Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ӘКЕ – АСҚАР ТАУ, АНА – БАУРАЙЫНДАҒЫ БҰЛАҚ, БАЛА – ЖАҒАСЫНДАҒЫ ҚҰРАҚ

ӘКЕ – АСҚАР ТАУ, АНА – БАУРАЙЫНДАҒЫ БҰЛАҚ, БАЛА – ЖАҒАСЫНДАҒЫ ҚҰРАҚ

14 июль 2023, Пятница
102
0
«Отбасын қалай сақтап қаламыз?» деген тақырыпта Талас аудандық билер кеңесінің ұйымдастырылуымен өткен «Дөңгелек үстел» отырысында сөз сөйлеген аудандық билер кеңсінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы отбасындағы бала тәрбиесі туралы өз ойын ортаға салып, қатысушыларды кеңінен пікір алмасуға шақырды. 
– Жалпы алғанда, – деді Талас аудандық сотының төрағасы Л. Дүкенбаева, – отбасы және неке туралы нормалар заңмен бекітілген. Сол бойынша біздер екі жақты татуластырудың барлық мүмкіндіктерін қарастырамыз. Бірақ соған қарамастан екі жақтың бірін бірі тыңдап, мәмілеге келуі өте қиынға соғуда. Әсіресе зорлық зомбылық көруші ретінде әйел – аналарымыз алған беттерінен қайтпай, ашуға беріліп жатады. Ұйғарымды аудандық билер және аналар кеңестеріне, аудан әкімі аппаратының отбасы мәселелері жөніндегі жұмыс тобына көмек көрсетуге жіберіп жатамыз. Егер нақты деректерге сүйенсек өткен жылы некені бұзу жөнінде 100-ден аса отбасы аудандық сотқа қайырылса, соның 80 пайызы ажырасып тынды. Біз бұны қоғам үшін, балаларының болашағы үшін қауіпті құбылыс деп санаймыз. Оның алдын алу үшін не істеу керек?
Балабақшаларда, мектептерде, жоғарғы оқу орындарында отбасылық құндылықтарды, осыған байланысты қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттау мақсатында арнайы пәндер еңгізіліп, олардың бағдарламаларын арнайы түзілген комиссия жасауы керек. Комиссияның құрамына психолог мамандар, жазушылар, ғалымдар, қоғам белсенділері кіру керек деп санаймын. Себебі, бұл мәселеге қоғам болып араласулары қажет.
Аудандық, облыстық газеттер, телеарналар айына кемі бір рет міндетті түрде бір үлгілі отбасын насихаттап, әрі некелерін тіркеу үшін келген жұптармен билер кеңестері, аналар алқасы және тағы басқа ұйымдар заңмен белгіленген бір ай ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізгені жөн.  
Ұлттық салт - дәстүрге, қол өнерге байланысты көптеген орталықтар ашылып, сол жерде де отбасы, ұлттық салт-дәстүрлерді ғұрыптау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсе, мемлекеттік лауазымға тағайындалған кезде, оның отбасылық жағдайы ескерілсе дейміз. Ол кадр саясатын қалыптастыруға, дұрыс кадр таңдауға, әрі отбасын сақтауға әсер етер еді.
– Дұрыс айтасыз,- деді келесі кезекте сөз алған аудандық билер кеңесінің мүшесі М.Құдайбергенов, - Кеңес өкіметі кезінде басшы ұжымдағы әлеуметтік мәселеге, моральдық ахуалға тікелей жауап беретін. Егер өзі немесе қарамағындағылар отбасын сақтай алмай, ажырасып жатса тәртіпке шақырылатын немесе қызметтен шеттетілетін. Сол қағиданы өмірімізге қайта енгізсе жөн болар еді. 
– Отбасын берік сақтау үшін жастарды болашақ отбасылық өмірге икемдей бастауымыз керек, - деді Талас ауданы әкімі апаратының отбасы мәселелері бойынша жұмыс тобының жетекшісі Г. Қалықұлова, – меніңше заңдағы кейбір талаптарды қайта қараған жөн ба деймін. Кейде тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар пәтерлерін ала алмай жатады. Көбінесе жалғыз ілікті жандарға жеңілдік жасалады. Меніңше толық отбасын бала санына қарамастан үй кезегіне қою керек. Күнделікті өмірде үй кезегіне тұру үшін жалған ажырасу фактілері орын алып жатады. Және жалған ажырасып алып, асырауға қауқары жоқ жалғыз басты ана ретінде жәрдемақы алып жататын деректер де бар. Сондай-ақ жұмыссыз жүрген күйеулері тұрақты еңбек істейтін әйелдерін алдап, кәсіппен айналысамын деп несие алдырады да, төлеуге келгенде жалтарады. Осы ретте несие беруші банкі екі жақтың келісімін алып қана қоймай, ай сайын кезегімен төлеп тұруды міндеттейтін талапты келісім - шартқа енгізу керек. Ақырында ерлі - зайыптылар ажырасып жатады. Егер ерлі- зайыптылар ажырасқан жағдайда балаларының арнайы есеп шотын ашып, әлиментпен қоса ай сайын белгілі мөлшерде ақша құйып тұрса, және ол ақшаға камелетке жасы толғанша пайдалануға тиым салса, ол бала кейін оны оқуға және үй алуға пайдалана алар еді.
«Дөңгелек үстел» отырысында сөз алған Талас ауданының Құрметті азаматы, билер алқасының мүшесі Д. Молдабаева өз ұсыныс - пікірлерімен бөлісті:
– Күндегі көк жәшіктен, ғаламтордан еш тыйымсыз көрсетіліп жатқан шетелдік көріністерге еліктеген қаракөздеріміз отбасы бірлігін ойлаудың орнына күнделікті қызық қуып, басына түскен аз күндік қиындыққа төтеп бере алмай, көйлегінің етегі ғана қысқармай, ой-санасы, жүйелі ойлау қабілетін де қысқартып тастады. «Құрсағына бергені, құшағына бергені» деп ұрпағының, балаларының келешегін ойлаудан қалып барады. Ұлына ұлағатты, қызына қылықты мінез, көрік, тағлымды үйрететін ата - аналар «Ұят болады, обал болады, иманыңды жоғалтпа» деген әңгімені отбасында айтып отырмайтын болды. «Бағалай білгенге бақ қонады, қадірлей білгенге құт қонады» деген қазақ қалқының ұрпағымыз ғой. Отбасы бірлігі, жанұя тұтастығы әркімді де бей-жай қалдырмауы тиіс. Бұл жағдайды қоғам болып, қазақ елі болып қолға алмасақ, опық жеріміз анық. Осы жағдайды тудырмас үшін мынадай іс-шараларды қолға алу керек деп ойлаймыз. Үлгілі отбасы, неке, жанұя бірлігі жайлы «Дөңгелек үстелдер», кездесулер, жастардың неке заңдылығы алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі жайлы сұхбат өткізуді, ажырасу процесіне олардың ата-аналарын да қатыстырып, себебін айқындау, бәтуаластыруды, жастарды жұмыспен қамтуды, жас отбасыларға пәтер алу мәселесін жеңілдетуді ұсынамын.
«Дөңгелек үстел» отырысындағы пікір алмасу барысында ұлттың мүддесін көздейтін, отбасылық құндылықтарды сақтауға септігін тигізетін басқа да бірқатар ұсыныстар айтылды. Жиынды аудандық билер кеңесінің төрағасы С. Әбсадықұлы қорытындылады.


Қонақбай ҚАЛЖАНОВ,
аудандық билер кеңесінің мүшесі,
Талас ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры