ЕЛДІҢ РУХЫ ЕРКІНДІКТІҢ ШАМЫН ЖАҚТЫ. Желтоқсан оқиғасына жамбылдықтар да қатысты.
Тәуелсіздік – елімнің баға жетпес байлығы. Оған қазір сенетіндер де бар, сенбейтіндер де бар. Қалай болғанда да, елдің еркіндігі – талай ғасырда басымызға бұйырған олжа. Қазіргі жақсы жылдарда тойып секіріп, ойланбай сөйлеп жүргендер көп. Тәуелсіздік аспаннан түскендей көретіндер бар. Ал, шын мәнісінде еркіндік оңай келді ме? Еркін ел болып қалыптасуымыз жеңіл болып па еді? Мен сол кезде мектептің жоғары сынып оқушысы ретінде біраз қиындықтарды сезіндім. Жұрт айлап айлық алмады, зейнетақы кешікті. Жаппай қымбатшылық. Қант дегеніңіз ауылдың тәуір деген адамдарының үйінде ғана тұратын. Бір қап ұныңыздың құны – бір қой. Баяғы кеңшардың қара қойы ас - ауқаттың жолында кетіп жатты. Алыпсатарлардың қолына өтіп жатты. Сол күндердегі бар қиыншылық есте. Анам жүгеріні қолдиірменге тартып, сол тартылған жүгеріден нан пісірді. Тіпті, көрші кейбір үйлер бидай қуырып жеп, азық еткен күндері болды. Қазір ше? Дүкенде нанның түр - түрі самсап тұр. Сондықтан, нанның жұмсағын, дәмдісін таңдап жейтін болдық. Үйден нан көмуге ерінеміз. Есіктің алдына шықсаң, дүңгіршекте жұмсақ нандардың сан түрі сатылып жатыр.
Тәуелсіздік дегенде сол кезде Алматыны дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасы еске түседі. Ол оқиға емес – қазақ жастарының жанартаудай жарылған рухы болатын. Ол оқиғаға жамбылдықтар да үлестерін қосты. Жерлесіміз Әбиірбек Тінәлі жаны жараланып жүріп, «Желтоқсан желі» әнін жазды. Сөзін жазған ақын Әбдірахман Асылбеков те – жамбылдық жерлесіміз.
«Тоңдырды мені, тоңдырды сені,
Желтоқсан желі ызғарлы.
Оңдырды нұрды, солдырды гүлді,
Көңілде мұңды із қалды», – деп келетін өлең жолдары жүрекке жетеді. Ән ше? Ән көңіліңді қарып түседі. Желтоқсан оқиғасына көңіл аударған, мұңға батқан, жастардың тағдырына алаңдаған кісі осы кісілердей - ақ болар.
Ал, сол Желтоқсан оқиғасын толық көзімен көрген, ортасында жүрген тағы бір жерлесіміз – Салтанат Ерсағатқызы Төлеу (Суретте). Ол – қазіргі таңда Тараз қаласындағы №53 орта мектептің директоры.Салтанат Төлеу сол сұрапыл жылдарды былай еске алады:
– Мен – ол кезде С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекттік университетінің қолданбалы математика факультетінің студентімін, оқуымыздың басталғанына да үш айдан астам уақыт өткен болатын. Жаңа жылды қарсы алу қамымен кешті қалай ұйымдастыру туралы қызу дайындық үстінде едік. 17 желтоқсан күні ойымызда ешнәрсе жоқ оқу корпусына бара жатқанбыз. Осы кезде қолдарында «Әр халыққа – өз көсемі» деген сияқты транспаранттары бар, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап бара жатқан жастардың орталық алаңға бет алғанын байқадық. Сабағымыз біткен соң, кешке қарай біз де жеттік. Алаң жастарға лық толы, айқай-шу. Мұздай қаруланған солдаттар мен қолдарына темір біліктер ұстаған жасақшылардың бейбіт жолмен жиналған шерушілерге лап қойғанын көрдік. Арпалысып жүріп қалай кеш түскенін де байқамаппыз. Біраздан кейін қасымдағы құрбыларым Ғайни, Гауһар, Әлиялармен бірге жасақшылардың қудалауына түстік. Бір – бірімізді күтіп, әр жерді тасалай жүріп, жатақханаға да жеттік-ау, әйтеуір. Өкінішке қарай, Гауһар мен Әлиядан көз жазып қалдық. Соңында олардың да басқа студенттер сияқты ұсталып, комсомол қатарынан және оқудан шығарылғанын білдік. Амал қанша? Қолдан келер көмек жоқ. Тек қана іштей «неге... неге?» деген сұрақ мазалады.
Уақыт өте, бәрі басылды. Өмір өз ағынына, арнасына түскендей болды. Біз де бірте - бірте өткен оқиғалардың себеп-салдарына қанықтық.
Тек белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 1989 жылы КСРО халық депутаттарының І-съезінде қазақ ұлтына, қазақ жастарына жабылған жалған «ұлтшылдық» жаласынан арашалап сөйлегенде сол кездегі компартияның солақай саясатының құйтырқылығына толық көзіміз жетті. Өрімдей жастарымызға жазықсыз жала жабылып, өмірлеріне, болашақтарына балта шабылғандары әлі күнге дейін өзекті өртейді.
Бірақ, «аққа Құдай жақ» дегендей, ата-бабамыз, қала берді кешегі Халық Қаһарманы Қ.Рысқұлбеков бастаған жастар көксеген арманға бүгінгі таңда қолымыз жетіп отырғанына қуанамыз.
Ендеше, Тәуелсіздік тұғырын нық орнатып қана қоймай, алдағы уақытта да оны қастерлеу, сақтау өскелең ұрпақтың қолында екенін әр жастың санасына сіңіру, баға жетпес егемендігіміздің туын тік ұстап, сол жолда текті, парасатты, білімді жас буын өкілдерін тцрбиелеу баршамыздың адами, азаматтық парызымыз дегім келеді. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!»
Сол кезде Тараз қаласының орталық алаңына жамбылдық жүздеген студенттерді бастап алып шықпақшы болған сол кездегі Жамбыл мәдени - ағарту училищесінің студенті Санат Қонарбаевтың қадамы ше? Ол да – қазақ жігітінің асқақ рухы. Рас, олардың мақсаттары орындалмай, орта жолда полиция мен солдаттардың күшімен таратылды. Бірақ, олардың мақсаты – қазақтың рухын көрсету болатын.
Міне, Тәуелсіздік мерекесі жақындаған сайын осындай аға –әпкелердің асқақ рухына сүйсінемін. Бұл жастардың сергек серпілісі Тәуелсіздіктің келуіне әсер еткені анық.
Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (1)