Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ОТБАСЫҢ БЕРІК БОЛСА, БОСАҒАҢ МЫҚТЫ

ОТБАСЫҢ БЕРІК БОЛСА, БОСАҒАҢ МЫҚТЫ

30 январь 2024, Вторник
88
0
Сарысу аудандық билер кеңесі аудандық сотпен, аудандық полиция бөлімімен, зорлық-зомбылыққа қарсы орталығының қызметкерлерімен бірігіп отбасын сақтап қалу жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіп, бұл іске әкелер, аналар кеңестерін тартып, бірлесе қызмет атқарудамыз. Алайда нәтиже мақтанарлық емес. 
Отбасын сақтау, әсіресе, зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін нендей шаралар жасау керек ? Бұл мәселенің шешімін табу үшін біз бәріміз қоғам болып халықтық тәрбиені қалпына келтіруіміз керек. Қисыны кетіп, қиюы қашып бара жатқан отбасын көріп отырып «бұл олардың ішкі жұмысы» десек, онда қателесеміз. Қандай амал болса да, отбасын сақтап қалуға әрекет еткеніміз жөн. Әсіресе, ағайын өз әулетінің абыройын ойласа, ауық - ауық жиналып, бұзығын тәртіпке шақырып, тентегін тыйса, жеңіл ойлайтынын, жүгенсізін жөнге келтірсе, қазақтың шаңырағы шайқалмас еді. Әсіресе, ел сыйлаған ақсақалдар, қолында билігі бар басшылар еліне, ұжымына дұрыс бағыт берсе, өздері тазалығымен үлгі көрсетсе, өнегелі отбасын марапаттап отырса, көшіміз түзеліп, түтініміз түзу шығар еді. 
 Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң  ұлттық құндылықтарымыз ұмытыла бастады. Экономикалық - әлеуметтік қиындықтар  ондай - ондайларды ойлауға мұрша бермеді. Шетелдік теріс бағыттағы дін өкілдері елімізге жат ағымдарды ала келді. Олар әлеуметтік жағдайы төмен топтардың миларын улай бастады, батыстың бізге жат мәдениетін тықпалады. Осылар жастарды жаңылыстырды. Еліктеушілік пайда болды. Кіші үлкеннің, үлкен кішінің қадіріне жетпеді. Әсіресе, діни ағымдар халқымыздың бірлігіне, тұтастығына нұқсан келтірді. Алланың атымен жаман әдеттердің ұрығын шашты. Ең сорақысы  отбасы құндылығы аяқ асты болды. Дінді желеу етіп, әйеліне «талақ» айтатындар пайда болды. Бізді ақсақал ретінде осы сауал толғандырады. Көзіміз көріп жүр, бүгіндері шаңырақтың шайқалуы оңай дүниеге айналды. Билер кеңесіне неке бұзу туралы шағымдар түседі. Арызданушылардың дені әйелдер, үйленгендеріне 2-3 жыл толмай жатып ажырасатын жастар көп, жастары 35 - 40 - ты алқымдаған 3-4 балалары бар отбасылардың ажырасуы кеңінен етек алуда. Көбінің тағатын кінәсі – күйеуі жұмыс істемейді, арақ ішеді я болмаса табысын үйге толық әкелмейді. Осындай жағдайларды аудандық соттың жолдамасымен бітістіру мақсатында даулы мәселені қарап, бітімгершілікке шақырамыз. Өкінішке қарай, ер азаматтар иілгенмен әйелдер жағы райынан қайтпайды. Араларындағы балаларының тірі жетім қалып болашағы бұлынғыр болатынын алға тартамыз, біздің уәжімізге көнбейді. Олар ертеңгі қиындықтарын әкесінен өндіріп алатын азғана қаржымен шешімін деп ойлайды. Қысқасы қазір не көп, ажырасқандар көп. Еріктері өздерінде, уақытша жеңіл жүріс жақсы, оларды отбасы мәселесі қызықтырмайды. Аз күнгі жүрістеріне мәз. 
 Аудан көлемінде көз алдымызда болып жатқан осындай келеңсіз жағдайларды көріп-біліп отырып шарасыздық таныту біздерге, яғни ақсақалдар, билер кеңестеріне оңай емес. Осы жәйттерді ескере келе біздер отбасы бұзылуының салдарымен емес, себебімен күресу, алдын алу шараларын қолға алған жөн деген тұжырымға келдік. Ол үшін бір қала, тоғыз ауылдық округтегі елді мекендердегі білім ордалары мен мекемелерде аудандардағы қоғамдық ұйымдар өкілдерін қатыстыра отырып, әр түрлі тақырыпта кездесулер, «дөңгелек стол» отырыстарын жастар ресурстық орталығымен бірлесе ұйымдастырып осы бағыттағы ой - пікірлерді ортаға салсақ, қалың жұртшылықпен, әсіресе, жастармен жұмыс жүргізуді қолға алсақ, ісімізден нақты нәтиже шығар еді.

Марқаш МИЗЕМБАЕВ,
Сарысу аудандық билер кеңесінің мүшесі.
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры