, бірі – әлі көп ел танып білмеген жазушы талантты қыз - жігіттерді бір шаңырақтың ішінде шашау шығармай, бір бағытқа жұмылдырып басқаруды, қалай ойлайсыздар оңай деп. Сол «еркетотайлар» мен танылмаған таланттарды Баттал ағамыз шашау шығармай басқара білді. Әрине ол заманның заңы басқа, талабы басқа, алдына қойған мақсаты да бөлек. Ауыл шаруашылығында мал қыстату, мал төлдету, көктемгі, күзгі қырқын, тұқым себу, астық жинау, егістік суару, толып жатқан науқандар біреуінен кейін біреуі келіп жатады. Құрылыста, өнеркәсіпте болса да жаңа өндірістер іске қосылып, жаңа тұрғын үй аудандары пайдалануға беріледі. Қысқасы журналист жазатын тіршілік көп, соның бәріне үлгеру керек, ол кезде әлеуметтік желі түгілі теледидар да жоқ. Ақпарат көзі біреу, ол – облыстық газет. Осы тіршіліктің бәріне журналистерді жұмылдыратын, арасынан сын, проблемалық мақалаларды жазуға жол табатын – бас редактор.
Бұның бәрін не үшін айтып отырмын. Баттал Жаңабайұлы, сөз жоқ мінсіз басшы болды. Ынтымақты, бірлігі жарасқан шығармашылық ұжымды қалыптастыра алды. Журналистердің шығармашылық еңбегін бағалап, қызметкерлерінің бағасын білді.
Қысқысы, абыз қаламгермен бірге облыс журналистикасының бір дәуірі өтті деуге болады. Ол кісі, ойлап отырсам, өмірінің соңғы елу жылында өзі жанындай жақсы көрген, сүйген, еңбегі, маңдай тері сіңген облыстың бас басылымы – кешегі «Еңбек туы», бүгінгі «Ақ жол» газетінің иесі де, киесі де болған екен. Жиырма жыл үздіксіз облыстық басылымға басшылық етті, одан кейінгі жиырма жылда қатарынан кезектесіп ол кісінің төл шәкірттері Арғынбай Бекбосынұлы, Әлдихан Қалдыбайұлы Бәкеңнің даңқты жолын әдемі жалғастырды. Бұл жылдарда Баттал Жаңабайұлы газет жұмысынан тысқары қалған жоқ. Ақыл - кеңесін, мол тәжірибесін өзінің ізбасарларымен үнемі жарастықта, түсіністікте бөлісіп отырды. Ал енді қалған ақсақалдық кезеңінде, өзі өмірден өткен 95 жасқа дейін облыс баспасөзінің абызы, басылымның жанашыры ретінде ондағы басшылық жұмысқа келген азаматтарға ақ батасын аяған жоқ. 
Осы «Ақ жол» газетінде соңғы 30 жыл көлемінде жақсы бір дәстүр қалыптасты. Облыстың бас басылымына басшылыққа келген бас редакторлардың барлығы жұмыс кеңселеріне кірмей тұрып Баттал көкелеріне барып, сәлем беріп, батасын алатын. Бәкең шын мәнінде Алланың қалауымен берілген бақытты және ұзақ өмірінде артынан сөз ілестірмеді, абыройын жоғалтпады, жақсы қартаюдың өнеге - үлгісін көрсетті. Содан да болар, жаңылыспасам Серік Үмбетовтен бастап, облысқа әкім болып келген азаматтардың көпшілігі үлкен лауазымға кіріскеннен кейін көп ұзамай Баттал Жаңабайұлының шаңырағына барып, сәлем беретін және баталарын алатын. Соңғы рет ол кісі өмірден озардан бірер апта бұрын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев абыз ақсақалдың отбасына барып, сәлемін беріп, әңгіме дүкен - құрып, батасын алған болатын. Бір қызығы, пендеміз ғой, үлкен басшы келіп жатқанда көкейде бір шаруа айтып қалсам ба деген тілектің тұратыны да рас қой. Бәкең пенделікке салынған емес, өзі іздеп үлкен кісілердің есіктерін сығалаған емес, өзіне сәлем бере келген басшыларға шаруа айтып, шерін тарқатқан емес. Бәлкім абыройын аласартпай, сыйын жоғалпай, халқының құрметіне бөленіп өмірден әдемі өтуінің де бір сыры ол кісінің осы кісілігінде жатқан шығар.
Баттал Жаңабайұлы ұстазымыз жайлы бұдан да көп айтуымызға да болады. Мен ол кісінің алғаш қабылдауында болып, қолынан қызмет алып, жұмысқа кіріскенімде 22 жаста едім деп айттым. Одан бері қарай 50 жылдан астам ұстаз – шәкірт, аға – іні болып, тонның ішкі бауындай өмір кештік. Ол кісі менің ұстазым ретінде, ағам ретінде қуаныштарымның бәрінің ортасында болды. Шаңырағында әлденеше рет болып, Фариза апайдың қолынан дәм де таттық. Күні кеше өзі өмірден өткенге дейін телефон арқылы байланысып тұрдық. Ақыл - кеңестерін айтып тұратын. Әлде бір қариялар сияқты көп сөйлеп, ақыл айтып, кісіні жалықтырмайтын. Текті кісі ғой. Астарлап сөйлеп, көп нәрсені ұғындыратын. Соңғы сөйлескенде «Әр кеш ұйқыға кетер алдында «Кәллимаға» тілімді келтіріп жатамын», – дегені есте. Ондайда мен не айтайын. «Аман болыңыз, біздің алдымызда жүре тұрыңыз», – деймін ғой. Бәрін болжап біліп отыратын. Айтқан өсиеттері де есте, қалдырған аманаттары да бар. Жанымыз аман болса ол кісінің өмірлік ұлағатын өзімізге, ұрпағымызға үлгі етіп ұстаймыз ғой.

Қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, облыс журналистерінің ұлағатты ұстазы болған  Баттал Жаңабайұлының 95 жасқа толу мерейтойы облыс көлемінде кеңінен аталып өтілуде. Кеше, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Баттал Жаңабайұлының журналистік жолы: Қазіргі қазақ баспасөзінің мәселелері» тақырыбында Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының және «Әулиеатамедиа» ЖШС ұжымының бірлесе ұйымдастыруымен «Дөңгелер стол» отырысы болып өтті. Бүгін Баттал Жаңабайұлы 52 жыл ғұмырын өткізіп, Қазақ журналистикасы мен облыс руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қара шаңырағының қабырғасына Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының бастамасымен ескерткіш тақта орнатылды. Бұл бастаманың жүзеге асуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қолдау көрсетті. Қаламгер қайраткердің 95 жылдық мерейтойлық шаралары жыл бойы облыс көлемінде өзінің жалғасын табатын болады.

Жаңабай МИЛЛИОНОВ,
Қазақстанның Құрметті Журналисті.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

АБЫЗ
10 март 2023, Пятница
АБЫЗ
Қазақ бол!
17 июнь 2020, Среда
Қазақ бол!
Жағымды жаңалық
29 апрель 2022, Пятница
Жағымды жаңалық
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры